04 Қыркүйек, 2010

Жалғасын тапқан жол

424 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Сонау артта қалған жетпісінші жыл­дар­дың аяқ кезінен бастап ақтөбелік кө­рермендер телевизия хабарларынан жаңа леп, өзгеше құбылыстарды сезіне бастады. Осы тұста мұнда қызметке кіріскен бір топ жас мамандардың ала келген соны серпіні көпшілікті еріксіз өзіне тартты. Сол жаңа толқынның қатарында Аман­келді Мектеп­баев та бар болатын. Қазақ мемлекеттік университетінің жур­налистика факультетін бітіріп келген ол қатарластары аяғын сақтықпен аттап басатын бұл салаға именбей-ақ еніп кетті. Шынын айту керек, оның оқуды бірге бітірген жолдастарының кө­бісі негізінен газет тө­ңі­регін оңтайлы көріп, бір­қатары Алматыдағы баспа маңайынан қоныс тепкен. Оны телевизияға жа­қын­дататын бір себептер де бар сияқты. Соның бас­тысы – мектеп бітір­ген соң киномеханик бо­лып азды-кемді уақыт еңбек етуі. Ол орта білім алған соң Ақтөбе қаласындағы кәсіп­тік-техникалық учи­лищеге оқуға түсті. Осын­да ересегі бар, бозбаласы бар, әр қиырдан жиылған жастар арасында киноме­ханиктік куәлік алып шықты. Алпысыншы-жетпісінші жылдары клубтарда көрсетілетін киноның әсері керемет болғаны белгілі. Жастар сол жерде табысады, көңіл көкжиегіңді кеңейткің келсе де киноға барасың. Ал кино қоюшы – ауылдағы ең бір қадірлі адам. Ырғыз өңірінің бүгінде қарттыққа қол созған ақсақалдары жас Аманкелдінің кино қоюдағы ерекше тәртібін әлі күнге дейін ұмытпаған да шығар. Кейін сол киномеханиктігі телевизия­да жүргенде көп пайдасын тигізді. Оқу бітіре салып, бірден осы салаға келген кейбір тәжірибесі шамалы әріптестері се­кіл­ді телестудиядағы аппараттарға оқшы­рая қарап тұрған жоқ, бірден ішіне еніп жүре берді. Операторлар да, режиссерлер де мұны бірден өз адамындай қабылдады. Бастапқы қызметі кіші редактор бол­ғанмен, оған әп дегеннен-ақ үлкен тап­сырмалар беріле бастады. Күн тәртібіндегі тақырып ауқымы да оңай емес-ті. Басты мәселе бесжылдық тынысын танытудан өр­битін. Еңбек екпінділерін насихаттау, өзге­лерге үлгі ету, коммунистердің көркем бей­несін кестелеу, міне, осындай сол заманның нағыз көкейкесті жайлары алға тартылатын. Телевизия ол үшін ең алдымен адам тану мектебі болды. Қаншама кейіпкер­лер­мен жүздесіп, олардың ішкі сырла­ры­на ортақ болды десеңізші. Кейін солар­дың бірқатарымен кәнігі жолдас болып кетті. Солардың бірі – Өтесін Өтепбер­ге­нов. Ол Алға ауданындағы “Тоқпансай” деп аталатын жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы. Кешегі күндері шаруашылығы бірқалыпты дамып тұрған совхоздың ізін жоғалтпай, билік орын­дарымен жағаласып жүріп, өз көздегенін жүзеге асырған азамат. Бұдан ең алдымен ауыл тұрғындары ұтты. Олардың арасында жұмыссыз қалған бірі де болған жоқ. Жиырма бес мыңдай қойы, бірнеше мың сиыр-жылқысы бар серіктестіктің жұ­мы­сы кейде адам күшін қажетсініп, сырттан көшіп келушілер де аз болған жоқ. Оның сыртында шаруашылықтың егісі және басқа қосалқы тірліктері және бар. Өтесін мұндай биіктерге оңай жеткен жоқ. Сонау бір қысталаң шақтарында да, кейін еңбегі еленіп, мем­лекет­тік марапат­тауларға ие болып жатқан тұста­рын­да да жанында Аман­келді секілді адал жолдас­тары жүр­ді. Ол журналист ре­тін­де іскер басшы, жі­гер­лі де жақсы азаматтың тұл­ғасын көпшілікке үлгі етіп ұсын­ды, озық тә­жі­рибесін оң­тайына келген тұстарда таратып та отыр­ды. Қарғалы ауданындағы “Степное” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің же­текшісі, облыстық мәс­лихаттың депутаты Аман­қос Төлеуов те Әбекеңді ерекше қадір тұтады. Журналистік жауапкер­ші­лік­ті жоғары сезінетіндігі, кәсібіне адал­дығы үшін. Телевизияға қызметке келген соң кіші редак­тор­лықта Әбекең көп тұ­рақ­тап қала қойған жоқ. Не­г­ізгі тақырыптарды иге­руі, басты шаруаларды се­­німмен қолға алуы оның беделін көтере берді. Сөй­тіп, лауа­зымдық қызметі де өсті. Облыстық теле­радио­компаниясы төрағасының бірінші орынбасары болып ол еңбек еткен жыл­дарда елдікке, егемендікке қатысы бар көп­теген жұмыстар тындырылғанын бү­гінде біреу біліп, біреу білмеуі де мүмкін. Мәселен, КСРО деп аталатын алып елдің ауқымында жүргенімізде Ақтөбе телекомпаниясы Ресейдің Орынбор теле­визиясымен берік қарым-қатынас орнат­ты. Соның нәтижесінде ақтөбелік журна­листер дайындаған қазақ әндері мен ха­бар­лары Орынбор телевизиясы арқылы тұрақты түрде беріліп тұрды. Сөйтіп, екі өңір арасындағы тәжірибе алмасу, сырт­тағы қандастарымызға рухани нәр беру секілді көзге көріне бермес шаруалар Әбе­кеңнің тікелей араласуымен жүріп жатты. Тағы бірде қазақтар Жаманқала деп атап кеткен Орскіде Абай тойы болып жатқан тұста көпшілік думандатып жүр­генде Аманкелдінің облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Рыс­жан Ілиясова апаймен бірге сол аймақта жерлеген Дербісәлі Беркімбаевтың басына барып, дұға етіп, болашақ бір хабарының бастауын игеріп қайтқаны да бір олжасы болды. Кезінде жарты патша атанған, ел билеген Дербісәлі секілді ерен тұлғаның көп тойы, шынын айтсақ, кейінірек өтті. Ал журналистің жанкешті болып жасаған жарты сағаттық сол бір хабары сондай үлкен шараның өтуіне аз да болса септігін тигізбеді ме екен?! Әбекең қазір телевизияда қызмет істе­ген жылдарын ерекше бір ыстық сезіммен еске алады. Сол уақыттарда көрермен­дер­ге ұсынылған “Дидар сәт”, “Жұма күнгі жүз­десу”, “Парасат”, “Темірқазық”, “Са­на”, “Дидарғайып”, “Көңілашар”, “Сыр­тар­­тар” секілді хабарлардың идеясы мен маз­мұны ойға оралғанда, сол уақытының бос­қа жұмсалмағанына іштей тәубе ететіні бар. Тоқсаныншы жылдардың басында тәу­елсіздік туының жоғары көтерілгенін се­зін­­ген халқымыз батырларымыз бен би­ле­рі­мізді ұлықтап, тарихымыздың тере­ңіне мо­лы­нан үңілді. Сол тұста Әбекең жанына жас әріптестері мен оператор­ларын ертіп алып, айтылғандар мен анық­талған жайлар­ды қамтып қалуға тырысты. Сөйтіп тарих­тың бір түгенделуіне өзіндік үлес қосқаны бар. Телевизияның күллі шаруасына қолын батыра салып, мезгілмен санаспай, жан алы­сып, жан берісіп еңбек етіп жүрге­ні­мен, бір күндері газетке қарай қызмет ауыс­тырудың реті де келіп қалғаны бар. Бұл 1996 жылы болатын. Ол кездері қол­ма-қол ақша дегеніңіз ұмытылып, айыр­бас деген әлемет жер-көкті сілкіндіріп тұрған. Облыстық “Ақтөбе” газеті бас редакторының орынбасары қызметіне келген ол бірден шаруашылық қызметі тіз­гінін қолға алды. Журналистердің ай­лығы бірде қолға тиіп, бірде берілуі созы­лыңқырап тұрған шақ еді. Әбекең шаруа­шылық басшыларымен тікелей келісім-шартқа отырып, газетке жазылу құнын малдай-заттай алып, қаламдастарының қарнын “тойғызуға” септігін тигізгені бар. Осында еңбек еткен жылдар оның көп қабілетін танытты. Қолына қалам ұстап, сөз сәйгүлігін баптауы тиіс адам әріптес­те­рінің өнімді еңбек етуіне жағдай жаса­ды. Сөйтіп, қаламдастарының қамын ой­лауымен қадірі және бір мәрте арта түсті. Әбекеңнің қазіргі қызметі де халықпен тығыз байланысты. Ол “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабыл­дау бөлімінің меңгерушісі ретінде уақыт­пен санаспай еңбек ететінін көпшілік көзбен көріп жүр. Мұнда түскен өтініштердің, арыздар мен шағымдардың жетпіс пайызы оң тұрғыда шешіледі. Оның себебі, әр хаттың қараусыз қалмайтындығында. Кез келген өтініш шара алу үшін немесе тиісті жа­уабын беру мақ­сатында соған қатысты ме­кеме-ұйымдарға жіберіледі және тия­на­ғын тапқанша бақылауда тұрады. Әбе­кеңнің ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қандай да қолға алған іске жауапкер­ші­лікпен қарау, мұқият атқару дағдысы бұл істе көп көмегін тигізіп тұр. Қазір “Нұр Отанның” жергілікті фи­лиалына қабылдауға адамдар үлкен се­нім­мен келеді. Олар осы жерден бір тиянақ табатынына ешқандай да күмәнданбайды. Мұнда мекеме басшыларының, депутат­тар­дың қабылдау ұйымдастыруы жүйелі тір­лікке айналды және өзін ақтайтын ша­ра екендігін көрсетіп отыр. Азаматтың айбыны асып жүруі ша­ңы­рақ шуағының мол болуына да қатысты. Әбекеңнің өмірлік серігі Дания қай кезде де отбасында береке орнатып, балаларына тәлімді тәрбие негізін қалап отырған аяу­лы ана, өнегелі жар. Отбасындағы екі апа­сының соңынан ерген Олжас қазір үлкен азамат, облыстағы үлкен мекемеде бас ди­ректордың бірінші орынбасары. Ол әу­лет­ке Айзере, Аида секілді сүйкімді неме­ре­лер сыйлады. Аманкелді Мектепбаев қай салада еңбек етсе де, бәрібір өзі өмірлік таңдаған мамандығы журналистикадан алыс кете алмайды. Қолы қалт ете қалған сәтте қаламдас-әріптестерінің хал-жағдайын біліп, шығармашылық ахуалдарын сырттай саралап отырады. Жақсылыққа қуанады, әттеген-айларды бірге көтеріседі. Кейде кеңсенің қағазбасты жұмы­сы­нан шаршаған сәтінде сонау балаң ша­ғында “Жанаргүл” деп аталатын новелла, “Ақ сағым сағыныш”, “Ақмоншақ” тә­різді очерктер жазғаны есіне түсіп, іштей жылы жымиятыны бар. Адам баласын алаламайтын, айнала­сы­на мейірім шуағын төгіп жүретін абзал да азаматтық тұлғасы Әбекеңді – Аман­келді Мектепбаевты осылайша көпшілік құрме­тіне бөлеп келеді. Нұрмұханбет ДИЯРОВ, Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе.