09 Қазан, 2010

Жалақы қарызы қашан өтеледі?

642 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы небір ауыртпалықтар мен қиындықтардың орын алғаны баршаға мәлім. Көптеген кәсіп­ор­ындар мен мекемелердің жұмыстары тоқырауға ұшырап, осының салда­ры­нан қос қолдарын қусырып, жұ­мыссыз қалғандар қатары көбейді. Осыдан да сол кезде еңбекке ақы тө­леу күрмеуі қиын мәселеге айналған. Халық айлап емес, жылдап еңбек­ақыларын ала алмады. Сол бір қиын кезеңмен салы­с­тырғанда қазіргі уақытты қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған күн деп айтуға әбден болады. Экономиканың қай саласы болмасын қарыштай қадымдап, өркен жайып келеді. Заманында жұқпалы дерттей болған жұмыссыздық та жыл өткен сайын келмеске кетіп барады. Бүгінгі таңда елімізде әрбір адамды жұмыспен қамтамасыз етіп, оған уақытында еңбекақы төлеу басты назарда тұр. Осыған қарамастан, жұмысшы­ларға берілетін жалақы қарызының әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқандығы кім-кімді де ойландыр­­май қоймаса керек. Облыста жалақы қарызы мен жұ­мыстан негізсіз босату, болмаса ақы­сыз демалысқа жіберуді болдырмау мақсатында екі құзырлы орган – облыстық прокуратура мен облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті тұрақты түрде жұмыс істеп келеді. Осылардан ал­ын­ған деректерге жүгінер болсақ, бү­гінгі таңда облыстағы 15 кәсіп­орын­ның 2312 жұмысшысына берешек жа­лақы қарызы 105,3 млн. теңгені құ­райды екен. Осы мекемелер қа­та­рында мемлекеттік кәсіпорындар бар екеніне қалайша қайран қалмассың. Жо­ғарыда айтқан 15 мекеменің іш­ін­­де халықты ауыз сумен қамтама­сыз ететін кәсіпорындардың қарызға белшеден батып отырғандығы бірден көзге ұрады. Атап айтқанда, “Су жүйесі” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнында 583 адам жұмыс істей­­тін болса, мекеме оларға тиесілі 48,363 млн. теңге жалақы қарызын төлей алмай отыр. Өткен сәуір айында осы кәсіпорынның еңбек заңнамаларын сақтауына жоспарлы тексеру жүргіз­ген мемлекеттік еңбек инспекциясы 588 адамға 29,276 млн. теңге және жұмыстан босатылған 155 адамға 2,335 млн. теңге қарыз еке­­­нін анық­таған. Осы кемшілік­тер­ді өтеу үшін лауазымды тұлғаларға 282 600 теңге айыппұл да салынған. Өкініштісі сол, баяғы жартас – бір жартас. Керісінше мекеме қарызы ай санап емес, күн санап өсіп бара жат­қан көрінеді. Сон­дай-ақ, “Су құбы­ры” МКК жұмыс­шы­ларына 1,348 млн. теңге, ал “Арал-Сары­бұ­лақ топ­тық су құбыры” мем­лекеттік ком­му­налдық кәсіпорны 5,5 млн. теңге қарыз болып отыр. Қарызға белшеден батқан меке­мелерді саусақпен санамалап айтар болсақ, бұл тізімге “Күрделі құры­лыс басқармасы” ЖШС ілігеді. Ат­ал­ған серіктестіктің жалақыға бере­шегі 17,8 млн. теңге болса, “Еңбек-Қы­зылорда” республикалық мем­ле­кеттік кәсіпор­нының берешегі 5,034 млн. теңгені құрап отыр екен. Сон­­дай-ақ “Имсталь­кон-Қызылорда” мекемесінің жала­қы­ға қарызы 6,0 млн. теңгеге жуықтаған. “Шыдамның да шегі бар” деп атам қазақ айтқандай, жұмысшылар жалақыларын алты айлап ала алма­ған соң кейбір мекемелер мен кәсіп­керлердің ақыларын төлеуді шешу ісі сотқа да берілуде. Мысалы, “Арзан базар” ЖШС-ден құқық қорғау ор­гандарына түскен арыз бойынша тек­серу нәтижесінде оның жұмыс­шы­ларға берешегі 2,558 млн. теңге екені анықталған. Сондай-ақ “Қор­ғаушы”, “Салт А”, “Лювена строй лимитед” ЖШС-лар мен “Жазық­бае­ва” атты же­ке кәсіп­кер­дің жұ­мыс­шылар ал­дын­дағы қа­рыз­дары қомақты бол­ма­са да жәбір­ленушілер сотқа жүгінуде. Ал жала­қыларын уақтылы ала алмаса да “үн­демеген үйдей бәледен құтылады” деп тым-тырыс отырған­дар да бар­шы­лық шығар. Сондай-ақ жеке кәсіп­кер­лерден айлап емес, жылдап еңбек­ақыл­арын ала алмай, жұмыстан кетіп, ел жағалап жүр­ген­дер де жетерлік. Айта кетейік, азаматтардың кон­с­титуциялық құқықтары мен еңбек заңдылығының сақталуын бақылап, тексеретін органдар заң талаптарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Осы бір тіршілік түйіткілдерін басты бақы­лауына алған облыс басшылығы да жалақыға қарыздар мекеме басшы­ларына қатаң талаптар қойып отыр. Содан болар жұмысшыларға бере­шек мекемелер мен кәсіпорындар қатары азайып та келеді. Бірақ тым баяу. Сондықтан еңбекақыға қатыс­ты істердің басым бөлігі ма­ман­дан­дырылған экономикалық сотқа жі­бе­ріліп, жалақы қарыздарын мәж­бүр­леп өндіру қолға алынған. Таяуда облыс әкімі Б.Қуанды­қов­тың төрағалығымен өткен мәжі­лісте жалақы берешегін өтеу мә­се­лесі қаралып, сала басшыларына ағ­ым­дағы жылдың 9 айының қоры­тын­дысымен қазанның 20-сына дейін барлық берешектен құтылу жө­нінде қатаң тапсырма берілді. Орындала ма, жоқ па, оны уақыт көрсетер... Еркін ӘБІЛ. Қызылорда.