15 Қыркүйек, 2010

Жаңа бюджет бөлінісі басталды

482 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Мәжілісте “2010-2012 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістерді қарастыратын заңдық құжаттың таныстырылымы болып өтті. Депутаттардың алдында Қаржы министрі Болат Жәмішев баяндама жасады. Министрдің мәліметіне қарағанда, 2010 жылға ар­нал­ған республикалық бюджет­тің түсімдері 3 517,8 мил­лиард теңгені құрамақ. Бұл қолданыстағы бюджетпен са­лыстырғанда, 139,4 миллиард теңгеге немесе 4,1 пайыз өсімге ие. Ал шығыс бөлігі 4 321,4 миллиард теңге немесе ішкі жалпы өнімнің 22,4 пайызына тең. Тапшылық 803,6 миллиард теңге. Болат Бидахметұлы кіріс бөлігінің түсімдерін ұлғайту 135,5 мил­лиард теңгеге белгіленгенін атап көрсетті. Бюджетте Алматы қаласы нысандарының тізбесінде көрініс тапқан жобаларға 11 862 миллион теңге қарас­ты­рыл­са, оның 10 500 мил­лио­ны метрополитеннің бірінші кезегінің құрылысын жалғас­ты­руға бағытталады. “Педиа­трия және балалар хирур­гия­сы ғы­лыми орталығы” РМҚК жа­нынан 150 төсектік емдеу кор­пусын салу (428 мил­лион теңге) және Ядро­лық меди­цина және биофи­зика орта­лы­ғын құру (934 миллион теңге) мәселелері ше­шімін тапқан. Алайда па­латаның Қар­жы және бюджет коми­те­тінің төрайымы соңғы екі нысанға қаржы бөлін­генімен, оның жылдың аяқ­та­луына екі ай қалғанда тен­дер өткізіліп, құрылыстың са­лынып бітері­не күмәнді екен­дігімен бөліс­ті. Депутаттар да өздерінің осындай ойда екен­діктерін ортаға салып жатты. Ал Астана қаласына 13 142 миллион теңге қарасты­рылса, бұл қаржы “Шабыт” шығармашылық сарайына (401 миллион теңге), Кар­дио­хирургия орталығына (2 869 миллион теңге) және көше салу мен су тартуға жұмса­лары белгілі болды. Депутаттар 2011 жылдың VІІ Қыс­қы Азия ойындарына дайын­да­лу және өткізу шы­ғын­дарына қатысты өз пікір­лерін ортаға сал­ды. Мәселен, “Табаған” және “Шымбұлақ” жеке спорт кешенде­рін жал­дау мен жабдықтар сатып алуға қыруар қаржының бө­лініп жат­қанына қынжылыс­та­рын жа­сырмады. Мұхтар Тінікеевтің пай­ымынша, аталған жабдықтар сон­да қалатындықтан, жалдау құны есебінен өзара есептесу керек еді. Осы ретте министр бұл жабдық­тардың кешенге қа­жеті шамалы болғандықтан, сондай қадамдарға барылып отырғандығын жеткізді. Агроөнеркәсіп кешенін, су, орман және балық ша­руа­шылы­ғын дамытуға – 10 707 мил­лион тең­ге, ауыз сумен қамтамасыз етуге – 6 355 мил­лион теңге және денсаулық сақтауды дамытуға 4 804 мил­лион теңге сомасында қаржы тартыл­ға­ны белгілі болды. Осы орайда де­пу­таттар өңір­ле­рдегі әлеуметтік ны­сан­дарды салу проблемаларына, әсіресе, ауыз су мәселесіне назар аудартып, аталған жәйт­тердің нақ­ты шешімі болуын немесе нақты жауап берілуін талап етіп жатты. Тағы бір қомақты сома үлес­керлердің проблемала­рын шешуге бағытталса, оның мөлшері 17 663 мил­лион теңге деп белгіленіпті. Еліміздің үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму мемле­кет­тік бағдарламасын жүзеге асы­руға 76 958 мил­ли­он теңге көздел­ген. Атап айт­қанда, бұл қаржылар Балқаш ЖЭС-ін, “Қорғас-Жеті­ген” ТЖ, “Өзен-Түркіменстан ше­карасы” ТЖ, “Шар-Өс­ке­мен” ТЖ, “Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ” ма­гистральдік газ құбырын салуға жұмсалуы тиіс. Сондай-ақ 15 000 мил­лион теңге “Kazіna Capіtal Management” жарғылық ка­питалы­на салынады делінген. Әсіресе, соңғы көзделген 15 миллиард тең­генің орынсыз­ды­ғына көңілдері толмаған депутаттар одан да бұл қар­жыларды әлеуметтік пробле­маларды шешуге бағыттау керек деген мәселені өткір қойды. Өйт­кені, осы кезге дейін құрылған көп­теген қор­лардағы жинақталған қаржы­лар­дың қайтарымы түсінік­сіз күйінде қалып отыр. Өз кезегінде Қаржы ми­нистрі Б.Жәмішев қазіргі таңда қолға алынған жоба­лар­дың барлығы дерлік қа­зы­нашылық арқылы қаржылан­ды­рылатынын, онда да қар­жының нақты игерілуіне орай берілетінін жеткізді. Осылайша талқыға түскен “2010-2012 жылдарға арнал­ған рес­публикалық бюджет туралы” Заңға өзгерістерді қарастыратын заң­дық құжат бойынша жолданған депутат­тар сұрақтарына жауаптар жазбаша қайтарылатын бо­лып ке­лі­сілді. Артынан сол жауаптар не­гі­зінде бюджет талқысы жалғаса­тын болады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.