Өткен жылы Қазақстан Үкіметі мұнайшылар қаласы Жаңаөзеннің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған арнайы қаулы қабылдағаны белгілі. Онда біраз жылдардан бері қордаланып қалған қиын түйіндерді шешуге бюджеттен 42,9 млрд. теңге бөлініп, сол жоспарға сай бұл күндері қаланы жылу, су, газбен, электр энергиясымен қамтуды одан әрі жақсарту қызу жүруде. Сондай-ақ бірнеше тұрғын үй, орта мектеп, перзентхана, үш балабақша құрылысы салынуда. Аталмыш жоспар аясында осы жылда ғана 24 инвестициялық жобаның жүзеге асуы үшін 11912,5 млн. теңге бөлініпті.
Қала тұрғындарын жұмыспен қамту, “Жол картасы” аясындағы шараларды жүйелі жүзеге асыру, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғындарға шағын несие беру жұмыстары жолға қойылып, жыл басынан бері қала бойынша 6,2 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Және де осынау бағдарламаға сай жұмысшы кадрларды дайындау мақсатында “Қазмұнайгаз” АҚ-қа қарасты өндіріс кәсіпорындарындағы оқу орталықтары мен қаладағы орта кәсіби білім беретін оқу орындарының да ауқымы кеңейтіле түскен. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде осы жылдың аяғына дейін алты ірі жоба – 200 пәтерлік тұрғын үй, бір балабақша, санаторийлік үлгідегі балалар кешені, өкпе ауруларын емдейтін аурухана пайдалануға беру жоспарланған. Мұнайшылар қаласына жұмыс сапарымен келген облыс басшысы Қырымбек Көшербаев осындай қамқорлық пен көмек туралы айта келіп өнім өндіру жоспарын жүзеге асыруды жолға қойып ұйымшылдық, ынтымақ-бірлікпен жұмыс жасау қажеттігіне тоқталды. Және де осынау кешенді бағдарлама үшін 2010 жылы республикалық бюджеттің соңғы нақтылауын қосқанда 15,4 млрд. теңге бөлінгенін қаперге салды. Сайып келгенде мұның бәрі жаңаөзендік мұнайшылардың жағдайын жақсарта түсуге бағытталған игілікті шаралар екендігін айтты. Облыс әкімі сол күні 280 орындық мамандандырылған балалар кешенінің ашылу салтанатына қатысып, жаңадан жұмыс істей бастаған жекеменшік “Айназ” балабақшасымен, “Жібек жолы” сауда орталығының жұмыстарымен танысты.
Жоламан БОШАЛАҚ.
АҚТАУ.