16 Қазан, 2010

Шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша сайлау науқанының барысы туралы

495 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Конституция­лық Заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес, ағымдағы жылдың 31 қазанында республиканың 13 өңірінде шығып қалғандардың орнына мәслихаттар депутаттарын сайлау 63 сайлау округінде өтеді. Барлығы, облыстық мәслихаттардың 6, қалалық мәслихаттардың 5 және аудандық мәслихаттардың 52 депутаты сайланатын болады. Сайлау науқаны барысында 167 кандидат ұсынылған. Ұсыну аяқталғаннан кейін 3 кандидат жеке қалауы бойынша өз кандидатураларын алып тастады, “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 104-бабы 6-тармағының 3-ші тармақшасына сәйкес 18 кандидатты тіркеуден бас тартылды және 1 кандидат тіркеу аяқталғаннан кейін өз кандидатурасын алып тастады. Қазіргі кезде кандидаттарды тіркеу аяқталды. Мәслихаттар депутаттығына кандидат ретінде 145 адам тіркелген. Олардың ішінде 62 кандидат саяси партиялармен, 1 кандидат қоғам бірлестігімен және 82 кандидат өзін-өзі ұсыну жолы арқылы ұсынылған. Тіркелген үміткерлердің 117-і – ер адам және 28-і – әйел. 113 кандидаттың жоғары білімі, 20 кандидаттың орта арнайы және 12 кандидаттың орта білімі бар. Қазіргі уақытта барлық тіркелген кандидаттар сайлауалды үгіт жұмысын бастады, ол 29 қазан күнгі сағат 24.00-ге дейін жүреді. Сайлау заңнамасына сәйкес сайлау қарсаңындағы күні сайлауалды үгіт жүргізуге тыйым салынған. Дауыс беру 2010 жылғы 31 қазан күні 248 сайлау учаскесінде өтеді. Сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормалары­ның талаптарына сәйкес өтуде. Орталық сайлау комиссиясына келіп түскен өтініштер мен шағымдар жоқ, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі.