12 Қазан, 2010

Ендігі мақсат – бірыңғай экономикалық кеңістік құру

659 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан, Ресей, Беларусь елдері арасындағы Кеден одағы комиссиясының кезекті мәжілісі болып өтті. Ол Астана, Мәскеу, Минск арасындағы телекөпір түрінде онлайн режімінде өтті. Қазақстан жағынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Ресей жағынан Үкімет басшысының орынбасары Игорь Шувалов, Беларусь жағы­нан Премьер-министрдің орын­ба­са­ры Андрей Кобяков мүшелері болып табылатын Кеден одағының комиссиясы бұл жолы да осы ел­дер­дің кеден тарифтерін біріз­ден­діруге қатысты бірқатар мәсе­лелер қарады. Соның біріншісі темір жол тарифтеріне арналды. Онда осы мәселеге қатысты Қа­зақ­стан Республикасы Көлік және коммуникация ми­нистрінің орынбасары Азат Бек­тұровтың үш ел арасындағы атал­ған мәселеге байланысты құ­рыл­ған жұмыс тобында атқарылған ша­руалар туралы хабарламасы тыңдалды. Қазақстан Респуб­ликасының Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова, Көлік және коммуникация министрі Әділғазы Құсайынов және басқа да жауапты адамдар мәжіліске қатысып, ондағы пікірталастарға араласып отырды. Біздің байқауымызша, әзірге үш елдің темір жол қызметі та­рифтерінде айырмашылықтар бар. Оларды біріздендіру оңай емес. Өйткені әр елдің аталған мәселеге байланысты өз мүддесі бар. Комиссияның әр мүшесі сол мүддені қорғау үшін бір-біріне оңайлықпен жол бере қоймайды. Комиссия мәжілісі барысынан осы жағдай аңғарылды. Оның үстіне темір жол тарифтерінің өзі әр елде ішкі тариф, импорттық және экс­порттық тариф, транзиттік тариф секілді бірнеше түрге бөлінеді екен. Осылардың әрқайсысының өзі Кеден комиссиясынан үлкен талқылауларды күтетіндей. Дегенмен бұл салада да бір­қатар шаруалардың атқарылған­дығы көрініп тұрды. Комиссия мүшелері бұл мәселені кезең-кезеңімен шешіп, 2012 жылы оны негізінен белгілеп іске қосу жайында уағдаласқандай болды. Комиссия мәжілісі аяқтал­ғаннан кейін Өмірзақ Шөкеев аталған мәселеге байланысты қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне түсінік­теме жасап, олардың қойған бір­қатар сұрақтарына жауап берді. – Үстіміздегі жылдың шілде­сінен бастап Кеден одағы толық­қанды жұмыс істеуге кірісті. Енді біздің алдымыздағы міндет оның келесі сатысы – бірыңғай эко­номикалық кеңістікті құру болып табылады. Ол үшін 20 келісім-шарт­ты талқылап, бір ортақ келі­сімге келуіміз қажет. Комиссия қазір осы бағытта жұмыс істеп келеді. Соның біреуін талқылау үдерісіне сіздер куә болдыңыздар, – деді Өмірзақ Шөкеев. Премьер-Министрдің бірінші орынбасарының айтуы бойынша, Кеден одағы комиссиясында қара­лып жатқан мәселелердің ара­сында 4 мәселе Қазақстан үшін маңызды болып табылады екен. Олар – темір жол қызметі, электр қуатын тасымалдау және мұнай мен газ құбырларын пайдалану мәселелері. Қазір Ресей темір жолы, жо­ғарыда айтып кеткеніміздей, та­риф­тің бірнеше түрін қолданады. Соның ішінде елдің өз кәсіп­орындары үшін берілетін жеңіл­дік­тер де баршылық. Міне, осы мә­селе қазақстандық кәсіпорын­дардың тауарларын Ресей темір жолы арқылы өткізген кезде олардың бәсекелестік қабілетінің төмендеуіне әкеліп соғып отыр. Осыны реттеу біздің экономи­камызға үлкен жеңілдіктер бере­тіндіктен Қазақстан тарабы аталған мәселенің шешілуіне ба­рынша мүдделілік танытуда. Кеден одағы аясында әр елдің көксеген өзіндік мақсаттары бар екен. Мәселен, Беларусь тарабы газ жөніндегі жеңілдіктерге ие бол­ғысы келсе, Ресей жағы үш елдің мұнай және газ құбырлары қолжетімді болуын қалайды. Ал Қазақстан үшін Ресей мен Бе­ла­русьтің көлік инфрақұрылым­дарында біздің ыңғайымызда тиімді тариф саясатының болуы маңызды болып табылады. Өйт­кені бұл мәселе Қазақстан экс­пор­тын дамытудың үлкен мүмкін­діктерін қамтамасыз етеді. Сон­дықтан Кеден одағы комиссия­сының осы мәжілісінде қаралған темір жол қызметінің тарифтеріне қатысты мәселе Қазақстанның осы одаққа қатысты көкейкесті мұраттарын қозғайтын мәселе­лердің бірі екен. Кеден одағы толыққанды жұ­мысқа кіріскеніне де үш айдан астам уақыт болды. Осыған қатысты біздің еліміздің ішкі рыногында аздаған өзгерістердің бар екендігі сезіледі. Өйткені сауда дүкендері Ресейден келіп жатқан бірқатар азық-түлік өнімдерімен толыға бастағандығын халық айтып жүр. Қазіргі жағдайға қандай бір талдау жасауға бола ма? Осы мерзім аралығында ішкі рыноктың жағдайына мониторинг жасалынып отыр ма? “Егемен Қазақстан” газеті тіл­шісінің осындай сұрағына жауап берген Өмірзақ Шөкеев ішкі ры­нокқа мониторинг жүргізіліп, тиісті талдаулардың жасалынып жатқандығын, осы бойынша алғанда “Қазақстанның тауар рыногындағы жағдай нашарлап кетеді” деген бастапқы кездегі байбаламның орынсыз болып шыққандығын атап көрсетті. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.