Алатау баурайындағы “Ақбұлақ” кешенінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін өткізу туралы түпкілікті ұйғарымға алғышарт жасалған болатын
Үстіміздегі жылдың 16-18 шілдесі күндері Алматы түбіндегі “Ақбұлақ” спорт-сауықтыру кешенінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға (ЕҚЫҰ) мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі болып өткені белгілі. Бұл алқалы жиынға “бейресми” деп айдар тағылғанымен, оның салмағы кейбір “ресми” деп аталатын басқосулардан айтарлықтай артықтау шықты. Өйткені, Ұйымға мүше елдердің бәрінен өкілдер келгені өз алдына, осы ауқымды кездесуде биылғы жылы Қазақстанда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшылары саммитін ұйымдастыру қажет деген ұйғарым жасалып, алдағы желтоқсан айының 1-2-сі күндеріне белгіленген жоғары деңгейдегі басқосуға негіз қаланған болатын.
Сөйтіп, еліміздің Еуропа төріндегі төбебилігі тамаша табысқа жеткізетіні, ЕҚЫҰ-ның жаңа мыңжылдықтағы, яғни ХХІ ғасырдағы Мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы саммиті Қазақстан төрағалығы тұсында өтетіндігі күмәнсіз ақиқатқа айналған еді. Бұл жәйт Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ұсынысымен және басшылығымен Ұйым төрағасы ретінде Қазақстан жүргізіп жатқан іс-әрекеттер әлем елдері тарапынан қолдау тауып отырғанының айқын көрінісі де болатын. Осы қатарда мемлекеттер арасындағы даулы мәселелерді шешуге қос тарапты да иліктіруге ұмтылыс, Қырғызстандағы төңкерістен кейін қалыптасқан шиеленісті жағдайды сабасына түсіру, Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру үшін қам жасау, бұдан жиырма жылдай бұрын өзінің тікелей үлгі-өнеге көрсетуімен ядролық қауіпсіздікке бар мүмкіндігін жұмсай отырып үлес қосу және нақты нәтижелерге қол жеткізу, өз төрағалығын пайдаланып, Еуропа мен Азияның, Еуропа мен мұсылман әлемінің арасын жақындату сияқты іс-шараларды атай кеткен жөн.
Жалпы, еліміз бүгінде алыс-жақынды елеңдеткен елеулі тірліктер атқарып жатыр. Отанымыз, тұтастай алғанда, жақсы да жағымды кезеңдерді басынан өткізуде. Тәу етер тәуелсіздігімізге қол жеткізгенімізге бар-жоғы 19 жыл енді толатынын ескерсек, мемлекет болып қалыптасу жолында алған асуларымыз бен бағындырған биіктеріміз аз емес екенін айқын ұғынамыз. Осы орайда, мемлекет те адам сияқты деген қағидат еске түседі. Демек, мемлекеттің де өз мінезі, жаратылысы болуы тиіс. Бір адамды танып-білудің өзі оңай шаруа емес, ал мемлекетті тану, таныту қиынның қиыны болса керек. Қазіргі кезде Қазақ елін дүние жүзі таниды десек, ақиқаттан тым алшақ кетпегеніміз. Мұның сырын бүгінде Отанымыздағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін анық біліп, түсінеді. Яғни, осының бәрі сұңғыла саясаткер, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін тер төге еткен еңбегінің нақты нәтижесі болып табылады.
Басқасын айтпағанда, Қазақстан басшысының әлемдегі қауіпсіздік мәселелеріне байланысты батыл қадамдары мен тың бастамалары жаһандағы аса ірі деген мемлекет басшылары тарапынан, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінен қолдау тауып келеді. Осындай игі де тағдыршешті бастамалардың арқасында еліміз ЕҚЫҰ сияқты әлемдегі беделді ұйымға төрағалық етіп қана қоймай, 11 жылдан бері өтпей келген ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін ұйымдастыратын болып отыр. Қазақстан Президенті Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі шеңберінде өткен үлкен конференцияда сөйлеген сөзінде ЕҚЫҰ Саммитін өткізу “Ядролық полигонды бірінші болып жауып, ядролық қарудан толық бас тартқан біздің халқымызға деген құрметтің көрінісі болар еді”, деген-тін. Әлемдік қоғамдастық шын мәнінде Қазақ еліне, халқына үлкен құрмет көрсетті. Және де осы арқылы жауапкершілік те жүктеді, сенім де артты. Ал Отанымыздың бұл үдеден шығатынына еш күмән жоқ.
Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен Қазақстанның ЕҚЫҰ секілді беделді халықаралық ұйымға төрағалық етуі – еліміз тұрғындары үшін қайталанбас қазына. Нұрсұлтан Әбішұлының өзі айтқандай, 1975 жылы әлемнің картасынан дербес мемлекет ретінде орын алып үлгермеген Қазақстанның 35 жылдан кейін оны басқаратыны, сірә, ешкімнің қиялында да болмаған нәрсе. Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің соңғы бейресми кездесуіне келген мәртебелі меймандар мен лауазымды адамдар ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап отырған елімізге өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдірді. Өйткені, Қазақстан дүние жүзін өз төрағалығының алғашқы күндерінен бастап белсенді әрекеттерімен тәнті етті. Яғни, төрағалық ету – тек төрде отыру емес екенін, өзінің бұл лауазымға сол үшін ғана келмегенін дәлелдеуге ұмтылды. Мұндай белсенділік халықаралық қоғамдастық тарапынан оң бағасын алып отыр.
ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің Алматы түбіндегі бейресми басқосуы Қазақстанның әлем мемлекеттері алдындағы беделін одан бетер көтере түсті. Біздіңше, бұған дейін Ұйымға төрағалық еткен ешбір ел әлемдік мәселелерді дәл Қазақстан секілді ауқымда қамти алған жоқ. Ал Қазақстан төрағалық тізгінін қолына алысымен, өз міндетіне бел шеше кірісіп кетті. Таулы Қарабақ, Днестр жағалауы, Қап тауы, Ауғанстан проблемаларын оңалтуға ұмтылыс танытты. Шетін жағдайлардың күрделенбеуі, шиеленісті ахуалдардың ушықпауы үшін жұмыстанды. Жанжалдасушы тараптарға бәтуа ұсынды. Ең бастысы – Қырғызстандағы сәуір төңкерісінен кейін елді төніп тұрған төте қатер – азамат соғысынан сақтап қалды. Одан кейінгі жағдайды да өз бақылауында ұстап келеді. Төңкерісшіл қырғыз халқына алғаш болып жәрдем қолын созған да Қазақ елі болды, яғни 11 миллион доллардың гуманитарлық көмегін жөнелтті.
Ақиқатында, мына аумалы-төкпелі заманда бейбіт өмірден қымбат ешнәрсе жоқ екені – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Адамзат атаулының бір-бірімен жауласпай, тату-тәтті, ынтымақта болғанына ештеңе жетпейді. Ал әлем елдерінің достығын, ынтымағын қалыптастыру саясаткер еңбегінің, оның саяси қызметінің бір қыры десек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысында үлкен өзгерістерге бетбұрыс жасауға ұмтылыс танытып келеді. Мұны халықаралық беделді ұйымдар мен көптеген мемлекеттердің басшылары, аузы дуалы саясаткерлері мойындап отыр.
Бұл айтылғандардың барлығы Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің “Ақбұлақ” спорттық-сауықтыру кешенінде ұйымдастырылып, өзіміз куәгері болған бейресми кездесуінде айшықтала түсті. Осы бейресми кездесуге арнайы келіп қатысқан ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо былай деген болатын: “Мүдделердің шешімділігі мен ортақтығы Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың тиімділігі мен жиілігін талап етеді. Осындай жоғары белсенділікті өзінің ЕҚЫҰ-ға төраға мәртебесі және “Корфу үдерісі” арқылы әрекет жасай отырып, Қазақстан көрсетіп келеді”. Бұл пікір өте орынды білдіріліп отыр. Өйткені, Ұйымның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев нақ осы “Корфу үдерісін” белсенді түрде ілгерілетуде.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ның қағидаттары аясындағы іс-әрекеттері мен белсенді қызметі, тұтастай алғанда, өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарауы Ұйымның келесі және одан кейінгі төрағалығын атқаратын елдерге үйренетін үлгі болатыны күмәнсіз. Осы орайда ЕҚЫҰ-ның келесі төрағасы – Литва мемлекетінің сыртқы істер министрі Аудрониус Ажубалистің: “Шынымды айтсам, мен Қазақстанға Алматыда өтетін бейресми кездесуге қатысу үшін ғана емес, сонымен бірге, Литвамен тығыз қарым-қатынастағы, достық пейілдегі елге шын жүректен шыққан ізгі тілекпен де келіп отырмын. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саммит өткізу туралы бастамасы әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау табатыны сөзсіз. Себебі, соңғы 11 жыл бедерінде әлемдегі әлеуметтік, саяси-экономикалық ахуал айтарлықтай өзгеріске ұшырады. Осының бәрі жоғары деңгейде реттестіруді қажет етеді. Сондай-ақ, Қазақстанның өзге де ұсыныстары Еуроодақтың қару-жараққа бақылау жасау, Ауғанстандағы жағдайды реттеу сияқты және тағы басқа бағдарламаларымен сәйкес келеді. Ең бастысы – Қазақстан және менің әріптесім – ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы Қанат Саудабаев Қырғызстандағы дағдарыс кезінде іскерлік танытып, оған БҰҰ, Еуроодақ сияқты халықаралық ұйымдарды тарта білді және ондағы азамат соғысының одан әрі белең алуына тосқауыл қоя алды”, деп шынайы көзқарасын білдіруінен осыны аңғарамыз.
Иә, Ұйымға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші елдің басшысы ретінде биыл Астанада Ұйым Саммитін өткізудің ұтымды тұстарын жан-жақты түсіндіріп берген болатын. Және мұндай таңдаудың жәй ғана бір кезекті таңдау емес екенін ұқтырған еді. Бүгінде біз 11 жылдан кейін өткелі отырған саммит шын мәнінде тарихи таңдау болды деп нық сеніммен айта аламыз. Қазақстан басшысының “Біз қиын таңдау жасадық” деген осы бір қысқа да нұсқа ой түйінінің арғы түкпірінде он ойланып, жүз толғанған, нәтижесінде Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізу қажеттілігіне өзінің де, өзгенің де көзін айқын жеткізе білген көл-көсір көрегендік жатқаны тағы күмәнсіз. Өйткені, не нәрсеге де аргумент, қисын мен айғақ керек. Мұнсыз кез келген идея, бастама немесе қолға алған іс ілгері жылжымайды. Ал ЕҚЫҰ Саммитін кезекті бір қарапайым идея, қарабайыр бастама деп айта алмасақ керек. Керісінше, мұны ұлы идея, ұлы бастама дегеніміз жөн.
Елбасы тарапынан көлденең тартылған дәлелді айғақтар мен ойлы ұсыныстар, пайым-парасатқа толы ұстанымдар бейресми саммитке қатысушылардың көңілдеріне қонғаны айқын көрінді. Яғни, “Ақбұлақ” кездесуінде Астанада Ұйым Саммитін өткізу жөніндегі шешімнің қабылдануына басты алғышарт жасаған Қазақстан басшысының шегелей айтқан орнықты да орынды, тиянақты да тұжырымды ұстанымдары болды. Міне, нақ осы себепті бастама бейресми кездесуге қатысушылар тарапынан толық қолдау тапты.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының Еуропа үшін бір саясат, Азия үшін мүлдем басқа саясат әзірлеудің мүмкін еместігі жөніндегі ой-тұжырымдары да “Ақбұлақ” кездесуін мазмұн жағынан байыта түсті деп санаймыз. Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің дағдарыстан кейінгі әлемнің ортақ та біртұтас картинасын жасауға талпыныс танытқаны да бейресми басқосудың мәртебесін биіктетті. Осы арқылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы сол кездің өзінде-ақ жаңа бір мазмұндық сатыға көтерілді.
Нұрсұлтан Назарбаев бейресми кездесуде сөйлеген сөзінде қазіргі кездегі халықаралық қоғамдастықты алаңдатып отырған проблемаларға жан-жақты тоқтала келіп, оларды шешу жолдарын қарастырудың маңызы аса зор екенін де атап көрсетті. Осы тұрғыдағы өзінің ой-пайымдарын да бүкпесіз ортаға салды. Қазақстан басшысы сөзінің қорытындысында былай деді: “...ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшыларының саммитін 2010 жылы өткізу біздің халықтарымызға және әлемдік қоғамдастыққа Ұйымның “Хельсинкиден Астанаға дейінгі” эволюциясын көрсетуге бірегей мүмкіндік береді.
Біз өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ та біз одан тағылым алуға және болашаққа деген ортақ көзқарасымызды анықтауға міндеттіміз.
ЕҚЫҰ “қырғи-қабақ соғыс” уақытында ғана емес, сонымен бірге, бүгінгі күні де тиімді болып, осы заманғы жаһандық саясат пен экономиканың жанды жасушасына тығыз тоқылғандығын дәлелдеуі тиіс.
Бұл саммитті өткізу... сонымен қатар, ЕҚЫҰ-ның еуропалық және азиялық бөліктерін біріктіру факторына айналар еді”.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін түйіндей келгенде, жоғары деңгейдегі кездесу, яғни ЕҚЫҰ-ға мүше Мемлекеттер басшыларының Астана Саммиті Ұйымның осы заманғы сынақтар мен қауіп-қатерлерге бейімделуіне қуатты серпін беріп қана қоймай, сонымен бірге, ЕҚЫҰ-ның өзінің беделін арттырып, оның еуропалық және еуразиялық қауіпсіздік архитектурасындағы рөлін күшейтеді деп нық сеніммен ой түюге болады.
Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев бейресми кездесудегі сөзінде Ұйымға мүше және әріптес елдерден келген ұзын саны 67 өзінің әріптесі мен олардың мәртебелі өкілдері посткеңестік кеңістікте, Еуразия кіндігінде өтіп отырған осындай кең көлемді басқосуға тұңғыш рет жиналғанына назар аудартты. Және кездесуге қатысушылардың ой-ниеттері мен ұстанымдарын Алатаудың тамаша, мөлдір ауасы секілді таза да кіршіксіз деп санайтынын жеткізе келіп, Қазақстан Көшбасшысының Еуроатлантикалық және Еуразиялық орасан зор кеңістікте қауіпсіздік пен ынтымақтастықты одан әрі нығайту жолдарына, ЕҚЫҰ-ны осы заманғы нақтылықтарға, сынақтар мен қауіп-қатерлерге бейімдеуге деген стратегиялық көзқарасы кездесулер барысындағы пікірталастарға айрықша маңыздылық, жоғары шынайылық беретініне сенім білдірді және үлкен жауапкершілік те жүктейтінін қаперге салды. Содан кейін жиналғандар алдында “Корфу үдерісі” аясында қол жеткізілген прогреске баға беру және оны одан әрі дамытудың перспективасы мен нақты өлшемдерін анықтау, ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздіктің барынша өзекті проблемаларын талқылау, және ең бастысы, үстіміздегі жылы Астанада Ұйым Саммитін өткізу және оның күн тәртібі жөнінде шешім қабылдау міндеттері тұрғанын атап көрсетті... Бейресми кездесу соңында Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл халықаралық қоғамдастық үшін аса маңызды шешім – 2010 жылы Астанада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның Мемлекет басшылары деңгейіндегі саммитін өткізудің қажеттілігі туралы бірауызды шешім қабылданған болатын.
Бейресми кездесуге жиналғандар оның алдында Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығына аса жоғары баға берген еді. Мұны біз еліміздің атқарып келе жатқан жұмысына берілген лайықты баға деп қабылдағанбыз.
Тегінде, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету оңай іс емес. Ал жоғары деңгейдегі саммит ұйымдастырып өткізу – одан да қиын шаруа екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен, Қазақстан Отанымыз үшін жауапкершілігі ұшан-теңіз міндетті абыроймен атқарады деп сенетінімізді тағы да қайталағымыз келеді.
Самат МҰСА.