Қыркүйектің 27-сінен қазанның 3-іне дейін Жапония астанасы –Токиода және осы елдің бұрынғы тарихи астанасы Киотода әлем жазушыларының халықаралық ұйымы – ПЕН-клуб өзінің 76-шы конгресін өткізді. Негізін 1921 жылы ағылшын жазушысы Джон Голсуорси қалаған бұл қоғамдық ұйымға бүгінде төрт құрлықтың 100-ден аса елінен 20 мың жазушы мүше. Штаб-пәтері Лондонда. Жазушылардың дүниежүзілік ұйымы ПЕН-клуб атауы poet, essayіst, novelіst деген ағылшынның үш сөзінің бас әріптерінен құралған. Яғни, ақын, жазушы, журналистер клубы. Ағылшынша “pen” – қазақша “қалам” болып та аударылады. Ұйым жыл сайын өзінің басқосуын әлемнің бір елінде өткізіп тұрады. Өткен жылы Венада өтті. Биыл Жапонияда өтті. Оған 80 елден 150 қаламгер қатысты. Ұйым мақсаты – қаламгерлердің сөз бостандығын, бас бостандығын қорғау және олардың аралас-құралас танысуына мүмкіндік тудыру.
Қазақстан жазушылары бұл ұйымға 1994 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен әдебиетіміздің ақсақалы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тікелей ұйымдастыруымен мүше болып енді.
Биылғы конгресті өткізуге жапон үкіметі мен жапон компаниялары 4 миллион АҚШ долларын салыпты. Жүзге жуық тілде сөйлейтін 150 қонақты күтуге 150 кісі тартылған. Қазақстаннан біз, белгілі журналист Бигелді Ғабдуллин екеуміз қатыстық. Екеуміздің де бұл Жапонияға тұңғыш келуіміз еді.
Біз барған күні, яғни қыркүйектің 27-сі күні кешкісін Жапонияның экс-премьері Куино Катаяманың әулеттік жайында (имениесінде) қабылдау болды. Егер де біз барар алдында Катаяма қызметтен түспегенде, онда біз премьерге “экс” сөзін қоспаған болар едік. Катаяманың әкесі де Жапонияның соғыстан кейінгі жылдардағы премьер-министрі болған. Осы үйде Куино Катаяма өмірге келіпті. Үйге келген қонаққа жапондар алдымен қара шаңырақта дәм беріп алып, әңгіме-дүкен құрып содан кейін бақ ішіндегі шайханаға шақырады екен. Сол дәстүр бұзылған жоқ.
Біз гүлдің неше түрі және небір пішінді қойтастар (жапондар қойтастарға қарап отырып та дем алатын көрінеді) қойылған бақ арасымен аяңдап бәкенедей ғана ағаштан салынған жер үй табалдырығын аттадық. Аяқ киімімізді есік алдында қалдырдық. Дәстүр солай. Қызметші келіншектер жадырап күліп екі бүктетіліп бас иіп сәлемдеседі. Біз де жапатармағай бас иеміз. Шағын залда орындықтарға жайғастық. Қарсы алдымызда кимоно киген биязы келіншек қонақтарға жапонша шай құю рәсімін бастады. Келіншек майысып алдымен ескі тас кесеге ағаш қасықпен ұнтақ шай салды. Бұл өзі көк шайдың жапырақ ұшынан жиналған ерекше түрі екен. Бұл шай бізге дәл осы қалпында ХІІ ғасырда Қытайдан әкелінген деп түсіндірді жапондар. От үстінде қайнап тұрған қақпақты шойын титтей қазаннан ожаумен су іліп алып оған екінші жақтағы ыдыстағы салқын судан тамызып бізге шай ұсынды. Кеседегі шай қазақтың бір ұрттауына әрең жетті. Келіншекке кесемізді қайта ұсындық. Бір жағынан бұл біздің шай дәмін дұрыс бағалағанымыз еді.
Бәріміз шай ішіп жатырмыз. Жапон жігіт түсіндіріп тұр. Жапон мәдениетінде шай ішудің мәні айрықша екен. Бұл – үй иесінің қонаққа деген үлкен ықыласының көрінісі. Өйткені, дастарқан басында жиналып шай ішу – ынтымақ, бірлік белгісі. Бақ-береке, өзара түсіністік, жақындық, танысу, табысу бәрі осыдан басталады. Өйткені, шай үстінде тек шынайы да шырайлы әңгіме айтылуға тиіс.
Біздің есімізге қазақы дастарқан түсті. Қазақ та қонаққа дастарқанымен бірге жүрегін жаяды емес пе. Қонақжайлық жалпы азиялықтарға тән қасиет болып шықты. Ал, жапондардың қонақжайлығы ерекше. Сізді күтіп жүрген ұлы да, қызы да жайылып жастық, иіліп төсек болады. Және қабақ шытуды білмейді. Мәз болып жүргені. Бізді ең таңғалдырған нәрсе осы болды. Жапондардың шайынан кейін Бигелді:
– Бізге де өстіп қымызды бренд жасау керек қой! – деді. Шынында да орынды арман.
Жапон шайы аяқтала бергенде бір еуропалық орнынан тұрып, жапон келіншегінің шай құйған шәугіміне бас иді, маңдай тигізді. Бұл балпаң басқан батыстың өз мәдениетін қастерлей білген жапон деген жампозға бас иіп құрмет көрсетуі болды.
Конгресс отырысында ертесіне 100-ге жуық ұлт пен ұлыс қаламгерлері бас қостық. Қарап отырсақ, ана отырған қара африкалықтар да, латын-америкалықтар да, мына отырған еуропалықтар да, азиялықтар да – әрқайсысы бір-бір мәдениет елшілері. Олардың тек киімі, тілі ғана емес, ділдері де бөлек. Соған қарамастан, бірігіп отырмыз. Біріктіріп отырған ортақ гуманистік идеалдар. Кіші халықтардың құрып бара жатқан тілдерін қорғауда да белсенділік танытып, сексенінші жылдары Барселона басқосуында “тіл құқығы” деген терминді де ЮНЕСКО-ның күн тәртібіне енгізген осы ПЕН-клуб. Ұйымның Лондон орталығында тіл проблемасымен айналысатын арнаулы комитет бар. Конгресте тіл мәселесі көтерілгенде қазақ делегациясы атынан кіші халықтардың тілін қорғауды тағы да Токио үндеуіне қосуды ұсындық. Бұл мәселе, тіл мәселесі ПЕН-клуб жиындарында бұрын да талай көтерілген. Біздің ұсынымыз қолдау тапты. Орыстың бүгінгі белді қаламгері Андрей Битов орыс тілін конгрестің жұмыс тілі етуді ұсынды. Оны да біз қолдадық. Жұмыс тілі ағылшын, француз, испан тілі болып табылатын конгресс төралқасы бұл ұсыныс қаперімізде болсын деді. Әлемнің әр елінде түрмеде отырған жазушыларға қолдау көрсету – ПЕН ұйымының бір парызы. Бұл жиында да түрмеде отырған Қытайдағы – 40, Вьетнамдағы – 19 және Мексика, Куба абақтыларындағы жазушыларды босату туралы үндеу қабылданды.
Әлемде қалыптасқан экологиялық апаттар туралы пікірлер ортаға салынды. Соның ішінде осы жолдар авторының Қазақстандағы қоршаған орта немесе Семей полигоны, Арал апатының зардаптары туралы сөзі де бар.
Алайда, ПЕН ұйымының басты мақсаты – жер жүзінде қалыптасқан барлық проблеманы шешу емес, жазушылар проблемасына көңіл аудару. Конгрестің басты мақсаты төрт құрлықтан келген жазушыларды өзара таныстыру, араластыру. Жеті күн ішінде талай әріптестерімізбен таныстық. Қонақүйдегі көршім моңғол жазушысы Ганбат Ринчин сыраға шақырды. Барсам, жанында шетелде босқында жүрген Кунтар атты Тибет қаламгері отыр екен. Ең қызығы, екеуі бір-бірінің тілін түсінбесе де рахаттанып сыра тартып отыр.
Бір-бірлеріңнің тіліңді ұқпай қалай түсінісіп отырсыңдар? – дедім.
Дініміз бір ғой. Екеуміз де буддист бауырлармыз ғой! – деп күледі Ганбат. Ганбат мені арқадан қағып:
– Сіздер, қазақтар, ұлы халықсыңдар! – дейді. Мен қалжыңы шығар деп түріне қарасам, шын айтып отырғанға ұқсайды. Менің ішім жылып қоя берді. Қазақстан жәйлі, Қазақстан, Елбасы жәйлі Швецияда тұратын ұйғыр жазушысы Қайсар Әбдірасул да жақсы пікір білдірді. Бір тәуірі бүгінде “Қазақстан” десең, әлемнің әр түкпірінен келген әріптестеріміз “Оу!” деп қалады. Хабардар екендіктерін білдіреді. Бұдан 15-20 жыл бұрын шетелдіктер “Қазақстан” десең, ойланып қалатын.
Әлі мемлекеті жоқ өз халқы үшін табанды айтысқан күрд қызының өжет бейнесі көз алдымда. Үзілісте:
– Бүгінде күрд тілінде қанша телеарна бар? – деп сұрадым.
– Отыз, – деп жауап берді. Мен өз құлағыма өзім сенбей қайта сұрадым.
– Отыз, – деп жауап берді күрд қызы тағы да. Күрдтер – Иракта, Иранда, Түркияда шашырап орналасқан ірі халық. Бірақ өз мемлекеті жоқ. Соған қарамастан, күрд тілінде 30 телеарна жұмыс істейтін болып шықты.
Қазақстанда қазақ тілінде толық хабар тарататын “Балапан” телеарнасының ашылуымен мен әріптесім Бигелдіні Токиода жүріп құттықтадым. Бір жеті ішінде біз Түркияда, Қытай, Ресей, Эфиопия, Жапония, Вьетнам, Испания жазушыларымен де танысып, кітап алмастық. Жыл сайын өтетін мұндай басқосудың маңызы әр ел қаламгерлері үшін осы танысулар ма деп қалдық. Конгреске бір Нобель сыйлығының лауреаты қатысты. Парижде тұратын қытай жазушысы Гао Синьцзянь. Сондай-ақ, Канаданың әйгілі қаламгері Маргарет Этвуд, мексикалық Омеро Ариджис болды.
Қыркүйектің 1-і күні Шинканзен деп аталатын ұшқыр экспреспен 570 шақырым қашықтағы Жапонияның Мэйдзи дәуріне дейін мың жыл астанасы болған Киотоға тарттық. Доңғалақпен емес, рельс үстіне магнит-көпшік арқылы көтеріліп тұратын бұл экспреске мінгеніңізде әдеттегі пойыздарда естілетін доңғалақ дүрсілі болмайды екен. Экспресс сағатына 210 километрлік шапшаңдыққа шыққан кезде бейнебір жер бетімен зымыраған ұшақтай.
– Мынау бір... жері кең Қазақстанға керек пойыз екен!!! – деді жолсерігім Бигелді.
– Шынында да Алматы мен Астана арасына осы пойызды жіберсе ғой, 4.30 сағат қана жүреді екенбіз, – деймін.
Жапонияда кемшілік жоқ десеңіз қателесесіз. Бәрі бірдей бай емес. Кедей де жетіп жатыр. Токио көшелерімен түнделетіп жүріп көрдік. Қала ортасында жер асты өткелде тас еденге картон қағаздар төсеп жіберіп, жапа-тармағай жатқан жұртты көресіз. Жүздеген кісі. Бәрі дерлік ер адамдар. Қалың киінген, басын әлденемен бүркеп алып ұйықтап жатқан қарақұрым халық. Өткел қабырғасына иероглифпен әлдене жазылыпты. Шамасы, осы жатқандардың үні болуы керек. Мен бұл жатысты саяси акция болар деп ойлағанмын. Сөйтсем, олай емес екен. Бұ жатқандар, біздіңше айтқанда, БОМЖ-дар болып шықты. Яғни, үйсіз-күйсіз, жұмыссыз тасмаңдайлар екен. Сонда барып біз 140 миллион халқы бар Жапонияда жылына 30 мың суицид (өз-өзіне қол жұмсау) орын алатынын түсіндік.Ел Парламенті – Диета алдында сөйлеген сөзінде Жапонияның жаңа премьер-министрі Наото Кан да жапондарды әлеуметтік қорғау арқылы суицидті қысқарту жолдарын сөз қылды (The Japan Tіmes. 03.10.10). Осы арада осынау суицид деген құбылыстың біздің елде де ашық айтылуға тиіс әлеуметтік проблема екені еске оралды.
Ұшқыр экспресс жол апшысын қуырып ұшып келеді. Көзіміз – төңіректе. Токиодан Киотоға жеткенше көк төбелі, орманды жазық 570 шақырым бойы бос жатқан жер көрінбеді. Бос жатыр деген алаңдардың өзіне күріш егілген. Токиодан Киотоға дейін қалашықтар тізбегі үзілмеді. Бос жатқан, күтусіз жатқан қарыс-сүйем жер жоқ. Жер қадірін білуді де жапондардан үйрену керек екен. Бір қызығы – жайылып жүрген мал көрінбеді. Сонда жапондар малын күндіз де қорада ұстайтын болғаны ма?!
Соңғы екі күнді Жапонияның 10 ғасыр бойы астанасы болған тарихи-мәдени орталығы – Киото қаласында өткіздік. Шынында да Киотоны жапон мәдениеті мен тарихының алып мұражайы десе болғандай.
Бізге Киото қаласының ортасындағы шоугуннің ескі резиденциясы қатты әсер етті. Жапон тарихындағы шоугуннің рөлін білмейді екенбіз. Шоугун қазіргі тілмен айтқанда – премьер-министр. Бірақ оның құдіреті ескі Жапонияда императордан үстем болыпты. Оны коушито, яғни император бекіткенімен, негізгі байлық та, билік те шоугуннің қолына шоғырланған. Бүкіл әскер самурайлар соған бағынған. Шоугун әдетте император-коушитоның қызына үйленуге тиіс болған. Бірақ одан ұрпақ көруге тыйым салыныпты. Өйткені, император ұрпағы тек император әулетінен ғана тарауға тиіс. Синтоизм сенімі бойынша коушито – император Тәңірдің тікелей ұрпағы. Сондықтан оған өзге қан араласпауға тиіс. Қолына бүкіл билік шоғырланған шоугун 1000 қызға дейін тоқал алуға құқылы болған. Солардан ұрпақ көрген. Шоугун императорға емес, император шоугунге келіп сәлем беріп тұрған. Өйткені, мемлекетті шоугун басқарған.
Киотода бізді Алтын Храмға алып барды. Бұл – жапон буддизмінің ең қастерлі ескі ғибадатханасы. Храмның жоғарғы екі қабаты алтынмен апталған. Осы бақта жапондардың буддизмге дейін ұстанған діні – синтоизм бойынша тасқа, ағашқа тәу ету дәстүрі де менмұндалап тұр. Мысалы, отырғызылғанына 600 жылдан асқан кәрі пэй ағашы. Діңгегі бұралып “билеп” тұрған пэй ағашын көруге көз керек. Бұталары аспанға қарап емес, көлденеңге тарбиып “қол” созып тұр. Жапырақтары әр бұтақтың ұшына ұйыса қонған жасыл бұлттай. Жапондар осы ағашқа тәу етеді. Жырлайды. Ғасырлар бойы қылқалам шеберлері оның суретін салып, ең қадірлі төрлерге іліп қояды. Шоугун отырған тақтың төр қабырғасында да біз алып пэйдің суретін тамашаладық. Токиодағы бүгінгі император Акихито сарайының алдындағы жасыл кілемдей таза алаңда да сіз “билеп” тұрған ғажайып пэй ағаштарын көресіз. Оның әдемілігінен көз ала алмайсыз. Жапондардың жалпы табиғат сұлулығына тәңірдей табынатынын паш етіп тұр. Осы арада табиғаттағы барлық нәрсенің иесі, киесі бар деп аялаған біздің арғы ата-бабаларымыздың сенімі болған тәңірлік еске түседі. Өздерін түбі Алтайдан шыққан халыққа жатқызатын жапондардың ескі сенімі – синтоизм мен тәңірліктің егіз баладай ұқсастығы назар аударады. Және осы синтоизмде бір құдайдың аты жапонша Тенри деп айтылатыны еске түсті. Біздің тұрмыс-салтымызда ұлы дін исламды қабылдағанымызға мың жылдан асса да әлі күнге дейін тәңірлік сенім іздері сайрап жатқанындай, Қытай арқылы буддизмді қабылдағанына ХV ғасырдай болса да жапонның да салт-сана, мәдениетінде синтоизм (өздері шинтоизм деп атайды екен) іздері сайрап жатыр. Дін демекші, Жапонияға бүгіндері ислам бара бастаған. Айтуларынша бұл елде 20 мыңдай кісі мұсылман. 5 мешіті бар.
Жапондардың дәстүрлі мәдениетінің орталығы – Киото қаласымен танысқаннан кейін бүгінгі Жапонияда тайталасқан екі мәдениет майданын көргендей болдық. Бірі – мыңдаған жылдық терең тамыры бар жапондардың дәстүрлі мәдениеті, екіншісі – 1968 жылғы Мэйдзи реформасынан кейін басталған батыс ықпалындағы жаңа индустриялық мәдениет. Бұл жаңа индустриялық мәдениетті мәдениет емес, өркениет деп атап жүрміз. Өркениеттің өз беті болмайды. Өйткені, өркениет ұлт мәдениетінің ғасырлар бойы толғатқан төл туындысы емес. 20 ғасырда орын алған ғылыми-техникалық төңкеріс туындысы. Былайша айтқанда, жалпыадамзаттық жаһанданудың бел баласы. Сондықтан да 20 ғасыр аяғында Киотода өмір сүрген атышулы жапон жазушысы Юкио Мисима Токиода басталған жаһандануға жан-тәнімен қарсы шыққан. Батыс ықпалындағы жаһандануды жапон мәдениетінің жауы деп білген. “Бетперде сыры”, “Алтын храм” атты романдарымен әлемге мәшһүр болған өрім жас Мисима Киотодан Токиоға барып аспанмен таласқан ғимараттың бірінің балконына шығып, халыққа өзінің соңғы сөзін арнаған. Сол жерде өз-өзіне харакири жасаған. Сөйтіп, төрткүл дүниенің төбе шашын тік тұрғызған.
– Мисиманың романдары әрбір жапон үшін қастерлі. Оны білмейтін жапон жоқ. “Алтын храмды” оқыған адам жапон жанын түсінеді... – Біздің гидіміз осындай ой таратты. Бұдан біз жапондардың өз әдебиетін, өз ана тілін кие тұтатынын ұқтық. “Мисиманы оқымаған жапон жоқ”. Бұл ой астарында не жатыр?! Бұл ой астарында 140 миллион жапон төл әдебиеті жауһарларын жатқа біледі деген сөз. Осылайша мыңдаған жылдар бойы төл мәдениетінің тал бесігінде тербеліп уызына жарыған ұлт болмысында бір ата баласындай ұйымшылдық тамыр салған. Бір жапон философының: “Біз, жапондар... бір-бірімізді Жер шарының қай жерінде кездестірсек те, бір-бірімізді көрген сәтте-ақ тілсіз, сөзсіз түсініп тұрамыз”, деп жазғаны еске түседі. Ұйымшылдық, ұлттық намыс – жапон менталитетінің басты ерекшелігі. Жапон ұғымында ата-анаға бағыну әлі күнге сақталған. Жапон философы Франсис Фукуяманың жазуынша, әлі күнге дейін жапондардың ұл, қыздары үйленгенде олардың таңдауына ата-анасы ықпал етеді. Отбасындағы әке беделіне сына түспеген. Осынау отбасы үлгісі жапондар істейтін компанияларда да сақталған. Әр қызметкер, жұмысшы өзі істейтін компания беделін өз отбасы беделіне балайды. Әр жапон үшін император басқаратын Жапония беделі әке басқаратын өз отбасы беделімен бірдей. Осыдан келіп 140 миллион жапон бір отбасындай ұйымшыл. Бүкіл ұлт – бір команда. Жапондардың табыс кілті осында.
Мисима жапондардың төл мәдениетін қызғыштай қорғады. Соған Мисиманың отаны – Киотода көзіміз жетті. Әсіресе, қара сөзбен Мисима жырлаған көк төбе үстіндегі Алтын храм және оны қоршаған бақ. Жапондардың дәстүрлі дүниетанымын паш етіп тұнып тұрған жұмақ бағы. Жапон сазын жақсы көруші едім. Музыка дүкенін табарын тапсам да тыңдап, таңдап тұруға уақыт болмады. Бірақ, осы олқылық орнын қоштасу кешіне арнап жапон жағы берген концерт толтырды. Концертті отызшақты қыз, отызшақты бала, отызшақты ер кісіден тұратын жүзшақты бишілер тобы атқарды. Олар екі жүздей қонақ жиналған кең залға айқара ашылған есіктен дүңкілдеген дауылпаз үні астында шұбыра билеп кірді. Бұл би біз көрмеген би еді. Бәрі де еңкейіп екі қолын алға созып, саусақтарын тарбитып дауылпаз үніне аяқ ұшымен билеп басады. Сахнаға шықты. Алғы шепте еңкейе жымиып билеп тұрған отызшақты қыз. Содан кейін балалар. Содан кейін ер кісілер. Дауылпаз үнімен еңкейіп тұрып билеп бізге таңсық, көзге таңсық бір қимылдар жасайды. Өнер сиқыры залды шапшаң баурап алды. Қонақтар бұл биге қатты елтіді. Самсап тұрған әлемнің төрт бұрышынан жиналған жұрт би ырғағына қосыла бастады. Осыны күткендей бишілер тізіле билеп қонақтарды ілестіріп залды айналып бәрін бір ырғаққа салып ертіп барады. Бұл жапонның ава биі екен. Енді бірде байқасақ, бәріміз, төрт құрлықтан келген қонақтар, ава биін билеп жапон бишілеріне еріп залды айналып кетіп барамыз.
Мисима қызғыштай қорыған мәдениет осы. Жапон жаны, тек жапон рухы ғана бар өнер. Алланың әр халыққа берген қайталанбас ұлттық рухы. Өнер соны паш етіп тұр. Дәстүрлі төлтума мәдениет. Жапонды жапон етіп сақтап тұрған құдірет. Біз сол сиқырға арбалдық. Таза ұлттық өнер сиқырына арбалдық. Би арқылы бізді билеп алған ғажайып ұлттық рух сұлулығына шомылдық. Зал толы еуропалық, азиялық, африкалық, америкалықтар болып жапон бишілеріне еріп билеп барамыз. Жаһанданудан жеңілмеген жапон мәдениетіне қол соғып барамыз. Ұлттық мемлекет құра білген жапон үлгісіне қол соғудамыз. Маған осы бір көрініс... жапондардың әлем халықтарын жинап алып... тарих алдындағы өз жеңісін тойлай бастағанындай әсер етті...
Өйткені, біз жеті күн жапон елінде болғанда бір ғасырға алға жүйткіп барып, адамзат болашағы – ХХІІ ғасырды көріп қайтқандай әсерде болдық.
Смағұл ЕЛУБАЙ.