Асаубай Жәдігерұлы арғынның қанжығалы руынан шыққан атақты шешен. XІX ғасырда өмір сүрген Шәңкі бимен тұстас болған адам. Туып-өскен жері Сарыкөл ауданындағы Отынағаш деген мекен. Көпті көрген көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, оның ата-бабасын Абылай ханның өсиеті бойынша Уәлихан 1781 жылы Ерейменнен көшіріп әкелген.
“Қарияң болса ауылда, жазулы тұрған хатпен тең“ – деген бұрынғылардан қалған ұлағатты сөз бар. Қостанай облысының Сарыкөл ауданына қарасты Соналы ауылының көнекөз, құйма құлақ қариясы Ахмедия Бекмағамбетов ақсақал тоқсан бес жасқа келіпті. Осы жасқа келгенше естіген ескі әңгіме, шешендер сөздерін хатқа түсіріп, жаза беріпті. Олардың біразы ел аузында жиі айтылып, кітаптарда жарияланып үлгірсе де, енді біразы еш жерде жарық көрмеген. Әсіресе, қарияның аталасы, қазақтың белгілі биі қанжығалы Асаубайдың айтқандары қымбат қазына болып табылады. “Менің атым Асаубай, жақсы-жақсы сөзім бар, жиып қойған жасаудай, өткір-өткір сөзім бар, тасқа салған қашаудай” – дейтін шешен сөздері тиген жерін ойып түсетін дәл де өткір, әрі ұтқыр.
Сарыкөл ауданында туып-өскен Шақан Дәненов ақсақал Асаубай сөздерін жазып қалдырып кеткен. Ол кісінің айтқан сөздерінің біразы кезінде жазушы Қойшығара Салғариннің “Көмбе” кітабында жарық көрген болатын. Біз шешеннің әлі еш жерде жарияланбаған сөздерін ғана мысалға келтіріп отырмыз.
Асаубайдың от басында, кісі қайтқанда, тағы басқа әртүрлі жағдайларда берген баталары да шешендік өнердің бір түрі болып табылады.
Мысалы, “Көтеріңдер білекті, қуантты ғой жүректі, мақсатына жеткізіп, берсін Алла тілекті, дастарханың кеңейсін, мал басы өсіп, теңелсін, кісіден қажет сұрамай, табылсын үйден жемісің, қырықтың бірі Қыдыр боп, көп тілегі қабыл боп, амандық беріп басыңа, бірдей өссін мал-басың!”.
Дастархан басында айтқан батасы: “Жай қолыңды, шырағым, берейін саған батамды, аққа қойып ниетіңді, қадірлі бол халқыңа, қайырмасын бетіңді, арыстандай бетті бол, дұшпанға сөзің өтімді, ғұмырлы бол, бақты бол, тең құрбыңның алды бол, маңайың болсын бекімді, дәл өзіңнен үзілмей, жетсін жеті атаңа, қымбат қазына секілді”.
Асаубай шешен кіші жүз жаппас Жарасбай байдың үйіне келе жатып, жол-жөнекей қас қарая көлден су алып жатқан әйелге жолығады. Мұны көрген көргенді елдің келіншегі шелегін жерге қойып, жолаушыны тосып тұрып, амандасып, алдынан өткізеді.
Қонатын жағдайын айтқан Асаубайға әйел тұрып: “Ана алдыңызда тұрған үлкен үйге барып түсерсіз”, – депті.
Айтқан үйге келіп түссе, бір ер адам жантайып жатыр екен. Ол орнынан тұрып келіп, сәлем береді. Сол үйдің қожасы екен. Сонда алыстан келе жатқан Асаубай: “Мезгілсіз уақытта не қып жатырсыз?”, – деп сұрақ қойыпты.
Үй иесі: “Ешқандай ермек болмаған соң жатқаным ғой, келініңіз суға кетіп еді”, – дейді. Бала-шағасы болмаса да қонағын құдайдай күткен үй иелеріне разы болған Асаубай ертеңіне таңғы астан кейін мынандай бата береді:
Жаппаста Жарасбайдай түйелі бол,
Қыпшақта Кенебайдай биелі бол.
Нәсілі Құрайыштың құбыласынан,
Қожа Ахмет Ясауидай киелі бол.
Арыстан Ғалидайын балалы бол,
Асан Қайғы әулиедей саналы бол.
Бір түнде мың бас намаз ада қылған,
Шарапатты Бәтимадай аналы бол!
Шақшақта Жәнібектей аталы бол,
Ұлы жүзде Төле бидей баталы бол.
Атағың Абылайдан кем болмасын,
Жүргізген Алатауға неше мың қол,
Таупиықты, төрт құбылаң түгел болып,
Қолың жай, әумин деп, дегенім сол!
Бата бізден болғанда, тілек сенен,
Құдайым саған берсін қыз бенен ұл.
Аллау әкпар!
Осы батада айтылған сөздердің біразын қазақтың басқа шешендері айтты деген пікірлер де бар. Олай болуы да ғажап емес. Өйткені, ауыздан шығып, ел арасына тарап кеткен сөздерді белгілі бір шешенге телу үшін оның сол сөзді айтқан тұстағы белгілі оқиғаға қатысы болмаса, жалпылама түрде кесімді бағалау қиынға соғады.
Асаубайдың айтқаны айнымай келеді деген сөз тараған. Бірде ол уақтардың Қауыл, Дауыл, Қурай, Қытай деген төрт атасынан тараған ұрпақтары қоныс қылып отырған ауылға келіп, олардан көңілі қалғанда:
Қауылсың, Дауылсың,
Бір тайпалы қауымсың,
Кісі сыйлап көрмеген,
Құдай соққан ауылсың.
Қурайсың, Қытайсың,
Қу ағашты бұтайсың.
Алдағы жыл доңыз ғой,
Қыстан қалмай жұтайсың, – дейді.Шынында да сол жылы қыс қатты болып, аталған ауылдар жұтқа тап болған деседі.
Қайтқан кісінің үйінде Асаубай былайша бата береді:
Дұғаң қабыл, тілегің дұрыс болсын,
Бақ орнап, дәулет бітіп, ырыс қонсын!
Мәйітке хақ-тағалам рахмат ойлап,
Қабірі жарық болып, нұрға толсын.
Бір Алла рахматтың молын берсін,
Сусынға хауыз кәусар суын берсін.
Дұғасы көпшіліктің қабыл болып,
Жәннәттан мәңгі-бақи орын берсін!
Сөзі қашаудай Асаубай қашанда ешкімнен айылын жимайды, қай жерде де қиыннан жол, қисыннан сөз таба біледі. Шешен ел аралап жүріп Мұқан правительдің үйіне келіп түсіпті. Мұқан қонағына мойнына кескек байланған бір қойды алдырып, бата сұрайды. Сондағы Асаубайдың айтқаны:
Қол жайып, әумин деп мына қойға,
Отырмын сөз таба алмайекі дайда.
Көзге атқан құралайды мергендей-ақ,
Асынған қылыш, мылтық тұла бойға.
Қалыпты құр сүйегі,қызылы жоқ,
Қасқырдан бір қорлықты көрген қой ма?!
Елегізіп, жан-жағына жалтақтайды,
Өлуге қолы тимей жүрген қой ма,
Екі жақ бүйірінде бір жүні жоқ,
Үстіне қыз-келіншек мінген қой ма?
Қаусаған тісі түсіп кәрі қойды,
А, төрем, тілімді алсаң, тіпті сойма!
Мұны естіген үй иесі қойды қоя бергізіп, басқа мал алдырып, қонақасы беріпті. Ертеңіне жүрер алдында арқасы жауыр бір атты алдырып, есік алдына әкеліп, Асаубайға: “Мынау ат сіздің келген жолыңызға берген сыйымыз!”, – депті.
Атты көргенде Асаубайдың табан астында айтқаны:
Жануар, мал екенсің тартқан тарлан,
Дәрежең артық екен басқа малдан.
Ойда арғын, қырда қыпшақ, жаппас, төре,
Үстіне жан бар ма екен шықпай қалған?
Сұраушы ел шетіне біреу келсе
Мырзаның малы екенсің ыңғайға алған.
Сөзден тосылған правитель құла айғырды алдырады.
Асаубай:
Жылқыдан алдырыпсың құла айғырды,
Алты ай жаз мінілмеген құр айғырды.
Үстінде құранды ер мен көпшігі жоқ,
Мінемін енді қалай бұл айғырды? – депті.
Айғырды ерттеп, мініп келген атын қосарына байлап, енді жүргелі тұрғанда шешенге Мұқан: “Ақыным, менің сыйыма енді ырзасың ба?”, – дегенде, Асаубай:
О, төрем! Төрелігің қала ма ойдан?!
Туыпсың мықты болып шалағайдан.
Доңыздың қара шұбар қабанындай,
Қорқады көрген адам анадайдан,
– деп айтарын айтып, шаба жөнеліпті.
Асаубай бірде уақ Медебайдың үйіне барып қонады. Сол үйде қыпшақ Күлік деген кісі бірге болады. Медебай мен Асаубай замандас болған соң әзілдесе береді екен. Медебай тұрып: “Өзің Асаубайсың, бірақ, қатының саған лайық емес қой!”, – депті.
Сонда Асаубай айтыпты:
Әйелді жақсы дейсің беті сұлу,
Сұлуға тамақ болмас көріп-білу.
Әйелдің ең жақсысын мен айтайын,
Үйдегі шаруасына мойын бұру.
Асында кей қатынның береке жоқ,
Күйеудің кәдесіндей ыру-жыру.
Айтқаны бұрынғының бар емес пе,
Емес қой сұлу сұлу, сүйген сұлу.
Есеней мен Шыңғыс сұлтан екеуі бақталас болып, Шыңғыстың аға сұлтан болып тұрған кезінде Асаубай Есеней мен оның жанындағы жолдасы Жәнібекпен кездеседі. Сөз бастаудың реті келмей, Асаубай құман алып, дәрет алуға далаға шығып кетсе, оның орнына Жәнібек отырып алыпты. Сонда есіктен кірген Асаубай:
– Уа, Есеней! Мынау менің орныма отырып алған жалпақ сарың кім? – деп сұрайды.
– Мен Жәкең! – дейді Жәнібек.
– Сен Жәкең болсаң, қайтейін, – мен қанжығалы Асаубай – әкең! – дейді Асаубай.
– Не дейсің, Асаубай! Мен де сендей, терезем теңдей! Әлі күнге тірі жүр ме едің, әкеңше қолынды құртқа тығып өлмей, – дейді Жәнібек.
Сонда Асаубай айтыпты:
Есенейдің сыртында құрт ұрлаған,
Құрт ұрлаған әкесі жылқы ұрлаған.
Жылқыны ұрлаймын деп қолға түсіп,
Дүре алып, екі аяғы тыпырлаған.
Қашаннан керей-уақ, егіз едің,
Алмаған ата тілін тебіз едің,
Біздің ел қиыр жайлап, шет қонғанда,
Су ішіп, топырақ шашқан өгіз едің.
Есеней сабырға шақырады, Асаубай сөзін одан әрі жалғайды:
Жел жағына қарасаң,
Орыстың тастан соққан қаласы,
Закон айтқансып болмайсың,
Керей, уақтың баласы!
Бармағымды батырсам,
Артыңның кетпес жарасы,
Көкіректің кетпес санасы,
Көзіңнің кетпес аласы.
Аспандай арғын емеспін бе,
Жұлдыздай қыпшақ емес пе?!
Қойдай керей-уақ емес пе?!
Атығай-қарауыл – айбарым,
Арғын менен найманым,
Алыс жерге ат салсам,
Одан әрі жатқан жоқ па?!
Сен мына отырған Есенейге
сеніп отырсың ғой, Жәнібек,
Есенейің жапанға біткен
жалғыз қурай емес пе,
Қу басты, құралай түсті,
Елден шыққан сұмырай емес пе?!
Осыдан кейін Жәнібек кешірім сұрап, Есенейдің алдында татуласыпты.
Бұл жерде орта жүз рулары туралы ел аузында жиі айтылатын “аспандай арғын, жұлдыздай қыпшақ, жусаған қойдай керей-уақ” деген тіркестерді Асаубай орнымен пайдаланып отыр. Оның үстіне Есеней секілді азуы алты қарыс, шынжыр балақ, шұбар төсті ықтырып алудың да барлық амалын жасап отырғанын байқаймыз.
Асаубайдың бірнеше жылқысы жоғалып, біреулердің сілтеуімен қыпшақ еліне келіп, Әлім болысқа жолығады.
Асаубай үйге кіріп, амандасқаннан кейін: “Елің аман ба?”, – деп жөн сұрайды.
Әлім: “Бұл жақта жау шапқан ел жоқ”, – депті.
Сонда Асаубай айтыпты:
Сен білмесең, мен айтайын!
Ара менен Тобылды
Орыс келіп алғанда,
Жеріңе қала салғанда,
Кенесары, Наурызбай
Екі рет шапқан еліңді,
Кептірмеген шеріңді,
Балам қыпшақ, құтырма,
Жерің бар ма сенімді?!
Маған дүре соқпайсың,
Сыбана берме жеңіңді,
Болыстығыңды бұлдама,
Мен не қылам шеніңді,
Жер грані – Обаған,
Асып бір кеткен секілді,
Білмейсің бе шегімді?!
Екі жылқы дауыма
Өзім келдім бітуге,
Шауыпкел мен Шәңкіні,
Әкелгем жоқ бегімді.
Мына Бәпіш болмаса,
Ұрмас па едім тегіңді!
Бәпіш дегені сол елге күйеуге шыққан қанжығалының қызы болса керек. Содан Асаубайды оңаша үйге апарып, сыйлап күтіп, жылқысын тауып беріп, сый-сияпатпен қайтарыпты. Дәл осы әңгіме Б.Адамбаев құрастырған “Қазақтың шешендік сөздері” кітабында (“Ана тілі”, 2006 ж.) бұрмаланып айтылады. Сөздің соңы “айтысатын менімен әкел, кәне, бегіңді” – деп аяқталады. Асаубай бұл арада айтысатын адам іздеп отырған жоқ, Шауыпкел мен Шәңкіні әкелмей-ақ, бітісуге өзім келдім деп тұрған жоқ па?! Аталған кітаптағы Асаубайды күрлеуіт руынан шыққан деген уәж де шындыққа сәйкес келмейді. Күрлеуіт – қыпшақ руының бір тармағы.
Асаубай шешен сөздерінде жер грані (шегі), закон (заң) секілді орыс тіліндегі сөздер де қолданылады, мұндай сөздерді шешен әдейі өз ойына салмақ салу үшін пайдаланады. Ал алға салып отырған екі бегі – Шауыпкел мен Шәңкі де атақты билер.
Ақындық өнер мен шешендік биліктің сабақтастығы Асаубай сөздерінен айқын аңғарылады. Жоғарыда мысалға келтірілген баталар да, билік сөздері де негізінен өлең жолдарымен айтылған. Олардың арасында қара өлең үлгісімен айтылған шұбыртпалы өлең де, жыр-толғау үлгісінде айтылған жырлар да бар.
Мәселен, Арғынның Шақа руынан шыққан Тілеміс байға келіп, қонуға рұқсат сұрағанда бай шешенді жақтырмай, “осы ауылда сені қондыратын басқа үйлер табылатын шығар” – деп мұрнын шүйірсе керек. Сонда Асаубай:
Уа, мұрнын шүйірген
Тілемісім!
Сен өзің кім екеніңді білемісің,
Болғанда әкең қазақ, шешең қалмақ,
Сен өзің шын қазаққа кіремісің? – деген екен.
Асаубай шешен Сарыкөлдің самородок сары алтыны. Хан жығасын жықпаған, айтар сөзін мықтаған, не айтса да босқа айтпаған, қанжығасы ешқашан да бос қайтпаған ақылманы. Қанжығалының ғана емес, қазақтың қабырғалы билерінің бірі.
Ақылбек ШАЯХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік
университеті медиа-орталығының директоры.