Жазушы Табыл Құлыяс сатира-юмор жанрымен қатар мұрағат, мұражайлардағы тарихи деректерді зерттеп “Қанжоса ғасыр” кітабын шығарған болатын. Енді, міне, ол “Қырғын”, “Қан кешу” атты кітаптарын баспаға тапсырып отыр. Онда 1922-1932 жылдар кезеңінде қазақ халқы бастан кешкен жәйттер баяндалады. Төменде біз сол кітаптан үзінді жариялап отырмыз.
Байтақ даламызды қызғыш құсша қорып, дұшпанның табанын тигізбеуде үш жүздің қазағы бір ата, бір ананың баласындай жұдырық боп жұмылып, татулықты ту етіп, жымысқының көзіне құм құйып, жаттан жатпай-тұрмай қорғана білген. Бірегей батырлары дұшпанын айбарымен жасыта білген, соғыса қалса жер қаптырып ерлігін асыра білгендігін ақтаңдағы мол тарихымыздан енді-енді біле бастадық. Әрине, көп деректерді жарқыратып ашуға кейіндеп қалғанымызға түрлі кезең, пысы басқан әміршілдік кінәлі. Орынборлық тарихшы, Ресей академигі Сайкин Николай Иванович:
– Ел шетіне жау тигенде бес Франция сыятын кең даланың ерлері қалайша тез жинала қалады? – дейді. Ол әрбір он-он бес шақырым жерде жаушы тұратынын білмейді. Сәйгүлік мінген ерлердің хабар жеткізуі аса қиын емес еді. Ат дүбірі шықса, жаушы қаралы туын көтерсе, алыстан алағайлаған белгі көрінсе – ерлер сауыт-сайманын әзірлеп атқа қонуға әзір тұрған. Сөзі дуалы дала даналары батасын беріп, ақ жаулықты аналар ақ жол тілеген, намысын қайрап ерлікке жігерлендірген. Талай көрген қанды азап, кешірмейтін кек жеңіс туымен ғана өлшенген. Сондықтан батырлары сен кімсің деп кекиген жоқ, бірін-бірі бауыр тұтты. Жеңген елде хан да қадірлі, билері мен батырлары да дәріпті. “Өштік, қастық пен бақастық – өмір жасты қысқартып, ішкен ас бойыңа батпайды” деген билерден тараған сөз бар. Оған хан да, қара да тоқтаған. Байқап сөйлеп, ақылмен жоғын жоқтаған. Ғайбат өрті тұтанса, от басында сөндірген. Үш жүздің басы біріккен қалың қазағы бір ниетпен ел тыныштығын сақтаған. Халық бірлігі – бесіктегі тәрбиеден басталса керек. Қыз алып, қыз берісіп құдандалы жекжат болған елдің баға жетпес байлығы татулық болғасын, батырлық атаққа ынтықпайтын ер болар ма? Қайсарлықты халықтан алып, ержүректілікті атағы аңыз батырлардан алып санасына сіңірген бабаларымыз екі жүз жыл бойы соғысып, тыныштық бермеген. Қалмақтарға да сүйем жерді бермей, найзаның ұшы, білектің күшімен сақтаған. Біресе жоңғарлардың тұтқиылдан шапқыншылығы тыныштық бермей жатса, дұшпандар соққы көріп жеңіліс тапса да қазақ даласын меншіктеп қалудан үміт үзбеген. Бір қазақ қалғанша соғысудан таймайтын, жеңіске жетпей тынбайтын бұларды іштен ірітіп, ру арасына от жағып, өзара қырқыстырып, жүзбен жүзді өшіктіріп құрту керек деген қаскөйлік те болған. “Қазақ қалтасынан пышағын шығармасын, шығарса салады” деген сөз қалған. Оған дәлел, қазақша сайрап келген жоңғардан да, орыс, қалмақтан да сақтануына бауырсудың соңы жан сұрау болмасын дегенін билер айтып, қас пен досты қабағынан танып білген емес пе?! Ақылдылар қашан сіңіскенше ішкі сырын алдырмай, ұлттық қасиет, ар-намыстан жаңылмағаны содан. Іштен бүлік шықпай, дұшпандардың ойрандау үміті ақталмай, қазақтардың бірлігі арқасында байтақ дала сақталды. Жерді көздің қарашығындай сақтау атадан балаға өсиет боп қалды. Сондықтан сол заманның хандары болсын, ғасырдан озған ойлы дана билері болсын, қырқысқанын қиып түсетін батырлары болсын – бәрінің тілегі – халқының басы бүтін боп, жерінің аман сақталуы еді. Олардың есімін бөле-жарудың қажеті жоқ. Хан ортақ, би ортақ, батыр қалың қазақтың ортақ мақтанышы.
Мысалы, Абылай хан заманындағы қиян-кескі ұрыстарда талай батырлар арыстандай жүректілікпен жеңіске жете білсе, сол батырлардың есімдері әлі түгенделіп болған жоқ. Оған дәлел – Бәйтерек батырды алайық. Тарихтан белгілі, кіші жүздің Бақтысиықтан тараған ұрпақтарының ата қонысы Каспий теңізінің терістік шығыс беті, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз, Жақсыбай өзендерінің бойы. Бейнелеп айтқанда, құндыздай құлпырған өңір. Бәйтерек, Қаратау, Қалдыбай және басқа да толып жатқан ерлердің есімі қалмақтармен соғыстардағы жырларда, аңыздарда ел аузында әлі күнге сақталып келеді. Жеті атаға дейінгі қандық, тектік құпияны білетін, шежірені зерттеудегі ізденгіштігі қателікке соқпайтын Қаратөбе ауданы орталығындағы №21 мектептің директоры Абылай Боранов: “Бәйтерек батырдың дерегін ұзақ жыл іздеп, зерттедім. Жалпы қазақтардың қандық сапасының жоғары болуын бабаларымыз қатты ойлаған ғой. “Жаман, жақсы болса да, тартпай тұрмас тегіне” деген ғылымда теңдесі жоқ сөзді қазақтан басқа кімнен естідің. Не түрлі қылмысты да, не түрлі жамандықты де тегінен іздеген. Жеті атаға дейін қыз алып, қыз ұзатпау өз алдына, текті жермен құда болып, арадағы бірлікті әйелдер арқылы одан да жақындастыра түсудің қамын ойлаған. Күйеу жүз жылдық, құда мыңжылдық деп татулықты сақтауы қазақтан басқа әлемде қай ұлтта бар?
Сонымен Бәйтерек, ағасы Есен батырлар шеркеш, ысық, адай сарбаздарынан жасақталған 10000 ержүрек жігіттерімен 1745 жылы Абылай ханның әскерінің қатарына қосылады. Біреулер Әбілқайырдың билігінен неге шығып кетті деген сұрақ қоюы да мүмкін десек, екі жүздің хандарының түрлі кездесулерінде алакөздік, бақталастық болмаған ғой. Қазақ даласы ортақ деп түсінбеген. “Орыс-қалмақ қатынасы” жазба дерегінің 147-бетінде “Әбілқайыр хан ұлы Ералымен Торғай өңірінде 1747-1748 жылдары қыстап шыққан” деген сөйлем бұл сөзіміздің бір айғағы. Демек, хандар жер ортақ, халқымыз бір ниетте деп ұғынған. Ал, Бәйтерек батыр қандайда қиын ұрыстарда жеңіске жетудің шебері, сарбаздарын алымды, алғыр етіп тәрбиелей білген. Әрбір сарбаздың жасынан қылышпен қиып түсуге бейімдігі сынақтан өтеді. Қайрат, күш, шапшаңдық, қорғанудағы шеберлікте қате болмайтындай, бүкіл жаттығу сапасы арқылы іріктеледі. Найзагерлер тобы да осылай тәулік бойына дайындықта, қателік болмауға тиісті. Ат, ер-тұрман, сауыт-сайман жаттығу сағаттарында мүлтіксіз ұрыс қимылына дайындалады. Абылай хан Бәйтеректің әскери тобын “Қаңлы” деп атандырып, майдан даласындағы шұғыл, тосын шабуыл арқылы дұшпандарын жайратып салатын құрама деп бағалаған екен.
– Бәйтеректің ағасы Есен де Абылай ханның ең сенімді батырларының бірі болыпты. Оның сарбаздарының ерекшелігі сол қазақ елінің солтүстік шекарасын қорғауға бағытталыпты, – деді зерттеуші ғалым Абылай Боранов, – Орта жүздің алғырларынан құралған бұл топтың әскери қамтылуы, шеберліктері өзгелерден басым болмаса, шекаралық дұшпандарында қандай қару бар, одан қалай қорғану тәсілі қажеттігін зерттеп, білмесе жеңіс қиын деп ұғынып, басымдық берілген көрінеді. Аз адаммен көп қолды тосыннан жайратып салудың амалдары қарастырылған. Үлкен дайындық, сапалы сынақтан өткен сарбаздар ғана шекараға топтасқан. Өйткені, дұшпан шекарадан өтті дегенше бүліншілікті шұғыл басу оңайға түспесі анық-тын. 1745-1758 жылдары осы әскери құраманы шебер басқарған қолбасшы Есен 1704 жылы өмірге келіп, 1789 жылы дүниеден өткен. Сондай-ақ, Бәйтерек батырдың кіші інісі Көбектің ұлы Бектау үш жүз бойынша Абылай ханның әскеріне сарбаздар дайындап, олардың шеберлігіне сай таңдаудан өткізіп, әскерилердің тұрмыс-тірлігін, азық-түлік, қару-жарағын қалтқысыз қамтамасыз ету тобын басқарған. Оның құрамында жаугершіліктің күтпеген жағдайда шабуылы, шекарадан басып кіруі байқалса, үш жүзге дабыл қағып, хабар салатын жаушылар болған. Абылай ханның қызынан туған Бәйтеректің екі ұлы Текебай мен Шаншардың Ресейден білім алуына Бектау қызмет еткен. Текебай да әскери қолбасшы, Абылай ханның бір қызына үйленгенге ұқсайды. Ал, Текебайдың кіндігінен тараған Беспай, Сегізектің ұрпағы Батыс Қазақстан облысында, Орынбор өңірінде тірлік етеді.
– Шекаралық мемлекеттер, – деді сөзін жалғаған Абылай Боранов, – Қазақтардың әскери жеңімпаздық құпиясының сырына жете алмаған да шығар. Қантөгіске бармас үшін батырлардың жекпе-жек шайқасында да сантүрлі білгірлік, әдіс-амал-айла, күштіліктің мұқалмас алмас қылыштай өткір тәсілдері болған ғой. Осындай жеңімпаздық намысқа, рух мықтылығына тікелей байланысты еді. Сосын да жүздеген батырлар қайырлы қазақ даласын қорғай білген.
Бұл кезде орыстар жерін кеңейту мақсатында әскери күштерін нығайта бастаған. Соны түсінген қазақ хандары, билері, батырлары бетегеден биік, жусаннан аласа боп, билікті қолдан беріп, езіліп, тапталуға түспеудің нетүрлі қам-қарекетін істеп баққан. Күш бірлігі, қандай жойқын соғыстарда жеңіске жеткен ерлікті қанға сіңіріп отырған. Жаттың билеп-төстеуді ойлаған мінезін айбармен ығыстырған. Абылай ханның батырларды үш жүзден таңдап, іріктеп, әскери тәртіп пен тәрбиені нық ұстауының маңыздылығы да осында жатыр. Ұлт бірлігі сәл босаңсып божыраса ортаны төгіп, толыны шайқайтын дұшпаны дайын тұрды. Ондай жымысқылықты алдын-ала болжап білу – қандай дүлей күшке бойұсынбай, тәуелсіздік қалыпты сақтаудың амалы еді. Соның арқасында тақымдап қуғысы келген қаскөйліктерден ұлы даламызды сақтап қалды. Бірліктің болаттай беріктігін білген дұшпан да бата алмады... Міне, біздің хандарымыздың, билер мен батырларымыз, от ауызды, орақ тілді шешендерімізді түгендеп, тарих бетіне алтын әріппен жазатын тұсы осы болса керек.
* * *
Бәйтеректің бір тұқымы Үрпек Алдажанов Орынбор, Санкт-Петербургтан білім алып, орыс патшасымен бірге тіршілік етіп, әскери-медициналық қызмет атқарып, дворян атағына ие болған. Ал, Үрпектің інілері Құлғазы, Бекқазы Орынбор, Санкт-Петербургтан білім алып, “Алаш” қозғалысына қатысып, оққа ұшқан. Үрпектің Айтен деген ұлы да Орынбор, Санкт-Петербургтан білім алып, Батыс аймақ бойынша “Алаш” қозғалысының әскери күшін ұйымдастырушы болып біраз қызмет еткен. Амал не, бұл қозғалысты жау санап талқандаған тұста ерлі-зайыпты екеуін 1923 жылы Троицк маңында атып өлтірген. Айтен “Отрадный” селосының биік төбесіне жерленген. Айтеннің інісі Сақаш та Орынбор, Санкт-Петербургтан білім алған. Орынбор қаласында қызмет істеп жүрген кезінде 1929 жылы батырдың, байдың тұқымы деп ОГПУ қармағына түсерін алдына-ала естіген ол он екі жасар ұлы Таубай мен алты жасар қызын Серғазиев деп балалар үйіне өткізіп үлгерген. Сол Таубай екінші дүниежүзілік соғыста Ленинград қаласында үлкен ерлік жасап “Қызыл жұлдыз” орденімен наградталып, майдан жолы Кенигсберг қаласына дейін жалғасқан. Жеңіс күнінен кейін Балтық жағалауында әскери комендатурада қызмет еткен. Елге оралғаннан кейін Орынбор облысының Цвилинск ауылдық кеңесінің төрағасы болып қызмет етеді.
Тобықтай сөз түйіні – кедір-бұдыры көп, жазбаша қалған дерек, дәйегі аз, отарлық езгінің зарын шектірген қатыгездікпен айқасып, туған жерді аман сақтаған бабалар тарихы толыға түсуді қажет етеді. Іздесе атадан балаға мұра болып қалған құжаттар, түрлі жәдігерлер де табыла бермек.
Табыл ҚҰЛЫЯС, жазушы. Астана.