21 Қыркүйек, 2010

Қыстан қысылмайтындығымызға кепілдік бар ма?

522 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Биылғы жаз бойы басқасы басқа, қаланың орталық бөлігінде ыстық су болған жоқ. Жығылғанға жұдырық дегендей, жуырда қала бойынша біржарым тәулікке жуық суық су болмай қалды. Осы жәйт, міне, тағы қайталанып отыр. Ал оның зардабы бірден сезілді. Әсіресе, ауруханада төсекке таңылған науқастарға қиын болды. Ал бала- бақшаларында бүлдіршіндерге өздерімен су ала келуі міндеттелгенін естігенде, не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Сөйтсек, бақсақ бақа екен демекші, мұндай сынақ тиісті мекемелер арасындағы өзара ерегістен туындаған екен. Яғни, “Семейводаканалдың” “Шы­ғыс­­энерготрейд” мекемесіне қарызы 200 миллион теңгеден асып ке­тіпті. Содан мұның соң­ғысы су стансасын электр қуа­тынан ажы­ратып тастаған ғой. Солайша екі ор­тада шыбын өле­дінің кері келген. Бұл өзі жылда осы уақытта жиі қайталанатын тірлік. Қала тұрғындарының енді әлсін-әлсін жарық сөне бастай ма деген күдігі де жоқ емес. Монополист мекемелердің бұл тірлігін, әрине, құптауға болмайды. Одан да олар қысқа дайындық барысында бас­қаша амал қарастырмай ма деседі былайғы жұртшылық. Бұрынғы жылдарға қара­ған­да жағдай біршама оңалып қал­ды дегенмен, семейліктердің өт­кен қыста да тоңып шыққаны жасы­рын емес. Көңілдегі сол алаң әлі де сейілмей отыр. Өйткені, мұн­да жаңадан салы­нып жатқан үл­кен жылу-электр орталығының құрылысы биыл да бітпейтін түрі бар. Ол келер жылы ғана пайда­лануға берілуі мүмкін. Сонда оның құрылысы неге сағызша созылып бара жатыр дегенге келетін болсақ, мұның себебі қаржы тапшы­лы­ғында ма дейміз. Өткенде бұл құрылыс барысымен Үкімет басшысы­ның өзі арнайы келіп танысып кеткен. Мүмкін мұн­дағы жұмыс ілгерілесе енді ілгерілер. Бірақ... Рас, жылу мен жарық, яғни қаланың қысқа әзірлік мәселесі назардан тыс қалып отырған жоқ. Соның айғағындай бұл мә­селе жуырда ғана қалалық мәс­лихаттың сессиясында арнайы қаралды. Онда қаладағы тұрғын үйлердің қысқа дайындығы 80 пайыз мөлшерінде екендігі аш­ып айтылды. Қала көшелерінде жылу құбырлары әлі ауысты­ры­лып жатыр. Әйтеуір, жылу қа­зан­­дықтары түгелге жуық қысқа әзір екен. Енді тездетіп қажетті көмір және мазут қорын жинап алу ке­рек. Болмаса өткен жылғы жыр­ды қала тұрғындары ұмыта қой­ған жоқ. Онда қажетті кө­мір­ді алуға қаржы тіпті облыс қазы­на­сынан табыла қоймаған. Сөйтіп, “сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар” дейтін жағ­дай қа­лыптасқаны да өтірік емес. Сонсоң айтты-айтпады тұр­­ғындар мен заңды тұлғалар­дан жылу мен жарыққа қарыз 250 миллион теңгеден астам қар­жы тездетіп өз орнына құйы­луы тиіс. Ал осы мақсатта тиісті меке­ме­лермен бірге халық қа­лау­лылары, қоғамдық ұйымдар, жергілікті ақпарат құралдары да тізе қоса отырып, бірлесе оты­рып жұмыс істеулері керек-ақ. Сонда ғана қала тұрғындарының қыстан қы­сылмайтындықтарына кепілдік бола ма дейміз. Солай дей отырып, бұл арада көп мәселе пәтер иелері коопе­ративтеріне қатысты екендігін айтпай кетуге бол­майды. Ал олардың қайсыбірінің өздеріне бекітілген үйлердің қыс­қа дайындығына салғырт қа­рай­тындығы да өтірік емес. Сон­дықтан оларға да өз жұмысын ши­ратпаса болмайды. Өйткені, қыс – қыр астында. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.
Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20