САҚАДАЙ-САЙ ӘЗІРМІЗ
Қоңырқай күздің бел ортасына келдік. Енді әне-міне дегенше қытымыр қыс күндері де есік қаққалы тұр. Болжамшылардың айтуынша, биылғы жылғы қыс қаһарлы болмақ. Болар, болмас, “Қыстың қамын қазірден” дегендей, Сыр аймағы тұрғындарының дайындығы қалай?
Осы сауалға орай “Егемен Қазақстанның” Қызылорда облысындағы тілшісі Еркін Әбіл облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Бауыржан Қаракөзовке:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Әңгіменің ашығын айтсам, аймақ алдағы қыс маусымына сақадай-сай әзірлікте, яғни облыста жылу маусымына дайындық 98 пайызға жетіп отыр. Егер саралай айтар болсам, қысқа дайындық жөнінде арнайы штаб құрылып, жоспарлы жұмыс жүргізілуде.
Қызылорда қаласын “Қызылордажылуэлектрорталығы” және “Қызылордаоңтүстікжылуорталығы” мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындары жылумен қамтамасыз етеді. Осы екі орталық 500-ден астам көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке тұрғын үйлерге, ондаған мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарына жылу береді. Алдағы қыс маусымына 11 үлкен, 3 кіші жылу қазандығы, 15,9 шақырым жылу жүйесі, 537 тұрғын үй мен 50-ге жуық мемлекеттік нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ал, облыс орталығын қатты отынмен қамтамасыз ететін “Қызылорда отын” және “Айкон и К” ЖШС-лері көмірді Екібастұз қаласы мен Шұбаркөлден толассыз тасуда. Қазір бұл серіктестіктерде көмір қоры 58 мың тоннаға жуық жиналған. Алдағы қысқа бюджеттік мекемелер үшін облысқа 78,7 мың тонна қатты отын керек болса, бүгінде соның 70,5 мың тоннасы, яғни 90 пайызы жеткізілді. Оған облыстық бюджеттен 1,3 млрд. теңге бөлінген.
Айта кетейін, “Жол картасы” бағдарламасы аясында 233,5 млн. теңге қаржыға жылу құбырлары жөнделуде. Ал, “Қызылордаоңтүстікжылуорталығы” МКК осы бағдарлама аясында облыстық бюджеттен бөлінген қаржыны толық игеріп, жылу құбырларын жөндеу жұмыстарын аяқтады. Сондай-ақ өткен жылғы жылу беру маусымынан жоғарыдағы екі орталықта 685 тонна мазут қалса, алдағы маусымға 20 мың тонна мазут алуды қарастырудамыз.
Жылу беру маусымы кезінде тұтынушыларды тұрақты түрде жарықпен қамтамасыз ету мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 743,3 млн. теңгеге үш қосалқы стансаны қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізудеміз. Ал, “КРЭК” АҚ өз қаржысы есебінен 1100 шақырым электр желілерін жөндеу жұмыстарын аяқтаған.
Өздеріңізге мәлім, Қызылорда қаласына көгілдір отын – газ тарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Демек, көгілдір отынмен жылытатын тұрғын үйлер қатары ай санап емес, күн санап көбейіп келеді.
Қызылорда.