04 Қыркүйек, 2010

Өзіміздің Иван Адамович

889 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Біз – қазақстандықтармыз! Жолбасы Таңмен таласа тұрған төртеуміз күн батысты бетке алып жолға шықтық. Жүргізуші Айдар Сұлтанұлы, мектеп басшысы Людмила Бори­совна, орынбасары Наталья Алек­сандровна және мен. Мақсатымыз – айқын. Алда дәстүрлі соңғы қоңырау салтанаты. Сол салтанатқа мектебі­міздің мақтанышы, есімі елге белгілі іскер басшы Иван Адамович Сауэр­мен дидарласып, оның өнегелі өмі­рін боямасыз баяндап, үлкен өмірге қанат қаққалы отырған өскелең ұрпаққа үлгі етсек деген ізгі ниетпен келеміз. Жол бойы әр нәрсенің басын бір шалып отырғанда, жасыл желекке жамылған ауылға келіп те қалдық. Көне Афинаның бағандары көк тіреген сарайларын есіне түсі­ре­тін салтанаты жарасқан ауыл кең­се­сіне келіп атбасын тіредік. Қабылдау бөлмесінде ешкім жоқ. Басшы өз ор­нында екен. Есіктен имене атта­ған бізді аршындай басып келіп, күлім­сіреп қолымызды алғанда, қалай қабылдар екен деген күдік лезде ғайып болды. Бейнебір сыралғы жандардай әңгіме тиегін ағыттық. Сұхбат – Иван Адамович, “Генерал болуды армандамаған солдат нашар солдат” деген ғой.Сіздің мектептегі арманыңыз қандай болды? Сол арманға жеттіңіз бе? – Ауылда Әбілдинов деген бас инженер болды.Сол кісінің трактор­мен көктемгі, күзгі лайсаңда бат­пақты кешіп бара жатқаны керемет әсерге бөлейтін. Таңырқап тапжыл­май қарап тұрушы едім. Төрт жасар баламын ғой. Меха­низатор болуды армандадым. Сол арман мені ба­тыл­дыққа, төзім­ділікке, тапқырлыққа, ептілікке бас­тайтын. Бірде ағаммен бәстесіп қал­ғанда: “Тұра тұр бәлем, тракторист болғасын көрсетемін”, – деп айт­қаным бар. Сол талаптың арқасы, әкемнің қасына отырып алып ша­бындыққа барамын. Ол кісі тірке­меге шығып шөп тиейтін. Ал мен болсам кабинаға отырып, тракторды шөмеледен шөмелеге жылжытамын. Осылайша 4-сыныпта ДТ-75-ті, 8-сыныпта К-700-ді жүр­гізуді үйрен­дім. Мектепте де бел­сенділердің қа­тарында болдым. Ол кездері мек­тепте “Ал, қане, жігіттер, қыздар” деген сияқты конкурстар тұрақты болып тұратын. Сондай бір әскери-патриоттық конкурста жо­ғары сынып ұлдарын жолда қалды­рып автомат жинаудан рекорд көр­сет­тім. Сонда мен 8-сыныпта оқи­мын. Мектептен соң инженер-құ­рылыс институтының студенті атан­дым. Осылайша 4 жасымнан арман бол­ған кәсіпке алғашқы қадам ба­стым. Бала жастан еңбекке етене жа­қын өскен мен мұнда қарап жүр­м­е­­дім. Әр түрлі жарыстардың бел орта­сынан табылдым. Үздіктер қа­та­рын­да ар­найы стипендия алатын едім. – Иван Адамович, үлкен өмірге қалай қадам бастыңыз? – 1980 жылы институтты тәмам­дағаннан кейін мені Малиновкаға жіберді. Ол жылдары ата-анам Крас­ный Флаг ауылына көшіп барған еді. Ауыл басшысы мені өзіне шақырып, қалуымды сұрады. Бірақ мен инс­ти­туттан Малиновкаға арнайы жол­дамамен барғанымды айтып, келісе қоймадым. Ақыры ол кісі Иван Шарфқа хат жазып, қолыма ұстатты. Малиновкаға келіп, хатты Иван Ива­новичтің қолына ұстаттым. Асықпай оқып шығып алды да маған барлай қарап: “Жігітім, қалай десем болады. Турасын айтайын, бұл таңдауың дұрыс емес. “Красный Флаг” шаруашылығы кенжелеп қалған, болашағы жоқ ауыл. Сен, әрине, өзің білесің, барамын десең ұстамаймын, мамандар бізде жетіп артылады”, – деп кесіп айтты. Рахметімді айтып, ауылға келдім де еңбек жолымды бастадым. Арада үш жыл өткен соң менің суретім аудан озаттары қатарында құрмет тақта­сында ілулі тұрды. Суретім газет бетінен түспеді. Еңбек жолымда өрлеу басталды. Әуелі бригадир, со­дан соң бөлімше меңгерушісі бол­дым. Жоғары жақтағылар да назарға алып, аудандық комсомол коми­те­тін басқару, Малиновка ауылының бас инженері, Красный Флаг ауы­лының бас инженері сияқты жау­ап­ты қызметтер ұсынды. “Жаспын ғой, болмаймын”, – десем, бас­тық­тар тыңдамайды. “Сен коммуниссің бе?”, “Коммуниспін”. “Онда бара­сың”, – дейді. Мына жақтан Иван Иванович те қолқа салып, өзіне шақырып жатты. Не керек, мені көн­діре алмаған олар ауданның бі­рінші хатшысына жүгінеді. Олардың не айтып, не келіскені маған әлі күнге белгісіз. Ертеңіне Красный Флаг ауылының инженері атанып, 4 айдан кейін директордың ша­руа­шылық жөніндегі орынба­сары болып шықтым. Іске шабыттана кірістім. Айналасы екі жарым жыл­дың ішінде біздің ауылда респуб­ликадағы ең үздік мұнай базасы, мәшине ауласы асқақтап тұрды. Енді маған директорлық қызмет ұсы­ныла бастады. Әр түрлі кең­шар­лар аталды. Оның ішінде Фар­фор зауыты, Родина кеңшары да бар еді. “Жаспын, 28-де ға­намын, қайдағы директорлық”, – деймін. Бірақ, басшылар тә­уе­келге барып, Родина кеңша­ры­ның директорлығына тағай­ындап жіберді. Бұл 1987 жыл болатын. Содан бері қызу ең­бекке толы 23 жылым өтіпті. – Түрлі ұлттардың миуалы мекені болған Родина ауылының тұрғындары бір кісінің баласындай ұйыса еңбек етуде. Президент сөзімен айтсам, “Саусақ бірікпей, ине ілікпейді” деген бар ғой. Сіздің ауыл бүтін бір елге үлгі болып отыр. Осы биікке қалай жеттіңіздер? – Оңашада ойға кетемін. Бұрын қалай болды, қазір қалай, қалай істедім дегендей. Шыны керек, Красный Флагта жайлы тұрмыс кештім. Барлық жағынан қамтылған қос қабатты үйім болды. Ал Ро­динаға келгенде жатақ­ха­нада тұрдым. Бірде-бір көшеде тас жол, жарық, тазалық жоқ. Жаңбыр жауса, адам аяғын алып жүре ал­майтын ми батпақ бо­латын. Тұрғын үйлерде жылу ор­талығы, ауыз су, әжетхана дегендер атымен жоқ. Тұрғындардың 95 пайы­­зы орыстар, украиндар, бело­рус­тар болды. 90-жылдардағы тарихи отандарына жаппай көшу үрдісі бізді де айна­лып өтпеді. Тек маған сен­гендер ғана жылы орнын суытпады. Екі белорус пен бір орыс қариясы ғана көшіп кетті. Бүгінде тұрғындар ма­ған дән риза. Олар қазір айранын ұрттап, қойын құрт­тап дегендей, мамыражай тіршілік кешіп жатыр. Бізде қоқысты сенбі­лікте тазалай­мыз деген ұғым жоқ. Тазала деген бұйрық жоқ, тәртіп қана бар. Әрбір тұрғын сол тәртіпті орындауға мін­детті. Ауылымыздың жыл он екі ай айнадай жарқырап тұруы тұрғындар ауызбірлігінің айқын айғағы. – Иван Адамович, жастар сая­са­тында үлкен жетістіктерге жет­­тіңіздер. Осы жайлы айтып өтсеңіз. – Иә, 90-жылдардың ортасында құлдырау болды ғой. Халық қиналып қалды. Баласы оқу озаты, үздігі болса да оқуға түсіре алмады. Қаржыға келгенде тұйыққа тірелді. Осы кезде шаруашылық атынан көмек қолымды создым. Шаруа­шылық 20 жыл ішінде мектептің 200 түлегіне ақылы жоғары білім алып берді. Кейбірі ауылда еңбек істесе, кейбірі қалада істейді. Бес дә­рігерді дайындап шығардық. Ауы­лымызға керегі жалғыз-ақ дәрігер. Сондықтан олардың қалаған же­рінде еңбек етуіне қарсы болмадым. Кездесе қалғанда: “Естеріңде бол­сын, егер де осы ауылдың бір адамы мұқтаж болып алдарыңызға бар­ғанда, көмектеріңді аяп қалсаңдар, менен жақсылық күтпеңдер”, – деп отырамын. Олар да антына адал бо­лып, қызмет істеп жатыр. Кей­бі­реулер алғысын білдіріп, үлкенді-кішілі сыйлықтар ұсынып жатады. Олардан көрме жасап та қойдым... Кенет кең бөлмеде Шәмшінің атақты “Қайықта” әні қалықтап бара жатты. Елең ете қалдық. Иван Ивановичтің ұялы телефоны екен: “Ассалаумағалейкум... Алла деп, Сәке! – деп бастаған ол әлдебі­реу­мен шаруа жайын әңгімелеп кетті. Жайлап жан-жағыма көз жүгірте бастадым. Мұражай сияқты. Бір қа­бырғадағы витрина түрлі кубоктарға толы болса, екінші қабырғаға дип­ломдар мен ордендер ілініпті. Телефонын қорабына салған Иван Адамович біздің таңыр­қағ­а­нымызды жүзімізден аңғарса керек: “Мынау менің марапат­тарым. Шетінен бастап таныс­тырайын. Білім үздігі, Достық ордені, Парасат ордені, Георгий кресі. Ал мынау – Шапағат медалі. Осының бәрі – үздіксіз іздену мен талмай еңбек етудің нәтижесі. Мен үшін мектеп қашанда басты назарда. Мектеп директоры жаңа маманға үй беру, жөндеу, тамақ, т.б. ақша жинау сияқты мәселелерге бас қа­тыр­май­ды. Не керекті тауып беру шаруа­шылықтың мой­нын­да. Нәти­же­сі сіздерге де белгілі ғой. Түлек­те­рі­міздің 99 пайызы жоғары оқу ор­нына түсіп жатыр. Президент осы­дан 10 жыл бұрын келгенде сал­­та­наты жарасқан мекте­бі­мізді көріп қатты таңданды. “Мұн­дай мектеп Астанада жоқ, жарайсың жігітім!” – деді қолымды қысып. – Кеден одағы жайлы не ай­тасыз? Сіздің өнімдеріңіз осыған қаншалықты дайын? – 1987 жылы біздің шаруа­шы­лық өндірген сүт құрамында аудан бойынша 2,5 – 3 пайыз туберкулез, бруцеллез белгілері кездесетін. Сон­дық­тан біз сүт өнімдерімізді қала қа­б­ылдамайтын. Қорғалжынға апарып тоң май ғана әзірледік. Сондай дағдарысқа ұшыраған ша­руашылық болды. Ал қазір қан­дай­мыз. Былтыр Ақмола облысы бой­ынша өндірілген сүттің 50 пайызын біз өндірдік. Ауылшаруашылық саласы бойынша бес ауданнан артық салық төлейміз. Кеден одағы бізге ешқандай бәсе­келестік тудыра алмайды. Біздің бас­ты өнім – астық. Ал оның сапасы Ресейдікінен де анағұрлым жоғары. Екінші басты өнім – сүт. Басқа елдер Астанаға майы алынбаған сүт әкеле алмайды. Әкелсе, залалсыз­дан­­ды­рылған, қойытыл­ған сүт не­месе сүт ұн­тағын әкеледі. Ал біздің өндіретініміз майы алын­баған сүт. Біз қазір ар­найы компью­терлік қон­дырғы­лар­мен жабдық­тал­ған үлкен сүт зауы­тын іске қосу үшін құжат­та­рын дай­ындау үстін­деміз. Қондыр­ғы­ларды шетелден әкеліп орнаттық. 100 пайыз сарт-сұрт етіп істеп тұр. Бұдан кейін бәсекелестік жайлы сөз болуы да мүмкін емес. Табыс кілті неде? Иван Адамович бізге алтын уақы­тын бөліп, ұзақ әңгімелесті. Әңгіме соңында ауылды аралатуға арнайы көлік дайындағанын, шопырдың бізді есік алдында күтіп тұрғанын айтты. Шексіз алғысы­мызды білдіріп шығып кеттік. Кеңсенің алдында жапонның жол таңдамайтын жүрдек көлігін мінген етжеңді орыс жігіті күтіп тұр екен. Айнадай тап-таза кең көшемен заулатып келеміз. Шопыр жігіттің аузы жабылар емес: – Ауылға Иван Адамович кел­генде жаңа үйленген мен осы көшенің шетінде тұратын едім. Онда мынадай асфальт жоқ. Көше деген ми батпақ. Аяғыма резеңке етік киіп алып, әйелім екеуміз клубқа киноға барамыз. Сонда мы­на жер қысы-жазы кетпейтін ыраң­ды су болатын, әйелімді арқалап өтуші едім, – дейді ойпаңдау жерді иегімен нұсқап. Алдымен мақтаулы мал шаруа­шылығына бұрылдық. Шопыр жігіт қолындағы әлдебір түймені басып қалды. Шлагбаум өздігінен көте­рі­ліп бара жатты. Қораның дарбазасы айқара ашық екен, мәшиненің ек­пінін ірікпей еніп кеттік. Ортасында тас жол. Жолдың іргесіне мал азы­ғы. Тағы сол көрініс. Айнадай жал­тырап тұр. Көлденең жатқан көк шы­бық көрінбейді. Жолдың қос қап­талында қазақтың кәдімгі шаңы­рақ мүйізді ақбас сиырынан ала­бө­тен тоқал сиырлар желіндері жер сызып маңдып жүр. Құлақ түбінен шопыр­дың самбырлаған даусы естіледі: – Бұл – асыл тұқымды сиыр­лар. Канададан ұшақпен алғыздық. Өріске айдамаймыз. Қысы-жазы осында. Бас жіп дегенді білмейді. Жемі төгулі, шөбі салулы. Мына жеп жатқандары жеті түрлі мине­ралдан байытылып дайындалған азық. Құлақтарындағы арнайы чип белгі. Соған қарап си­ырдың жасын, тегін, қанша төлде­ге­нін, қанша жем жегенін білуге бо­ла­ды. Бұларға таяқ сілтеуге, айқай­лауға, дабыл беруге болмайды. Сүті кетіп қа­лады. Астын ақырын ғана ды­быссыз жылжитын лентамен тазартып алып отырамыз. Тіпті қасынатын та­рақ та автомат­тандырылған, – дейді ол. Мәшине кілт тоқтады. Қос қа­батты ғимаратқа аялдаппыз. Шо­­пыр сөйлеп келеді: “Мынау кластерлі сүт зауыты, технологияның бәрі Гер­ма­ниядан әкеліп орнатылған. Қаймақ, май, ірімшік, құрт, тағы басқалары осында өндіріледі. Мына жерде сиыр сауылады. Оны “кару­сель” деп атай­ды. Бұл айналып тұрғанда Бет­ховеннің жанға жайлы симфониясы ойналады. Музыка сиырды исінтеді. Исінген бір сиыр­дың сүттілігі 40 литрге дейін жетеді”. Жол-жөнекей қарттар үйіне бас сұқтық. Қыздың жиған жүгіндей тап-тұйнақтай бөлмелер. Ине-жіптен жаңа шыққандай атласпен тысталған көрпе-жастық. Шетелдің қымбат жиһаздары мен тұрмыстық техни­калары үйлесіп-ақ тұр. Қарт­тардың көңілін тамыр­шы­дай тап баса­тын біздің Иван Адамович сұңғыла ғой. Қараңызшы, ваннасы, әжетханасы бәрі ішінде. Телевизор, мұздатқыш, не керектің бәрі осында. Бір-екі сурет түсіріп көшеге шықтық. Абай көшесін бойлап келеміз. – Әуелде халық Сауэрштрассе деп атауды ұйғарып еді. Бастықтың өзі қарсы болып, Абай деп атауды ұс­­ынды. Мынау менің үйім, ал мы­нау үйде 2006 жылы Президент қо­нақ болған, – деп шопыр жігіт та­ныс­тырып келеді. Ауыл сыртына шықтық. – Бұл не тас? Ескерткіш пе? – артқы орындықта отырған әріптес­терім қызығушылық танытып, әл­денені сұрап жатыр. Жалт қарадым. Қапталымызда биіктігі кісі бойын­дай жерге орнатылған гранит тас қалып барады. Бажайлап қарасам, арабша жазуы бар көктас екен. Шарбақпен қоршап, айшықты ай бекітіпті. “Бұл жерде ерте заманда мұсылмандар қо­рымы болған екен. Мал аяғы бас­па­сын деп шарбақпен қоршап, қаладан белгі тас әкеліп қойдық. Астана мешітінен арнайы имам ша­қыртып, дұға қылдық”, – дейді Са­ша. Міне, туған елдің сал­тын, дәс­түрін сый­лаған Иван Ада­мович үлкен жүректі азамат екенін шүбәсіз мойындатты. Мәшине супермаркетке тұм­сы­ғын тірей тоқтады. Кіре берісте қо­лымызға себет алып дүкенді аралап жүрміз. Кәдімгі Астананың дүке­нін­дей. Айыр­машылығы – сүт өнім­дері өте арзан. Сүт өнімдерін сықа толтырып алдық та, шопыр жігітпен қол бұлғай қоштасып жол­ға шық­тық. Ауылдан шыға бере қанаттарын күнге қақтаған ақ ша­ға­ладай тізіліп тұрған Ан-2 ұшақ­тарын алыстан суретке түсірдім. Болашақта барлық ау­ылдар осылай өркендесе екен деген жалғыз тілек­пен аттандық. Болат БАЙҚАСОВ. Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол ауылы.