Ел тәуелсіздігінің елең-алаңындағы қиыншылыққа қарамастан хакім Абайдың 150 жылдық торқалы тойы республикамыздың тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік қауымдастық алдындағы бет-беделінің арқасында кеңінен аталып өтілгені, сол дүбірлі тойдың басты бір естелігіндей болып қасиетті Жидебайда Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылғаны баршамызға мәлім. Сол тұста Елбасымыз “қазақ халқының киесі, ары мен намысы, ақылы мен жүрегі” деп өзінің лайықты бағасын берген данышпан ақынға құрмет бұдан кейінгі жерде де толастамаған. Соның айғағындай, Астана мен облыс орталығы Өскеменде ақын ескерткіші бой көтерген. Абайдың әр жылдағы туған күнін кең көлемде атап өту дәстүрге айналған.
Айталық, тамыз айында Өскеменде “Шығыс шынары” деген атпен халықаралық ақындар мүшайрасы, ал Семей мен Қарауылда әдеттегідей дәстүрлі шаралар көптеп өткізілді. Сол шаралар өткен аптада кең көлемде жалғасын тапты. Оған өткен жылы Абай ескерткішін Өскеменде орнатуға мұрындық болған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев белсенділік танытты. Және осы той аясында еліміздің шығыс өңірінен шыққан қас таланттар Еркеғали Рахмадиевтің – 80, Қалихан Ысқақтың – 75, Сейіт Қасқабасовтың – 70, сондай- ақ Несіпбек Айтұлының, Дидахмет Әшімхановтың және Нұрдәулет Ақыштың алпыс жылдықтары аталып өтілді. Мұны күні кеше ғана 75 жылдығы аталып өтілген Қазақстан Жазушылар одағының барша мүшелеріне көрсетілген құрмет деп түсінсек те артық емес.
Сонымен Семейде өткен аптаның сейсенбі күні хакім ақынның 165 жылдығына арналған шара жыр кешімен ашылды.
Тамсандырған жыр кеші
Абай атындағы сазды-драма театрында халықаралық Жамбыл және Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтардың лауреаты, “Алтын тамыр” журналының бас редакторы, ақын Несіпбек Айтұлының “Дариға, дәурен” деген атпен шығармашылық кеші өткізілді. Ақынның өзі айтқандай, бұл кеш те Абайдың құрметіне арналып өткізілді. Кештің кей кездегідей лепірме мақтаудан тыс өткізілуі оның мәні мен сәнін арттыра түсті. Оның есесіне Несіпбек ақынның өлеңдері мен дастандары молынан оқылды. Осы орайда семейлік көрермендер көркемсөз оқудың майталман шеберлері, белгілі актерлар Болат Әбділманов пен Саят Мерекеұлына дән риза болды. Осы шараға арнайы келген жезтаңдай әншілер Еркін Құжыманов пен Гүлмира Сарина да шырқата салған тамаша әндерімен кеш көркін әрлей түсті. Бір демде өткізілген жыр кешінің тартымды да мазмұнды болуына белгілі режиссер Сәулебек Асылханұлы да аз еңбек сіңірген жоқ.
Белгілі абайтанушыға құрмет көрсетілді
Абай тойының аясында өткен бұл шара, сонымен бірге алда келе жатқан ел тәуелсіздігінің жиырма жылдығына да арналды. Ал оның себебі де жоқ емес. Өйткені, белгілі абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедхановтың егемендік жолындағы күрескерлік жолы өз алдына бір әңгіме. Оны қысқартып айтсақ, Кәкең 1945 жылы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының әнұраны авторы болғандығына қарамастан, елуінші жылдардың басында 25 жылды арқалап Карлаг пен Гулагтың “дәмін” татып келген. Бар саналы өмірін Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды ұлылардың өлмес, өшпес мұрасын зерттеуге, алаш арыстарын арашалауға арнаған Қайым Мұхамедханов, әсіресе еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген соң өндірте еңбек етіп, “Абайдың ақындық мектебінің шәкірттері” деген жалпы тақырыппен бірнеше томдық еңбегін жарыққа шығарды. Мұның сыртында Абайдың 150 жылдық тойы қарсаңында ақын шығармаларының текстологиясын қайта қарап, дұрыс шығуына бір кісідей-ақ еңбек сіңірді.
Міне, осындай асыл азаматқа Абай көшесінің бойында, Абай атындағы кітапхананың жанында ескерткіш-бюст орнатылды. Осы ескерткіш панораманың екінші бір бөлігінде алаш арыстарының да кескіндері бейнеленген. Осы орайда бұл игілікті шаруа қала әкімі Мейрамхат Айнабековтің жеке өзінің бастамасымен атқарылғандығын айта кеткеніміз жөн болар. Бұл кісі қала тізгінін қолына алғаннан бергі үш- төрт жылда Семейде, Шәкәрім, Әлихан, Әміре сынды халқымыздың аяулы азаматтарына да ескерткіш орнатылғаны екінші кезектегі әңгіме. Солайша ол қасиетті Семейдің қайта түлеуіне қай жағынан болсын қызу атсалысуда.
Ал осыдан кейін Абай атындағы сазды- драма театрында белгілі абайтанушы ғалым өмірі мен шығармашылығына арналған тартымды кеш өткізілді. Кеште Қайым туралы қала әкімі Мейрамхат Айнабеков мазмұнды баяндама жасады. Ол бүгінгі шара тек Семей өңірі жұртшылығы үшін ғана емес, ел өміріндегі айтулы оқиға дей келіп, Абайға араша түсіп, Мұхтармен мұңдасқан оның тоқсан жылға жуық өмірінің соңғы күндеріне дейін алаш арыстарына деген адалдықтан таймағандығын айғақты сөзбен тереңнен қозғады.
Тартымды кеш барысында қайсар Қайым туралы, сондай-ақ ғалымның шәкірті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы, ел ағасы Хафиз Матаев, “Отырар” кітапханасының директоры, абайтанушы ғалым Тұрсын Жұртбаев, орыс мәдени орталығының директоры, белгілі ғалым Михайл Панин және басқалар жүрекжарды сөздерін айтты. Қайымға арналған кеш негізінен Абай әндерімен өрнектеліп жатты. Ән демекші, осы күні “Әнді сүйсең менше сүй” деген тақырыппен Абай әндерін орындаушылар арасында конкурс, сондай-ақ ақындар мүшайрасы өткізілді. Ал мерейтой иелері болса, қаладағы жоғары оқу орындарында болып, студент жастармен кездесті. Оның тәрбиелік мәні өте зор болғандығы айтпаса да түсінікті. Мерейтой иелеріне жоғары оқу орындарының құрметті профессоры атағы берілді.
Сүйер ұлың болса...
“Бәріміз де Гогольдің шинелінен шыққанбыз” демекші, қазіргі қазақ қаламгерлерінің ұстазы да, табынар пірі де хакім Абай емес пе? Бірақ, сол көрнекті қаламгерлердің бірі Қалихан Ысқақ айтпақшы, әлі де Абайға тек табынып, тамсанумен ғана келеміз, ал оны танып, білуімізде кемшін көп. Сондықтан данышпан ақынға арналған құрмет ешқашан көптік етпесе керек.
Айтқандай-ақ, ақынға арналған бейсенбі күнгі басты шара таң атпай жатып басталып кетті. Яғни, осы күні таңғысын Семейге Алматыдан “Абай” ұшағы келіп қонды. Осы орайда оқырманға түсініктеме ретінде айта кететін болсақ, бұдан жеті жыл бұрын Елбасы Жарлығымен елімізді индустриалық-инновациялық дамыту стратегиясы бекітілген болатын. Соған орай, “Ертіс” әлеуметтік корпорациясы “СемейАвиа” акционерлік қоғамының әуе кемелерін жаңарту мақсатындағы жобамен айналыса бастаған-ды. Соның нәтижесінде шетелдік 49 орындық “Эмбраер -145” ұшағына қол жеткізілген екен. Жоғарыда аталған авиакомпания Орталық Азия бойынша сондай ұшаққа ең алдымен қол жеткізсе, оған данышпанның аты беріліп отырса, қайтіп шаттанбассың! Семейге осы жолы “Абай” ұшағымен ұшып келген Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов пен белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалиннің ерекше толғаныста жүргендігі байқалып-ақ тұрды. “Абай” ұшағын, онымен ұшып келген қадірлі қонақтарды облыс, қала басшыларының қарсы алуы да ізеттіліктің белгісі деп білеміз.
Ал одан кейінгі шара Абай атындағы алаңдағы ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен жалғасып жатты. Бұл шақта қадірлі қонақтарды осындағы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің оқытушы-студенттері, жалпы қала жұртшылығы асыға күтіп отырған-ды. Мұнда “ Абай мұрасы – адамзаттың асыл қазынасы” деген атпен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді. Оның жұмысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзі ашып, жүргізіп отырды. Конференция барысында Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Николай Анастасьев, академик-сенатор Ғарифолла Есім, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов және Шәкәрім атындағы Семей университеті гуманитарлық факультетінің деканы, Арап Еспенбетов хакім ақын туралы сындарлы сөз қозғады.
Мұнан кейін қонақтар Сәтбаев көшесінде болды. Ал оның да себебі жоқ емес-ті. Бұрнағы жылдары қайта жөнделген Абай, Шәкәрім, Әуезов көшелерінің күндері өткізілген еді. Енді сол дәстүрмен Сәтбаев көшесінің күні өтті. Алыс, жақыннан келген қонақтар бұл тұрғыда қала басшылығына ризашылықтарын білдіріп жатты. Шындығында бұл бүкіл ел көлемінде үлгі боларлықтай игі бастама.
Сол күні Абайдың 165 жылдығына арналған негізгі шара түс ауа ақын атындағы театрда өткізілді. Онда басты сөзді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтты. Әкім өз сөзінде хакім ақынның есімін асқақтату мақсатымен еліміздің шығысында атқарылып жатқан оңды шараларды айта келіп, енді Абай ескерткіші Нью-Делиде ашылғалы жатқанын зор қуанышпен мәлімдеді. Ол сөзінің соңында жиналған қауымға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов пен республика Парламенті Мәжілісінің спикері Орал Мұхамеджановтың құттықтауын жеткізді. Сондай-ақ, Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің құттықтау хатын вице-министр Ғазиз Телебаев оқып берді.
Бұдан кейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сахнаға мерейтой иелерін шақырып, оларға облыс жұртшылығы атынан сый-сияпат жасады. Ал халқымыздың айтулы ақыны Тұманбай Молдағалиев мерейтой иелерін құттықтай келіп, Абайға арналған өлеңін оқыды. Абай ұрпақтары атынан сөз алған ақынның жиені, республикалық Абай қорының директоры Балтабек Ерсәлімұлы облыс, қала басшылығына рахмет айтты. Осы орайда бұл тойға Абайдың тікелей ұрпақтары Ишағы мен Ғазел әжелер, Данияр бауырымыз, Омбыдан Көкбай ақынның ұрпағы Амангелді келгенін айта кеткеніміз жөн болар. Мұндағы мазмұнды жиын да Абай әндерімен өрнектеліп жатты.
Жұма күні қонақтар Абай ауданында болды. Олар жолай тарихи орындарға соқты. Ал Қарауылтөбеде ат жарысы, балуандар күресі өткізілді. Қонақтар Абай елінің атақты “Қаламқас” халық ансамблінің концертін де осы арада тамашалады. Қарауылтөбеде жиырмаға жуық киіз үй тігілді. Солайша той қонақтарын күтісуге абайлықтармен бірге, Аягөз, Бесқарағай және Бородулиха аудандары да өз үлестерін қосты. “Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз” деп Міржақып бабамыз айтпақшы, осындай мерекелі де берекелі шаралардан соң шындығында да Абай рухына жақындай түскеніміз анық.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
-----------------------------
Суретте: той көріністері.