ХХ ғасырдың 50-60-шы жылдарында Қазақстанда дене шынықтыру мен спорт енді бел алып, дами бастаған кезеңде еркін күрес шеберлері көштің алдында жүрді. Қабден Байдосов, Әбілсейіт Айханов, Амангелді Ғабсаттаров, Алексей Семкин, Аманжол Бұғыбаевтың есімдері бүкіл елдің аузында аңыз болып айтылды. Осы азаматтарға еліктеп, мыңдаған бала күреске бет бұрды. Ол кезде қазіргідей аумағы атшаптырым залдар жоқ: ауыл баласы көк майсада, киіздің үстінде, болмаса еденге матрац төсеп күресе беретін; қаланың балалары шағын спорт мүйістерінде белдесті. Сондай жағдайдың өзінде қазақ жастары Кеңес Одағындағы күшті команданың бірі болды. Петр Матущак баптаған Қазақстан құрамасымен бүкіл Одақ санасушы еді. Кейін құрама тізгінін Қабден Байдосов ұстады. Мықтылар лек-легімен шығып жатты.
Даңқты түйе балуан Әбілсейіт Айханов үш дүркін Олимпиада чемпионы Александр Медведьпен тең күрескен жалғыз балуан болса да Мәскеудің іштарлығынан әлем, Еуропа чемпионаттарына қатыса алған жоқ. Әбекең КСРО халықтары спартакиадасының жеңімпазы атанған бірінші қазақ балуаны. Еркін күрестен КСРО чемпионы болған Амангелді Ғабсаттаров пен Кеңес Одағының чемпионы, небір Олимпиада, әлем чемпиондарын таза жыққан Аманжол Бұғыбаевты Одақ бапкерлері ең болмаса Еуропа чемпионатына да апармады. Кеңес Одағы бұлардан басқа талай тарландарымыздың бағын байлады, аяғына тұсау салды. Ал тәуелсіздік алғаннан бергі 20 жылдай уақытта еркін күресте неге жарқырай алмай жүрміз, бізді кім тұсап отыр, деген сауал қазақ спортының жанашырларын мазалайтыны анық. Осынша байтақ даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғаған батыр әрі балуан бабалардың бүгінгі ұрпағына не болды? “Қазақ спорты” газетінің 2010 жылғы 5 қазандағы нөмірінде “Күрестен әлем чемпионы қашан шығады?” деген проблемалық, талдау мақала жарияладық. Сонда грек-рим күресінің елдегі даму барысына тоқталдық. Бұл саланың бапкерлері 1999 жылдан бері ересектер арасында әлем чемпионын баптамаған болса, еркін күрестегі жағдай тіпті ауыр. Жарты ғасырдан артық тарихы бар Қазақстанның еркін күресі шежіресінен ересектер арасындағы бірде-бір әлем чемпионын таба алмайсыз. Ащы да болса, шындық осы.
Мен спорттың өз адамымын, жаттықтырушылық қызметтен бастап Алланың жазуымен министр дәрежесіне жеттім. Еркін күрестің жағдайы басшы ретінде ғана емес, өз Отанымның азаматы ретінде жаныма қатты батады. Сондықтан да өткен жолы грек-рим күресінің, бүгін еркін күрестің жағдайын ашық айтып, барын бар, жоғын жоқ деп жазуды жөн көрдік. Себебі, шындық ерте ме, кеш пе, бәрібір айтылады.
Өткен жолы грек-рим мен еркін күрес балуандарының тәуелсіздік жылдарында әлем чемпионаттары мен Азия ойындарындағы нәтижелерін салыстырдық: грек-рим құрамасы бұл көрсеткіштер бойынша еркін күрестен көш ілгері екен. Енді 1993 жылдан бергі Азия чемпионаттары бойынша тағы бір таразылап көрейік. Грек-рим күресінің жігіттері 17 жылда - 25 алтын, 21 күміс, 22 қола медальға ие болса, еркін күрестің үлесінде небары 8 алтын, 13 күміс, 18 қола жүлде бар болып шықты. Бапкерлік құрамы мықты команда 8 алтынды 4-5 жылда жеңіп алады. Біздің жігіттер оған 17 жыл жұмсапты. Ал төрт бірдей Азия ойындарындағы бір-ақ алтын жүлде (Мәулен Мамыров, 1994 жыл) бұл құраманың әлсіздігінің нақты дәлелі.
Сонда қалай, грек-рим құрамасынан осынша артта қалатындай еркін күрестегі азаматтарға не болды? Әлде республика көлемінде еркін күреспен шұғылданушылар қатары аз ба? Көңілде күмән тумауы үшін нақты статистикаға жүгініп көрейік. (Қараңыз, 1-кесте)
Өздеріңіз көріп отырсыздар, Қазақстанда еркін және әйелдер күресіне ден қойған спортшылардың саны 20 036 адам. Әйелдер күресі енді-енді қанат жайып келеді. Сондықтан 20 036 адамның басым көпшілігі ер балалар мен жігіттер екені даусыз. Грек-рим күресінде 10 677 спортшы. Еркін күресшілер шамамен екі есе көп. Грек-римде 411 жаттықтырушы қызмет істесе, еркін күресте 736 бапкер бар екен. Енді не жетпейді? Қос құрама кейінгі жылдары қаражат жағынан таршылық көрген жоқ. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында спорт саласының қаржысы жыл санап өсіп келеді. Олай болса, еркін күрес неге өрге баспай отыр? Біздің ойымызша, бұл саладағы жаттықтырушыларда ізденіс жоқ, қазіргі спорттың ғылымсыз алға баспайтынын олар қаперден шығарып алған тәрізді. Оның үстіне “бізге бүкіл ел қарап отыр-ау, әлем чемпионатында жылда жығыла берген ұят” деп, 17 жылда шындап бір серпілуге жарамаған құрамадан не күтуге болады?
Кезінде біз де жаттықтырушы болдық. Алматыдағы ҚазМУ-дің бір ғана самбо тобынан Кеңес Одағының, Еуропаның, әлемнің чемпиондарын баптап шығардық. Осы бір ғана топпен Қазақстан чемпионатында командалық бас жүлдені талай рет жеңіп алдық. Бір балуанның бір әдісін жетілдіру үшін сағаттап, апталап, айлап тер төгетінбіз. Күніне 6-7 сағат жаттығу жасадық. Тамағымызды спорт залында ішкен күндеріміз болды. Мықты шәкірттеріміз өздерінің оңтайлы әдістерін кез келген жағдайда мүлтіксіз орындауы үшін аянған жоқпыз. Ол кезде қазіргідей шетелге көп шыға алмайсың. КСРО құрамасына ену, онда беку дегеніңіз өте ауыр жол-тын. Соған қарамастан, әлемдегі ең мықты деген мемлекеттің самбо құрамасында бірнеше шәкіртім болды. Кеңес Одағының дзюдо чемпионаттарында да жүлдегер атандық. Мұны мақтану үшін айтып отырған жоқпын. Жастарға үлгі болсын деймін. Қазіргі мықты деген еркін күрес балуандарының адам сүйсінетін оңтайлы екі-үш әдісін көрмейсің, қарсыласымен ырғасып, жұлқысып, тіресіп жүргендеріне мәз. Бұл бапкерлердің творчестволық қабілетінің төмендігін, ізденістің кемдігін білдіреді. Қазақстан құрамасындағы балуанның кем дегенде оңтайлы екі-үш әдісі болуы керек. Оңтайлы әдіс – балуанның басты қаруы. Мұндай қаруы жоқ балуан алысқа бармайды. Спортшының оңтайлы әдісі спорт мектебінде жүргенде қалыптаса бастауы қажет. Жастар құрамасына жеткенде бұл әдіс біршама жетіліп, ұлттық құрамаға енгенде алмас қылыштай лыпылдап тұруы керек. Бұған қоса спортшының күш-қуаты, төзімділігі, психологиялық дайындығы тиісті деңгейде болса, мұндай балуан намысты қолдан бермесі анық.
Біздің еркін күрес құрамасы қыркүйекте Мәскеуде болған әлем чемпионатында үмітті ақтамады. Абдулхаким Шапиевке (Батыс Қазақстан, 74 кг.) бұйырған жалғыз қола медаль қай жыртығымызға жамау болады? Құрама бапкерлері сенім артқан Дәулет Шабанбай (Алматы қаласы, 96 кг.) бірінші белдесуде-ақ иран балуанынан жығылып қалды. Аслан Жанаханов (Астана, 55 кг.), Абылай Телтаев (Алматы облысы, 60 кг.), Ақжүрек Таңатаров (Жамбыл облысы, 66 кг.) және Марид Муталимов (Маңғыстау облысы, 120 кг.) бірінші қарсыластарын ұтып, екінші белдесуде сәтсіздікке ұшырады. 84 килодағы Қанат Бердиев (Маңғыстау облысы) алғашқы екі балуаннан басым түскенімен, үшінші қарсыласынан ұтылды. Мұндай жағдайда не айтуға болады? Құрама бапкерлері жылда “алдағы жылы ілгерілеу болады”, деп уәде береді. Көптің назарында, күрестің соңында жүрген азаматтар болған соң сөздеріне сенесің, алтын бастарын сыйлайсың. Ал бір жыл емес, бес жыл емес, 17 жылда бір қазақ балуаны әлем чемпионы болуға жарамаса, төрт бірдей Азия ойындарында Мәулен Мамыровтан (Алматы облысы) басқа алтын жүлдегер болмаса, қалай ашынбайсың.
Қазақстан құрамасының сапында әлем чемпионатында белдескен жігіттердің қимылдарына қарап отырып, біздің ұлттық чемпионаттың деңгейі төмен екеніне күмән келтірмейсің. Егер ел чемпионатының деңгейі жоғары болса, балуандардың шеберлігі соған сай дәрежеде болар еді. Ал ұлттық чемпионат дегеніміз елдегі 14 облыс пен Астана, Алматы қалалары спортшылары арасындағы бәсеке. Аймақтар әлсіз болса, ұлттық чемпионат әлсірейді. Аймақтар күшейсе, ұлттық чемпионаттың қуаты артады, ұлттық құрама күшейеді. Еркін күрестің аймақтардағы даму деңгейіне баға беру үшін құрлық чемпионаттарындағы нәтижелерімізді саралап көрейік. 1993-2010 жылдар аралығында ересектер арасындағы Азия чемпионаттарында М.Муталимов (үш рет), М.Мамыров, Н. Қатаев, И.Байрамуков, Л.Спиридонов, И.Жабрайылов секілді балуандар ғана алтын медальға қол жеткізіпті. Спортшыларының қатары мол, бапкерлері жеткілікті Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары тәлімгерлерінің 17 жылда бір Азия чемпионын баптауға жарамағандарын немен ақтауға болады?
Енді аймақтардың кейінгі үш жылдағы Азия чемпионаттарында көрсеткен нәтижелеріне назар салайық. (Қараңыз, 2-кесте)
Осы жерде алдағы қарашада Гуанчжоуда өтетін жазғы Азия ойындарына кімдер баруы мүмкін, деген сауалға жауап беріп көрейік. 55 кило – Д. Ниязбеков (Қызылорда облысы), Р. Қалиев; 60 кило – Д. Жұмағазиев (Алматы қаласы), А. Телтаев (Алматы облысы); 66 кило – Л. Спиридонов (Астана), А. Таңатаров (Жамбыл облысы); 74 кило – А. Шапиев (Батыс Қазақстан), С. Османов (Қарағанды облысы); 84 кило – Е. Байдуашев (Оңтүстік Қазақстан); 96 кило – Т.Тигиев (Батыс Қазақстан), Н.Қатаев (Қарағанды облысы);
Азия чемпионаттарындағы жағдайымызға қанық болдыңыздар. 2008 жылғы Олимпия ойындарында батысқазақстандық Теймураз Тигиев күміс, маңғыстаулық Марид Муталимов қола медаль алғанын білесіздер. 2009 жылғы әлем чемпионатында астаналық Леонид Спиридонов қола жүлдегер атанды. Ал биылғы қыркүйектегі әлем чемпионатында біздің құрама медаль жағынан Қырғызстанмен тең түсті. Қос қола медальді қанжығаға байлаған кішкентай ғана Грузия біздің алдымызда тұр. Бір алтын, үш қола медалі бар Әзірбайжан шаңын көрсетпей кетті.
Бұл жағдай күрес десе, ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлерді, спортқа жаны ашитын мамандарды қанағаттандырмайтыны анық. Өздеріңіз көріп отырсыздар, кейінгі үш жылдағы Азия, әлем чемпионаттарында, Олимпия ойындарында көп облыстың қоржыны бос. Қарап отырсақ, бізде еркін күресті өз деңгейінде дамытып отырған бірде-бір облыс жоқ екен. Менің айтайын дегенім: балалар спорт мектебі – спорт интернаты – олимпиялық даярлық орталығы – жоғары спорт шеберлігі спорт мектебі – ұлттық құрама жүйесін сатылап құрып, Қазақстан құрамасын мықты балуандармен қамтамасыз ету. Облыстардың спорт басшылары осы жағын неге терең ойламайды? Әр облыс 6-7 спорт түріне ен салып, даму жүйесін қалыптастырса, Қазақстан спорты кәдімгідей алға басар еді. Аймақтардың спорт жетекшілері маман мәселесіне қатты мән берулері керек. Мысалы, Ресейдің Краснояр қаласында әлемге әйгілі еркін күрес бапкері Дмитрий Миндиашвили тұрады. Миндиашвили өзінің күрес мектебі арқылы бірнеше Олимпиада және әлем чемпиондарын баптап шығарды. Оның төл шәкірті Бувайсар Сайтиев – Олимпия ойындарының үш дүркін жеңімпазы, дүние жүзінің алты мәрте чемпионы. Біздің облыстардағы спорт жетекшілері осындай жаттықтырушы іздеулері керек. Он, он бес жылда бір Азия чемпионын дайындамаған жаттықтырушыдан үміт күту қиын. Мен біздің аймақтардағы спорт басшылары кадр танымай ма деп қауіптенемін. Болмаса, ел намысына, аймақ мүддесіне немқұрайды қарайды.
Әйтпесе, біздің кейбір облыстар халқының саны, жерінің аумағы, экономикалық қуаты жағынан Еуропа мен Африкадағы шағын мемлекеттерден артық болмаса, кем емес. Мысалы, 2,5 млн. халқы бар Ямайка мемлекетінің желаяқтары Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында 6-7 медальға дейін алады. 2 млн. халық мекендейтін Моңғолия бокс пен дзюдоға қамшы басты. Біздің облыстар белгілі спорт түрлеріне неге бетбұрыс жасамайды?! 20-25 олимпиялық спорт түріне шашылып, ешқайсысынан дұрыс нәтижеге жете алмай отырған облыстар қаншама? Бізде қатарынан үш-төрт Олимпиадада жүлде алмаған облыстар бар. Әр облыс екі-үш спорт түрінен әлемдік деңгейде спортшылар баптаса, Қазақстан спорты дүние жүзіндегі мықты деген 15-20 мемлекеттің қатарына еркін қосылар еді. Мысалы, былтыр ауыр атлетикадан әлем чемпионатында олжалаған 4 алтын медальдің арқасында әлемдегі мойны озық 16 елдің қатарына қосылдық. Аймақтардың спорт жетекшілері, еркін күрес мамандары осы сыннан қорытынды шығарады деген ойдамыз. Еркін күрес барлық облыста бар. Республикалық деңгейдегі екі интернатта, он облыстық интернатта еркін күрес бөлімдері жұмыс істейді. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында – 121, Алматы облысында – 80, Шығыс Қазақстан облысында – 74, Ақтөбе облысында – 70, Жамбыл облысында – 66 еркін күрес бапкері тіркелген. Аталған облыстардың спорт басқармалары осынша жаттықтырушыны неге ұстап отыр, деген сұрақ туады. Егер нәтиже болса, бұл сауалды қоймаған болар едік. Мысалы, Астанадағы Қажымұқан атындағы спорт интернатының 5-6 жаттықтырушысы грек-рим күресінен ұлттық құрамаға спортшы даярлауда жемісті еңбек етіп келеді. Ә.Мәмбетов, А.Кебісбаев, М.Әсембеков, Д.Баяхметов, Ә.Иманбаев, Е.Қоңыратов секілді танымал балуандар осы интернаттың түлектері. Творчестволық қуаты мол, жұдырықтай жұмылған шағын ұжыммен бір мемлекеттің намысын көтеруге болатынын астаналық бапкерлер дәлелдеп отыр.
Біз мамандарды жөнсіз қысқарту керек деген ойдан аулақпыз. Кәсіби шеберлігі жоғары, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үнемі ізденіс үстінде жүретін жаттықтырушыларды қолдап, қостағанға не жетсін. Ал жаттығу процесінің не екенін дұрыс білмейтін “мамандарды” ұстаудың қажеті қанша?! Облыстық спорт басқармалары білікті, жанашыр мамандардан комиссия құрып, жаттықтырушыларды аттестациялау ісін қолға алулары керек. Аймақтардағы ең таңдаулы жаттықтырушылар облыстық спорт интернаттары мен олимпиялық ізбасарлар мектептерінде, олимпиялық даярлық орталықтарында, жоғары спорт шеберлігі мектептерінде қызмет етуге тиісті. Жергілікті жауапты адамдар бұл мәселеге жете мән берулері керек.
Облыстық спорт басқармалары басым бағыттағы спорт түрлері қатарында еркін күрес мамандарының басын қосып, бар мен жоқты екшеп, нақты бағдарлама жасаулары керек. Жасалған бағдарламаның орындалу барысы белгіленген мерзімде тексеріліп отырмаса, нәтиже болмайды. Республикалық, облыстық спорт интернаттары мен олимпиадалық даярлық орталықтарында спортшыларды күреске талдау жасауға үйрету керек. Спорт интернаттарын бітірген көптеген дарынды балалар қалаларда баспана мен тамақ жағынан қиындық көреді. Облыстардағы жауапты басшылар өздерінен шыққан талапты жастардың тізімін алып, олардың күресті сапалы деңгейде жалғастыруына жағдай жасауға тиісті. Аймақ жетекшілері еркін күрестің дамуын бір жүйеге келтірмейінше ұлттық құраманың жағдайы жақсармайды. Егер облыстарда еркін күрес жүйелі дами бастаса, республикалық олимпиадалық даярлық орталықтары мен ұлттық құрамаға мықты балуандар көптеп келе бастайды. Ұлттық чемпионаттың сапасы көтеріледі. Ұлттық құрама күшейеді.
Қадірлі ағайын, қазақ спортының алтын бастауы ауыл екені белгілі. Бәріміз де ауылдан шықтық. Облыс орталықтарында ауыл балалары үшін спорт интернаттары жұмыс істейді. Еркін күрестегі мақтан тұтар мықтылардың, ұлттық құрамадағы балуандардың басым көпшілігі ауыл азаматтары. Олай болса, Қажымұқан мен Әбілсейітке тартып туған өрендерді ауылдан да, қаладан да талмай іздегеніміз дұрыс. Ел намысы бәрімізге ортақ. Олай болса, аймақ басшылары еркін күрестің жағдайына жанашырлық танытып, бұл саланың алға басуына атсалысса, нұр үстіне нұр.
Елдегі еркін және әйелдер күресімен шұғылданатын спортшылар мен жаттықтырушылар туралы мәлімет
1-кесте
№ Өңірлер Спортшылар Жаттықтырушылар саны саны
1 Оңтүстік Қазақстан 2 986 121
2 Алматы 2 315 80
3 Шығыс Қазақстан 2 132 74
4 Ақтөбе 1 697 70
5 Жамбыл 1 635 66
6 Павлодар 1 387 39
7 Қостанай 1 271 36
8 Солтүстік Қазақстан 1 070 46
9 Қарағанды 1 031 37
10 Қызылорда 1 007 33
11 Алматы қаласы 813 40
12 Ақмола 712 22
13 Атырау 686 22
14 Батыс Қазақстан 670 29
15 Маңғыстау 477 13
16 Астана 147 8
Барлығы 20 036 736
2-кесте
2008 2009 2010
Маңғыстау Муталимов 3 Муталимов 3 Муталимов 1
Алматы қ. Шабанбай 3 Шабанбай 3 Семенов 2
Жұмағазиев 3
Қарағанды - - Қатаев 2
Османов 3
Батыс Қазақстан - Шапиев 2 -