15 Қазан, 2010

Аграрлық саланы дамыту — азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі

781 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Ауыл шаруашылығының қай саласында болсын, рыноктағы сұ­ранысы жоғары, бәсекеге қабілетті және сапалы өнім өндіру – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Ал, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету дегеніміз – барлық қажетті саналатын отандық өнім түр­леріне халықтың еркін қол же­тімділігін қалыптастыру, импортқа тәуелді болмау деген сөз. Елбасымыз өзінің үстіміздегі жылғы Жолдауында бұл міндеттерді атқару, таяудағы он жылдықта экономиканың дамуын жедел әртараптандыру және ұлттық эко­номиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз еті­летіндігін, ал, бұл міндет өндіріске инновациялар мен жаңа техноло­гиялар енгізу арқылы ғана шеші­летіндігін атап өтті. Осы міндеттерге сәйкес, біз об­лыста, агроөнеркәсіптік кешенді да­мытуда біріншіден, еңбек өнім­ді­лігін арттыруға, сондай-ақ, сол ар­қылы азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге және  өндірген өнім­деріміздің экспорттық әлеуетін кө­те­руге бағыттап отырмыз. Бұл орай­да, азық-түлік кәрзеңкесіне кіретін, әлеуметтік мәні зор тамақ өнім­де­рінің 20 түріне талдау жасау бары­сында, біздің облыс  ұн, сүт, ет, макарон өнімдері, қызанақ, қияр, картоп, пияз, қауын-қарбыз және басқа да барлығы 12 өнімнің түрі бойынша өзін-өзі толық қамтама­сыз ететіндігі анықталып отыр. Ал, халық мейлінше көп тұтынатын сары май, құс еті, жұмыртқа, өсім­дік майы, күріш, шұжық сияқты өнімдердің бірқатар түрлерін  облыс әлі де сырттан әкелуге тәуелді. Осыған байланысты облыс ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру­шілері алдына  агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті 2014 жылға қарай кем дегенде 2 есеге арттыру жөнінде міндет қойылып отыр. Ол үшін ауыл шаруашылығы мен мал өнімдерін мол өндіріп, оны қайта өңдеуді, қайта өңдеу кәсіпорын­дарын жаңа құрал-жабдықтармен жабдықтауды, өндіріске жаңа тех­нологиялар енгізуді, қолға алынған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды алғашқы міндеттер қата­рына шығарып, осы бағыттарда бү­гіннен бастап жұмыс жүргізудеміз. Мысалы, егін шаруашылығы саласында  әртараптандыру жүйесін сақтай отырып, күздік бидайды тек қана облыстың ішкі қажеттілігіне жететін көлемде ғана өндіріп, оның есесіне, алдағы уақытта ауыспалы егістік талабына сай, жоғары рентабельді, рыноктағы сұранысы жоғары – майлы дақылдар, қант қызылшасы, бұршақ тұқымдас өнімдер, жеміс-көкөніс және мал азығы дақылдарына басымдық беріліп отыр. Үстіміздегі жылы облыс бойынша ауыл шаруашы­лығы дақылдары себілген алқаптар көлемі 505,8 мың гектарды құрап, 2009 жылмен салыстырғанда 34,8 мың гектарға немесе 7 пайызға арт­ты. Биыл облыс бойынша масақты дәнді дақылдар 230,2 мың гектар алқаптан  жиналып, әр гектардың орташа түсімділігі 15,9 центнерден айналып, барлық алынған өнім 366,0 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 215,5 мың тоннасы – күздік бидай, 151,0 мың тоннасы – жаз­дық арпа болды. Биылғы алынған астықтың жалпы түсімі (215,5 мың тонна) облыстың азықтық бидайға деген ішкі сұранысы (178,9 мың тн.) мен қажетті тұқым көлемін (30,0 мың тонна) толық қамтамасыз етеді. Енді алдағы 2011 жылы облыстың азық-түлік қауіпсіздігін сақтау және ішкі қажеттілігімізді азықтық би­даймен қамтамасыз ету үшін барлық аудандарға тиісті тапсырма-жоспарлар беріле отырып, облыс бойынша күздік бидайды 151,6 мың га көлемінде егу тапсырылды. Көп жылдардан бері облыста алғаш рет қант қызылшасын өсіру қолға алынып, биыл оның көлемі 5,0 мың гектарға жеткізілсе, алдағы жылы қант қызылшасы дақылын 7,0 мың гектарға егу көзделуде. Сараптаушылардың мәліметтеріне сәйкес, қазіргі кезде республика бойынша шығарылатын ақ қанттың 95 пайызы импорттық шикізат – қант құрағынан (тростниктен), ал қалған 5,0 пайызы ғана отандық қант қызылшасынан өндіріледі. Осы себепті, ақ қанттың әлемдік рыноктағы бағасы да, Қазақ­стан­дағы бағасы да негізінен осы им­порттық шикізат – қант құрағына (тростникке) байланысты болып отыр. Қазір еліміздің кейбір өңір­лерінде 1 кг қант бағасы 170-180 тең­геге жетіп отыр. Оның біздің об­лыстағы бағасы да осыған шамалас. Бұдан шығатын қорытынды – біз өз қант зауыттарымызды қант қызылшасымен жұмыс істеуге көшіру үшін,  оларды қант қызыл­шасы шикізатымен жеткілікті кө­лемде қамтамасыз ету шараларын жасап, облыста егілетін қант қы­зылшасы алқаптарын жылдан-жылға ұлғайта түсуіміз қажет. Бұл үшін мемлекет тарапынан тиісті қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, үстіміздегі жылы Үкі­меттің тиісті қаулысымен бекітілген ережеге сәйкес, қант қызылшасын өсірушілерге қант қызылшасының әрбір гектары үшін – 24500 тең­геден, ал қант зауытына өткізілген қант қызылшасы шикізатының әр­бір тоннасына – 400 теңгеден, өнеркәсіптік үлгідегі тамшылатып суару жүйесін қолданып өсірілген қант қызылшасының әрбір гектарына – 50 мың теңгеден субсидия төлеу белгіленді. Егер субсидия мөлшерлері көбейе түссе, шаруаларға көп көмек болар еді. Қазіргі кезде облыста қант қызылшасын өсірушілер мен қант зауыттары арасында өзара тиімді ықпалдастықпен жұмыс істейтін әріптестік қатынас орнатылып, ол жөнінде тиісті меморандумға қол қойылып, сол бойынша нақты жұ­мыс­тар жүргізілуде. Аудандардағы сер­вистік-дайындау орталық­та­ры­мен қатар, қант зауыттары жа­нынан да шаруашылықтарға жыл аяғында өткізілетін өнім есебінен техни­ка­мен, тұқыммен, минералдық тың­айт­­қыштармен көмектер көр­се­те­тін сервистік орталықтар ашылуда. Облыста қант қызылшасын өсі­руге қажетті техникаларды “Тараз” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясының аудандарда жұмыс істеп жатқан сервистік-дайындау орта­лық­тары арқылы алу жұмыстарын ұйымдастыру ұсынылып отыр. Өйт­кені, көптеген шаруашылық субъек­­тілері өздеріне жеке– техникалар алуға, әзірге қауқарсыз. Қазіргі кезде рынокта сұранысқа ие дақылдардың қатарына майлы дақылдар: мақсары, соя, рапс өнімдері де жатады. Алдағы жылы облыс бойынша аталған майлы дақылдардың егу көлемін облыс бойынша 62,0 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Ал үстіміздегі жылы облыс бойынша майлы дақылдар 57,8 мың гектардан жиналады. Облыста майлы дақылдарды жинау жұмыстары енді ғана басталды. Бұл өнім жиналып біткен соң, оны қайта өңдеу өндірістеріне сатып, өткізу міндеті тұр. Облыста көкөніс, бақша өнім­дері облыс тұрғындарының сұра­ныс­тарын толық қанағаттандыру­мен бірге, еліміздің басқа өңірлеріне шығарып сатуға да жеткілікті өн­діріледі. Облыс шаруашылықтары жалпы республика бойынша өнді­рілетін көкөніс өнімдерінің 30 пай­ызға жуығын өндіреді. Үстіміздегі жылы облыс бойынша көкөніс өн­ім­д­ері барлығы 17,9 мың га алқап­тан жиналатын болса, бүгінгі күнге оның ішінде, қызанақ өнімдері 3,0 мың гектардан, қияр – 2,5 мың гектардан, қырыққабат – 0,8 мың гектардан, баклажан, бұрыш және басқа да дақылдар 1,1 мың гектар­дан жиналып, олардың әр гектары­нан әзірге орта есеппен 200-220 центнерден өнім алынуда. Облыста алма бақтары мен жү­зім­діктерді қалпына келтіру мақ­са­тында жеміс-жидек және жүзім ша­руашылығын сауықтырып, өркен­де­ту жұмыстары қолға алынып отыр. Бірақ жеміс-жидек және жүзім өнімдерін тұтынуда импортқа тәуел­ділік әлі де бар. Бұл тәуелділікті жою мақсатында  бұрнағы жылы облыс бойынша 1138 га алма және 23,1 га жүзім көшеттері, өткен жы­лы 1013,8 мың гектарға алма, 22,2 гектарға жүзімдіктер  отырғызылды. Үстіміздегі жылы бұл дақылдар егіл­ген алқаптар тағы да едәуір ұлғай­тылды. Бұл бағытта жеміс дақыл­да­рының өнімділігін арттыру үшін үстіміздегі жылы жеміс бақтарына тамшылап суару технологиясын ен­діру арқылы, оларды үдемелі тех­но­­логиямен егу қолға алына бастады. Облыста жаңа егілетін жеміс бақ­тарын сапалы көшеттермен қам­тамасыз ету мақсатында 4 оригина­тор-шаруашылық жұмыс істейді. Ол шаруашылықтардың екеуіне көшеттер өсіріп, дайындау үшін жаңа, голландиялық интенсивті технологиялар енгізілуде. Бұл – өз кезегінде, осы көшеттердің, егілген соң, екінші жылдың өзінде өнім бере бастауына мүмкіндік береді. Облыста маусымаралық кезең­дерде көкөніс тапшылығы сезілмей қалмайды. Өйткені, бұл кездері тек қана жылыжайларда піскен жас өнімдер тұтынылатыны белгілі. Облыста бұл тапшылықты жою мақсатында бұрнағы жылы көкөніс өнімдерін өсіретін жалпы көлемі 2,86 га 65 жылыжай іске қосылса, өткен жылы  5,7 га құрайтын 100 жылыжай салынды. Қазіргі кезде облыста жалпы көлемі 16,0 га құ­рай­тын 200 жылыжай жұмыс істеу­де. Бұлардан үстіміздегі жыл басы­нан бері 680 тонна көкөніс өнімдері жиналды, жыл аяғына дейін тағы да 1000 тонна өнім жинау күтілуде. Ауыл шаруашылығы өндірісін одан әрі дамытып, жақсарту мақ­сатында облыста біраз жылдан бері озық үлгідегі ресурс сақтау техноло­гиялары, оның ішінде ылғал сақтау технологиялары қолданыла бастады. Облыс өңірлерінде бұл бағытта жүйелі түрде тамшылатып суару технологиясын ендіру жұмыстары жүргізілуде. Егер, облыс бойынша 2008 жылы тамшылатып суару тех­нологиясы 303 га алқапқа енгізілсе, 2009 жылы ол 900 гектарға енгізілді. Алдағы жылдары облыс бойынша тамшылатып суарумен қамтылған алқаптарды 2 мың гектарға жеткізу жөнінде міндеттер қойылып отыр. Облыста мал шаруашылығының дамуында да едәуір ілгерілеушілік­тер бар. Облыста 2000 жылы өн­дірілген мал өнімдерінің жалпы кө­лемі небәрі 5,6  млрд. теңгені құ­раса, өткен 2009 жылы мал өнімдері 36,9 млрд. теңгеге өндіріліп,  6,6 есе­ге ұлғайды. Өткен  жылмен са­лыстырғанда, биыл да ет, сүт, жүн және жұмыртқа өндіру – 1-10 пайызға дейін өсіп отыр. Түлік саны, оның ішінде мүйізді ірі қараның, қой-ешкінің, жылқының, түйенің және құстың саны тиісінше 2-3 пайызға  ұлғайды. Соның нәти­же­сінде, облысымызда бүгінгі күнге 364 068 бас мүйізді ірі қара, 2 млн. 714 мың 910 қой-ешкі, 91 872  жыл­қы, 5398  түйе, 51 689 бас шошқа және  1 млн. 793 мың 375 құс бар. Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға баса көңіл бөлінуде. 2001 жылы облыс бойын­ша 17 ғана асыл тұқымды мал ша­руа­шылығы жұмыс атқарса, Үкімет тарапынан көрсетіліп отыр­ған қол­даулардың нәтижесінде қазіргі таңда олардың саны 89-ға жетті. Облыс­тағы барлық санаттағы малдың ішінде асыл тұқымды малдың үлесі – мүйізді ірі қарадан – 6,2 пайызға ( республика бойын­­ша -5,2),  қойдан – 10,5 пайызға (рес­публикалық көрсеткіш 9,3),  жыл­қыдан -11,0 пайызға (республи­ка бойынша -4,5)  түйеден – 34,6 пай­ызға (республика бойынша -10,0) және  шошқадан -17,4 пайызға (республика бойынша -10,4) жетті. Осы көрсеткіштер бойынша басқа облыстармен са­лыстырғанда, асыл тұқымды мал саны жөнінен респуб­­лика бойынша түйеден -1-ші, басқа мал түрлерінен 2– ші орында тұрмыз. Ауыл тұрғындарының қолын­дағы өнімділігі төмен, қарабайыр малды асылдандыру мақсатында ауылдық жерлерден сиыр-таналар­ды қолдан ұрықтандыру пункттерін ашу шаралары да жүргізілуде. Облыста 2001 жылы бар болғаны 57 қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істесе, бүгінгі күнге олардың саны 170-ке жетті. Өнімділігі жоғары табындар қалыптастыру үшін ол пункттерге отандық жоғары өнімді етті, сүтті мүйізді ірі қара малдардың ұрықтары әкелінуде. Мал шаруашылығы саласында­­ғы мұндай ілгерінді жұмыстарға Үкімет тарапынан мал тұқымдарын асылдандыруды жүзеге асыруға 2001 жылдан бастап, қомақты  қаржылай көмек беріле бастағаны өз үлесін қосуда. Мәселен, облыс бойынша тек қана 2009 жылы республикалық бюджеттен асыл тұқымды мал санын көбейтуге 270 млн. теңге жә­не өнім өндіру мен оның сапасын жақсартуға 163 млн. теңге бөлініп, игерілді. Осы мақсатқа үстіміздегі жылға бөлінген 230 млн. теңгеден аса қаржылай қолдаулар да игі мақсаттарға жұмсалуда. Тараз қаласындағы жүнді ал­ғашқы өңдеу фабрикасында шүйке өндірудің жолға қойылуымен бірге, биязы жүнге деген сұраныс арта түсті. Өйткені, аталмыш фабрикада тоқыма өнеркәсібі үшін жылына 800 тонна шүйке (топс) өндіру көзделіп отыр. Ол дегеніңіз – осы мақсат үшін фабрикаға жылына 2 мың тоннадан аса биязы жүн қажет деген сөз. Ал, үстіміздегі жылы об­лыстағы биязы жүнді қой өсіретін 5 шаруашылық фабрикаға небәрі 186 тонна биязы жүн өткізді. Фаб­рика, олармен қатар, көршілес облыстардан қосымша түрде, тағы да 114 тонна биязы жүн дайындады, яғни, бүгінгі күнге барлық дайын­далған биязы жүн 300 тонна. Ал­дағы уақытта аталған фабриканың қажеттілігі үшін биязы жүнді сырт­тан іздемес үшін, облыстағы қазіргі қол­да бар 5 биязы жүнді қой шаруа­шылығын одан әрі дамыту, сондай-ақ,  облыс көлемінде асыл тұқымды биязы жүнді қой шаруашылықтары  санын  көбейту шаралары қолға алынуда. Жамбыл облысында 1990 жылы 2 млн. 428 мың бас биязы жүнді оңтүстік қазақ меринос қойы болса, қазіргі кезде бар болғаны – 87069 бас қалыпты. Яғни, биязы жүнді қой саны соңғы жиырма жылда 97 пайызға төмендеп кеткен. Сондық­тан, біз қазіргі таңда биязы жүнді оңтүстік қазақ мериносы қойларын көбейтудің бірден-бір жолы ретінде, “Мал өнімдері корпорациясы” мен “Аграрлық несие корпорациясы” акционерлік қоғамдарының осы тұрғыдағы  жобаларын нысанаға алып, облыстағы биязы жүнді қой өсіретін 5 асыл тұқымды мал ша­руа­шылығына несие беруді нақты шешіп, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы Австралиядан, Жаңа Зеландиядан, Қытайдан және Ресейден  биязы жүнді қойлар  са­тып алуды жоспарлап отырмыз. Сонда ғана, облыста оңтүстік қазақ меринос қойларының саны күрт өсетін болады. Қылшықты жүнді қой жүнін қайта өңдеп, іске жарату бағытында да бірнеше жоба пысықталу үстінде. Жылқы және түйе шаруашылығын дамыту ісіне де көңіл бөлінуде. Облысты құс етімен және оның жұмыртқасымен қамтамасыз етуде импорт үлесі, өкінішке қарай, әлі де басым. Осы тәуелділікті жою мақ­сатында облыстағы “Жамбылқұс” ЖШС германиялық жеке кәсіпкер Ханц Пфланцпен бірігіп, “Қазақ-герман” бірлескен кәсіпорнын құра отырып, жалпы құны 6 млрд. теңгені құрайтын құс өсіру, құс етін және жұмыртқа өндіру жобасын жүзеге асыруда. Бұл жоба қуатты­лығы жөнінен жылына 10 мың тонна құс етін және 130 млн. дана жұмыртқа беруге лайықталған. Агроөнеркәсіп кешені саласын­да ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 433 кәсіпорын, шағын зауыттар және цехтар жұмыс істейді. Оларда 10 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Өндірістік бағыттары бойынша аталған кәсіп­орындардың 70 пайызы астық өнім­дерін алғашқы және тереңдетіп қайта өңдеумен айналысып, нан, тоқаш, макарон-кеспе, кондитер тағамдарын өндіруге, қалған кәсіп­орындардың 7 пайызы – ет, шұжық өнімдерін өндіруге, 2,5 пайызы – сүт өнімдерін қайта өңдеуге, 6 пайызы – өсімдік майын шығаруға, 3,6 пайызы тұшпара өндіруге, ал, қалған 9,9 пайызы әр түрлі сусындар шығаруға, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеуге,  жүн-тері өнімдерін өңдеуге бағытталған. Облыста жеміс-көкөніс өнімде­рін қайта өңдеу жалпы республи­ка­лық көрсеткіштен төмен қалып­та­сып отыр. Бұл ретте жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеудің респуб­ликалық орташа көрсеткіші – 3,5%, ал, ол Жамбыл облысында  небәрі 0,25 пайызды ғана құрап отыр. Осы  олқылықтың орнын толтыру үшін облыста “Азия-Қазақстан” концер­ні”, “Тараз-Тарту”, “Булгар­кон­сер­впродукт” кәсіпорындары база­ла­рында жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу өндірістерін дамытуға бағытталған инвестициялық жоба­лар қолға алынуда. Жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі осы 3 ірі кәсіпорын іске қосылып, толық қуатында жұмыс істеген жағдайда, облыста жеміс-көкөніс дақылдарын қайта өңдеу көрсеткіші едәуір көтеріліп, алдағы жылға қарай 10 пайызға, ал 2014 жылы – 35 пайызға жететін болады. Бүгінгі күні облыста осы және тағы басқа да бағыттар бойынша бар­лық салаларға талдаулар жаса­лы­нып, мүмкіндіктер анықталды. Енді осы бағыттағы жұмыстарды нақты жүр­гізу, олар бойынша серпінді жо­балар ұсыну шаралары қолға алынуда. Мұратбай ЖОЛДАСБАЕВ, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары. Тараз.