“Нұр Отан” ХДП Орталық аппаратында “Қазақстан Республикасының Конституциясы – мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуының негізі” деген атпен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған шараның ұйымдастырушысы – “Нұр Отан” ХДП Парламентаризм институты. Конференция жұмысына Парламент депутаттары, еліміздің Конституциялық Кеңесінің, Жоғарғы Сотының, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің, Бас прокуратураның, Қазақстан халқы Ассамблеясының, сондай-ақ, түрлі халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Конференция кезінде оған қатысушылар Ата Заңның 15 жылдық кезеңдегі дамуын, оның демократиялық институттар мен экономикалық және әлеуметтік реформалардың негізін қалаудағы орнын жан-жақты саралап, өз ой-пайымдарын ортаға салды. Мәселен, партия хатшысы Ерлан Қарин өзінің сөзінде егемен ел Конституциясының тарихы 15 жылдық кезеңді көрсеткенімен, оның тамыры тым әріде жатқанын, соның ішінде Алаш партиясы жарғылары мен қазіргі Конституцияның ұқсас тұстары бар екендігін атап өтті. Оның айтуынша, 15 жылдық белесті бағындырған ел Конституциясының бірнеше сипатын атап өтуге болады. “Ол әлеуметтік сипат. Яғни, әлеуметтік сипат біздің Ата Заңымыздың басты ерекшелігін көрсетеді. Мәселен, Қазақстан Конституциясының әлеуметтік құқықтарға қатысты көптеген қағидалары Еуропа елдерінің конституцияларымен салыстырғанда нақтырақ көрсетілген деуге болады”, – деді “Нұр Отан” ХДП хатшысы. Ал Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков өз кезегінде Конституция, президенттік институт және парламентаризмнің Қазақстан қоғамының саяси үдерісінің негізгі қозғаушысы екенін атап өтті.
Конференцияда, сондай-ақ, Негізгі Заңның қабылданған күнінен бастап дамуы, еліміздегі конституциялық заңнамалардың бүгіні мен келешегі, қазақстандық қоғамның модернизациялауына сәйкес, ондағы заңнамаларды заман талабына сай жетілдіру, демократиялық үдерістерді дамыту, қазақстандық парламентаризм мен азаматтық қоғам институттарын құру, елдегі партиялық-саяси жүйелерді жетілдіру секілді бірқатар мәселелер де әңгіме өзегіне айналды.
Конференция соңында оған қатысушылар Қазақстан қоғамының одан әрі демократиялануы мен үдемелі дамуын көздейтін бірқатар ұсынымдар қабылдады.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.