Қазақстандағы ұлтаралық татулық бүгінде әлем елдеріне үлгі етерліктей деңгейге көтеріліп отырғаны жасырын емес. Осының айғағындай, Отанымыз өзінің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында ұлтаралық татулық өнегесін Ұйым жауапкершілігі аумағында жан-жақты таратуға мүдделілік танытуда.
“Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясын шақыру туралы” Елбасының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі №439 Өкіміне сәйкес, алдағы 20 қазанда Астанада “Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІ сессиясы өтеді.
Төмендегі мақала аталған маңызды шараға орай жарияланып отыр.
Шарын шатқалы шынында ғажап. Жер шарында тым сирек кездесетін мұндай табиғи пішін әлем картасының екі-ақ тұсынан көрінсе, бірі – АҚШ-тың Колорадо штатындағы “Үлкен каньон”, екіншісі – Ұйғыр ауданы аумағындағы осы Шарын шатқалы. Оның ұзындығы 26 шақырым болса, теңіз деңгейінен 650-750 метр биіктік шамасында орналасқан. Арналы аңғар аумағындағы 514 гектар алапқа “Шарын шетен тоғайы” орналасқан. Ғалымдар жас шамасын мұзды палеонтология дәуіріне жатқызады. Тоғайда “Қызыл кітапқа” енген өсімдіктер мен жануарлардың 34 түрі, сүтқоректілердің 60 түрі, ұя салатын құстардың 300 түрі, бауырымен жорғалаушылардың 20 түрі кездесетінін ескерсек, байлық көзі тұнып тұрғанын көреміз. Сондықтан да Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1967 жылдың 19 наурызындағы қаулысымен табиғи ескерткіш ретінде жарияланып, ерекше мәртебеге ие болған.
Иә, Шонжыға кіре берісте алдыңыздан сылаң қағып шыға келетін Шарын өзенінің керімсал күзгі кейпіне тамсана-тамсана көпірден өте шықтық. Табиғат дегеніңіздің өзі құдды бір кәнігі суретшідей, түрлі-түсті бояуын жүйе-жүйесімен кестелеп, әсем бір картинаны әдіптеп салып тастапты. Түсіне білсеңіз, терең сырына жіті үңілсеңіз, талай суретті, сырды түйсікпен тануға болады. Сондай бір сәтте, мүмкін болса, келе жатқан шаруаңызды қалт доғара тұрып, Шарынды бойлай кезіп кеткің келетінін қайтерсің. Әттең, арнайы келіп, асықпай аралайтын жерлер көп қой бұл Шарында. Бірақ, бүгінгі жұмыстың бағыты мен жоспары мүлде басқа.
Ұйғыр ауданы – қойнауы тарихи оқиғаларға толы мекен. Оның аумағында температурасы 58 градусқа жететін, құрамында радоны бар емдік қасиеті ересен су көздері кездеседі. Кетпен қыраттарының етегі мен Іле өзенін бойлаған жазықтыққа орналасқан аудан осыдан 75 жыл бұрын құрылған болатын. Содан бері жартылай жазықты, климаты қатаң, жазы ыстық, қыста көп қар түспейтін аязды өңірде түркі текті туысқан екі ұлттың бірнеше буын ұрпағы алмасып келеді. Қазақ пен ұйғырдың сыры мен мұңы, қуанышы мен қайғысы, тұрмыс-тіршілігі біте қайнасып, астасып кеткені де шындық. Дәстүр-салты, өнері мен мәдениеті, дастарқан мәзірі бір-біріне жұғысты. Мұндағы қазақтардың дені ұйғырша мүдірмей сөйлейтінін жасырмайды, ұйғыр ағайындардың да қазақшаға келгенде қамшы салдырмайтынын көзімізбен көрдік. Осы күні ауданда қыз алысып, қыз беріскен қазақ пен ұйғырдың мыңнан астам жарасымды отбасы бар екенін аудан әкімі Коюмжан Омаровтан естідік. Бұл да бірлігі бекем елді ортақ мұраттастыққа жетелейтін дәйек.
Әкімдік кеңсесінде Коюмжан әкім жадырай қарсы алды. Хал-жай сұрасып, негізгі шаруа мақсатын айтқанда, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бейнелейтін деректер мен дәйектерді алдыға жайып салды.
Сол мәліметтерге зер салсақ, Ұйғыр ауданындағы халық саны 64 227 адамды құрайды. Оның ішінде қазақтар – 26,4 мың (41,1%), ұйғырлар – 36,6 мың (56,6%), басқа ұлттар 1,4 мың (2,3%) адам деп есептелген. Аудандағы 14 ауылдық округте орналасқан 25 елді мекенде халық ынтымағы мен бірлігін өрнектей өмір кешіп жатыр.
Ауданның негізгі өндірістік бағыты – ауыл шаруашылығы. Мал және суармалы егін шаруашылығына ден қойған мекенде 2792 ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істесе, оның ішінде өндірістік кооперативтер – 6, шаруашылық серіктестіктері – 25, шаруа қожалықтары 2761 нысанға біріккен. Биыл ауыл шаруашылығынан өндірілген өнімнің жалпы көлемі 6 млрд. 629,2 млн. теңгеге жетіпті. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 329,0 млн. теңгеге артқан. Түрлі дақылдардан диқандар мол өнім жинаған.
Нарық заңдылықтарының кейбір қиындықтарына қарамастан, машина-трактор шеберханалары жаңа техникалармен толығыпты. Жыл басынан бері шаруаларға 487 тонна арзандатылған жанар-жағар май беріліп, қолдау көрсетілген. Аудан тұрғындарын жаз айларында ғана емес, жыл бойы көкөністермен қамтамасыз ету мақсатында 14 ауылдық округте 14 ауылдық жылыжай салу тапсырмасы қабылданып, бүгінде соның төртеуі жұмыстарын бастаса, тағы төртеуінің құрылысы жүргізіліп жатқан көрінеді.
Бахар ауылдық округіне қарасты “Диана 2” шаруа қожалығының аяқ алысы туралы аудан әкімі ризашылықпен баяндады. Диналықтар 39 гектар алқапқа жүзім өсіріп, кәсіптерінен айтарлықтай табысқа кенеліпті. Қожалық иесі Ялқун Юсупов 80 тонна жүзім сақтайтын қойма салдырыпты. Осы нысанның құрылысына өз қаражатынан 13,5 млн.теңге жұмсағаны шаруашылық табысының жаман еместігінен сыр аңдатып тұрғандай.
Сондай-ақ, алманың жаңа сорттарын 16 гектарға, абрикос, қара өрік, шабдалыларды 9 гектарға егіп, жалпы 25 гектар алқапты тамшылата суару әдісімен игеріп жүрген “Алма Продекс” серіктестігі аудан мақтанышы десе жарасады. Серіктестік басшысы Максим Коваленконың жетекшілігінде жұмыс істейтіндер жаңа технологияға сай өнім өндіруді жолға қойып, қазір мол табысқа жету үшін агротехникалық шараларды тиімді пайдаланған.
Бұл өңірде төрт түлік мал басы да жылдан-жылға көбейе түскен. Биылғы жылдың өткен сегіз айында 29 114 тонна ет, 15 036 тонна сүт, 560 тонна жүн, 4 млн. 897 дана жұмыртқа өндіріліп, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда ет 8934 тоннаға, сүт 67 тоннаға артыпты.
Жыл басынан бері аудан бойынша негізгі капиталға 2 млрд. 590 млн. теңге инвестиция тартылып, жаңадан 505 жұмыс орны ашылса, 1035 адам жұмысқа орналастырылғанын да басшы қуана айтты.
Шағын және орта бизнес саласы да қалыпты дамыған. Есептік мерзімде кәсіпкерлікпен айналысатын 6598 адам 1 млрд. 637 млн. теңгенің өнімдерін өндіріп, тұтынушыға түрлі қызметтер көрсетіпті. Содан аудан бюджетіне 60 млн. 776 мың теңге мөлшерінде әртүрлі салықтар құйылып, халықтың әлеуметтік жағдайына оң әсер еткенін көреміз. Биыл барлығы 6 сауда орны, дөңгелек жасайтын шеберхана, дәмхана, балаларға арналған ойын-сауық аттракционы іске қосылып, жүздеген адамға жаңа жұмыс орны ашылыпты. Шағын және орта бизнесті өрістетуге өзіндік үлес қосып жүрген Роза Баратова, Сапар Сулейманов, Талғат Сыйлыбаев, Аблин Низахунов, Нурниса Рахметжанова, Қанат Дуанбеков және басқа жеке кәсіпкерлер есімін аудан әкімі ерекше ризашылықпен атады.
Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 113 азаматқа жер телімдері бөлініп, құжаттары ресімделіпті, 59 азаматқа өндірістік нысандарының жер телімдерін таңдау актілері беріліпті. Демек, әлі де ауылдың ажарланатыны анық. Жалпы, сегіз айда 2 166 шаршы метр көлемінде тұрғын үй салынып, мемлекеттік қабылдаудан өткізілген. Ал, былтыр облыстық бюджет есебінен салынған 7 үй тұрмыс жағдайы төмен отбасылары мен мамандарға, мемлекеттік қызметкерлерге бөлініпті.
Аудандағы жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге 2010 жылы бюджеттен 119 млн. 900 мың теңге бөлінсе, “Жол картасы” бағдарламасы аясында елді мекендердің көше жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына 32 млн. 100 мың теңге бөлініп, бұл жұмыстарды Байсейіт Атаев басқаратын “Алматы жолдары” серіктестігі тиянақты орындағанын жұрт ризашылықпен айтуда. Атап айтқанда, Сүмбе ауылының 4500, Шарынның 5 мың, Аваттың 4300, Тасқарасудың 4500 шаршы метр көше жолдары жөнделген. Сондай-ақ, Шонжы – Тиірмен – Ұзынтам жолына 44,5 млн. теңге, Ақтам ауылының кіреберіс жолына 10 млн. 300 мың теңге бөлініп, қаржы толық игерілген. Шонжы ауылы көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізуге 54 млн. 339 мың теңге бөлініп, тақтайдай тегіс жол салынған.
Тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында биыл ауданға 171 млн. 226 мың теңге бөлініпті. Бұл халық денсаулығына деген қамқорлықтың нақты көрінісі болса керек.
Әлеуметтік саладағы ахуал орнықты деуге негіз жеткілікті. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыс іздеп 1286 азамат өтініш білдірсе, оның 1035-і жұмысқа орналастырылған. Ағымдағы жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға 6 млн. 600 мың теңге, жастар тәжірибесіне 7 млн. 800 мың теңге қаражат бөлінген. Жылдық бағдарлама бойынша есепте тұрған 130 жұмыссызды әртүрлі мамандықтар бойынша оқыту көзделсе, бұдан тыс “Жол картасы” бойынша 69 жұмыссыз кәсіби оқуға жіберіліпті.
Аудан бойынша бүгінде 2905 адам мүгедек саналады. Бұл азаматтар да әлеуметтік көмек пен әртүрлі жәрдемақыларын уақтылы алып тұрады. Мүгедектерді жеке оңалту бағдарламасына сай жыл басынан бері 16 адамға протез алуға қаржы бөлініп, 20 мүгедек азаматқа шипажайға, 12 адамға ортопедиялық аяқ киім алуға жолдама беріліпті.
Ауданда мәдениет, мемлекеттік тіл саясаты мен саламатты өмір салтын қалыптастыруда бұқаралық спорт түрлерін дамыту мәселелеріне де жете көңіл бөлінген. Аудан бойынша 18 кітапхана, 21 мәдениет мекемесі, оның ішінде 6 мәдениет үйі, 15 клуб жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда барлығы 39 мәдениет мекемесі штат кестесіндегі 87 адаммен аудан тұрғындарына лайықты қызмет көрсетіп, рухани жағынан дамуына барлық мүмкіндікті жұмылдырып келеді екен.
Денсаулық сақтау саласында аудан бойынша орталық аурухана, емхана, 3 фельдшерлік-акушерлік қосын, 25 ауылдық дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Аудан тұрғындарына 22 түрлі мамандық бойынша 64 дәрігер, 222 арнаулы білімді орта буын медицина маманы қызмет көрсетеді. “Дипломмен – ауылға” бағдарламасымен соңғы кезде 2 жас маман дәрігер келіпті. Шынын айтқанда, осы салада білікті дәрігерлердің зәрулігі сезіле бастағанын әлеуметтік-руханият саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары Дәулетжан Деменбаев қынжылыспен жеткізді.
Міне, осындай және басқа да көптеген жақсы істерді жайып салған аудан әкімі Коюмжан Омаров пен оның орынбасары Дәулетжан Деменбаевқа көкейде жүрген және бір сауалды тастадық. Ол соңғы кезде екі елдің де азаматтарын ерекше алаңдататын қазақ пен ұйғырдың арасындағы ежелгі достық, туысқандық қарым-қатынастарға қатысты мәселе болатын. Ұйғыр ауданында ұлтаралық ахуалдың қалыпты екенін, бұл орайда көңіл алаңдатарлық шетін мәселе туындауы мүмкін еместігін әкім бірден кесіп айтты.
– Әрине, Қазақстан тәуелсіздік алған жиырма жылдың бедерінде қол жеткізген демократиялық құндылықтарымыз өткен тарихты жаңғыртуға жан-жақты жол ашты. Соған байланысты ұйғырлардың тарихи таным-түсінігі кеңейді. Алайда, бұл біздің ғасырлар бойы қалыптасқан ынтымағымызға көлеңке түсірмек емес. Десек те, ел арасы телі-тентексіз болмайтыны белгілі. Бірді-екілі жастардың албырттығын біз өзіміз-ақ дер кезінде жөнге салып, тыя аламыз. Біздің ұйғырлар мен қазақтардың тілі төркіндес, діні ортақ, арман-мақсаты бір. Ол – өзіміздің сүйікті Отанымыз – Қазақстан мемлекетінің болашағы үшін шама келгенше аянбай жұмыс істеп, тұрмысымызды түзеу, мәдениетімізді дамыту. Ортақ шаңырақтағы көп ұлтты сүттей ұйытқан дара, дана Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатына адал болып, тер төгу. Міне, осы мақсаттардан біздің аудан тұрғындары ешқашан адаспайды деп сеніммен айта аламын, – деді аудан әкімі тағы да нық сөйлеп.
Қоян-қолтық араласқан туысқан екі ұлттың тұрмысын көзбен көрмекке Шонжыны аралай шықтық. Бізге мүгедектер арбасын орталық көшедегі асфальт жолмен зымыратып бара жатқан бір жігіт кездесе кетті.
– Бұл азамат біздің ауданның намысын қорғап жүрген мақтанышымыз, өзі спорт шебері, – деді Шонжы ауылының әкімі Адилжан Құрбаниязов. – Олай болса неге жөн сұрамасқа.
Еріксіз іркілдік. Расында, Нодаржан Хамроллаев пауэрлифтингтен спорт шебері екен. Жасы қырықта. Жиырма жасында жол апатына ұшырап, осындай күйге түсіпті. Амал қайсы? Тағдыр. Бірақ, азамат өмірге деген құштарлығынан еш жаңылмаған. Ширақ, жігерлі. Өзі ұнатқан арумен көңіл қосып, отау көтерген. Жігітінің жанына жалау бола білген жары Азадия – медбибі көрінеді. Назар атты ұлдары 9-да, Дильназ атты қыздары 7-ге толыпты. Бақыт емей немене. Жалғасқан жарасты тіршілігіне Нодаржан дән риза. Жуырда Көкшетау қаласында өткен жарысқа қатысып қайтыпты. Шалқалай жатып штанга сығымдаудан алдына жан салмайтыны көрініп-ақ тұр. “Рахмет! Маған көңіл бөліп бұрылғаныңызға шын толқып тұрмын. Жолдарыңыз болсын!”, деді өмірге құштар азамат. Біз де оған сәттілік пен бақыт тіледік.
Өзіміз осы аудандағы ұйғыр мен қазақтың жарасты тірлігін көрмекке арнайы іздеп шыққан отағасы Тұрысбай Мейрамбековтің ауласына кіргенде бесін ауған сәт еді. Есік алдындағы сәкіге ұзыннан-ұзақ дастархан жайып тастапты. Тандырға піскен тәтті күлше дейсіз бе, жемістің түр-түрі, өзге де түрлі дәм тіреліп тұр. Халқымыздың қонақжай дәстүрі бойынша “кел-кел”, “ал-ал” деген сыйластық көңілден жазбаған үй иесі келгенімізге мәре-сәре қуанышты рай танытып жатыр.
Тұрысбайдың зайыбы Гүлсімнің бойжеткен кезінде ұйғырдың нағыз хас сұлуы болғаны көрініп тұр. “Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді” деген. Қазірдің өзінде сән-салтанаты келіскен бәйбіше кейпінде.
– Поштада көп жыл жүргізуші болдым. Мына кісі де сонда істейтін еді. Бірге жүрген соң таныс болдық, сөйтіп жүріп үйлендік, – деді Тұрекең.
– Үйде қай тілде сөйлейсіздер. Әйелдің тілін алып, ұйғыршаға әдеттен көп бұрылып кетіп жүрген жоқсыз ба, шынын айтыңызшы? – дедім қалжыңға бұра сөйлеп.
– Жоқ-ә, қазақша сөйлейміз ғой. Енді анда-санда екі тілдің ортақ жүре беретін кездері болады, – деп күлді отағасы.
Екеуінің жүрек қалауымен табысқан шын бақытты жандар екенін бірден аңдауға болады. Бір-бірін қабағынан түсініп отыр. Бес бала тәрбиелеп өсіріпті. Бәрі жоғары білім алған. Ерланның Гузелі, Ерболдың Марианнасы, Ердостың Назгүлі – бәрі ұйғыр қызы болып шықты. Қыздары Майгүл Данияр атты қазақ жігітіне тұрмысқа шығыпты. Бүгінде солардан өсіп-өнген сегіз немересінің қызығын тамашалап, екі ұлттың біте қайнап, шынайы араласқан шаттық шаңырағында мәуелі бәйтеректей бүршік жайған Тұрысбай мен Гүлсімге қызыға қарадық.
Есік алдындағы жүзім де мәуелей пісіпті. Бізбен бірге жүрген аудандық “Іле шұғыласы” – “Или вадиси” газетінің бас редакторы Абдуманап Аблизов ерлі-зайыптыларды суретке түсіріп әлек. Риза көңілмен шығар есікке беттегенде Гүлсім ана алмасы мен алмұртын, жүзімін көтере ұмтылды. Сыйға сый қайтару дәстүрі. Осындай ата дәстүріне адал, төскейде малы, төсекте басы қосылған екі ұлттың ертеңгі болашағы неге нұрлы болмасқа деген ізгі ұғым ұялады көңілге.
Шарыннан өтіп бара жатып, соңымыздағы Шонжыға қимастықпен тағы бір қарадық. Бауырлас екі халықтың құт мекен, төл бесігі бейбіт заманда бақуат тіршілігіне сай тербеле берсе екен, өсе берсе, өркендей берсе екен деп тілек тіледік. Ынтымақ пен бірлік – баға жеткісіз байлық. Демек, содан айырмай, Қазақстанның көк байрағы биікте желбіресе, өзге олқылықтың орны толатыны анық. Бүгінгі ел тілегі осыған келіп саяды.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы, Ұйғыр ауданы.