Ұстаз – ұлы ұғым
Ұлт ұстазы, қазақтың өткен ғасырдағы руханиятының көш басшысы Ахмет Байтұрсынұлы: “Мектептің жаны – мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы, яғни мұғалім білімді болса, білген білімін басқаға үйрете білетін болса, ол мектептен балалар көбірек білім біліп шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім”, – депті. Арада бір ғасыр өтсе де Алаш арысының бұл сөзі әлі күн тәртібімен түскен жоқ. Бұлай деуімізге себеп, Отанымыздағы миллиондаған балаға білім үйретіп, тәрбие тағылымын дарытып келе жатқан мыңдаған мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын “жүрек қалауы” деген атпен елордадағы Конгресс-холл сарайында өткен еді. Оған мемлекетіміздің барлық өңірінен үздіктердің үздігі жиналып, еліміздің астанасымен танысқан болатын. Алқалы басқосуда олар ұстаз қауымының бүгіні мен ертеңі туралы ой бөліскен болса, алғашқы сөзді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов алып, ең алдымен ұстаз өзінің ісімен, өзінің сөзімен егемен еліміздің болашағын ойлайтын, тәуелсіздігін қорғайтын білімді ұрпақтың тәлімгері екенін еске салып, ұстаздардың кәсіби мерекесімен құттықтаған болатын. Ұрпақ тәрбиесі ұлы жолында қызмет етіп келе жатқан мұғалімдердің ата-анадан кейінгі атқарар рөлі ерекше, тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді адам. Осыны елдіктің туын тіккен күннен бастап, бір сәт те назардан шығармаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының нәтижесінде білім орындары мүмкіндігінше базасын жетілдіріп келеді. Тек өз Отанымыздағы білім үрдісімен шектеліп қалмай, әлемдік білім кеңістігіне шығу жолындағы қадамдарымыздың өзі бәсекелестіктің бағын ашады, деген министр тәрбие мәселесіне көңіл аударып, Әл-Фараби бабамыздың тәрбиесіз берген білімнің нәтижесіз болатынын көрегендікпен айтқанын, тәрбие мен білім беру ісін таразының басындай тең ұстау қажеттігін атап өтті. Сол жиында еліміздің барлық облыстарынан келген жүзден жүйріктер Қазақстан Республикасы Білім Беру ісінің құрметті қызметкері және Ыбырай Алтынсарин төс белгілерімен марапатталған еді. Солардың қатарында Әлия Тұмабекова, Темірғали Әбілмәжинов, Светлана Зубарева, тағы басқалар бар. “Алты алаштың баласы бас қосқанда, қадірлі орын – мұғалімдікі” деп аяулы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, жылында бір рет келетін Мұғалім күніне орай, олардың айтқан ой байламдарын, ұлағатты ұстаздардың жақсы жұмысы жайлы жазылған топтамаларды оқырман қауымға ұсынып отырмыз. Жақсы ұстаз — шамшырақ Ағартушы атамыз Ы.Алтынсарин “Мұғалім маған бәрінен де қымбат, өйткені, ол – мектептің жүрегі” десе, орыстың көрнекті педагогы К.Д.Ушинский “Мұғалім – зор тұлға. Ол күннің құдыретті сәулесі сияқты” деп елжірейді. Ал біздер өз тарапымыздан “Текті тұлға болмысың да болымың, Жалғасысың Алтынсарин жолының. Есіміңе барша халық бас иген, әз-ұстазым, төрде сенің орының”, деп өз жүрекжарды ниетімізді білдіріп, “мың тағзым сізге, ұстаз!” – дейміз. Мен талай-талай талантты шәкірттер тәрбиелеуге тер төккен, ұстаздықтың қиын да күрделі күндерін кешкен, өздерінің алғаусыз қызметтерімен елге тұтқа да тұлға, өнегелі өнерімен шәкірттеріне ұлағат та үлгі бола білген, үлкен жүректі, өресі кең, бұл күндері өмірде біразы жоқ Е.Жолаев, Ж.Әуезов, К.Әбнәсіров, Ө.Еркешов, И.Дәулетов, Б.Ермұқанов және зейнеткер Т.Медеталиев сияқты ардақты ұстаздарымды, өткенсіз бүгін болмайды деп, олардың кәсіби мерекесі кезінде еске түсіріп отырмын. Нарықтың қаңбағы болмай, халықтың қаймағы бола білген, адамның майдасы болмай, заманның айнасы бола білген, ұлтының ұлыларын ұлықтап, тектілерін ту ғып көтере білген, тентектерін тезге салып, ұлы істерде ұйымдастырушы ретінде көпшілікке үлгі көрсеткен елдің елдігін, ұлыстардың бірлігін сақтауда өлшеусіз үлес қосып елдің риясыз алғысына бөленіп, ұстаз атты ұлы есімге ие бола білген жандарға қандай ілтипатты сөз айтсақ да жарасады. Рухани дүниесінің асқақтығын әрқашан туған халқының алдында паш етіп, елдің еңсесінің биік болуына, бірліктің іргесі сөгілмеуіне, ырыстың шалқып, ынтымақтың біріге түсуіне зор үлес қосып жүрген осы ұстаздар қауымы. Өздерінің көрегендіктерінен жаңылмай, асқар таудай биіктерінен төмендемей жүргендер де мұғалімдер. Бес қол бірдей емес деп, ала-құла туралы әңгімені мереке тұсында ұмыта тұруды жөн көрдім. Педагогтар қауымының халқына айтар алғыс, ризашылығы да, билік басындағыларға айтар өкпе, назы да жетерлік екені даусыз. Ал менің айтарым: мектептерде тәрбие беруге баса назар аударылса, “Адамгершілік пәні” енгізілсе деймін. Мектеп пен дін орындары тәрбие мәселесінде тізе қосып тірлік етсе тиімді болар еді. “Мектептің мақсаты тәрбиелеу, тек қана тәрбиелеу” депті көрнекті педагог И.Песталлоций. Ал Әл-Фараби бабамыз айтқан тәрбие туралы қанатты сөз әр мұғалімнің есінде жүруі тиіс. Тағы бір арман-тілек мұғалімдер ең жоғары жалақы алатын мамандық санатына қосылса, мәртебесі шенеуніктерден кем болмаса, мемлекеттік қызметші дәрежесіне жетсе, Қазақ елінің мұғалімдері-ай деген биікке көтерілсе... Қане! Сонда ұстаздар қауымы алаңсыз шығармашылықпен айналысып, өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын болады. Әрине, бұл арада мұғалімдерге жағдай жасалмады деуден аулақпын. Елбасы қамқорлығы көп. Көріп те, пайдаланып та отырмыз. Дегенмен, ұрпақ тәрбиешісіне жағдай бірте-бірте әлемдік деңгейде жасалса деген үміт қой. Ұлы Абай бабамыз “Адамның адамшылығы ең алдымен жақсы ұстаздан” демеді ме?! Мен әріптестеріме ыстық ілтипатымды: Кемел тәрбие берілмей, келісті ұрпақ өспейді, Жақсы ұстаз – шамшырақ, шырағы жаққан өшпейді, – деген нық сеніммен аяқтағанды жөн көріп отырмын. Оразбай ҚОСАНОВ, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз. Қызылорда. Күлжан ТӨКЕНОВА, Солтүстік Қазақстан облыстық дарынды балалардың мамандандырылған қазақ гимназия мектеп-интернатының директоры:“БАЛА ЖАНЫ АҚ ҰЛПА, ҰҚСАҢ, ҰТЫЛМАЙСЫҢ”
Әуел баста ауыл балалары үшін ашылған мектеп-интернатымыз тәуелсіздіктің арайлы таңы атқаннан кейін де біраз жылдар бойы Петропавл қаласында ұлттық кадрлар даярлайтын жалғыз шаңырақ болып келді. Оның қабырғасынан 10 мыңға жуық түлек қанат қағып, еліміздің әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Мәлік Фазылов, Мақтай Сағдиев, Жақсылық Ысқақов, Мекеш Утин, Қайырбек Оразов, Жарасбай Сүлейменов, Аяған Шәжімбаев, Ерік Тайжанов секілді ел ағалары, тұлғалы азаматтар – мақтанышымыз. Есіл өзенінің жағасында, ну тоғайдың арасында орналасқан мектептің “Балауса” лагерінде оқушыларымыз жаз бойы тынығып, жаңа оқу жылына үлкен құлшыныспен кірісті. Оқу құралдары, мамандар жеткілікті. Әдеттегідей шалғайдағы елді мекен, көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын бірінші кезекте қабылдадық. Жұртшылықты бастауыш мектептің жоқтығы қатты алаңдататын. Соның салдарынан ұл-қыздарын орысша оқытуға мәжбүр болатын. Былтыр бірінші сынып ашып, мәселе шешімін тапты. Биыл 25 бүлдіршін партаға отырды. Жылдар бойы қалыптасқан игі дәстүрлер өз жалғасын тауып келеді. Бес жыл бойы еліміздегі ең үздік 100 мектеп қатарынан көрініп келеміз. Оның ешқандай құпиясы жоқ. Біз алдымен білікті де тәжірибелі ұстаздар қауымына арқа сүйейміз. Мектепте 58 мұғалім мен тәрбиеші еңбек етеді. Түгелге жуық жоғары білімді. Әлия Малдыбаева, Айжан Шермұқанқызы, Маржан Оспанова, Айнаш Қожахметова, Әлия Ғайсақызы, Светлана Мұқатайқызы, Ирина Қанайқызы, Сара Мұқанова, тағы басқаларының есімдері құрметпен аталады. Мектебіміздің материалдық-техникалық деңгейі жақсарды. Кабинеттер интерактивті тақталармен, компьютерлермен, оқу-әдістемелік, дидактикалық құралдармен жабдықталған. 2003 жылдан бері мектеп Дарын мәртебесімен жұмыс істеп жатыр екен. Қолдағыны місе тұтпай, атына заты сай оқу отауын қалыптастыру жолдарын жан-жақты ойластыруға, әрі қарай жетілдіруге тура келді. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың профессор-оқушыларымен тығыз қарым-қатынас орнатудың арқасында оқушыларымыз республикалық, халықаралық ғылыми байқауларда, пәндік олимпиадаларда жақсы қырынан таныла бастады. Баланың ойлау логикасын дамыту атты жаңа технологияны оқу бағдарламасына енгіздік. 9 пән бойынша шеберханалар құрылып, жұмыс істеуге көшті. Бұған дейін оқушылар мектепке жалпы тәртіп бойынша алынып келсе, енді қабылдау заманға қарай өзгерді. Былтыр бір орынға он үміткер таласса, биыл да одан кем болмады. Талапкерлер тестілеуден және әңгімелесуден өтеді. Биыл психологиялық-логикалық тестіні енгіздік. Өйткені, талапты да дарынды балаларды іріктеу, жазбай тану оңай емес. Оның үстіне сынақ жалпы білім беретін мектеп бағдарламасы бойынша өтеді. Ал “Дарын” бағдарламасы 8-ші сыныптан бастап қана енгізіледі. Оқушының танылуы, сабаққа зеректігі, пәнге бейімділігі, ой-өрісінің кеңдігі осы тұста айқын аңғарылады. Олардан осы қасиеттермен қоса ғылымға, зерделеу жұмыстарын бейімдеу, түрлі деңгейдегі пән байқаулары мен олимпиадаларға қатысу жағы ойластырылады. Әрине, бұған аз уақыт кетпейді. Кей ата-аналардың “балам жақсы оқитын еді, енді үлгірімінің нашарлап кетуі қалай?” деп реніш білдіріп жататыны сондықтан. Бір мысал келтіре кетейін. Өткен оқу жылында 49 оқушы бағдарламаны игере алмағандықтан, өз еріктерімен басқа мектептерге ауысуларына тура келді. Тоқсан сайын білім сапасына мониторинг жүргізіліп, оқушыларға, ата-аналарға ескертіледі. Біз мектептен шығаруды мақсат тұтпаймыз. Қолдан келгенше білімін көтерудің, озаттарға теңелудің түрлі амалдарын қарастырамыз. Жеке пәндер бойынша арнайы мұғалімдер бекітіліп, сыныптан тыс сабақтар ұйымдастырылады. Бұл мәселе мектеп, ата-ана және оқушы арасындағы үш жақты келісім арқылы реттеліп отырады. Дарын мәртебесін иеленген мектептердің бәрінде осы әдіс қолданылады. Бұрын мектепте бірде-бір оқушы “Алтын белгі” иегері атанбапты. 2005 жылдан бастап қоржынымыз толыға түсті. “Алтын белгі” иегерлері 25-ке жетті. Биыл 7 түлегіміз абыройымызды асырды. Орташа балл 111,8-ге көтерілді. 48 оқушының 36-сы мемлекеттік грант ұтып алды. Мамырова Азат деген оқушымыз 125 балл жинап, ел көлемінде алдыңғы орыннан көрінді. Жұртшылықтың талқылауына ұсынылған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасы ұстаздар қауымы арасында тың серпіліс тудырып, шығармашылық ізденістерге ұмтылдырып отыр. Онда айтылған білім беру жүйесінің бәсекелік қарымын арттыру, адам капиталын дамыту үшін түбегейлі жаңғырту түпкі мақсат болып табылатыны кеңінен түсіндірілді. Шынында да, оқу-тәрбие қызметінің сапалық мазмұнын, материалдық-техникалық базасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру – күн тәртібінен түспейтін іргелі мәселелер. Осыған орай, алдағы он жылды қамтитын құжатта жаңа талаптарды орындаудың жолдары жан-жақты қарастырылғаны қуантады. Бәрінен де әлемдік тәжірибеден үйрену үрдістері, білімді мемлекетті, “ақылды” экономиканы және жоғары білікті жұмыс күшін біріктіретін ұлттық көзқарастың ұсынылуы көкейге қонады. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білімге қатысты өзекті жайлардың кеңінен қамтылуы құптарлық. Десек те, талқылау барысында Үкімет, министрлік ескеретін мәселелер жоқ емес. Жыл өткен сайын шағын жинақты мектептердің қатары артып келеді. Бұл көрсеткіш Қызылжар өңірінде 88-90 пайыз төңірегінде. Алыс елді мекендерге жоғары білімді жастар бара бермейді. Өйткені, қалыпты әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары төмен. Сондықтан дипломды мамандарға берілетін көтермеақы көлемін әлі де ұлғайтқан жөн. Басқадай да ынталандыру шараларын қарастырған абзал. Мұғалімдердің негізгі күнкөрісін жалақы құрайтындықтан, нормативтік ставкалар мөлшері көбейтілсе деген тілек айтқымыз келеді. Сол сияқты техникалық-кәсіптік білім беру орындарының материалдық-техникалық, оқу-әдістемелік базалары да жақсартуды, қаржылық демеуді қажет етеді. Еліміз жоғары білімді мамандар әзірлеуден алға шыққанымен, қазақстандық білім беру сапасы бәсекелік қабілетке ие бола алмай отырғаны жасырын емес. Бағдарлама осы олқылықтардың орнын толтырады деген үміттеміз. Елбасының халыққа Жолдауында атап өтілгеніндей, 12 жылдық білім алуға ауысу аса маңызды қадамдардың бірі болып табылады. Аталмыш жүйеге көшу осы заманғы білім беру және білікті кадрлар даярлау мәселесіне айрықша мән беріліп отырғанын көрсетсе керек. Осындай реформалық өзгерістерге мектептер мен ұстаздар қауымы дайын ба, білім сапасы өз деңгейінде ме, деген сауалдар туындаса, не деп жауап берерімізді білмей мүдіріп қаламыз. Оның бір ұшығы тағы да ұстаздардың тұрмыстық, білім ұяларының материалдық, әлеуметтік әлеуетінің әлсіздігіне келіп тіреледі. Статистикаға жүгінейік. Әрбір 5-ші мұғалім 50 және одан үлкен жаста. Жыл сайынғы жас кадрлар есебінен толығу 2,6 пайыз ғана төңірегінде десем, төмен жалақы да мұғалімдерге тиесілі. Жаңа үлгідегі физика, биология, химия кабинеттері тапшы. Бұл көріністер негізінен ауылдық жерлерге тән. Бұл – мәселенің бір жағы. Ал жас ұрпақ бойына сапалы білім, саналы тәрбие сіңіріп, еркін елдің азат ойлы кемел тұлғаларын қалыптастырудың орнына сандық есептерді ғана місе тұтып, білімді үстірт бағалау әдісінен арыла алмай жүрген кей әріптестеріміздің іс-әрекетін қалай бағаларыңды білмейсің. Мені ұстаз ретінде мереке тұсында да өзімді толғандыратын мәселелерді іркілмей айтуды парыз санадым. Тағы бір ойымды халықаралық “Болашақ” бағдарламасына қатысты қозғасам деймін. Маған “Бәйгенің алдын бермейсіздер. Бірақ “Болашақта” оқитын түлектеріңіз санаулы ғой” деген сауал жиі қойылады. Жанашырлықпен айтылған игі тілектерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Иә, 9 түлегіміз ғана білімдерін шетелдерде жалғастыруда. Ынта білдірушілер жетіп-артылады. Оқушыларымыздың басым көпшілігі ауылдық жерлерден шыққандықтан, мыңдаған долларға бағаланған мөлшерде кепіл қою талабын орындауға шамалары жете бермейді. Соның салдарынан талайларының бағы байланып жүрген сияқты. Осыған тиісті ведомстволар көңіл бөлсе екен дейміз. Лев Толстой: “Егер мұғалім тек өз жұмысын сүйсе, оны жақсылар санатына қосуға болады. Егер оқушыны өз баласындай көрсе, барлық кітаптарды оқып бітірген, бірақ не оқушыға, не жұмысына еш жылылығы жоқ мұғалімнен артық. Егер жұмыс пен оқушыны қатар қадірлесе, нағыз ұстаз – осы!” деген екен. Ұлы жазушының осы бір тамаша сөзінен білім мен тәрбие нәрін себетін бағбан мәртебелі мамандықты иеленумен қатар жүрегіңмен баланың ұлпа жанын ұғып, тұлабойын баурай білсең, ұтылмайсың. Солтүстік Қазақстан облысы. Біз оны сағынып жүреміз Бастауышты аяқтап, орта буынға өткенде, біздің сынып жетекшіміз болып Ақмарал Аманқызы бекітілді. Он бірінші сыныпқа дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берумен қатар, бізге жетекшілік жасаған ұстазымыздың бейнесі әлі күнге жадымызда. Апайдың сабақ беру тәсілі мен үй тапсырмасын сұрау әдісінің өзі ешкімге ұқсамайтын. Көптеген пән мұғалімдерінің кімнен сұрайтынын алдын-ала біліп, “барлау” жасайтын болсақ, Ақмарал Аманқызына келгенде ол жорамалымыз пайдаға аспайтын. Ұстазымыздың сабақ сұрауы өте түсініксіз еді. Мысалы, бүгін сұраған оқушыдан ертеңіне, оның ертесіне де демалтпастан тағы сұрай береді. Телміріп журнал қарап отыратын бізге еш мән берместен журналды тастай салып, сабақ бастап кететін де, түсіндіріп тұрып, кез келгенімізді тұрғызып, өткен сабаққа қатысты сұрақ қойып, жауабын алмаса, әрмен қарай оқушыларды тұрғыза береді (жауап бере алмасақ отыра алмай, тұрып тұрамыз) жауабын алған сәтте түгел отырғызып, кешегіні бүгінгімен, бүгінгіні одан бұрынғы тақырыптармен байланыстыра сұрап, отырғызып-тұрғызып, “өзіңмен-өзің” қалуға еш мүмкіндік бермеуші еді. Ұстазымыздың талабы қашанда қатал. Әртүрлі байқауларға қатысып, жүлделі оралатын Ақмарал Аманқызы аудан, облыс, кей кездері Алматыға дейін іссапармен барып, баяндамаларын сәтті қорғап келетінін өз мектебіме келіп, еңбек жолымды бастағанда ғана көз жеткіздім. Қазір ойлап қарасам, от жағып, күл шығарып, құдықтан су тасып (ол жылдары ауылға газ да, су да келмеген болатын), сиыр сауып, көктемде бақша егіп, мектептегі жұмысына да үлгеріп жүрген апайымыздың еңбекқорлығы көпшілікке үлгі боларлықтай-ақ екен. Аз ұйықтап, көп еңбектенетін ұстазымызбен кешкілік спорт залға барып, баскетбол ойнау немесе жаңа би үйрену ең бір сәулелі шақтарымыз екен-ау! 1981 жылдан бері педагогика саласында отыз жыл еңбек етіп келе жатқан Ақмарал Сапарованың бағындырған биігі жетерлік. Өмірдің сан тараулы жолдарында еңбек етіп жүрген шәкірттері кездескен сәтте ұстазымызды сағынышпен еске алып жатамыз. Отағасы, ауданға танымал, кәсіпкер азамат, халық қалаулысы Ақболат Сапаровпен бірге қыздарының алдын қияға қондырып, ұл өсіріп отырған Ақмарал Аманқызын біз әрдайым мақтан етеміз. Айгүл САПАРҒАЛИҚЫЗЫ, С.МЕҢДЕШЕВ, ЖОББМ мұғалімі. Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы. Ұрпақтың ұлы жолында жүргендер Құрметті әріптестер, құрметті ұстаздар! Сіздерді Мұғалім күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әрине, бұл мерекенің күзде аталып өтуі кездейсоқ жағдай емес. Бұл адам рухының көтеріліп, жыл бойы сіңірген еңбегінің жемісін жинайтын кез. Егер де диқан өзінің маңдай терімен өсірген алтын дәнін жинаса, мұғалім өзінің шәкірттеріне жүрек жылуымен білім нәрін себе бастайды. Мұғалім күнделікті қызметінде рухани байлықты, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауға, адамгершілік қасиеттерді бойға дарытып, баға ұялатуға, оны қалыптастыруға бар күш-жігерін жұмсайды. Ең алдымен ұстаз өзінің ісімен, өзінің сөзімен тәуелсіз еліміздің болашағын ойлайтын, Отан беріктігін қорғайтын білімді ұрпақ тәрбиелейді. Бүгінде заман өзгеруде, соған сәйкес мектеп өмірі де өзгеруде. Әр кезеңде қоғам біздің алдымызға уақыт талабына сай болуы үшін жалпыұлттық деңгейдегі жаңа да күрделі міндеттер қоюда. Егер де әрбір педагогикалық ұжым ең жоғары талаптарға жауап беретін білім беру модельдері мен технологияларды қолданып, мақсатты түрде жұмыс істесе, онда біз дәуірдің ағымынан қалмайтын боламыз. Сонда ғана қазақстандық білімді жоғары сапалық деңгейге көтереміз. Мұғалім еңбегі адамзат қызметінің өте маңызды да күрделі түрі екені даусыз, ол терең білім мен үлкен шеберлікті, жүрек жылуы мен күш-жігерді, тіпті уақытпен санаспай еңбек етуді қажет етеді. Сіздерге шын жүректен денсаулық пен барлық жақсылықты тілеймін! Алға қойған мақсаттарыңыз орындалып, ой-жоспарларыңыздың жүзеге асуына тілектеспін. Ұрпақ тәрбиесі жолында жүрген құрметті әріптестер, мерекелеріңізбен! Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ, Білім және ғылым министрі. Бала жанының бағбаны Алуан түрлі мамандық арасындағы адам өміріне ерекше әсер ететіні, жол нұсқайтыны мұғалім десек, қателеспейміз. Оған әлі де оң-солын танымайтын бүлдіршіндердің осы ізгі жандардың алдынан білім нәрінен сусындайтынын, әке-шешесінен кейінгі өмір тағылымын алатынын қосыңыз. Сонда оларға жүктелетін міндеттің ауырлығы анық аңғарылады. Сабақ барысында әр бала ұстаздың айтқанын ғана қабылдамай, қимыл-қозғалысына да еліктейді. Бар болмысымен бала жүрегіне жол тапқан жанның ғана еңбегі ақталып, шәкірт пен мұғалім арасындағы сыйластықтың жібек жібі жалғана түседі. Міне, өз мамандығын сүйетін, оқушыларының құрметіне бөленген Сүйінбай атындағы орта мектептің мұғалімі Нәзипа Тілеуқұлова 1980 жылдан Жамбыл ауданында жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, еңбегінің зейнетін көруде. Өткен оқу жылында ұстаздар ізденісі жемісін беріп, олар республика көлеміндегі “Үздік жүз мектеп” қатарынан көрініп, облыстағы “Үздік ауыл мектебі-2009” байқауының бас бәйгесін жеңіп алды. Онда Нәзипа Жүнісқызының қосқан еңбегі зор екенін әріптестері мақтанышпен айтады. Өмірімізге лайықты өрендер тәрбиелеуде инновациялық-технологиялық әдіс-тәсілдері, М.Жанпейісованың модульдік оқыту, В.Ф.Шаталовтың тірек-сызба нұсқалары, Н.Оразақынованың сатылай кешенді талдау технологиясы, рөлді ойын сабақтарын пайдалану өз нәтижесін беруде. Мәселен, география пәнінен өткен республикалық олимпиадада аталған пән бойынша үздік білімін көрсеткен Г.Айтжанова жүлделі бірінші орын алып, Нәзипаның жыл бойғы еңбегінің жемісін дәлелдеді. “Дарын” ғылыми-практикалық жоба жарысында Надира Балбаева “Ежелгі қазақ тұрмысындағы метал маңызы”, Ақбота Сәпиева “Ауылым – алтын бесігім”, Әсем Рахимова “Жергілікті жерде өсетін астық дақылдары” тақырыбында жүлделі бірінші, екінші орындарды иеленгені де зор мәртебе. Мұндай ортасынан озған шәкірттері ондап саналады. Тіпті, оның жолын қуғандар да көп. Тәжірибелі ұстаз педагогикалық оқуларға қатысып, “12 жылдық білім беру жүйесіне көшу” тақырыбына атсалысып жүр. Осындай іргелі істерден шет қалмаған Нәзипа Тілеуқұлова “Картография” пәні бойынша авторлық бағдарлама және әдістемелік нұсқау жазып, облыс көлемінде тәжірбиесін таратып, сабақ берудегі жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану ісіне екпін беруде. Ол жақында ғана “Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері” белгісіне ие болды. Ұстаз еңбегіне деген құрмет пен қамқорлықты жақсарту үшін “Білім туралы” Заңды қайта қарағанда, мұғалім біліктілігін арттыруға байланысты бап енгізу көтерілуде. Егер ол жүзеге асса, білім шаңырағында оқу сапасы жақсарады,– дейді бізбен әңгіме арасында ұлағатты ұстаз. Облыста мұғалімдерге бірнеше жыл қатарынан коммуналдық көмек көрсетілуде. Дегенмен бүгінгі күні жаңа бітірген мұғалімдер 25-30 мың теңгеге еңбек етеді. Жас мамандардың осындай жалақымен жүре беруі екіталай. Сондықтан әлі де болса, білім саласында еңбек еткен ұстаздар қауымына көбірек көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болар еді деген Нәзипаның пікірі де орынды. Күмісжан БАЙЖАН. Суретте: Н.Тілеуқұловаға “Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері” белгісін аудандық білім беру бөлімінің бастығы Л.Бакирова салтанатты түрде тапсырса, шәкірті гүл сыйлап тұр. Батырдан алар тағылым – батылдық Қазір мектеп оқушыларын отаншылдық рухта тәрбиелеу, батырлық пен батылдыққа баулу мәселесі аз қозғалып жүрген жоқ. Мен осындай тәрбиенің бастау басы – бүкіл еліміз таяуда ғана 100 жылдығын атап өтіп жатқан Бауыржан Момышұлының артында қалған бай мұраларында жатыр дер едім. Хас батырдың қай шығармасын алып қарасаң да, адалдық, азаматтық, батырлық, батылдық туралы баяндалады. Отанды шын сүю, отаншылдық рухты қастерлеп, туған жердің, өзіңді алақанда аялаған мемлекеттің мәртебесін асқақтату секілді алтын арқаулы ойды оқып қана қоймай, біз оқушылардың бойына соны дарытуды мақсат етеміз. Әсіресе батыр бабамыздың “Намыс ерлікке жеткізеді, ерлік елдікке жеткізеді”, “Таяқтан тайсалмасаң, семсерден сескенбесең – жеңдім дей бер”, “Отан үшін отқа түс – күймейсің”, “Ана тілін білмеген – ана сүтін татпаған”, “Ана үшін аянба – ант ұрады, бала үшін аянба – бетің күйеді. Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын”, “Сабырлының алдында дұшпан сасады, Сабырсыздан береке қашады”, “Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек”, “Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды” сияқты және т.б. қанатты сөздерін сабақ үстінде пайдаланып отырсаң, оқушылар ол сөзден үлкен тәлім алады. Мұндай рухыңды оятып, жігеріңді жанитын, астарында небір мықты ой, ерекше серпін жататын қысқа да нұсқа өміршең рухани құндылықтарды айтып қана қоймай, көрнекілік ретінде пайдаланып, тіпті сынып қабырғасына жазып қойсаң, оқушылардың ойлануына, қаһарман аталарын танып-білуіне аз септігін тигізбейді. Егер айбыны адам жасқар суреттері мен шығармаларын астастыра отырып, тәрбие сағаттарында әңгіме жүргізсең, әшейінде қимылы көп, сабаққа ынтасы жоқ оқушылардың өзі ойланып қалады. Кейде мен бұған қарап отырып, ұлы тұлғаның бойы мен ойында, жалпы болмысында бір көріпкелдік қасиет бар ма деп қаламын. Мұны ол кісінің артында қалып, жарияланып жатқан жаңа мұраларын оқығанда көз жеткізіп жүрмін. Мен ғана емес, оқушылардың өзі батыр бабаларының еңбектерін оқыған кезде айрандай ұйып отыратыны бар. Осыған қарап тағылымның бастауы хас батырдың қазақ халқымен бірге жасайтын еңбектерінде жатыр деп білемін. Дәрия НҮСІПОВА, О. Жандосов атындағы қазақ орта мектебінің мұғалімі. Еңбекшіқазақ ауданы, Алматы облысы.