Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығы Жұмыс тобының мүшелерін қабылдады.
Қ.Тоқаев дінаралық және мәдениетаралық үнқатысуды ілгерілету жөніндегі атқарылған табысты жұмыстарға орай биылғы 13-14 қазанда съезд Хатшылығы Жұмыс тобының Астанада болған отырысына қатысушылардың бәріне алғыс айтты.
Жұмыс тобының мүшелері Діни лидерлер кеңесінің қызметі туралы тұжырымдама жобасын бекітті. Бұл құжатты әзірлеу туралы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастама көтерген болатын.
Төраға тұжырымдама Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2012 жылы болатын ІV съезінде бекітілетінін айтты. Хатшылықтың 2011 жылғы мамырда болатын келесі отырысында Діни лидерлер кеңесінің тұжырымдамасын қабылдаудың нұсқасын, ІV съездің өтетін мерзімін, тақырыбы мен күн тәртібін белгілеуді талқылау жоспарланып отыр.
Кездесуге қатысушылар өркениеттер арасындағы үнқатысудың жаһандық үдерістеріндегі, толеранттық пен өзара түсіністік қағидаларын бекітудегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлесін жоғары бағалады.
Халықтар арасындағы бірлік пен келісімге қол жеткізу үшін конфессияаралық үнқатысу маңызды құрал екені, ал съезд түрлі діндердің өкілдерінің ынтымақтастығы үшін жаңа тұғырнама болатыны аталып өтілді, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі.