13 Қазан, 2010

“Жол картасы” жақсы істердің жолын тапты

424 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен облыста болып, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан  жұмыстардың барысымен танысты. Облыс орталығындағы  Жүсіпбек Ай­мауы­тов атындағы  қазақ музыкалы драма теа­тры осы бағдарлама бойынша күрделі жөндеуден өтіп, көрермендер залы, сахна, сах­налық құрал-жабдықтарын  жаңартты. Сонымен қатар төбесі жөнделіп, өрт сөн­діру және бейнебақылау жүйелері ауысты­рыл­ды. Бұл мақсатқа бағдарлама аясында 217 842 мың теңге бөлінді, оның 173 606 мың теңгесі республикалық қазынадан қа­рас­тырылса, қалғаны облыстық бюджет есе­бінен бөлінген. Енді бір аптадан кейін театр жаңа маусымның шымылдығын ашу­ға дайындалуда. Жаңа кейіпке енген театр­ды көрген министр “Жол картасы” арқы­лы жүргізілген жұмыстың нәтижесіне жақ­сы баға берді. Облыс әкімі Бақытжан Са­ғын­таев келесі жылы  А.Чехов атындағы орыс драма театрында осы  жұмыстың жалғасын табатынын жеткізді. Бұдан кейін министр “Жол картасы” бойынша облыс ор­талығында жүргізіліп жатқан басқа да жөн­деу жұмыстарымен танысты. Олардың қатарында орыс-славян мәдени орталы­ғы­ның ғимараты да бар. Бұл ғимарат 1957 жыл­дан бері күрделі жөндеу көрмеген екен.  Оған 89 388 мың теңге бөлінген. Ғи­ма­рат жаңа жыл алдында дайын болады. Келесі кезекте министр қаладағы “Тол­қын” денешынықтыру-сауықтыру кеше­нін­де  болды. Кешен  спорт сүйер жастар­ға, қала тұрғындарына жақсы сыйлық болды. Бұрынғы ескі бассейн бүгінде бір­ыңғай көгілдір түсті кафельмен қапталып­ты. Қабырғалары, төбесі  жаңартылып, жөн­деліпті. Айналасы арнайы жылытыла­тын еденмен жабдықталған. Су температу­ра­сы  әрдайым реттеліп отырады. Жаттық­ты­рушылар алдағы уақытта ел чемпио­натын өткізуге болатынын айтып қалды. Бұдан  кейін Гүлшара Әбдіқалықова соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған об­лыс­тық “Ардагерлер үйі” санаторийіне келді. Жылына 1300 адам  емделіп, демалатын бұл жерде соғыс мүгедектеріне, қаты­су­шы­лар мен оларға теңестірілген азаматтарға қысқа мерзімді санаториялық-курорттық емдеу жүргізіледі. – Биыл  “Жол картасы” бағдарлама­сы­на республика бойынша 143 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, бағдарлама аясында бөлінген қаржы толығымен игеріліп жа­тыр. Елімізде қазір 5 500 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып та қалды. Барлық мер­дігер компанияларға атқарған жұмыс­тың сапасына үш жылға дейін жауапты болу жүктеліп отыр. Павлодар облысына 6 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 134 нысан қамтылды. Өзім келіп көріп куәсі болғанымдай, мәдени орындар, білім беру мекемелері, жолдар жаңаша кейіпке енуде. Коллекторларды жөндеу жұмыстары қолға алынғаны қуантады. Себебі , су мәселесі жылдар бойы күрмеулі болған еді, – деді министр Гүлшара Әбдіқалықова. Министрдің айтуынша, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша екі жыл қатарынан бөлінген қаржы енді келесі жылы басқа бағдарламаларға бағытталады. Мысалы, биыл қолға алынған “Жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде алда бірқатар жұмыстар күтіп тұр. Жаңа жұмыс орын­да­ры ашылып, жаңа нысандар қолданысқа берілмек. Сонымен бірге облыстарда жер­гілікті жеке бағдарламалар да басталады. Министр осы екі жылда “Жол картасы” бағ­дарламасы еліміз бойынша барлық жердегі жұмыстарға үлкен серпіліс бер­генін жеткізді. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, қабылданып жатқан салалық бағдарламалар енді “Жол картасының” жүгін арқаламақ. “Биыл Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энерге­ти­каны дамыту, ауыз су мәселесі бойынша жекелеген бағдарламалар қабылдады. Мұн­да осы бағыттар бойынша әрбір өңірдің қажеттілігіне қарай қаржы қарастырылған. Мысалы, бұрындары тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылығы мәселелері “Жол картасы” бойынша шешілсе, енді тікелей өзіндік бағдарлама арқылы қаржы бөлініп, жүзеге асатын болады, – деді облыс әкімі. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.