Күнгей мен Теріскейдің арасы жақындай түсті
Біздің қазақ айтқыш қой. Шолаққорған – Ащысай бағытындағы жаңа автокөлік жолы ашылардан бір күн бұрын Кентау қаласына барғанбыз. Алқа-қотан отырыстағы кеу-кеу әңгімеде осы жол сөз болды.
“Жол керемет, – деді біреуі. Маса тайып жығылатындай”.
Ойпыр-ой, жол сапасы туралы бұдан артық асырып айту дүние жүзінде жоқ шығар.
Келер күні сол жолдың салтанатты ашылуына облыс әкімі Асқар Мырзахметовпен бардық. Маса тайып жығылып, бір жерін зақымдап алатындығын қайдам, бірақ, тау ішін қуалап кететін асфальт жолдың салынуында мін жоқ.
Шолаққорғаннан Қаратауды бетке алып шықтық. Рөлде Созақ аудандық ішкі саясат бөлімінің менгерушісі, сыралғы дос Бағдат. Асфальт жолдың екі шеті сары фосфор аралас бояумен сырланған. Мына келе жатқанның өзінде ұшуға старт алған ұшақ секілді күй кешесің, ал түнге қарай сары бояулар фар жарығымен жарқырай жанады дейді. Қауіпсіздік үшін керек. Шала ұйқылы болмасаң жол шетіне шығып кетпейсің.
Әлде мәшинемен жүріп, әлде ұшақпен ұшып келеміз бе, сырғыған қалпымызда тау ішіне кіре бастадық. Оң жақта үлкен құбырлар қалып барады. Созақтың әкімі Созақбай Әбдіқұлов Торлан асуындағы су қоймасынан ауданға су кіргізбек болып талаптанып жатыр екен. Сол қапталда самауырдың мұржасынан будақтаған түтіндей кернейі шошайып асфальт зауыты қалып барады.
– Кәсіпкер, осы жолдың мердігері Әлиевтің асфальт зауыты, – дейді Бағдат. – Асфальт жол ыстық және салқын болып бөлінеді ғой. Алыстан тасымалдасаң көпке шыдамай іркіт-іркіт болып жарылып кетеді. Ал, ыстығы төрт-бес жылға дейін бой бермейді.
Қожыр-қожыр тастары бөлекшеленіп шығып тұрған қарт Қаратаудың ішіне кірдік. “Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді, Қарындастан айырылған жаман екен, екі көзден мөлтілдеп жас келеді”, деп қарт Қожаберген жырау сақалы жасқа малшынып отырып жырға қосқан Қаратауыңыз осы. Басынан алағай да бұлағай замандарды өткерген шерлі қазақ тарихының көзі тірі куәгері бауырынан бәрі бері жүйткіген мәшине толы адамдарға ықтасын болып, мейірленіп қарайтындай.
Торлан асуынан өттік. Қапқаз тауындағы жолдарды көзге елестететін асфальт жол тазыдан қашқан түлкінің бұлаңдаған құйрығындай бұралаң-бұралаң етеді. Жол мықты екен деп газды баса беруге болмайды.
Әйтсе де мана әзірлікті білмек боп алға кеткен облыстық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаевтың көлігі жанымыздан жұлдыздай ағып өте шықты. Шолаққорған мен Кентау қаласының шекаралық белдеуіне салтанатқа орай ақшаңқан үйлер тігіліпті. Қақпасынан қонақ арылмайтын жаны жомарт Созақ жігіттері Түркістан, Кентау, Шолаққорғаннан келген ақсақалдардың бабын жасап жүр.
Облыс әкімі салтанатты жиынды ашты. “Жол азабын тартқан біледі”. Түркістан, Кентау, Созақ аудандарының жолаушылары бір-біріне қатынау үшін бұрын Қызылкөпір арқылы 230 шақырым жүріп келер екен. Ал, мына жолмен төтелей шыққанда 90-100 шақырымнан аспайды. Сонда, жолыңыз үш есеге дейін қысқарады.
– Бұл жол Елбасының тікелей тапсырмасымен “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасына сай іске асырылды, – деген облыс басшысы Асқар Исабекұлы жолдың көлікпен қатынаудан бөлек қырларын да айтып өтті.
– Осы облыстық маңызы бар Шолаққорған-Ащысай бағытындағы автокөлік жолы көп жылдардан бері аудан тұрғындарын толғандырып жүрген күрделі мәселе еді, – деді ол. Сондықтан, құрылысы Кеңес Одағы тұсында ескерусіз қалған, тозығы жетіп көліктердің жүріп-тұруларына қолайсыз жолды облыс бойынша елді мекендердегі күрделі, бірінші кезектегі мәселелер тізбесіне енгізген едік. Жол құрылысының сметалық құны 1,2 млрд. астам теңгені құрады.
Алдағы жылдары осы жолдың бойынан шағын кемпингтер, май құю стансалары, демалыс орындары салынып, жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Бұл да халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына, жаңа жұмыс көздерінің ашылуына, кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызады.
Сондай-ақ, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенесіне баратын, Тасты-Шу-Жуантөбе және Шолаққорған-Абай елді мекені аралығындағы жолдар орташа жөндеуден өтті.
Осы жолдардың жөнделуі ауданда туризмді дамытуға мол мүмкіндіктер туғызады. Созақ топырағында Баба Түкті Шашты Әзіз, Ыстық бап, Қарабура, Саңғыл би, Ақбикеш, Бибі Мариям және басқа да тарихи орындар мен көне ескерткіштер көптеп кездеседі. Ендігі жерде Түркістан қаласы арқылы осы әулиелі, көне тарихи орындарды аралап, “Мәдени мұра” мемлекеттік бағдарламасына сәйкес “Ұлы Жібек жолы” туристік бағытына қосылуға мүмкіндіктер туып отыр.
Облыс басшысынан соң Созақ ауданы, Кентау және Түркістан қалаларынан ақсақалдар сөз алады. “Бұл үш аудан, қала халқының жетпіс-сексен жылдан бері арманы еді”, — дейді ақсақалдар. Кеңес Одағы кезінде қанша айтылып, қанша рет мәселе етіп көтерілгенімен селт ете қойғандар болмаған. Кейінге ысыра берген. Сондықтан бұны тәуелсіздіктің жемісі десе де болғандай.
Айтқандай, кезінде Парламентке үміткер болған түркістандық бір азамат “депутат болсам, осы жолды салғызып беруге бар күшімді жұмсаймын, соған уәде етемін”, деп халықтың дауысын алып кетіпті. Созақ жұрты да өз елінен шыққан азаматқа дауыс бермей, әлгіге жақтасқан ғой.
Созақ ақсақалы осыны айтқанда қасында тұрған кентаулық қарт сөзін бөлді.
“Қолынан келмесе де, айтқаны келді ғой” деген. Жұрт күліп жатыр.
ОҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырмасымен жолды салған мердігер “Айжамал” ЖШС-інің өкілі сөйледі. Қысқа, нұсқа. Көп сөйлеп қайтеді. Жасалған жұмыс көрініп тұр ғой.
Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұлов, Кентау қаласының әкімі Нұржігіт Қалмұрзаев және Түркістан қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов жұптарын жазбай бірге жүр. Жол қысқарғаны үш аудан, қалаға да тиімді. Түркістанның арзан көкөнісі тау жолымен Созақты жарылқап жатса, Созақтың жусан жеген, құйрығы керсендей қойлары, қаймақтай шұбаты Кентау мен Түркістан дастарханының әрін кіргізеді.
Қарт Қаратаудың бұлың-бұлың жолдарымен Кентауға тарттық. Қызылордадан шыққан жолаушылар автобустары қысқа жолмен Жамбыл облысына өтіп жатыр. Әрі қарай Алматы. Бұл жаңа жол Қызылорда, Жамбыл облыстарына да тиімді екендігі байқалады.
Бұрын бұл жолдармен өткен жеңіл көлік иелері жол ортасында қабанның тісіндей сойдиып шығып тұрған тастарға мәшиненің бауырын тілдіріп ойбайға басып жататын еді. Қазір өзендегі қайықтай сырғиды. Күнгейі мен Теріскейдің жұрты Елбасыға рахметімізді жеткізіңіздер деп бізге аманат айтады.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.