16 Қазан, 2010

Елдігіміз көрінетін тұс

548 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Биылғы жылдың желтоқсан айының алғашқы күндерінде әлем назары Астанаға аумақ. Елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше елдер Мемлекет басшыларының саммиті өтеді. Осындай сындарлы сәтке дайындық қай салада да қайнаған қазандай. Біздің тілшіміз ғаламтор мүмкіндігін пайдаланып, еліміздің Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан ОҢжановпен тілдесіп, аталған мәселеге орай бірнеше сауал қойған болатын. – Нұрлан Баймолдаұлы, Еуропадан, әри­не, елге көз тігіп отыратындарыңыз анық. Сыртқы саясаттағы еліміздің биылғы басты та­бы­сы– ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі және осы ұйы­мның үш себеті бойынша жұмыстардың жүр­гізілуі десек, артық айтқандық болмас. 11 жыл бойына өткізілмеген ЕҚЫҰ Саммитінің Ас­танада жиналуына бір айдан сәл астам ғана уақыт қалды. Өзіңіз елшілік қызметін атқарып жатқан елдің осы саммитке қатысты ой­лар­ы­мен ортақтассаңыз. –Егемен еліміздің дүниежүзілік саяси сах­на­да орнықты орны бар, аса беделді халық­аралық ұйымда – Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымында төрағалық етуі Қа­зақстан үшін үлкен абырой-мәртебе, әрі әлем жұртшылығы алдындағы аса жоғары жа­уап­­кершілік екені анық. Ал осы жыл­дың 1-2 желтоқсанында 11 жыл­дан бері осы ұйымға мүше 56 елдің басшылары Астанаға ке­ліп, ал­ғаш рет шығыс елінде – кең­ байтақ, қонақжай қазақ же­рінде – ЕҚЫҰ-ның Саммитін өт­кі­зуді ұйғаруы әлем қа­уым­дастығының Қазақ­стан­ның ұс­танған саясаты мен ба­сым­дықтарын бағалап, еліміздің осы ұйымға төрағалық етуін жан-жақты қуаттағанының дә­ле­лі. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ынтасын қолдаған ең алғашқы мемлекеттердің бірі Гер­мания болды. Еуропаның жү­ре­гінде орналасқан басты серіктесіміздің бірі Герма­ния, со­нымен қатар, төрағалық қар­са­ңында және барысында жанашыр дос ретінде ақыл-кеңес бере отырып, аса жауапты миссияны ат­қару ісінде кешенді кө­мек көрсетуде. Неміс тарапы жоғары дең­гей­дегі кездесудің күн тәртібінде Ауғанстан мәселесі, “Корфу үдерісінің” болашағы, халық­ара­лық лаңкестікке қарсы күрес, ұйымның 3 се­беті және тағы басқа да ЕҚЫҰ алдында тұр­ған барлық өзекті мәселелердің қамтылуын қол­дап отыр. – Германия–Қазақстанның Еуропадағы басты әріптестерінің бірі. Былтырғы жылы біз­дің еліміздің Германиядағы жылы болса, биыл Германияның Қазақстандағы жылы. Реті келіп, сұхбаттың сәті түсіп тұрғанда, екі ара­дағы қарым-қатынастар жайына тоқталмай кетудің жөні болмас. – Германия мен Қазақстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастарына тоқталғанда, сөз Еуропа мен әлем саясатында салмағы мол, экономикасы өте жоғары деңгейде дамыған (ІЖӨ-нің өзі ғана 3 триллион еуро мөл­ше­рін­де), ЕО-ның көшбасшысы туралы болатынын ес­керу қажет. Алдыңғы қатарлы заманауи тех­но­логиялардың дамуы, әсіресе, жаңартпалы энер­гия қуатын дамыту жағынан Германия әлемде бірінші орынды иеленіп, климаттың өз­ге­руіне қарсы күресте көшбасшы болып та­бы­ла­ды. Әлемді дүр сілкіндірген қаржы-эко­но­ми­ка­лық дағдарыстан шығу жолындағы Фе­дералдық үкіметтің төтенше шаралары, атап айтқанда, экономикаға бөлінген толыққанды көмек (ша­ма­мен 600 миллиард еуро көлемінде), конъюнктураны қолдауға бағытталған шаралар па­кеттері, өндірістегі жұмысшылардың санын азай­тпай, қысқартылған жұмыс күніне көшіріп, қалған уақытын олардың мамандығын арт­тыруға немесе басқа мамандық алуына жұмсау, болашақтың кілті – білім мен ғылымның қо­лын­да деп, осы салаларға қосымша қаржы бө­луі көп елдерге үлгі болғаны да мәлім. ЕО-ның Орталық Азия мемлекеттеріне бай­ла­нысты саясатын белгілейтін жаңа Сра­те­гия­сын дайындауға ЕО-ның 2007 жылғы төрағасы Гер­мания бастама берген болатын. Міне, осын­дай “алыппен” егемен еліміз қоғам өмірінің бар­лық саласында да терезесі тең, достық пен өз­ара сенімге негізделген қатынастар орнатып, өз­ара тиімді байланыстарды дамыта білді. Екі ел арасындағы ең жоғары және жоғары дең­гейдегі саяси байланыстар тұрақты дамуға ие болып, ертеректегі уағдаластықтар табысты іс­ке асырылуда және жаңа келісімдерге қол жеткізілуде. Ең жоғарғы деңгейдегі екіжақты сапарлар елдеріміз арасындағы саяси байланыстардың тығыздығының, әрі белсенділігінің куәсі. Мы­са­лы, 2008 жылғы қыркүйекте ГФР-дің Фе­де­рал­ды президенті Х.Келердің Қазақстанға са­па­ры өтсе, 2009 жылғы ақпанда Елбасының Германияға сапары болып, Қазақстанның Гер­ма­ниядағы жылын салтанатты түрде Берлиндегі атақ­ты Концертхаус ғимаратында ашып берді. Бір айта кететін жәйт – бұл Қазақстанның Ба­тыс Еуропа аумағында өткізген тұңғыш толық­қан­ды жылы. Жыл шеңберінде неміс серіктестерімен бір­ге 13 федералдық жерде жүзден аса, оның ішін­де 19 саяси, 27 экономикалық және 54 мәдени-гу­манитарлық шаралар өткізілді. 12 екіжақты жә­не 23 экономикалық-инвестициялық құ­жат­тар­ға қол қойылды. Қазақстан жылының өтуіне байланысты неміс саясаткерлерінен, іскер азаматтардан, қо­ғам қайраткерлерінен алты жүзден аса пікірлер ке­ліп түсті. Солардың ішінде бұрынғы Фе­де­рал­дық президент Рихард фон Вайцзекерден, Фе­дералдық президент әкімшілігінің басшысы Х.-Ю. Вольффтан, Германия Бундестагының Вице-президенті П.Паудан, ГФР Вице-канцлері – Сыртқы істер министрі Г.Вес­тер­вел­леден жә­не т.б. бар. Әлемге әйгілі неміс саясаткері, бұрынғы ГФР Вице-канцлері, Сыртқы істер министрі Г.-Д.Геншер өз хатында: “2009 жылғы қазақ-неміс жы­лы үлкен табыспен өтті. Бұл – екі мем­ле­кет­тің де табысы. Қазақстан мен Германия осы жылы жақындаса түсті. 2009 жылы Германияны таң-тамаша қалдырған Қазақстанның мәдениет өне­рі біздің қарым-қатынастарымыздың те­рең­ді­гін паш етіп, осы байланыстардың тек саяси не­месе экономикалық мазмұнда ғана емес еке­нін көрсетіп берді. Оны халықтарымыздың жа­сам­паз мүмкіндіктерінің жарқын көрінісі деп қа­рау керек”, – деп атап өтті. Қазақстан жылының басты да маңызды нә­ти­желерінің бірі – Қазақстан Германияда тек Бер­линде ғана емес, барлық аймақтарда да та­ны­мал болды. Осы ретте биылғы жылдың шілде айында өткен ГФР Федералдық канцлері А.Меркельдің біз­дің елге сапарына тоқтала кетейін. Ең жо­ға­ры деңгейде өткен келіссөздер барысында екі тарап өзекті халықаралық жағдай және қазақ-неміс қатынастарының қазіргі ахуалы мен бо­ла­шағы туралы пікір алмасты, осы саладағы ұс­та­нымдарының толық сәйкестігін растап, сая­си, экономикалық және гуманитарлық сұх­бат­тар келешекте де пәрменді түрде жалғаса бе­ре­тінін мәлімдеді. Қазақстан мен Германияның екіжақты ын­ты­мақтастықтың нығаюына мүдделілігін және оған барлық мүмкіндіктердің барын сапар ба­ры­сында қол жеткізілген уағдаластықтардан- ақ кө­руге болады. Келіссөздер қорытындылары бойын­ша 9 үкіметаралық – ведомствоаралық құ­жат­тарға және 2 млрд. еуродан аса көлемде 34 экономикалық келісім-шарттар мен уағ­да­лас­тық­тарға қол қойылды. Бұл құжаттар қа­зақ­стан­дық менеджерлерді дайындау, ауыл­ша­руа­шы­лық, қоршаған ортаны қорғау, денсаулық сақ­тау, білім беру, ғарыш зерттеу және де басқа көп­теген салаларды қамтиды. Елшіліктің бастамасымен Шығыс және Ор­та­лық Еуропа (ШОЕ) және ТМД елдерімен ын­тымақтастық дамытатын 300-ден астам гер­ман кәсіпорындары енетін ШОЕ қа­уым­дас­ты­ғы (OMV) шеңберінде 2008 жылы Қазақ­стан­мен ынтымақтасу бойынша экономикалық жұ­мыс тобы құрылып, А.Меркельдің Қазақстанға са­пары барысында аталған Жұмыс тобын Стра­те­гиялық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Германия Іскерлік кеңесіне (ІК) айналдыру ту­ра­лы меморандумға қол қойылды. ІК-тің алғашқы отырысы 2010 жылғы 1 қазанда Ал­ма­тыда өтті. Екіжақты ынтымақтастықты нығайту үдерісінің дамуында парламенттік, ми­нис­тр­лік­аралық, аймақтық байланыстардың септігі мол жә­не атқарылып жатқан істің өзі бір төбе. Германия Қазақстанның жетекші сауда әріп­тестерінің бірі екені белгілі. Германия ка­пи­талының қатысуымен Қазақстанда 800-ге жуық бірлескен қазақ-неміс кәсіпорындары тір­келген. Елдің экономикалық күш-қуатын бей­нелейтін және германдық жетекші бир­жа­лық DАХ индексі тізіміне кіретін ГФР-дің ірі ком­панияларының көпшілігі Қазақстан эко­но­ми­касының әртүрлі салаларында белсенді жұ­мыс істеп жатыр. Олар біздің елді сенімді ин­вес­тициялық серіктес және ТМД мен Орталық Азия аумағындағы саяси-экономикалық ма­ңы­зы үлкен мемлекет ретінде қарастырады. Өзіңіз атап өткендей, былтырғы жыл Қазақ­стан­ның Германиядағы жылы болса, биылғы жыл екіжақты қатынастар та­рихындағы тағы бір елеулі жыл­дар­дың бірі, нақтырақ айтқанда, Гер­манияның Қазақстандағы жылы. Жыл аясында неміс тарапы кең кө­лем­ді шаралар өткізіп жатқаны белгілі. Үлкен саясат барысында да ауыз толтырып айтарлықтай жетіс­тік­теріміз бар: шілде айындағы Канцлер А.Меркельдің сапары екі­жақ­ты экономикалық қарым-қа­ты­нас­тарға жаңа серпін берсе, Вице-канцлер – Сыртқы істер министрі Г.Вестервелле биылғы жылы Ал­ма­ты­да өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министрлерінің бей­рес­ми кездесуінде алғашқылардың бірі болып осы Ұйымның Саммитін Аста­нада өткізу туралы ұсынысты қол­дап, осы ең жоғары деңгейде өте­тін шараға Германияның да қа­ты­сатынын мәлімдеді. Ал Германия Бундеста­гы­ның Төрағасы Р.Лам­мерт­­­тің Қазақ­стан­ға барар сапары қазақ-неміс тарихындағы Бундестаг Төрағасының Қазақстанға алғашқы рет атбасын бұрғаны болып табылады. Аталған сапарлар мен кездесулер Германия­ның Қазақстанға де­ген нағыз достық және сенімділікке негізделген қарым-қаты­нас­та­­ры­ның айқын көрінісі десем ар­тық болмас. Осы мүмкіндікті пайдалана оты­рып, сіздің газет бе­тінен де неміс достарымыз бен әріптестерімізге Гер­мания жылын өткізу бары­сында мол табыс тілегім келеді. – Барша қазақстандықтар үшін төр­аға­лық­тың абыроймен аяқталуы елдігімізге сын тә­різді жауапты міндет. Осы орайда елге-жұртқа не айтар едіңіз? Өркениеттің ежелгі бесік­те­рінің бірі кәрі құрлық тұрғындары – еуропа­лық­тардың бір мезгілде бұлайша басқосуы елі­мізде бірінші рет болғалы тұр емес пе?! – Қазақстанның дүние жүзіндегі ең беделді Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық мә­селелері жөніндегі ұйымында төрағалық етуі – Ота­нымызға деген мақтаныш пен құрметті ас­қақ­тататын бастама. Қазақстан Рес­пуб­ли­касының тек посткеңестік республикалар ара­сын­да ғана емес, Азияда бірінші болып ЕҚЫҰ төрағалығын иелен­ген мемлекет екендігін әр­қай­сымыз мақтан етуіміз қажет. Төрағалық барысында еліміз ұйымның барлық мүшелерін ЕҚЫҰ-ның үш себеті бойынша да ынтымақтастыққа тарта білді. Са­пар­лар, отырыстар мен кездесулердің күн тәртібінде атом және жаппай қырып-жою құ­рал­дарынан бас тарту, Арал теңізін сақтап қалу мен климаттың өзгеруі, жылдар бойы шешімін таппаған дауларды қарастыру, қасіретті ауған еліндегі ахуалды тұрақтандыру, халықаралық лаң­кестікке қарсы күрес сияқты аса өзекті мә­се­лелер болды. Көрші қырғыз еліндегі оқиғалар барысында Елбасының тікелей араласуымен қатерлі ушығудың алдын алып, тараптарды сабырлылыққа келтіре білгені бүкіл әлемде жоғары баға алғаны белгілі. Жеке бастама беру бір бөлек, ал басқаларды ұйымдастыра білу, бі­ріге қимылдауға тарту бір бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы ре­тін­де көп көңілінен шыға білді деп айтуға болады. Ұйымның жоғары Саммитін Астанада өткізу – расында да тарихи шешім. Ол Елба­сы­ның сыртқы саясаттағы мол абыройының нәтижесі мен Қазақстан халқының тәуелсіздік жыл­дары ішінде қол жеткізген табыстарына халықаралық қоғамдастықтың жоғары құрметі деп білуіміз қажет. Бұл шешімді, сонымен қа­тар, Қазақстан төрағалығының үлкен жеңісі деп түсінеміз. Енді алда тұрған басты мақсаттың бірі – Ұйымның Саммитін абыроймен өткізу. Осын­дайда халқымыз айтқандай, “Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып”, елдігімізді көр­се­туіміз маңызды. Осы жолда баршамызға мол та­быс тілеймін! – Айтқаныңыз келсін! Әңгімеңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.