АДАМ МЕН АТОМ АРАСАЛМАҒЫ НОРВЕГИЯ АСТАНАСЫНДА ӨТКЕН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА ӘҢГІМЕ АРҚАУЫНА АЙНАЛДЫ
“Түптің түбінде адамзат атом қаруынан ат құйрығын кесіседі. Жаппай қырып-жоятын қару келмеске кетеді. Ол күнді біз көрмесек те, балаларымыз көреді. Балаларымыз көрмесе, немерелеріміз көреді.
Сол кезде осы қасиетті іс қазақ даласында басталғанын еске алады адамзат.
Сол кезде осы қасиетті істі қазақ баласы бастап бергенін де еске алады адамзат.
Осыны ұмытпайық”.
Еуропа жаққа жол жүрердің дәл алдында ғана дабылдық данасы қолымызға тиген “Қашаған құрықтаған Қазақстан” атты кітабымыздағы “Қазақ даласында басталған” деген мақалада осылай жазған екенбіз. Ойлап отырсақ, сонда тым таусыла сөйлеген де сияқтымыз. Кейінгі кездегі оқиғалар адамзаттың жаппай ажал шашатын сол сұмдық қарудан құтылар күні соншалықты ұзаққа созылмауы мүмкін деген үмітті оятатындай да көрінеді.
Өзіңіз-ақ қараңызшы. Бұл салада едәуір өзгерістер жүріп жатыр.
2009 жылдың қыркүйегінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің саммиті болды ма? Болды. Онда әлем көшбасшылары ядролық қарудан ада дүниені қалыптастыруға деген ұмтылысын қуаттады ма? Қуаттады. Биылғы сәуірде Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөнінде жаһандық саммит өтті ме? Өтті. Дәл сол саммиттің қарсаңында Прагада АҚШ пен Ресей басшылары Барак Обама мен Дмитрий Медведев стратегиялық шабуылдаушы қару-жарақты қысқарту жөніндегі келісімге қол қойды ма? Қойды. Соның артынша, мамыр айында Ядролық қару-жарақты таратпау жөніндегі шарттың Шолу конференциясы ұйымдастырылды ма? Ұйымдастырылды.
Айналдырған бір жыл үшін осы жұмыс аз ба? Аз емес. Тіпті де аз емес.
Норвегия астанасында кеше ашылған “Ядролық қарудан ада әлем: ядролық қарусыздану, таратпау және экспортты бақылау стратегиялары” тақырыбындағы халықаралық конференция осы салада қол жеткенді бағамдауға, жаһандық қарусыздану мен таратпау ісіндегі келешекті айқындауға арналған.
Конференциядағы алғашқы арнау сөзді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Б.Саудабаевтың сөйлеуі Қанат Бекмырзаұлының ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы екендігімен ғана байланысты деуге әсте болмайды. Бұл арада, біздіңше, ол ең алдымен Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын елдің, адамзат тарихында атом қаруынан өз еркімен алғаш бас тартқан елдің – Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі ретінде осындай құрметке бөленіп отыр. Норвегия халықаралық қатынастар институтының директоры Ян Эгеландтың кіріспе сөзінен кейін конференция қатысушыларына арнауында Қанат Саудабаев біраз жайды қопара қозғады.
Еліміздің Мемлекеттік хатшысы конференцияға қатысушылардың баршасы осында ядролық қарусыз әлемге қол жеткізудің ізгі миссиясына өз үлестерін қосу үшін жиналғанын, бүгінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі Вашингтон саммитінің және Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың іс-әрекетін қарау жөніндегі шолу конференциясының қорытындылары бойынша ядролық қарусыздану үдерісінде төбе көрсеткен оң үрдістерге қолдау білдірудің өте маңызды екендігін, бұл жөнінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің “Бейбітшілік эпицентрі” атты кітабында атом қаруы сөзсіз бәленің өзі, сондықтан да ол жойылып бітпейінше, өзінің шынайы “жын-шайтандық” бейнесін көрсететін оқиға табылмай қоймайды, деп жазғанын, үстіміздегі жылдың сәуірінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның бұрынғы полигонның дәл кіндігіне барып, әлем мемлекеттерінің басшылары мен жұртшылығын Қазақстан өнегесімен жүруге шақырып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың полигонды жауып, ядролық қарудан бас тартуда айрықша көшбасшылық көрсеткенін атап өткені жөнінде айта келіп, бүгінде бүкіл әлем қауымдастығы жаһандық ядролық қатерді азайтуға және Ядролық сынақтарға баршаға ортақ тыйым салу шартын іске асыруға деген ерік-жігерін танытып отырғанын атап көрсетті. Бұл ретте Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы аталған Шартты АҚШ Президенті ел Сенатының бекітуіне ұсынғанын және Индонезияның осы Шартты ратификациялау жөніндегі шешімін жоғары бағалайтынын айта отырып, бірқатар елдердің Шартқа қол қоюдан және ратификациялаудан әлі күнге дейін бас тартып отырғанына өкініш білдірді.
Қанат Саудабаев Баршаға ортақ тыйым салу туралы Шарттың күшіне енуі Ядролық қаруды таратпау туралы Шартты тиімді іске асырудың шешуші бір бағытына айналатынын атап өтті. Сонымен бірге, бүгінгі таңда ядролық қарусыздану саласында халықаралық-құқықтық мәселеде жаңа, әлдеқайда табанды қадамдар қажет екенін айтты. Солардың бірі ретінде Бөлшектенетін материалдар өндірісіне тыйым салу туралы Шарттың жедел әзірленуі қажеттігін мәлімдеді.
“Барынша жедел түрде ядролық державалардың ондай қаруы жоқ елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беруі жөніндегі халықаралық құқықтық тұрғыда міндеттейтін құжатты әзірлеуге кірісуді өте маңызды деп санаймыз”, – деді Қ.Б.Саудабаев. Тек осындай кепілдіктер жекелеген ядролық қаруы жоқ мемлекеттердің, сондай қаруды өз қауіпсіздігінің кепілдігі ретінде қарастыратын мемлекеттердің ұмтылысына тиімді түрде қарсы қойылар еді дегенді жеткізді ол.
Өз сөзінде Қанат Бекмырзаұлы ядролық қарудан ада жаңа аймақтар құруға мұндай қадамның қажетті серпін беретінін айта отырып, Орталық Азиядағы осындай аймақтың құрылуына Қазақстанның бастамашы болғанын жеткізіп, Қазақстан өнегесі елдің өз дамуына қолайлы жағдайды және әлдеқайда тиімді қауіпсіздікті қамтамасыз еткенін қадап айтты.
Осынау мәртебелі мінберден, – деді Қанат Бекмырзаұлы, – Қазақстанның Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ядролық қарусыз әлемнің баршаға ортақ декларациясын әзірлеу жөніндегі бастамасының өзектілігі мен уақыт талап етіп отырғандығын тағы да қуаттағым келеді.
Қазақстан ашықтықты сақтай отырып, МАГАТЭ-нің қатаң бақылауы жағдайында ядролық энергияны бейбіт мақсатта пайдалануға әзір екендігі де, Ядролық отынның халықаралық банкін өз аумағында орналастыру жөніндегі ұсыныспен МАГАТЭ-ге қайырылғаны да атап айтылды.
2010 жыл, деді Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев, халықаралық қауіпсіздік саласында оқиғаларға толы болды. Мұның өзі барлық мемлекеттер мен олардың лидерлерінің проблемаларды бірлескен күш-жігермен шешуге, сөйтіп біздің әлемді бұрынғыдан гөрі қауіпсіз де тартымдырақ етуге деген табандылығының тағы бір дәлелі болып табылады.
Норвегия Сыртқы істер министрі Йонас Гар Сторенің арнау сөзінен кейін конференция пленарлық мәжілістерде жалғасты. Түске дейінгі “Ядролық қарусыздану стратегиялары” аталған 1-ші пленарлық мәжіліске қатысушылар Ресей Федерациясы мен Америка Құрама Штаттарының осы саладағы ынтымақтастығына лайықты баға берді, Қазақстанның тажал қаруынан өз еркімен бас тартуын үлгі ете сөйледі, сонымен бірге, ирандық және солтүстіккореялық бағдарламаларға алаңдаушылық білдірді, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу жөніндегі шарттың іске қосылуы мәселелерін талқылады. Мәжілісте ядролық қарудан азат аймақтар құру қозғалысының қарқыны (солардың бірі Орталық Азияда, Қазақстан бастамасы бойынша құрылған, ол құжатқа Семейде қол қойылған), сондай аймақтарды әлемнің басқа өңірлерінде құру жайын қарастырды. Мәжіліске Норвегия халықаралық қатынастар институтының бұрынғы директоры Сверре Лодгаард модераторлық жасады. Норвегияның радиациядан қорғау басқармасының бас директоры Уле Харбитцтің модераторлығымен өткен “Таратпау және экспорттық бақылау” тақырыбындағы пленарлық мәжілісте ядролық энергетикаға қызығушылықтың артуы бүкіл әлемде таратпау режіміне кәдімгідей қатер төндіре бастауы мүмкін деген қауіп ортаға салынды. Әсіресе, ядролық материалдармен сауда жасау мен экспорттық бақылауға көп көңіл бөлінді. Бұл мәжілісте бізден “Қазатомөнеркәсіп” ұлттық атом компаниясы акционерлік қоғамының президенті Владимир Школьниктің, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Атом энергиясы агенттігінің төрағасы Тимур Жантикиннің қатысып, сөз сөйлегені орынды болды. Қалай дегенде де бүкіл әлемдегі уран қорының ширек бөлігі бізде екені белгілі. Қалай дегенде де бүкіл әлем Қазақстан уранына көз қырын салып отыр. Ел өкілдерінің Қазақстанның бейбіт атом энергетикасын дамыту жөніндегі сөздері салмақты шықты деуге болады.
Сыртқы саясат саласына қызығушылық танытатындар Қазақстан-Норвегия қарым-қатынастарының қарқынына да, сипатына да назар аудармай тұра алмайды. Солтүстік полюске жақын жерде, бір қиырда жатқан Норвегияның (Қанат Бекмырзаұлының өзіне айтқызсаңыз, “біздің елдеріміз бір-бірінен онша алыс емес, екі елдің арасында бір-ақ мемлекет бар”) Қазақстан тәуелсіздігін жарты айдың ішінде (1992 жылдың 2 қаңтарында) танып, жарты жылдың ішінде (1992 жылдың 5 маусымында) бізбен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып үлгеретіндей не жөні бар екеніне таңдануға да болатындай. Ал дұрысында таңданатын түгі жоқ. Әлемдегі аса ірі мұнайлы мемлекеттердің бірі ретінде танымал (елдің Мұнай қорында 400 миллиард долларға жуық ақша қордаланып тұр!) Норвегия Қазақстанның көмірсутектері байлығын салған беттен-ақ білген, бағалаған. Президент Н.Ә.Назарбаевтың Норвегия Корольдігіне 2001 жылдың 2-4 сәуір күндері жасаған ресми сапарынан бері екі елдің ынтымақтастығы жаңа сатыға көтерілді. Бұған бір жарқын мысал ретінде 1993-2009 жылдар аралығында Қазақстан экономикасына салынған норвегтік инвестиция көлемі 82,5 миллион АҚШ долларына тең екенін айтудың өзі жеткілікті болар. Кейінгі кездегі қарқын тіпті бөлекше. Журналистерге осындағы дипмиссия қызметкерлері (дипмиссия демекші, сауда айналымы жаңағы айтқан санның ширегіне де жақындамайтын кей елдерде құрылып жататын елшіліктің осындай қуатты елде, әлемдік саясатқа баға беруде өз орны бар елде әлі күнге құрылмай келе жатқанына таңданатынымызды сөз арасында болса да айта кетелік) дайындап берген анықтамалық материалда биылғы бірінші тоқсанның өзінде 15,1 миллион долларлық норвег инвестициясы елімізге келгені жазылыпты. Бір жақсы жері – Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев Норвегиямен жан-жақты байланыстарға тиісінше көңіл бөліп-ақ келеді. Алдыңғы жылы, 2008 жылдың 14-17 мамырында осы Ослоға Қанат Бекмырзаұлының ресми сапарын газет бетінде көрсетуге келгенбіз. Мемлекеттік хатшының Король Харальд V-пен, ел үкіметінің басшысымен, сыртқы саясат ведомствосы жетекшісімен кездескенін көргенбіз. Қанат Саудабаев Норвегияға өткен жылы да келіп кеткен, “Ядролық қарусыз әлем құру жолындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту” аталған Қазақстан-Норвегия семинарында сөз сөйлеген. Биыл, міне, тағы келіп отыр. Осындай сапарлардың арқасында Норвегия Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығын қолдаған елдердің де алғы тобында болды. Қазақстанда ЕҚЫҰ Саммитін шақыру идеясын қолдаған елдердің де алдынан табылды. Норвегия Стортингінің (ел Парламенті) президенті Д.Андерсенмен, Қорғаныс және халықаралық қатынастар комитетінің мүшелерімен пікір алмасудың нәтижелі болатыны да, тақ мұрагері – Кронпринц Хоконмен (король қазір науқас) кездесудің екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамытуға соны серпін қосатындығына сенетініміз де сондықтан. Норвегия Сыртқы істер министрі Й.Сторенің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың құрметіне берген кешегі қонақасы кезінде Қазақстанның Ұйымға төрағалығына жоғары баға берілді, екі елдің қарым-қатынастары барлық салада жаңа биікке шығатындығы жөнінде айтылды.
Норвегияның ресми қабылдаулар үйінде екіжақты құжаттарға – Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Норвегия Корольдігі Үкіметінің арасында тұлғалардың Риад миссиясы (мемлекеттің өз азаматын депортациялауға келісім беруі) туралы, сондай-ақ дипломатиялық паспорт иелерін виза алу талабынан босату туралы келісімдерге қол қойылды.
Қол қою рәсімінен кейін журналистер үшін ұйымдастырылған шағын брифингте Норвегия Сыртқы істер министрі Й.Сторе Қазақстанның қарусыздану үдерісінде түйінді рөл атқарып отырғанын атап өтті. “Астана Саммитіне 49 күн қалды. Норвегия Саммитті ойдағыдай өткізу үшін Қазақстанға қолдан келген көмектің бәрін де жасайды. Саммит Қазақстанның табысты төрағалығын тамаша түйіндейтініне сенемін. Қазақстан төраға ретінде өзіне өзі ерекше тест ойлап тапты. Енді сол тесті мүдірмей тапсырғалы отыр. Норвегия 1999 жылы, Ыстамбұл саммиті өтетін жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен ел. Сондықтан да біз бұл мәселенің қандайлық жауапты екендігін жақсы білеміз”, деді Й.Сторе.
Норвегия – қай жағынан да бөлекше құрметтеуге лайықты мемлекет. Ежелгі ер викингтер ұрпақтарының сыртқы саясаттағы дербестігінің өзі-ақ қызығарлықтай. Екі нәрсені ғана айтайықшы. Біреуі – Палестина-Израиль текетіресі, екіншісі – Ауғанстандағы ахуал болсын. Норвегия Израиль әрекеттерін агрессия деп сипаттап, келіссөздерде ымыраға келуге ұмтылмайды деп санаумен шектеліп қана отырған жоқ, Норвегия Палестина автономиясына тұрақты түрде көмектесіп келеді – биылғы ақпан айында кезекті 50 миллион доллар көлемінде транш төлемін жасаған. Норвегия Сыртқы істер министрлігінде әлем мемлекеттеріне гуманитарлық, материалдық және техникалық көмек көрсетумен айналысатын арнаулы ведомство бар. Сол ведомство Ауғанстанға жыл сайын 121 миллион АҚШ долларын аударып отырады. Мақаланың орта тұсында елдің Мұнай қорында 400 миллиард доллардай ақша жиналып тұрғанын жазғанымызға қарап, Норвегияны қаржысын қайда шашарын білмей жүрген мемлекет санап қалмаңыз. Байлығы Норвегияны бірнеше орап кететін кей елдер тарапынан да мұндай ірілікті көре қоймаймыз. Мәселе норвегтердің мына жаһандану заманында бүкіл әлем тағдыры тұтасып кеткенін сергек сезінуінде, дүние дүбірлеп тұрса, оның дүңкілі Скандинавия түбегіндегі бақуатты бұл елге де жетерін білетіндігінде.
Қанат Саудабаевтың екі күндік ресми сапары, ядролық қарусыздану қарқынын қарастырған халықаралық конференция қорытындылары қазақ даласында басталған, қазақ баласы бастаған ұлы іс нақты жалғасын тапқанын көрсетіп отыр. Бұл істің шын бағасын, лайықты бағасын Уақыт беретініне, оның игілігін Болашақ көретініне біз күмән келтірмейтінімізді дәл осы күндерде, дәл Норвегия астанасынан жолдаған мақалада қадап айтуды қажет деп білеміз.
Атом қаруын адам ойлап тапқан. Өзі ойлап тапқан қаруды адам өзі құрта алады. Солай болады. Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ядролық полигон жабылған күн – 29 тамызды дүние жүзінде ядролық қаруға қарсы күрес күні ретінде атап өту жөніндегі тікелей Қазақстан Президентінің ұсынысына Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдау білдіріп, сол күнді Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялауы солай болатынына тағы да сендіре түседі.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ, “Егемен Қазақстан” – Ослодан.