16 Қазан, 2010

Парламенттік конференция өтеді

506 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Санкт-Петербургтің Таврия сарайында үстіміздегі жылдың 28 қазанында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығына арналған “ЕҚЫҰ және ТМД: жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар” атты халықаралық парламенттік конференция өтеді. Оған дайындық барысы туралы және Палермо қаласында (Италия) өткен ЕҚЫҰ ПА күзгі сессиясының қорытындылары жөнінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ә.Жолшыбеков баяндап берді. Комитет төрағасының айтуын­ша, еліміздің Ұйымға төрағалығы шеңберінде Қазақстан Парламенті ТМД Парламентаралық ұйымымен бірлесіп, аталған іс-шараны өткі­зе­ді. Оның жұмысына ТМД-ға мүше елдер парламенттік делегациялары, ЕҚЫҰ ПА, Парламентаралық одақ, Еуропа кеңесі ПА, Түркітілдес ел­дер ПА өкілдері, сондай-ақ бір­қа­тар халықаралық ұйымдар басшы­лары және басқалар қатысады деп күтілуде. Бүгінгі таңда қатысуға ниет білдіргендердің ұзын саны 300-ге жеткен. Сөз сөйлеуге тап­сырыс бергендердің өзі 30-ға же­тіпті. Солардың арасында Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов та бар. Көптеген елдер басшылары өз құттықтауларын жолдайтыны бел­гілі болса, Тұңғыш Президент, ұлт лидері Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің құттықтауын жіберері белгілі болып отыр. Тағы бір белгілі болғаны, кон­ференция негізгі пленарлық оты­рыс­пен қатар, үш секциядағы тал­қы­лау түрінде жүргізіледі деп кү­ті­лу­де. Бірінші секция “Еуроат­лан­тикалық және еуразиялық қауіп­сіз­дік” деп аталып, онда Еуропа қауіпсіздігінің келісім-шарты, Ауғанстан мен Қырғызстандағы жағдай, посткеңестік кеңістіктегі созылмалы кикілжіңдер, жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау мәселелері талқыға түседі. Осы мәселелер бойынша парламентші­лер, ғалымдар және сарапшылар сөз сөйлеуі көзделіп отыр. Екінші секция “Экономика әлем тәртібінің жаңа архитектурасы” деп аталып, мұнда әлемдік қаржы-экономи­калық дағдарыс, посткеңестік ке­ңістіктегі интеграция, Кеден одағы барысы, ЕҚЫҰ-ның жаңа Бонн құжаты, климаттың өзгеруі, соның ішінде Арал проблемасы, көлік және энергетикалық саясат талқы­дан өтетін болады. Үшінші сек­ция­да ЕҚЫҰ жұмысындағы бағыттың біріне саналатын “Адамдық өл­ше­мі” секциясында толеранттылық, сайлау стандарттары, барыс-келіс еркіндігі мен визалық режімді ли­бералдандыру, гендерлік тендік және еңбек миграциясы көпшілік талқысына түседі. Осы ретте Ә.Жолшыбеков Ита­лияның Палермо қаласында өткен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы­ның кезекті күзгі сессиясы бары­сын да тілге тиек ете кетті. Оның айтуынша, сессияның бір күні Жерорта теңізі аймағына кіретін алты елдің: Алжир, Египет, Из­раиль, Иордания, Марокко және Ту­нис мәселелеріне арналған. Сон­дай-ақ ЕҚЫҰ ПА күзгі сессиясына Палестина автономиясы делега­циясы бірінші рет қатысып, из­раильдік әріптестерімен кездескені көпшілік тарапынан құптарлық түсіністік тапқан. Алдағы Санкт-Петербургте өтетін конференция жұмысына қойылған сұрақтарға жауап берген депутат сайлау стан­дарттары, адам құқы және демо­кра­тиялық үрдістерді дамыту мә­селелері бойынша көптеген пікір­лер де ортаға салынатынын жеткізді. Бұл мәселелерге арналған конфе­ренция Венада өтсе, Астанада өтетін саммит алдында үкіметтік емес ұйымдардың жиыны болады деп күтілуде. Одан кейін тағы бір конференция ұйымдастырылып, оған 2 мыңнан астам адам қатысары белгілі болып отыр. Оның барлығы саммиттің алдында күрделенген мәселелер бойынша пікірталас ретінде көзқарастарды қалып­тас­тыру мәселесімен байланысты, дейді Әмзебек Рысбекұлы. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.
Соңғы жаңалықтар