Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжановтың жетекшілік етуімен Үкімет сағаты өтіп, онда “Тарифтік саясаттағы энергияны үнемдеу” деген тақырып төңірегінде ой қозғалды, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Үкімет сағатында аталған тақырып бойынша Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергенов баяндама жасады. Сонымен қатар, баяндамашы осы мәселе төңірегінде депутаттардың сұрақтарына жауап берді.
Тарифтік саясаттағы энергияны үнемдеу, реттелетін секторлардың инвестициялық тартымдылығын көтеру, электр энергиясын және суды үнемдеу мәселелерін шешу жұмысы, сондай-ақ осыларға қатысты басым міндеттер туралы ақпарат жария етілді.
Қазіргі кезде агенттік 1632, оның ішінде су кәрізі жүйелерінің саласында – 867, электр энергетикасы саласында – 469, мұнай мен газды тасымалдау саласында – 52, көлік саласында 244 реттелетін қызметтерді көрсететін 1080 табиғи монополия субъектісінің қызметтерін реттеуді жүзеге асырады екен. Бұдан басқа, 400 доминант-субъект және 15 мемлекеттік монополия субъектісі бойынша баға белгілеу функцияларын жүзеге асырады.
Н.Алдабергенов агенттік қызметіне қатысты өзге де атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы жан-жақты айтып өтті.
Үкімет сағатын Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов қорытындылады. Ол қорытынды сөзінде: “Экономиканың монополиялық секторын мемлекеттік реттеу, энергияны үнемдеу, энергия ресурстарын, электр энергиясын және суды үнемдеу мәселелерін шешу – агенттік жұмысының басты стратегиялық бағыты. Ал осы бағыттағы жасалып жатқан іс-шаралардың басты мақсаты – тұрғындардың-тұтынушылардың мүдделерін қамтамасыз ететін тиімді тарифті қалыптастыру саясатын іске асыру.
Тағы да бір айта кететін мәселе – осы саладағы көрсетілген заң нормаларының және тұтынушылардың құқықтарының бұзылуын болдырмауды бақылау және жауапкершілікті қажет етсе, тағы да күшейту”, деді.
Үкімет сағатының нәтижелері бойынша дайындалған ұсынымдарға толықтырулар енгізіліп, Үкіметке жолданатын болды.