16 Қазан, 2010

Жарқын істер жалғастығы

484 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ІІІ тоқсан қорытындылары көңіл тоғайтады Үш ай сайын Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығының қорытындысын шығарып, талдау жасауды дәстүрге айнал­ды­рып отырмыз. Алдыңғы мақалаларда атап өткендей, беделді ха­лықаралық Ұйымға төрағалық – бұл біздің ортақ абы­ройы­мыз. Өзге елдермен тереземіздің теңелгенін, бүкіл Еуропаға кім екенімізді дәлелдеудің бір жолы да осы болса керек. Жалпы, ЕҚЫҰ-дағы төр­аға­лы­ғымыз өте мазмұнды әрі түрлі шараларға толы өтуде. Әсіресе, бірінші жартыжыл­дықта ұйым алдына төрағалық аясында қажетті тапсырмалар мен міндеттерді қойсақ, екін­ші жартыжылдықтың басынан бастап белсенді түрде сол мақсаттарға қадам бастық. Еуропа елдері халықтармен қатар, өзімізбен көршілес Ор­талық Азия елдерінің халық­тары сенім артып отыр­ған­дықтан, Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде өте күрделі мәсе­лелерді қарастырып, керекті шешімдер қабылдауға тиіс болды. Десе де ол миссияны да ойдағыдай алып келе жат­қанына халықаралық қоғам­дас­тық куә. Төрағалығымыздың ІІІ тоқсанының басында, 16-17 шілде күндері Алматының түбіндегі “Ақбұлақ” спорттық-сауықтыру кешенінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бей­рес­ми кез­десуі өткен. Бұл бей­ресми кез­десудің тақырыптары ЕҚЫҰ аймағындағы қауіпсіз­дік мә­се­лелері, соның ішінде Қыр­ғызстанның тұрақтануына жағдай жасау, “Корфу үдері­сін” ілгерілету арқылы ағым­да­ғы мәселелердің шешімін табу, сонымен қатар, ЕҚЫҰ Сам­митін өткізу жөнінде нақты шешім қабылдау еді. Осы орайда қалың оқыр­манға түсінікті болу үшін “Корфу үдерісі” туралы қыс­қаша түсініктеме бере кетейік. Былтырғы 28 маусымда сол кезде ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен Грекияның Корфу ара­лын­да тұңғыш рет ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің бейресми басқосуы ұйымдастырылған болатын. Сонда гректердің ұсынысы бойынша 56 мем­ле­кеттің ресми тұлғалары Еуро­па­дағы ұлтаралық, нәсілдік жанжал, шекаралық қақтығыс­тарды реттеу тетіктерін рефор­малау жөнінде және ЕҚЫҰ аймағын барынша қауіпсіз, барынша тұрақты, барынша қуатты аймаққа айналдыру мақсатында дәстүрлі түрде көпжақты консультацияларды бастауға келіскен еді. Міне, осы бағыттағы, яғни Еурат­лантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік жөніндегі үнқатысу “Корфу үдерісі” деген атауға ие болған-тын. “Корфу үде­рі­сін” Ұйым кеңістігінде болып жатқан күрделі оқиғаларға байланысты қатысушы елдер­дің қисынды реакциясы деп тануға болады. Бір сөзбен айт­қанда, “Корфу үдерісі” – Еу­ропа қауіпсіздігі сәулетші­лерінің құралы деген мағы­наны иеленді. “Ақбұлақтағы” жиналыста Елбасымыз бен Іс басындағы төрағадан кейін сөз алған ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.П. де Бришамбо атап өткендей, ал­да­ғы пікір алмасу және Қа­зақстан тарабы ұсынып отыр­ған ЕҚЫҰ Саммиті мүше мем­лекеттер Ұйым шеңбе­ріндегі міндеттерін ортақтаса орындай алатын жағдайды жасауы тиіс. Сонымен қатар, мемлекеттердің ара-жігін бөліп отырған мәселелерді шешуге, соның ішінде “созылмалы қақ­тығыстар” және қаруды бақылауға алу мәселелері, трансұлттық қауіп-қатерлер, Ауғанстандағы және Қыр­ғызстандағы жағдайлар секілді ортақ сындармен жұмыс істеуге мүмкіндік туғызады. “Қазақстанның басшы­лығы мен мүше мемлекеттер өзара түсіністік мәселелері мен қайшылықтардың алдын алуда үлкен жұмыс атқарды. Өзара сенімділікті қайта қалып­тас­тыру үшін маңызды қадамдар жасалды. Енді нақты іс-әрекет пен қарқынды күшейтетін кез келді”, деді ол өз сөзінде. Қазақ төрағалығына сын болып бұйырған көршілес Қырғызстандағы мәселелердің біразын шешіп, осы елді дағ­дарыстан кейінгі қайта аяқтан тік тұруына ЕҚЫҰ шең­берінде де, екіжақты деңгейде де бел­сен­ді атсалысудамыз. Осыған бай­ланысты Қазақстан өз тара­пынан Қырғызстанға 11 мил­лион доллардан астам қа­ражат көлемінде гуманитарлық көмек көрсетуге шешім қа­был­дады. Соның ішінде, қа­жетті құрылыс заттары, жанар-жағармай, ша­руашылық, тұр­мыстық заттары, күріш, қара­құмық жармасы секілді азық­тар қамтылған. Сонымен қоса, Қырғыз­стан азаматтарының күнделікті қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиімді көмек көрсету мақса­тын­да ЕҚЫҰ тарапынан Қыр­ғызстанға полицей кеңесші­ле­рін жіберу ұсынылған бола­тын. Бұл полицейлердің негізгі міндеті қолына қару алып, әскери тәртіп орнату емес. Консультативті ақыл-кеңес беріп, халықты бірлікке, қақ­тығыстар орын алған елді мекендерді қайта қалпына келтіру үшін тірлікке шақыру. Қазіргі кезде Қырғызстан үкі­меті осы мамандардың қабыл­дау­дың нақты жағдайларын елде жаңадан сайланған пар­ла­мент анықтауға құқылы де­ген шешімге келген болатын. Бірақ, түбінде, полицейлер жөніндегі ұсыныстың ЕҚЫҰ-дан гөрі Қырғызстанның өзіне пайдасы көп екенін айырқал­пақты ағайындарымыз түсінеді деген үміт бар. Осы тоқсан төрағалы­ғы­мыздың ең маңызды кезеңі болды десек, қателеспеген болар едік. Себебі, 3 тамызда ЕҚЫҰ Сыртқы істер министр­лерінің кеңесі Астанада 1-2 желтоқсан күндері ұйымға мүше мемлекет басшылары­ның саммитін өткізу туралы тарихи шешім қабылдаған болатын. Шын мәнінде бұл саммит Қазақстанның қалауы­мен ғана орын алып отыр деген қате пікір болып табы­ла­ды. Бұл жерде Қазақстан заман талабының орындалуы­на мұрындық қана болып отыр. Осы орайда Дмитрий Мед­ведев, Николя Саркози, Ангела Меркель, Сильвио Бер­лускони, Виктор Януко­вич, Тари Халонен, Борис Та­дич және баска да Еуропаның белгілі саясаткерлері өз қаты­суларын растап үлгергенін айта кеткен жөн. Қалған мем­лекеттердің көшбасшылары да жақын арада Астанаға келуін растайтынына ешбір күмән жоқ. Кейбір сарапшылар мен саясаткерлер ЕҚЫҰ қызметі­нің тиімсіздігі туралы айтып, жай ғана формальды түрде өмір сүріп жатқан құрылым деген пікір білдіруде. Мұндай пікірлер мүлдем негізсіз десек артық кеткеніміз болар. Себе­бі, уақыт өте келе әлем де өз­герістерге ұшырайды, әлеммен бірге туындайтын сындар мен мәселелердің нышаны да өзгеретіні анық. Сондықтан қандай да ұйым болмасын, белгілі бір уақыт аралығында жоғары деңгейдегі кездесулер өткізіп, солар арқылы бірлес­кен іс-қимыл қағидаттарын жа­ңартып тұрғаны абзал. Аста­нада өтер жиналыста да уақыт тала­бына сай жол сіл­теп, ұйым ба­ғы­тын түзеуге мүм­кіндік туары анық. Мы­салы, ЕҚЫҰ Саммиті соңғы рет 11 жыл бұрын Ыстамбұлда өткені көпшілікке мәлім. Сол уақыттан бері қанша өзгеріс­тер болды. Қазір көз алды­ңыз­ға елестетіп, 1999 жыл мен қазіргі 2010 жылды са­лысты­рып көрсеңіз, айырмашы­лығы жер мен көктей. Дәлел­деуді де қажет етпейді. ЕҚЫҰ Сыртқы істер ми­нистрлерінің кеңесі қабылда­ған шешімге қолдауын білдіре отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 5 тамызда арнайы жолдау жасады. “Қабылданған шешім Қа­зақстан халқының Тәуелсіздік жылдары ішінде қол жеткізген табыстарына халықаралық қо­ғамдастық жоғары құрметінің белгісі болып табылады. Біз бұдан біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы қызметіндегі күш-жігеріне кең ауқымды қолдауды көреміз”, – деді Елбасы өз сөзінде. Ра­сында, бұл халықаралық қауымдастықтың тағы да артқан бір сенімі. Қазақстан төрағалығының басқалармен салыстырғандағы тағы бір артықшылығы, ЕҚЫҰ айналысатын мәселелер шең­бері мен географиялық ауқы­мын кеңейткенімізде. Осы орайда Президент атап өткен­дей, “Ұйымды басқара оты­рып, Қазақстан еуропалық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету бүгінде құрлықтық шеңбер ауқымынан асып кеткен деген тезисті белсенді түрде ұсы­нумен келеді”. “Бізге Еуроатлантикалық және Еуразиялық кеңістікте барлық үш өлшемде де сақта­лып отырған және жаңадан туындайтын қатерлерге қатыс­ты бірлескен қадамдарды қа­лып­тастыру міндеті тұр. Аста­на Саммиті стратегиялық ба­ғыттар мен ЕҚЫҰ дамуының “Жол картасын” белгілеп беру­ді көздейді”, – деген Елба­сының пікіріне бірнәрсе қосудың өзі қиын. Саммитке дайындық бары­сында, мүше мемлекеттердің алдыңғы жиындарды алған мін­деттемелердің орындалуын мұқият қарастыру мақсатында Қазақстан төрағалығының бел­сен­ді атсалысуымен ЕҚЫҰ-ның арнайы Шолу конфе­рен­циясы басталған еді. Осы жи­налыстарда тараптар саммит­тің мазмұндық жақтарын, маңыздылығын талқыға салды. Өзі үш бөлімде өтеді. Алғаш­қысы, өткен аптада Варшавада аяқталған болатын. Екіншісі – 18-26 қазан аралығында Венада, ал соңғысы – 26-28 қараша аралығында Астанада өтетін болады. ЕҚЫҰ Парламенттік Ас­сам­блеясының Президенті Петрос Эфтимиу атап айт­қан­дай, “Шолу конференциясы бір ғана мәселеге нақты тоқ­талуы мүмкін: ол – біздің үкі­меттеріміз басқа мүше мем­ле­кет­терге және біздің бар­лық­тары­мызға, яғни азаматтарға қатысты өзіне жүктеген мін­деттерді ұстанады ма деген сұраққа қандай жауап бере алатынымыз”. Әрине, жалғыз сұрақтың астарында көптеген мәселелер жатқаны белгілі. Сондықтан бұл басқосуларда ЕҚЫҰ аясындағы барлық проблемалар қамтылып, әске­ри-саяси, экономика-эколо­гия­лық және гуманитарлық мәселелер талқылануы тиіс. Жоғарыда атап айтқандай, уақытпен бірге қоғам өзгеретін болғандықтан, сол қоғаммен жұмыс істейтін ұйымдар да дер кезінде өз жолын тауып отырғаны дұрыс. Осы тұрғыда Президент Н.Назарбаевтың сөздеріне құлақ салсақ, Сам­миттің уақыт талабы екеніне көзіміз жетеді. Расында, құ­жат­тарда осы тәрізді жиындар екі жылда бір рет өткізілгені жөн деп ұсынылғанына қа­рамастан, соңғы он бір жыл бойы мұндай басқосулар өт­кізілмеген. Өзінше бір ұсы­нымыз ретінде осындай жи­налыстарды кем дегенде бес жылда бір рет өткізіп тұруға міндеттеу қажет секілді. Және бұл мәселені Тұрақты кеңес қатаң бақылауға алса, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақстан төрағалығының үшінші тоқсанда ұйымдасты­рып үлгерген тағы да бір ма­ңыз­ды іс-шараны атап кет­ке­німіз жөн болар. Қыркүйектің 16-17 жұлдыздарында Венада ЕҚЫҰ шеңберінде Қазақстан бастамасымен электронды дауыс беру және қазіргі сайлау стандарттарын сақтау тақы­ры­бы бойынша сарапшылар кез­десуі өткен болатын. Кездесу барысында мұндай электрон­дық сайлау жүйесін қолдайтын немесе артық санайтын сарап­шылар арасында пікір алмасу орын алды. Негізі, бұл жүйе­нің тиімді жақтары көп екені даусыз. Атап айтқанда, бірін­шіден қарапайым бюллетень арқылы дауыс бергенге қарағанда, едәуір көп халықты тартуға мүмкіндік туады, яғни шынымен толыққанды сайлау орын алады деген сөз. Екін­шіден, сайлау аяқталғаннан кейінгі дауыстарды санау мен нәтижелерін шығару айтар­лық­тай жеңілдейді. Бұл жүйе­мен сайлау процесіндегі бар­лық кемшіліктерді жойып жібе­реміз деп айту қиын, дегенмен алға талпыныс жасап, жақсы жолдар іздегеніміз өте орын­ды. Бірақ, электронды дауыс беруге күмәнмен қарайтындар оның демократия қағидатта­рына сәйкес болу үшін кез келген сайлаудағыдай лайықты бақылауға ашықтықты қамта­ма­сыз ету тетіктерін анықтаған абзал деген пікір айтуда. Мұны электронды сайлаудың жақтастары жоққа шығармай, осы тетіктерді бірлесе бекіту мақсатында пікір алмасуды жалғастыруды ұсынып, осы күрделі мәселені ЕҚЫҰ қауым­дастығының назарына ұсынып тұрғаны үшін Қазақ­стан төрағалығына өздерінің ризашылығын білдіруде. Әрине, айта берсек, қазба­лай­тын дүние таусылар емес сондықтан осы жерден тоқтап, Қазақстан халықаралық арена­да игі істерге мұрындық бо­лып, әлем тарихында жарқын іздерін қалдыра берсе деген тілек білдіргіміз келеді. Нұрбек ЖОЛТАЙҰЛЫ.