“Мәссаған, кешегі батырақ Имақ! Қандай ақылды, саналы болып алған біздің Имақ Тоқпанов!”
Сәбит Мұқанов. “Есею жылдары”, 268-бет.
Бүкіл өмірін баспасөзде қызмет етуге арнаған қарт журналистің қолында не көп, газет қиындылары, тіпті жыртпай сақталған тұтас газеттер көп болады. Бір жолы кезінде Көкшетау облыстық газеті болған “Көкшетау правдасының” сонау 1966 жылғы 13 қыркүйек күнгі саны қолыма түсті. Өйткені, онда менің бұрынғы Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданында Қазақстанның байланыс қызметкерлері арасында алғашқылардың бірі болып Ленин орденін алған аудандық пошта бөлімінің бастығы Сейдахмет Секенов туралы көлемді очеркім басылыпты. Соны көріп болып, газеттің ішкі беттерін ашып қарап отырғанда “Сауыншы Ғалия” атты шағын суреттеменің соңында тұрған И.Тоқпанов деген фамилияға көзім түсті. Сол сәт 1948 жылдан бастап Қызылту жерінде ұзақ уақыт қызмет істеп, абыройлы азамат, ел ағасы атанып дүниеден өткен қадірменді Имақ Исаұлы Тоқпановтың бүкіл өмір жолы көз алдымнан өткендей болды.
Иә, Қызылту жерінде – қазіргі Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөл ауылында Имақ Тоқпанов есімді журналист, белгілі қалам қайраткері, қоғам қайраткері болған еді. Өмірінің айшықты кезеңдеріне көз салып отырсақ, бұл кісінің қалам қайраткерлігі өте әріден бастау алған екен. Кеңес өкіметінің сонау елең-алаң кезінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында губерниялық “Бостандық туы” деген газет шығып тұрған ғой. Имақ сол газетке өз ауылының “Бейсек қара шұнақ”, “Бекентай қиналған” деп мазақ ат алған батырақтарына байлардың көрсеткен қорлығы туралы жазып жібереді. Ауру әкесі Исадан туған бес ұл, екі қыздың ортасындағы жалғыз бас көтерері Имақтың өзі де 11-12 жасынан ауылындағы байлардың қойын бақты, жалшылықта жүріп күн көрді. Сондықтан жалшы десе, батырақ десе, жаны елжірей қалатын. Ауыл молдасынан оқыған, бертін келе байлардың есігінде жүріп білдірмей үйренген сауаты іске асты. Жазғаны жарқ етіп шыға келді. Сол газетте қызмет істейтін журналист Кәрім Жаншурин бір жолы ауылға келіп Имақпен кездеседі, “жиі жазып тұр” деп көп-көп тапсырма беріп, Иекенің газетке деген ынта-ықыласын тіпті арттыра түседі. Сөйтіп, көзбен көріп, көңілге тоқығанын қағаз бетіне түсіріп, көп кәдесіне жаратуға қабілеті бар екеніне өзі де сеніп, ден қояды. Қолына қалам алып, сол кездегі социалистік жаңа қоғамдық құрылыстың жаршысы болуды арман етеді. Бірақ оның жолын таба алмайды. Өйткені таудай талабы болғанымен, соған лайық білімі жоқ. Жігері құм болып жүрген сондай күндердің бірінде осы жаққа жазушы Сәбит Мұқанов келе қалады. Жастармен кездесіп, әңгіме өткізеді. Олардың ең талапты, пысық дегендерін губерниялық партия мектебіне оқуға түсіреді. Үш жылдык сол мектепті бітіріп шыққандардың ішінде Имақ Тоқпанов та бар еді.
Губерниялық кеңес-партия мектебін бітіргеннен кейін Имақ Солтүстік Қазақстан облысындағы Бейнетқор ауданында партиялық бақылау комиссиясы мен жұмысшы-шаруа инспекциясының бастығы бола жүріп те газет жұмысына белсене араласады, редакцияның ақылдастар алқасын басқарады. 1934 жылы Көкшетау жағына ауысады. Мұндағы жаңа қызметі де газетпен тікелей байланысты болады. Көкшетау аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімін басқарады және аудандық “Колхоз жолы” газетінің редакторлығы міндетін қосымша атқарады.
Өсу, өрлеу үстіндегі жас коммунисті сол кездегі партия органдары әрқашан назарда ұстап, оның өз білімін жетілдіруіне қамқоршы болады. 1935-1937 жылдары Имақ Тоқпановтың тағы да Алматыға оқуға жіберілуі соны аңғартады.
Қай жерде жүрмесін, қандай міндет атқармасын Имақ Тоқпановты газет жұмысы, өмірдің отымен кіріп, күлімен шығып жататын баспасөз қызметі өзіне тартып, қызықтыра беретін. Сондықтан да болар, 1937 жылдан бастап ол газет жұмысына мүлде ауысады. Көкшетау облысының бірқатар аудандық газеттерінің редакторы болып қызмет істейді. Қаламы төселіп, газет жұмысының қыры мен сырын жетік білетіндігін танытқан коммунист Тоқпановқа Көкшетау облыстық партия комитеті Қызылту ауданына тілші болып баруды ұсынады. Сөйтіп ол 1949 жылы Көкшетау облыстық “Көкшетау правдасы” газетінің меншікті тілшісі болып белгіленеді.
Мен осы Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданына қызмет бабымен 1956 жылдың күзінде көшіп барған едім. Облыстық “Көкшетау правдасының” қызметкерлері: “Сонда біздің Тоқпанов Имақ деген меншікті тілшіміз тұрады. Өте тәжірибелі кісі, жақындасып, ақыл-кеңесін алып жүргенің артық болмас”, деп ескерткен еді. Мен тілші ағамызды барысымен тауып алдым. Мен тауып алған жоқпын-ау, редакцияға ол кісінің өзі іздеп келді. Орыс, қазақ тілдерінде аптасына үш рет шығатын газеттің жұмысы қазандай қайнап жататын редакциясына күніне бір соғып өтпесе көңілі көншімейтін әдеті бар екен.
– Редакцияға бір жаңа қызметкер келді деп естіп едім, сол сен екенсің ғой, қадамың сәтті, қаламың қарымды болсын! – деген сөздерінің өзі-ақ жөн білетін ақылман адам екенін аңғартып тастаған еді.
Содан бастап Иекеңді күнде дерлік көріп тұратын болдым. Аудандық газет ұжымы өте шағын, маман қызметкерлер өте аз. Көлемі шағын болса да газеттің төрт бетіне материал жеткізе алмай жанталасып жатамыз. Соны білетін Иекең редакцияға келгенде бос әңгіме айтып көп отырып алмайды. Редакторға немесе жауапты хатшыға кіріп тілдеседі де, кетіп қалады. Кейде партиялық жарнасын төлеу үшін келеді. Бізге келмес бұрын аупартком, ауатком бөлімдеріне кіріп шығады білем, әйтеуір, аудан өмірінен өте хабардар екені білініп тұрады. Бірақ көсіле сөйлеп, сыр ақтара бермейді. Кейін жүре келе аңғардық, соның бәрін ол кісі біз үшін істейді екен: бір қолдарын екі ете алмай жатқанда бос сөзбен уақыттарын алмайын деп ойлайды ғой. Ал шындығында әңгіме айтқанды, шүйіркелесіп сөйлескенді теріс көрмейтін. Жұмыс-жұмыс дегенмен, біздің де бір сәт мойнымыз босап, аяғымызды үзеңгіден ағытатын кезіміз болатын. Сондай сәтте Иекең келе қалса, ортамызға алып, әңгімеге тартамыз. Ол кісі әсіресе Сәбит, Ғабит туралы әңгімені көбірек айтатын. Ара-тұра Бейімбет туралы да сыр шертіп қоятын. Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір, сол кезде Көкшенің белгілі журналисі Мәтен Бижанов та Қызылтуда қызмет істеді. Бір жолы Иекең әңгіме айтып отырып, сол жас Мәтенді Бейімбетке ұқсата сөйлегені бар. Таңдана қарай қалсақ, Мәтен төмен қарай шашырап түскен бір топ маңдай шашын бас бармағы мен сұқ саусағына салып бұрап отыр екен.
– Мінеки, – деді Иекең Мәтенді нұсқап, – Бейімбет те терең ойға шомып жазу жазғанда маңдай шашын дәл осылай екі саусағымен бұрап отыратын.
Жасы жағынан ортамыздағы ең үлкен әрі тәжірибелі журналист болғандықтан, Иекеңнің өткен өмірінен сыр суыртпақтап, жиі-жиі әңгімеге шақырамыз. Жайшылықта аузы ауыр болғанымен, өз басынан өткен оқиғаларды айтуға жалықпайды. “Мен сөйттім, мен бүйттім” деп кеуде қақпағанмен, ұққан адамға сөзінің ғибраты көп болады.
– Менің көкірек көзімді ашып, жүрер жолымды нұрландырып берген Сәбит еді, – деп еске алатын Иекең. – Тіпті газетке тілші болуыма да сол кісі ықпал етті.
Бір жолы келгенде: ауылда партия саясатын дұрыс жүргізу үшін көп оқу керек, – деп кеңес береді Сәбит. “Сонда нені оқимын?” – деп сұрайды ғой Иекең.
– Кітап болмаса, газет оқы. “Правданы”, “Бостандық туын” оқы. Аз да болса сауатың бар, “Бостандық туына” өзің де жазып тұр.
Иекеңнің тілшілік қызметі осылай басталады. “Бостандық туы” газетінде көп ұзамай “И.Беспаев”, “И.Исаев” деген жасырын атпен ауыл өмірінен алынған хабарлар жиі басылып тұратын болған. Олардың шын авторы Имақ Тоқпанов еді. Соның куәсі ретінде Иекеңнің қолында бір құнды құжат бертінге дейін сақталғанын білемін. Онда араб әрпімен былай жазылған екен:
“Тілшілік билет. №252. 1928 жыл, декабрь.
Осы билетті көрсетуші жолдас Имақ Тоқпанұлы “Бостандық туы” газетінің Ақмола губерниясы, Қызылжар уезі, Төңкеріс болысы №2 ауылдағы белсенді тілшісі болып белгіленді.
Жолдас Имақ Тоқпанұлына міндетті қызметін атқарып жүргенде барлық партия, кеңес мекемелері, қызмет адамдары заңға сыятын жәрдем берулері керек.
Міндетті шығарушы – Жақан Сыздықұлы.
Жауапты хатшы – Қаскей Өтекеұлы. 22 май, 1928 жыл. №396”.
Осы куәлікке қол қойғандардың бірі кейін бүкіл Қазақстанға белгілі болған ақын Жақан Сыздықов екенін, ал жауапты хатшы деп қол қойған кісі атақты Сәкен Сейфуллиннің жан серігі, Қазақстан Орталық атқару комитетінің (КазЦИК) хатшысы болған тарихи тұлға, “Тар жол, тайғақ кешу” романында аты аталатын Қаскей Өтекин екенін еске саламыз. Бұл жағынан алғанда Имақ Тоқпанов сондай біртуар адамдармен істес болып, солардың көзін көрген бақытты жан болып табылады деуіміз керек.
Имақ Тоқпановтың “Көкшетау правдасы” газетінің меншікті тілшісі болып істеген жылдарының көбі атақты тың жерлерді игеру эпопеясының тұсында өткен еді. Ал Қызылту – Көкшетау облысындағы тың көтерген ең ірі аудан. Тың игеру сияқты бүкілхалықтық аса ауқымды істің барысын үлкен ыждағаттылықпен байыпты көрсетіп отыру газет қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктегені сөзсіз. Бұл, әсіресе, коммунистерге үлкен сын еді. Бірақ тәжірибелі журналист, қарт коммунист Имақ Тоқпанов мойнына заман талабы артқан жүкті қиналмай көтеріп, ол сыннан да сүрінбей өтеді. Сол тұста “Көкшетау правдасы” газетінде белгілі ақын, жазушы Еркеш Ебікенов (Ибраһим) бөлім меңгерушісі, артынан “Тың өлкесі” газетінде меншікті тілші болып қызмет істеді. Марқұм осы ағамыздың “Тың өлкесі” газетінің 1962 жылғы 5 мамыр күнгі санында И.Тоқпанов туралы шыққан “Қоғам қайраткері, қалам қайраткері” деп аталатын суреттемесі менде әлі күнге дейін сақталыпты. Материалдың “Правданың” 50 жылдық тойына орай қызыл бояумен көмкеріліп шыққан арнаулы санында жариялануы да оның мән-маңызын тіпті арттыра түскендей. “Сонау 1934 жылдан 1948 жылға дейін аудандық газет редакторы, 1948 жылдан 1961 жылға дейін облыстық “Көкшетау правдасы” газетінің меншікті тілшісі болып істеген осы майталман қарт қазір пенсияда. Әйтсе де оның қолынан қаламы қалған жоқ”, – деп жазыпты суреттеме авторы Е.Ебікенов.
Ерінуді білмейтін, қоғам өмірінің шежіресін жасауды мақсат еткен журналист Имақ Тоқпановтың шығармашылық алымы да ауқымды болған еді. Оның ірілі-ұсақты материалдары республикалық “Социалистік Қазақстан” (қазіргі “Егемен Қазақстан”), өлкелік “Тың өлкесі” газеттеріне де шығып тұратын. Бірақ ондай дүниелері бұрын шыққандарын қайталау, көшіру емес, тақырыбы жағынан да, мазмұны жағынан да соны материалдар болатын. Оның үстіне ол сөзі өтімді, сыйлы адам ретінде баспасөзге жазылу науқаны кезінде ел аралап, осы газеттердің де көбірек таралуына қамқорлық жасай жүретін. Сондықтан да бұл газеттер Иекеңе сыйластықпен қарап, жіберген материалдарына “жасыл көше” ашатын.
Имақ Тоқпанов ауданда өте сыйлы коммунист болды. Қызылтуға ауысып келгеннен бастап аудандық партия комитетінің мүшесі болып сайланды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудандық партия комитеті жанынан құрылған коммунистердің жеке ісін қарау және партияға мүше қабылдау жөніндегі штаттан тыс комиссияны он жылға жуық уақыт бойы басқарды. Бұл өзі аудандық партия комитетінің бюросынан кейінгі ең беделді әрі айбарлы орган болатын. Иекеңнің орнатқан бұлжымас тәртібі бойынша оның мәжілістері қатаң реттілік бойынша белгіленген уақытында өтіп, партия жарғысына сай тиісті шешімдер қабылданып жататын. Комиссия көбіне-көп коммунистердің жеке ісі, яғни тәртібі туралы мәселені қарайтын. Сондықтан шешім өте әділ және әр тұжырымы балталаса бұзылмайтын дәл болуы керек. Сонымен қатар, партияға мүше қабылдау мәселесі де осы комиссияда шешілетін. Сондай беделді комиссияның мәжілістерін жоғары деңгейде қағидатшылдықпен өткізуге коммунист Имақ Тоқпановтың жеке басының қабілеті де, кісілік парасаты да жетіп жататын. Сол жылдары Қызылту аудандық партия комитетін Окунев Василий Андреевич деген бірінші хатшы басқарды. Білімі мол, біліктілігі кемел коммунист еді. Осы ауданды басқарған жылдары Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ол, әсіресе, кісіні танып, бағалауға келгенде алдына жан салмайтын. Тура жүріп, зиялылық танытқан адамға құлай беріліп, өзіне жақын тартатын. В.А.Окунев Иекеңді де қатты сыйлап, ерекше жақсы көретін. Қарт коммунист ретінде ол кісінің ақыл-кеңесін алып, айтқан сөзіне, пікіріне құлақ қоятын. Иекеңді аудандық партия комитеті жанындағы коммунистердің жеке ісі және партияға мүше қабылдау жөніндегі штаттан тыс комиссияға төраға етіп ұсынған да Василий Андреевичтің өзі болатын.
1967 жылғы 14 қазанда Имақ Исаұлы Тоқпанов 70-ке толды. Бұл күнді бүкіл аудан болып атап өтті десем, артық болмас. Өйткені, осы шараны ұйымдастыруды аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы В.А.Окунев өз қолына алды. Иекеңің атына құттықтау хат жазылды. Аудандық партия комитетінің 180-200 кісі сыятын үлкен мәжіліс залы болушы еді. Сол залда аудандық партия-шаруашылық активінің жиналысы шақырылды. Онда В.А.Окунев сөз сөйлеп, әлгі құттықтау хатты оқып берді және Иекеңе Омбыдан алдырылған арнаулы папка тапсырылды. Ол кезде мұның өзі кез келген адамға көрсетіле бермейтін ерекше құрмет еді. Өйткені мерейтой иесіне қазіргідей ат мінгізу немесе шапан жабу ол заманда коммунистік партияның тәртібіне сай емес деп есептелетін. Аудандық газеттің редакторы әрі Иекеңнің жетпіс жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі комиссияның мүшесі болғандықтан, осының бәрін өз көзіммен көрген едім, сондықтан сол оқиғаларды еске алып, сүйсіне жазып отырмын.
Ақылгөй ақсақал, қадірменді қарт ретінде Иекеңнің өзі де сыйлы болды, қатарластарын оның өзі де жақсы көріп, қатты сыйлап өтті. Атақты Үкілі Ыбырайдың көзін көріп, өз аузынан әнін үйренген сал-сері, тыңдағанды әнмен баураған өнерпаз Тақау Сейітовпен дос, ұстаздардың ұстазы атанған танымал педагог Сабыр Мәліковпен сыйлас болды. Социалистік Еңбек Ері атағын ауданда бірінші болып алған ауыл шаруашылығы өндірісінің білгірі Қажым Мүсіповті төбесіне көтеретін. Сейітов Мағзұм, Хасенов Солтанғазы, Әуелов Зәкария, Ғибадилов Мырзахмет сияқты ел ағаларымен де сыйласып өткенін білемін. Қазақ тілі мен дәстүрін жетік білгендіктен өзін “неміс ішіндегі кереймін” деп таныстыратын Андрей Кайзерді жақсы көріп құрмет тұтатын.
Жоғарыда аты аталған Еркеш Ебікенов өзінің “Қоғам қайраткері, қалам қайраткері” деген суреттемесінде Иекеңнен:
– Журналистикаға қай жылдан бастап араласа бастадыңыз? – деп сұрайды. Сонда Иекең ойланып отырып:
– 38 жыл бұрын, – деп жауап беріпті.
Баспасөзде осыншама жыл жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейтін үлкен ерлік. Бұл дегеніңіз көз майын тауысып сарыла жұмыс істеумен өткен көп күндер мен түндер, қағаз бетіне түскен сансыз іздер мен өмірдің нақ өзінен алынып, қиыннан қиыстыра сыр шерткен әр көлем, әр мазмұндағы ондаған, жүздеген газет материалдары деп білу керек. Өлшеусіз тер төгумен, ізденумен өткен сол жылдардың көбі Қызылту өңіріне арналуы Иекеңнің атағын тіпті асыра түскендей. Қызылтудың бүгінгі халқы, қазіргі Уәлиханов ауданының еңбеккерлері өз араларынан шыққан журналист Имақ Тоқпановтың есімін ұмытқан жоқ. Аудан орталығы Кішкенекөл ауылындағы бір көшеге Имақ Тоқпановтың аты берілуі, міне, соның куәсі.
“Ұлағаты үлкеннің ұрпағы үлгілі” дейді ғой атам қазақ. Иекең артына мақтан етуге тұрарлық лайықты ұрпақ қалдырған бақытты жан. Бір ұлы Болат сол Уәлиханов ауданында ұзақ жыл байланыс саласында қызмет істеп, қазір зейнеткер. Кіші ұлы Серік Имақұлы Тоқпанов бүкіл республикаға танымал азамат. Медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Астанада тұрады. Қазақстан Президентінің Іс басқармасына қарайтын медицина орталығын басқарады. Оның сегіз қырлы өнерпаз екенін де жақсы білеміз. Үлкен сахналардан төгілте салған асқақ үнді сұлу әндері талайды тәнті етіп жүр.
Журналист Имақ Тоқпанов “Адам ұрпағымен мың жасайды” деген сөзді жиі айтушы еді. Адал еңбек, қажымас қайраткерлігімен абыройға бөленіп, өшпес із қалдырған оның өзі де ұрпағымен мың жасайтын абзал адам, асыл әке еді демекпіз.
Есмұхамбет АЙТМАҒАМБЕТОВ.