Айып тағылды_______________________________________
Бас Прокурордың қаулысымен құрылған тергеу тобы қазан айында Маңғыстау облысындағы Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің департаменті мекемесінен сотталғандардың топтасып қарулы түрде қашу фактісі бойынша қозғалған істі тергеуді аяқтады.
Қатаң режімдегі колонияда жазаларын өтеп жүрген 21 сотталушыдан құралған топ ағымдағы жылдың 22 маусымында алдын ала сөз байласып, әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қаруларды қолдана отырып, колониядан қашқан болатын.
Тергеу тобы мекеме бастығы М.Жанахметовке, оның орынбасары Ш.Халменовке, жедел бөлім бастығы Т.Ысқақовқа және колония бастығының кезекші көмекшісі М.Нұрсейітовке қатысты қызметтік міндеттеріне немқұрайлықпен қарау фактісі бойынша қозғалған қылмыстық істі аяқтады. М.Жанахметовке және Ш.Халменовке ауыр зардаптарға әкеп соқтырған қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану бойынша айып тағылды.
Аталған істер Ақтау қалалық сотына қарау үшін жіберілді.
Нақты айғақ жоқ____________________________________
Бас прокуратура бір топ депутаттардың Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі қызметкерлерінің тергеу әрекеттерін жүргізу барысында Ж.Досқалиевке дер кезінде медициналық көмек көрсетілуін тексеру туралы өтінішін қарады.
Қаржы полициясының органдары 25 қыркүйекте Ж. Досқалиевті қылмыс жасады деген күдікпен ұстаған және сол күні (сағ. 18.40-та) Астана қаласындағы уақытша ұстау изоляторына орналастырған болатын.
Бұл ретте Қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормалары сақталды әрі ұсталушының тарапынан да, оның адвокатының тарапынан да денсаулығына байланысты шағым болған жоқ. Уақытша ұстау изоляторы бастығының сөзіне қарағанда, Ж.Досқалиев өзі жүріп-тұрған, денсаулығына шағым айтпаған.
26 қыркүйекте Ж.Досқалиев басы ауыратындығын айтқаннан кейін шақырылған изолятордың фельдшері және жедел медициналық жәрдем бригадасы қан қысымы жоғары екендігін (180/100) тіркеп, Ж.Досқалиевті 1-ші қалалық ауруханаға жатқызады.
Осылайша, дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеді деген дәлел расталған жоқ. Қаржы полициясы қызметкерлерінің іс-әрекеттерінен заң бұзушылықтар табылған жоқ.
Ж.Досқалиевтің денсаулық жағдайына байланысты мән-жайларды толық әрі объективті зерттеу мақсатында Бас прокуратураның ұсынымы бойынша құрамында Ресей Федерациясы денсаулық сақтау органдарынан шақырылған профессорлары бар тәуелсіз комиссиялық медициналық тексерулер жүргізу шаралары қабылданды. Олар Досқалиевтің ауру тарихында көрсетілгендей, жүрек-тамыр қызметінің тоқтағанын растайтын объективті айғақ жоқ деген қорытынды берді. Инсульттің, ми-қан айналымының қатты бұзылулы, яғни, сол жақ гемиплегия белгілері де жоқ. Мұны миға жүргізілген компьютерлік және магниттік-резонанстық томография растап отыр.
Осылайша, жоғарыда көрсетілген комиссияның қорытындысы бойынша Досқалиевтің нақты жағдайы оның ауру тарихында көрсетілген бұрын қойылған диагнозға сәйкес келмейді. Ол бірқалыпты, сұрақтарға дұрыс жауап береді. Сөйлеген сөзінде ақау байқалмайды деп көрсетілген.
Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.