Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палатаның күзгі алғашқы жалпы отырысы өткізілді. Онда спикер Президенттің Парламент сессиясының ашылуында сөйлеген сөзіндегі басымдықтарға және одан туындайтын міндеттерге кеңінен тоқталды.
Мәжіліс Төрағасы ЕҚЫҰ Саммитінің өткізілуі туралы шешім еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуда қол жеткізген жарқын табыстарын объективті түрде тану болып қана қоймай, жаһандық қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа лайықты үлес қоса алатын беделді мемлекетке айналғанын да айғақтай түсерін ерекше атай кетті. Сондай-ақ спикер ел ішіндегі оң үдерістерге де тоқталды. Атап айтқанда, өндірістің әр түрлі салаларындағы жағдай айтарлықтай жақсарып, қаржы жүйесі тұрақтанған. Мемлекет жоспарда тұрған барлық әлеуметтік міндеттемелерді толық көлемде орындап келеді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру шеңберінде 72 жаңа өндіріс орны ашылса, жылдың соңына дейін тағы да сонша өндіріс іске қосылады деп күтілуде. Оның үстіне Үкімет жыл соңына дейін Индустриялық саясат, Арнайы экономикалық аймақтар және Инвестициялар туралы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты және өзге де заң жобаларын ұсынуы тиіс. Әсіресе, осы сессияда “Ғылым туралы” Заңның жаңа редакциясымен жұмыс аяқталуы қажет.
Сонымен қатар, мемлекеттің құқық қорғау саласы мен сот жүйесін одан әрі жетілдіруді заңнамалық жағынан қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс күтіп тұрғаны ерекше аталды. “Қылмыскерліктің профилактикасы, қылмыстық жазасын өтеген адамдарды әлеуметтік бейімдеу және оңалту жүйесін реформалау тұрғысынан да үлкен заңнамалық мәселелер топтамасын шешуіміз керек”, деді Орал Байғонысұлы. Еліміздің зияткерлік меншікті қорғау туралы заңнамасын халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру, нотариат туралы заңнаманы жаңарту уақыт талабы. Спикер депутаттардың бюджет жобасына қойылатын талаптары заң жобасы енгізілгенге дейін айқындалуы қажеттігін айта отырып, осы ретте Президенттің мемлекеттік шығыстарды азайту және шұғыл қажеттіліктер үшін қаржы резервтерін қалыптастыру туралы тапсырмасын ескеруді назарға салды.
Палатада “Мемлекеттік мүлік туралы”, “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы”, “Атом энергиясын пайдалану туралы”, “Мүдделік қолдау туралы”, “Халықтың көші-қоны туралы”, “Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы”, “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобаларымен жұмыс аяқталу алдында. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Үкімет тарапынан ұсынылатын заң жобаларының сапасына айрықша мән берілуі қажеттігін нығарлай жеткізді. “Өкінішке қарай, Мәжілістің қарауына жетілмеген, қалай болса солай құрастырыла салған жобалардың түсуі жиі орын алып тұрады. Сонымен бірге, біз Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекетіміздің стратегиялық даму бағдарламаларына бөлінетін қаражаттың ұтымды жұмсалуын қатаң бақылауға алуды қамтамасыз етуге тиіспіз”, деді О.Мұхамеджанов. Олай болса, “Нұр Отан” ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойған барлық міндеттерін іске асыруда партия мен оның Мәжілістегі фракциясына маңызды міндеттер жүктелетіні анық. Партияның бағдарламалық құжаттары тәртіп болғанда ғана табысты түрде орындалады.
Бұдан кейін депутаттар Мәжіліс Төрағасының орынбасары болып сайланған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Владимир Бобровтың орнына Сейітсұлтан Әйімбетовті лайықты деп тапты. Сайлау ашық дауыс беру арқылы жүзеге асты.
Кешегі отырыста күн тәртібіне қойылған мәселелердің барлығы дерлік заң жобаларына қорытынды әзірлеумен шектелді. Есесіне депутаттар түрлі мемлекеттік органдарға көптеген сауалдар жолдады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.