12 Қазан, 2010

Комиссар Катани керек

580 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
КОМИССАР КАТАНИ КЕРЕК ЕКЕНДІГІ ҰЙЫМДАСҚАН ҚЫЛМЫСПЕН КҮРЕС МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАҒАН ЕҚЫҰ ПАРЛАМЕНТТІК АССАМБЛЕЯСЫ МӘЖІЛІСІНДЕ ҚАДАП АЙТЫЛДЫ Сицилия аралынан жолдаған алғашқы мақаламызда мафия мәсе­лесі мұнда өткен күндер еншісі дегенді айтып едік. Жалпы, комис­сар Катани қай елге де, қай кезде де артықтық етпейді дегенімізбен, сицилиялық мафия деген жаман атымен жаһанға аты жайылған бұл аралда қанды қылмыстың құрық­тал­ғаны талас тудырмайды. Ондай болмаған жағдайда 55 ел парла­ментарийлерін шақыруға Италия үкіметінің де тәуекелі тұрмас еді. Әйткенмен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Пар­ла­менттік Ассамблеясы күзгі мә­жі­лісінің күн тәртібіне трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері басты тақырып етіп қойылғаны әлемге әйгілі осы аралда бұл бағытта біраз тәжірибе жинақталғанымен бірге мұнда өзге жерлерге қарағанда, алаңдатарлық жайлардың көбірек екенін де көр­сетері күмәнсіз. Италия Сенаты­ның төрағасы Ренато Скифанидің сенбі күнгі конференцияны ашарда сөйлеген құттықтау сөзінде ел үкіметі мен парламентінің екі басты бұл айдаһармен айқасуға бел шеше кіріскені ашық айтылды. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы­ның төрағасы Петрос Эфтимиу мен ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбоның сөздерінде Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ерекше сәтті болғаны, Қазақстан жыл­дар бойы қордаланып қалған мәселелерді екіжақты, көпжақты тал­қылаулар барысында жақсы нә­тижелерге қол жеткізілгені айтыл­ды. Әлемдік деңгейдегі екі қай­рат­кер де өз төрағалығы тұсында Қазақстанның керемет белсенділік танытып, түйінді мәселелерді ше­шу­ге ұмтылысын жоғары бағалады. Қа­зақстанның тәжірибесі мен бел­сенділігі арқасында ЕҚЫҰ қызметі жаңаша серпін алып, кез келген мәселені бейбіт жолмен шешу басты қағидатқа айналды. Күзгі сессияға қатысып жатқан қазақстандық парламентшілер трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелерін талқылауға бел­сенді түрде қатысты. Бұл тақырыпқа арналған кон­фе­ренция барысында сөз алған Қа­зақстанның парламенттік делега­ция­сының басшысы Қуаныш Сұл­танов “барлық елдерге әсер ете бастаған сыбайлас жемқорлық әлеуметтік қатер” екенін айта ке­ліп, “бұл әлеуметтік қауіп қазіргі жағ­дайда мемлекет ішіндегі проб­лемадан жаһандық мәселеге айналып отыр”, деді. Қазақстан сыбайлас жемқор­лық­пен күрес саласындағы заңна­ма­ларды мақсатты түрде және бірте-бірте жетілдіріп келеді. Біздің еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі болып бел­гіленді. Сыбайлас жемқорлықтың жа­һан­дық сипаты тұтастай халық­аралық қоғамдастық ауқымында лайықты шаралар талап ететінін атап өте келіп, Қ.Сұлтанов сы­байлас жемқорлықпен күрес саласында Қазақстан халықаралық қоғамдастықпен өзара белсенді әрекет етіп отырғанын айтты. Пікірсайыс барысында Мәжіліс депутаты Светлана Бычкова да сөз алды. Ол Қазақстан беделді ха­лық­аралық ұйымдармен бірлесе оты­рып, елдегі және аймақтағы адам сауда­сына қарсы іс-қимыл жө­ніндегі кезек күттірмейтін кешенді шаралар қабылдайтынын айтты және пар­ламенттік форумда адам саудасына қарсы іс-қимылға назар аударды. Конференцияның ашылуында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев сөз сөйледі. Қазақстан төрағалығын табанды түрде қолдағаны, Ұйым жетекшілігіндегі өткен кезең ішінде сындарлы және жемісті ын­тымақтастығы үшін Парламент­тік Ассамблея мүшелеріне шын ра­зы­лығын білдірген Іс басындағы төраға осыдан 10 жыл бұрын Па­лермода Біріккен Ұлттар Ұйымы­ның трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясының қабылдануы бұл іске соны серпін қосқанын атап айтты. Мұның өзі Орталық Азия өңірінде ерекше көкейкесті болып отыр. Қазіргі таңда өңірдегі қауіпсіздік ауған мәселесіне ғана емес, Қыр­ғыз­стан­дағы тереңге тартып тұрған саяси дағдарысқа байланысты да елеулі сынға түсуде. Ауғанстаннан әлі де біздің елдерімізге есірткі көптеп жеткізілуде, сөйтіп ұйымдасқан қыл­мысты өршітуге жағдай жаса­лып, өңірлік тұрақсыздық қозды­рылуда. Сондықтан да Ауғанстанға көмектесу Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы маңызды ба­ғы­ты болып саналады, біздің төр­аға­лығымыздың күн тәртібіндегі өзекті мәселенің бірі де осы. Өзінің жа­һан­дық ауқымдағы теріс салдарына орай ауған мәселесін біз 1-2 жел­тоқсан күндері  Астанада өтетін ЕҚЫҰ Саммиті қарастыратын негізгі тақырыптардың бірі деп бел­гілеп отырмыз. Мемлекет басшы­ларының деңгейінде Ұйымның өз мандаты шеңберінде халықаралық қоғамдастықтың Ауғанстандағы соғыстан соңғы қайта жаңғыртуға қатысуын жандандыра түсуді көздеудеміз. Барлық елдерге ортақ осынау міндетті шешуде ілгерілеуге қол жеткізу, яғни Ауғанстандағы лаңкестікке, қылмыс пен есірткі трафигіне қарсы тұру үшін біз ЕҚЫҰ аясында Ресей Федера­ция­сы мен Америка Құрама Штат­тары­ның қаржы барлауы мен құ­қық қорғау органдарының Ауған­станнан ауысатын есірткі трафигі­мен байланысты заңсыз қаржы  ағын­дарының жолын кесу жөнін­дегі күш-жігерін едәуір ұлғайту бастамасын қолдауды маңызды деп білеміз. Бұл ыңғайда Қазақстан төрағалығы аясында биылғы 8-9 шілдеде Венада есірткі бизнесіне қарсы тұру жөнінде халықаралық конференция өткізілді, ал таяуда, 14-15 қазанда Астанада ЕҚЫҰ-ның  лаңкестікке қарсы тұру жөніндегі конференциясы ұйымдастырылады. Екіжақты негізде Қазақстан Ауған­станда медициналық және білім беру мекемелерін, жолдар салуда, тұрғындарға қомақты гуманитар­лық көмек көрсетуде. Президент Н.Назарбаевтың білім беру бас­та­масын жүзеге асыру үшін ауғандық мың азаматты бейбіт мамандық­тарға оқытуға Астана 50 миллион АҚШ долларын бөліп отыр. Жа­қын­да ғана ауған жастарының ал­ғашқы тобы елімізге келіп те жетті. Қанат Саудабаев Қазақстан төрағалыққа кіріскен кезде көр­шілес және бауырлас Қырғызстанда осындайлық ауыр саяси дағдарыс болады-ау деп ешкім де болжама­ға­нын айтты. ЕҚЫҰ бұл дағда­рысқа алдымен назар аударды. Ұйым­ның Іс басындағы төрағасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуро­одақтың шетел істері және қауіп­сіздік саясаты жөніндегі Бас өкілі баронесса К.Эштонмен келісе отырып, қақтығыс болған күннің ер­теңінде-ақ Қырғызстанға арнау­лы өкілдер жіберілді. АҚШ, Ресей және Қазақстан президенттері Б.Обаманың, Д.Медведевтің, Н.На­зар­баевтың үйлесімді күш-жігерінің арқасында Қырғызстанды азамат соғысының шыңырауына құлаудан сақтап қалудың сәті түсті. Осынау бірлесе атқарылған істер ЕҚЫҰ-ның бойында дағдарысты жағ­дай­ларды қолда ұстау мен қақтығыстан кейінгі кезеңде қалпына келтіруге қажетті үлкен әлеует бар екенін сенімді түрде көрсетіп берді, деп қадап айтты Қанат Саудабаев. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы сенбі күні сөйлеген сөзінде жексенбіде Қырғызстанда өткен парламент сайлауы елдің одан әрі дамуы үшін қандайлық мәнді екен­дігіне назар аударып, Ұйымның биік мінберінен көрші елдің билік орындары мен барлық саяси күш­тердің халықтың еркін барынша демократиялық тұрғыдан танытуын қамтамасыз етіп, сайлаудан кейінгі кезеңде жауапкершілік, даналық танытуға шақырды. Палермодағы сол сөзден кейін біз Қанат Бек­мырзаұлымен осы тақырыпта қысқа-қысқа болса да  бірнеше рет тілдесе алдық. Іс басындағы төраға ретінде де, еліміздің Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі ретінде де, қырғызбен төскейде малы, төсекте басы қосылған халықтың бір перзенті ретінде де көршілердегі сайлаудың қалай өтетіндігіне қатты алаңдаулы екен­дігі жүзінен де, сөзінен де байқа­лып тұрды. Кешелі-бері Еуропа­дағы телеарна атаулының бәрінен Қырғызстандағы сайлау түспеуде. Сайлаудың мына жақта біз естіп жатқан алдын ала қорытындылары Қазақстан төрағалығының Қыр­ғыз­стандағы саяси ахуалға оңды да нақты ықпал жасағанын көрсетіп тұрғанына бәріміз шүкіршілік ай­ту­дамыз. Бұл істе Ел­ба­сымыз Н.Ә.Назарбаевтың сайлау алдында Қырғыз­стан­дағы белді саяси күш­тердің жетекшілерімен кездесіп, оларды ел мүддесі үшін жауап­кершілік таны­туға шақырғанының да өзіндік көмегі тиді деп ой­лаймыз. Қанат Саудабаев көр­ші­лері­міздегі жаңа биліктің негізгі назары қордаланып қалған мәселелерді шешуге, қираған нәрсені қалпына келтіруге аударылуы керектігін атап көрсетті. Бұлай дегенде Іс ба­сындағы төраға елдің оңтүстігіндегі мекендерді ғана емес, мемлекеттік биліктің бүкіл құрылымын, сондай-ақ этностар арасындағы қоғамдық келісім мен сенімді қалпына кел­тіруді де айтып тұрғаны түсінікті. ЕҚЫҰ-ның дағдарысты реттеуге нақты үлесі Полицейлік кеңесші топтың елге жіберілуінен де танылды. Қырғыз басшылығымен уағдаластыққа сәйкес ЕҚЫҰ по­лицейлерін елде орналастыру пар­ламент   сайлауы өтісімен-ақ бас­талатын көрінеді. Палермодағы биік мінберден Қа­зақстан Пре­зидентінің бастамасы бойынша Қырғызстанның эконо­ми­калық қайта дамуының бағдар­ламасы жүзеге асырылып жатқаны да айтылды. Біздің үкіметіміз көрші елдегі кезек күттірмейтін шаралар үшін 11 миллион АҚШ доллары­нан артық қаржы бөліпті. Қанат Саудабаев келер жылдың басында Президент Назарбаевтың қамқор­лығымен өткізілетін халықаралық донорлық конференция да осы мақсатқа арналатынын айтып өтті. Іс басындағы төрағаның сөзінде Астана Саммитінде қаралуы жос­пар­ланып отырған тақырыптар қозғалғаны да орынды шықты. “Біздің ойымызша, Саммиттің күн тәртібіне пәтуаға келуге болатын­дай барынша маңызды да көкей­кесті тақырыптардың аз аясы қо­сы­луға тиіс”, деп нақты айтты Қанат Саудабаев. Бұл ұстаным, әрине, дұрыс. Дүниеде не көп – дау көп. Олардың бәрін бір жылда, бір Саммитте шешіп тастау мүмкін емес. Оның үстіне ЕҚЫҰ-да бар­лық шешімдер тек толық консенсус бойынша ғана қабылданады. Сонда Қазақстан ұстанымы бойынша алдағы Астана Самми­тінде қандай мәселелер қаралуы мүмкін дейсіз ғой? Ең алдымен Ұйым шеңберінде бұрын қабыл­данған міндеттемелердің бәрі қуатталуы қажет. Еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздіктің болашағы талқыланғаны жөн, оған “Корфу үдерісі” мен Еуропа қауіп­сіздігі шартының жобасы да кіреді. Содан кейін жаңа сынақтар мен қатерлерге қарсы тұрудың ұжым­дық күш-жігерін арттыру мәсе­лелері қаралғаны дұрыс. Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдайдың Астана Саммитінде қаралуға тиіс­тігіне ешкімнің таласы бола қоймас дейміз. Саммитте адамның құқығы мен бостандықтары, басқа да әмбебап құндылықтар, сондай-ақ толеранттылық пен кемсітпеушілік мәселелері де қаралғаны орынды. Саммитті ұйымдастырушы ел ре­тінде Қазақстан оның күн тәртібін осы ыңғайда бекітуді дұрыс көре­тіндігі мәлімделді. Аталған тақы­рыптар бойынша Ұйымға мүше елдердің көшбасшылары ортақ құн­дылықтар, қағидаттар мен мін­деттемелер негізінде Еуроатланти­калық және Еуразиялық  кеңістікте тұтас та бөлінбес қауіпсіздік қоғам­дастығын құру үдерісін бастап бе­ретіндей жалпысаяси декларацияны қабылдай алар еді. ЕҚЫҰ алдағы кезде де Еуроат­лантикалық және Еуразиялық алып кеңістікте қауіпсіздік пен ынтымақ­тастықты қамтамасыз етудің түйінді тетігі болып қала береді. Қазақстан өз төрағалығы тұсында біздің Ұйымымыздың нығаюы мен дамуына, оның қауіпсіз әрі қастерлі дүниені жасаудағы игілікті рөлін арттыра беруге лайықты үлес қосуға ұмтылып келді, алдағы кезде де солай етеді, деді сөзінің соңында Іс басындағы төраға. Қуаныш Сұлтанов бастаған Қазақстан парламенттік делега­ция­сының Парламенттік Ассамблея­ның төрағасы Петрос Эфтимиумен кездесуінде парламентаралық ын­тымақтастық мәселелері талқы­ланды. Сессия аясындағы пікір алмасу барысында конференцияда талқы­лан­ған трансұлттық ұйымдасқан қылмыс және жемқорлықпен күрес мәселелері  маңызды екені аталып өтілді. Қ.Сұлтанов биылғы 30 қараша­да Астанадағы Ұйым саммиті қар­саңында болатын ЕҚЫҰ Парла­менттік Ассамблеясы Бюросының отырысына әзірлік туралы П.Эф­тимиуды хабардар етті. ЕҚЫҰ ПА басшысы Қазақ­станның ЕҚЫҰ-дағы төрағалық ету барысын жоғары бағалады және алдағы Астанадағы жоғары деңгей­дегі кездесулердің табысты өтетініне сенім білдірді. “Қазақстан Орталық Азия ай­мағындағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады”, – деді П.Эфтимиу. Ол сондай-ақ қазақ­стандық парламентшілердің ортақ мақсатқа жетуде “Ассамблеядағы ең белсенділердің бірі” екенін атап өтті. Халықтық-демократиялық “Нұр Отан” партиясы сыбайлас жемқор­лыққа қарсы тұру жөнінде ауқымды жұмыс жүргізуде. Партия елдің барлық өңірлерінде әлеуметтік тұр­ғын үйдің бөліну үдерісін бақы­лауға алып отыр. Қуаныш Сұлтанов Қазақстанның халықаралық қоғамдастықпен осы істе де бірлесе әрекет етіп отырғанын айтып өтті. Біздің еліміз Біріккен Ұлттар Ұйы­мының сыбайлас жемқорлыққа қар­сы 2003 жылғы 31 қазанда қа­былдаған конвенциясын ратифи­кациялаған. Қуаныш Сұлтанов Қа­зақстан алдағы кезде де сыбайлас жемқорлықпен күрес саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіріп, бұл бағытта белсенді мемлекеттік сая­сат жүргізе беретінін, осы орайда қол қойылған іргелі халықаралық келісімдер мен конвенциялар бой­ынша өзіне жүктелетін міндет­темелерді басшылыққа алатынын айтты. Жерорта теңізі форумы аясында болған мәдениет және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне ар­налған пікірсайысқа қатысқан сенатор Әділ Ахметов жоғары білікті мамандарды даярлау мен адам капиталын дамытудағы өзара университетаралық қатынастардың маңызды рөлін атап өтті. “Еуропаға жол” мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттары туралы айта келіп, депутат Қазақ­стан қазіргі кезде Болон үдеріс­теріне қосылғанын және біздің еліміздің көптеген жоғары оқу орындары Ресей, АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Франция, Германия және Италия университеттерімен тығыз байланыс орнатқанын атап өтті. Сенатор Ә.Ахметов сондай-ақ президенттік “Болашақ” стипен­диясы желісі бойынша шетелде маман даярлауға да тоқталып, Қа­зақ­стан Республикасының Прези­денті Н.Назарбаевтың бастамасы бойынша Қазақстанда құрылған халықаралық институттардың рөлін атап өтті. Депутат ЕҚЫҰ-ға мүше мемле­кеттер университеттерімен ынты­мақ­тастық деңгейі бұдан былай да арта беретініне сенім білдірді. ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының кеше жабылған күзгі сес­сиясында Парламенттік Ассам­блеяның Тұрақты комитетінің отырысы болды. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі ЕҚЫҰ-ның Астанадағы сам­митіне әзірлік және биылғы 30 қарашада жоғарғы деңгейдегі кез­десулер алдында Ассамблея бюро­сының отырысын өткізу болды. Отырыста сөз алған Қуаныш Сұлтанов парламенттік делега­циялар басшыларын Қазақстан төрағалық еткен кезде атқарылған жұмыстар барысы туралы хабардар етті. Палермоға сапар кезінде ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев Ұйым Парламенттік Ассамблея­сының төрағасы П.Эфтимиумен, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен кездесті. Кездесулер барысында ЕҚЫҰ-ның төрағасы Қазақстанның атына жылы пікірлер айтылды. Соның ішінде белсенді іс-әрекет пен тәжі­ри­бенің негізінде Қазақстанның көптеген бастамаларды өмірге келтіргені атап көрсетілді. Жексенбідегі қорытынды мә­жілісте адам саудасының мәселе­лері қаралды. Парламенттік Ассам­блея делегаттары мафияның қолы­нан қаза тапқан құрбандарға орна­тылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осы мақала газетке шығатын күні Астана Саммитінің ашылуына 51 тәулік қалады екен. “Күн” демей әдейі “тәулік” деп жазып отырмыз. Әр күн тұрмақ, әр сағат санақта тұратындай сын сәті туды енді. Көп мәселе Саммиттің күн тәртібіне байланысты. Қанат Саудабаев Си­цилия аралында өткен осы мәжіліс барысында талқыланып отырған тақырып бойынша ел ұстанымын жеткізумен қатар,  Қазақстан же­рін­де ұйымдастырылатын жиын­ның жөн-жобасы жөніндегі ойла­рын да ортаға салды. Төраға елдің төріндегі Саммиттің ұтымды ұйым­дастырылуына осы сапардың да септігі тиеріне сенгіміз келеді. Сөздің ыңғайы келіп тұрғанын пайдаланып, Қанат Бекмырзаұлына Палермода бізге ЕҚЫҰ-ның негізгі құрылымдарының басшылары – Ұйым Парламенттік Ассамблея­сының төрағасы П.Эфтимиумен, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбомен сұхбаттасуға көрсет­кен көмегі үшін алғысымызды айтып алмақшымыз. Алдағы кезде осы мақсатпен Еуропаның басқа да қалаларына барып қайтуды ойластырып отырмыз. Ертең Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрінің жолы Ослоға түспек. Қанат Саудабаев ол қалада ядролық қарусыздану мәсе­лелеріне арналған халықаралық конференцияның жұмысына қатысады. Парламенттік делегация мү­шелері енді Астанаға оралады. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Палермодан.