Поэзия әлемінің қашанда күрделі болып келетіндігіне бүгінгі ақындарымыздың жаңа туындыларын оқыған сайын көзің жете түскендей болады. Осыған орай, Ш.Сариевтың “Шөл даланың ұлымын” жыр жинағы оқырманды қандай ойларға жетелейтініне сәл көңіл бөліп көрелік.
Шөмішбай Сариев – оқырман жұртшылыққа ғана емес, тыңдарман қауымға да жақсы таныс есім. Кейбір тыңдарман бұл ақынды тек бірыңғай ән өлеңдерінің мәтіндерін ғана жазатын, шығармашылық жұмысын тек сол бағытта ғана өрістететін ақын деп пайымдайды. Оған себеп, ақынның дыбыстық және бейне ақпарат құралдары арқылы таратылып жататын талай ән мәтіндерінің авторы болып табылатындығында жатса керек.
Қаламынан туындаған жыр жолдары ән шығаруға сұранып тұратын ақын – бақытты ақын. Бұл шығармашылық құбылыстың өзі қиыстырып әкеліп күшпен дәлелдеуді қажет етпейтін шынайы дарынның белгісі екендігі сөзсіз. Композитор қауымның эстетикалық талғамы қашанда жоғары екендігіне көзжұмбайлықпен қарауға болмайтынын ескерсек, Ш.Сариев өлеңдерінің поэтикалық болмысы, мағынасы мен сөздердің ішкі үйлесімі, ырғақтылығы сондай ортақ талғамнан табылып жатады деп тұжырымдауға әбден боларлық.
Бірақ, соған қарамастан, Ш.Сариевтың аталған жинағындағы қатардағы жыр жолдарының биік көркемдік өреде жазылуымен, құлаққа таныс ән мәтіндерінен ешқандай да кем емес екендігі көңіл бұрғызады. Кітап “Шөл даланың ұлымын”, “Әйел... әйел... әйел...”, “Назарбай қойдым атыңды...” және “Жаһандағы жалғыз үй...” атты төрт бөлімнен тұрады. Әр бөлімге белгілі бір тақырыпты немесе тақырыптары сабақтас өмір қырларын жыр тілімен бейнелеуге құрылған.
Кітаптың бірінші бөлімін “Шөл патшасы” деп атаса да болғандай екен. Өйткені мұндағы өлеңдердің барлығы шөл деген ұғымның төңірегінде ой тарқатады, оның адам өмірінде алатын орны жайында сыр тербейді. Әдетте шөлдің адам өмірінде алатын орыны мен оның қабылдауындағы болмыс-бітімі, табиғаты турасында бас қатыра бермейтініміз рас. Әдетте “шөл” сөзі адам қабылдауында теріс эмоциялы тұйық түйсік туғызады. Бұл сөзді айтсақ болды, сазарып жатқан шексіз өлке, тіршіліксіз шөл елестейді. Шөлді өлкеге тап болған адам дүниенің үзірінен баз кешіп, екі қолын төбесіне қойып әлдеқайда безе жөнелгісі келетіндей күйге тап болады. Қарадан қарап ерінің кезеріп, бір ұрттам суға зар болғандай тәуелді күй кешесің. Бір ауыз сөзбен айтқанда, “шөл” сөзі – “тіршілік” ұғымының антонимі.
Сөйтіп, сіз енді шөл далаға басқаша көзбен қарай бастайсыз. Біз атын естігеннен кейін-ақ, қарадай үркіп, іштей шошынып үлгірген шөл дегеніңіз, мүлдем қорқынышты емес екен. Қорқынышты болуы былай тұрсын, керісінше, адамның жанына жайлы, алуан сипатты көңіл күйге түсіретін философиялық орта екен, көңіліңді тербетіп, жаныңды толғандыратын эстетикалық биіктік екен, ішкі дүниеңе себезгілеп құштарлық нұрын құятын, мынау жарық дүниеге іңкәр етіп жетелейтін рухани қуаттың көзі екен; шөл дегеніңіз – үнсіз ғана шырқалып жатқан ән, көңілге көктем шуағын құйған, жанарыңды жасқап, жан дүниеңді жайлы сезімге бөлейтін сән екен; Шөл дегеніңіз – адам баласы сыр-сипатын бірден ұғып болмас, шет-шегіне оңайшылықпен шығып болмас құпия әлем екен.
Айдыны жүрегімді тербеп өтер,
Көңілім аққу жүзген көл деп өтер,
Бір шөлім басылса да, шөл далада,
Бір басылмай махаббат шөлдеп өтер.
Осынау поэзиялық шашуларды оқып шыққан оқырман енді бұдан былай шөлден қорықпайтын, меңіреу құшағына тап бола кетсе де, қарадан қарап торықпайтын болады. Торыққаныңыз не, біраздан кейін осы шөл даланы жақсы көріп, тіпті шөлсіз өмір сүре алмайтындай оған ғашық болып қалуы да ғажап емес.
Ақын шөлдің қандай ерекшеліктері, адам баласына ұнайтын нендей тамаша қасиеттері бар екендігін көркемдік кестесімен дәлелдейді және сол қасиеттердің артықшылықтарын эстетикалық ойлармен тиянақтауға күш салады. Ақынның бұл арадағы тұжырымының мықтылығы да сол дәлелдердің көркемдік қисынында,
Шөл даламен бірге жасар жырымын,
Шөл далада қымбат бұлақ, тұнығым.
Ойға шомған терең дана құмдары,
Ұлы Дала –
Шөл даланың ұлымын, – дейді ақын соңында.
Шөлде біздің жан дүниеміз қалайтын жайлы қасиеттердің басым бөлігі бар екен, тек оны көре білетін көз керек, қалың жұртшылықтың санасына жеткізе білетін көркем сөз керек екен. Ақынның артықшылығы сол жүрекке жеткізе алатын кілтті таба білуінде, тауып қана қоймай, оқырман қолына ұстатқыза білуінде десек, қисындырақ. Рас, шөл далада өмір сүрудің қиындығын ақын ұмытпайды, мүлде есінен шығарып алмайды, оқырман есіне қайталай салып отыруға бейім. Тек сол қиындықпен күресе білуге, тіпті керек болса, сол қиындықты көрмеуге үндейді, адамның ішкі күрескерлік рухын қайрап, тың көзқарасты тануға ұмтылыс жасайды.
Шөл даладан басталған бойдағы шөл бүкіладамзаттық проблемалармен астасып, бүкіл шөліркеудің түрлерін ашып көрсетеді. Ақын тек бір жұтым суға ғана шөлдеп қоймапты, оның шөлдеуінің әлеуметтік астары әлдеқайда ауқымды екен.
Адамдардың шапағатына шөлдедім,
Хас сұлудың махаббатына шөлдедім...
Суға емес, жылы сөзге шөлдедім,
Ұлағатты ұлы сөзге шөлдедім... – дейді ақын. Осынау шөліркеудің әдепкі көзі бәрібір қалай болған күнде де ақын өзі туып-өскен шөл даладан бастау алғаны тағы да шындық. Ендеше өмірдің қадір-қасиетін түсіндірген шөлге деген алғыстан басқа айтары болмаса керек. Қазақ жерінің жетпіс пайыздан астамы шөл және шөлейт өлкелер болып келсе, ақынның бұл философиясы кез-келген қазақ баласының жанына жақын екендігі және рас.
Бір басылмас шөлге баттым тереңнен,
Кеудем осы шөл гүліне бөленген.
Сапар кешіп, жер-жаһанды аралап,
Жер бетінде шөлдеуменен келем мен.
Міне, шөл философиясынан туындайтын тағы бір нақты тұжырым. Тіпті сулы-нулы жерде туып-өскен жанның өзіне де жақын құбылыс, тіршілік шындығы.
Көркемөнер туындысын өмірге әкелген авторлар көбінесе өз ойларын тұтынушыға, яғни, көрерменге, оқырманға немесе тыңдарманға таңбайды, өз философиясын ұсынумен шектеліп, әрі қарай өзің түйін жаса деген ұстанымға бой алдырады. Біз өлеңдерінің табиғатына үңіліп отырған ақын олай емес, өзінің тапқан эстетикалық-философиялық жаңалығын оқырманға таңуға бейім, бірақ ол бұл амалын күштеп таңудың арқасында жүзеге асырмайды, поэзиядағы оңтайлы құрал эстетикалық қуаттың көзін ұтымдылықпен пайдаланады.
Кітаптағы назар аударатын жағдаяттың бірі осы. Шуақты жырларды оқи келе біраздан кейін сол жырлардың көркемдік әлеміне қалай еніп кеткеніңді, қалайша сол әлемге тұтқын болып, ақын сөзін сөйлеп қалғаныңды байқамай қаласың. Тіпті санаңда сол жырлардағы көркем пайымдауларда титімдей жаңсақтық болуы ықтимал-ау, теріс үлгілер бар-ау деген күдіктің елесі де болмайды. Тек байырқалайтының – сол ақын ұстанымынан ауытқығың келмейтіні, әлдеқандай эстетикалық түйсікке байланып, оның ауанымен ілесе бергің келетіндігі. Алды-артын асықпай ойлап алатын есті оқырманның өзі сәлден кейін әлжуаз пенде болып, өзінің тұтқынға айнала бастағанын аңдамай қалуы да ғажап емес. Жай тұтқын емес, сезімнің тұтқынына, құшағына бір түсірсе, қайтадан оңайшылықпен шығара қоймайтын эстетикалық болмыстың тұтқынына.
Жанды өртеніп жүрегім жанғанынша,
Қақтым қанат қанатым талғанынша.
Мен, өлмеймін, өмірде,
Мен тірімін
Жер бетінде бір қазақ қалғанынша! – дейді Шөмішбай Сариев.
Сөз түйінін ақын туралы абзал ағаларының ой-байламдарымен жасасақ деймін.
“...Ақынға сәт сапар тілейміз. Асықпа, Шөмішбай, болдым-толдым екен деп еш уақытта да масықпа. Ақын өмір бойы оқуға, өсуге міндетті, біз жетпегенге сен жет дейміз”, – десе абыз ақын Әбділда Тәжібаев, “Ш.Сариев өз талант-дарынына сеніммен қарайды. Оның жақсы жырлары сұлулықты сезіну арқылы туындайды деп білем, бұл талант иесіне ғана тән қасиет дер едім”, – деп ағынан жарылыпты қара сөздің хас шебері Әнуар Әлімжанов.
Ал қазақ сынының сардары Мұхамеджан Қаратаев: “Шөмішбай Сариевтың өлеңдері табиғат, өмір суреттерін эстетикалық талғамда қабылдауымен, лирикалық кейіпкерлерінің әрі шынайылығымен, әрі қарапайымдылығымен баурайды”, – дейді.
Нұрдәулет АҚЫШ, филология ғылымдарының кандидаты, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі.