Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен облыста болып, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Облыс орталығындағы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалы драма театры осы бағдарлама бойынша күрделі жөндеуден өтіп, көрермендер залы, сахна, сахналық құрал-жабдықтарын жаңартты. Сонымен қатар төбесі жөнделіп, өрт сөндіру және бейнебақылау жүйелері ауыстырылды. Бұл мақсатқа бағдарлама аясында 217 842 мың теңге бөлінді, оның 173 606 мың теңгесі республикалық қазынадан қарастырылса, қалғаны облыстық бюджет есебінен бөлінген. Енді бір аптадан кейін театр жаңа маусымның шымылдығын ашуға дайындалуда. Жаңа кейіпке енген театрды көрген министр “Жол картасы” арқылы жүргізілген жұмыстың нәтижесіне жақсы баға берді. Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев келесі жылы А.Чехов атындағы орыс драма театрында осы жұмыстың жалғасын табатынын жеткізді. Бұдан кейін министр “Жол картасы” бойынша облыс орталығында жүргізіліп жатқан басқа да жөндеу жұмыстарымен танысты. Олардың қатарында орыс-славян мәдени орталығының ғимараты да бар. Бұл ғимарат 1957 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген екен. Оған 89 388 мың теңге бөлінген. Ғимарат жаңа жыл алдында дайын болады. Келесі кезекте министр қаладағы “Толқын” денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болды. Кешен спорт сүйер жастарға, қала тұрғындарына жақсы сыйлық болды. Бұрынғы ескі бассейн бүгінде бірыңғай көгілдір түсті кафельмен қапталыпты. Қабырғалары, төбесі жаңартылып, жөнделіпті. Айналасы арнайы жылытылатын еденмен жабдықталған. Су температурасы әрдайым реттеліп отырады. Жаттықтырушылар алдағы уақытта ел чемпионатын өткізуге болатынын айтып қалды. Бұдан кейін Гүлшара Әбдіқалықова соғыс және еңбек ардагерлеріне арналған облыстық “Ардагерлер үйі” санаторийіне келді. Жылына 1300 адам емделіп, демалатын бұл жерде соғыс мүгедектеріне, қатысушылар мен оларға теңестірілген азаматтарға қысқа мерзімді санаториялық-курорттық емдеу жүргізіледі.
– Биыл “Жол картасы” бағдарламасына республика бойынша 143 миллиард теңге бөлінді. Жалпы, бағдарлама аясында бөлінген қаржы толығымен игеріліп жатыр. Елімізде қазір 5 500 нысанда жөндеу жұмыстары аяқталып та қалды. Барлық мердігер компанияларға атқарған жұмыстың сапасына үш жылға дейін жауапты болу жүктеліп отыр. Павлодар облысына 6 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 134 нысан қамтылды. Өзім келіп көріп куәсі болғанымдай, мәдени орындар, білім беру мекемелері, жолдар жаңаша кейіпке енуде. Коллекторларды жөндеу жұмыстары қолға алынғаны қуантады. Себебі , су мәселесі жылдар бойы күрмеулі болған еді, – деді министр Гүлшара Әбдіқалықова.
Министрдің айтуынша, “Жол картасы” бағдарламасы бойынша екі жыл қатарынан бөлінген қаржы енді келесі жылы басқа бағдарламаларға бағытталады. Мысалы, биыл қолға алынған “Жол картасы-2020” бағдарламасы шеңберінде алда бірқатар жұмыстар күтіп тұр. Жаңа жұмыс орындары ашылып, жаңа нысандар қолданысқа берілмек. Сонымен бірге облыстарда жергілікті жеке бағдарламалар да басталады. Министр осы екі жылда “Жол картасы” бағдарламасы еліміз бойынша барлық жердегі жұмыстарға үлкен серпіліс бергенін жеткізді.
Облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев атап өткендей, қабылданып жатқан салалық бағдарламалар енді “Жол картасының” жүгін арқаламақ. “Биыл Үкімет тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен энергетиканы дамыту, ауыз су мәселесі бойынша жекелеген бағдарламалар қабылдады. Мұнда осы бағыттар бойынша әрбір өңірдің қажеттілігіне қарай қаржы қарастырылған. Мысалы, бұрындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері “Жол картасы” бойынша шешілсе, енді тікелей өзіндік бағдарлама арқылы қаржы бөлініп, жүзеге асатын болады, – деді облыс әкімі.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар.