12 Қазан, 2010

Жәрмеңкеде баға арзан

906 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен жексенбіде Ақмола облысына қарасты аудандар Астана тұрғындарына арнап жәрмеңке өткізді. “Шапағат” коммуналдық базары аумағында ашылған “Ауыл береке” жәрмеңкесін Астана қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов пен Ақмола облысының әкімі Сергей Дьяченко аралап көрді. Ауылшаруашылық жәрмең­ке­лері маусымы Астанада 12 қыр­күйекте басталған болатын. Онда Павлодар, Қарағанды, Алматы облысы, Астана және Теміртаудың 224 өндірушісі астаналықтарға өз өнімдерін ұсынып үлгерді. Осы уақытқа дейін 94,6 млн. теңге со­масына 678,1 тонна өнім саты­лыпты. Елордадағы дәстүрлі ауыл-шаруашылық жәрмеңкелері мау­сы­мының аяқталуына орай өт­кізіліп отырған “Ауыл береке” жәрмеңкесінде қашанда Ақмола облысының атын шығарған ет-сүт, ұн өнімдері молынан ұсынылды. Жәрмеңкеге қатысатын ауыл­шаруашылық өнімдерін өндіру­шілерге қойылатын міндетті шарт – төмен баға. Барлық тауарларға деген баға рыноктағы бағадан 10-15 пайызға төмен болуы қажет. Мәселен, 1 кило картоп бағасы 50 тең­геден, пияз бен сәбіз 55 тең­геден, қызылша – 80 теңге, алма – 140 теңге, сиыр мен қой еті – 550-650 теңге, қызанақ – 60-80 теңге, орамжапырақ – 20-25 тең­ге, күріш 110-130 теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ жәрмеңке ауылшаруашылық өнімдеріне деген маусымдық инфляцияның өсуіне жол бермейді. Баға саяса­тындағы айырмашылық жәрмең­кеге қойылатын өнімдердің дел­дал­­сыз әкелінуіне және сауда алаңдарының арендасыз беріле­тіндігін байланысты. “Шапағат” коммуналдық базары аумағындағы жәрмеңкеде жалпы сомасы 58 млн. теңге болатын 362 тоннаға жуық өнім сатылды. Алматы ауданы бойынша – Абылай хан даңғылы “Әлем” супермаркетінің аумағы, Есіл ауданы бойынша – Сауран көшесі, ХҚК орталығы, Сарыарқа ауданы бойынша – Бөгенбай батыр даңғылы, “Шапа­ғат” коммуналдық базары аума­ғында өткізілген жәрмеңке таңғы 08.30-дан кешкі 18.00-ға дейін ашық болды. “Маусым кезеңіндегі жәр­меңкелерге 220-ға тарта ауыл­шаруашылық тауарларын шығару­шы субъектілер қатысты. Олар Астанаға 700 тоннадан астам өнім алып келген. Бұл өте жоғары көрсеткіш”, – деді Астана қала­сының әкімі Иманғали Тасмағам­бетов. Елбасы тапсырмасына байланысты жыл сайын көктем-күз айларында азық-түлік бел­деуіне қатысты жәрмеңкелер ұйымдастырылады. Іргелес жатқан Ақмола облысының ұсынып отырған өнімдерінің бағасы ры­ноктағыға қарағанда 20-25 пайызға төмен. Қыс келе жатқанда тұр­ғындарға жағдайын дұрыстап алуға мүмкіндік береді. Жәрмеңке бір жағынан елордалықтарға пайдалы, екінші жағынан мұнда өнім өндірушілер өнімдерін өз уақытында тиімді саудалай алады, деді әкім. Венера ТҮГЕЛБАЙ.