19 Қазан, 2010

Ақ мақта. Алғашқы рапорт

559 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Үйренетін үрдіс Оңтүстіктің күзі қабағын жиі түйетінді шығарды. Қорғасындай қарабауыр бұлт түйіліп-түйіліп тұрып, көз жасын төгіп жібереді. Мақта еккен диқандарда маза жоқ. Қауашақта жайнап тұрған мақтаға су өтсе сорты төмендеп кетеді. Сорты төмендеді дегеніңіз бағасы төмендейді деген сөз. Ал, қазір мақтаның тоннасы 100 мыңның үстінде. Сондықтан ысырап қылмай тез жинап алуға тырысады. Арыс қаласына іссапармен бар­ғанбыз. Арыс қаласының әкі­мі Қанат Сыдықов облыс әкімі Асқар Мырзахметовке биылғы өн­імнің берекелі болғандығы жө­нінде рапорт беріп үлгеріпті. 672 гектар жерге шит сепкен арыстық мақташылар өнімнің кө­лемін 1500 тоннадан асырып жі­берді. Тағы 500 тонна жинап алу­дан үмітті. Есепке салсаң, арыс­­тықтар белгіленген мөлшерден 500 тоннадан артық ақ алтын жинайды. Бұл – мықтылық. Қала әкімінің айрықша тоқ­талғаны 430 гектарға шит сепкен “Мақта компаниясы” ЖШС еді. Бас агроном Иманов Мырзабек мақта алқабының басында жүр екен. 430 гектар мақталықтың 120 гектары тамшылатып суару әді­сімен өсірілген. 24 тамыздан бас­тап терім басталған. Алғашқы те­рімде гектары 45 центнерден ай­налса, екінші терімде 60 цент­нерден жиналған. Тамшылатып суару арқылы егілген мақтаның кереметі сол, қарапайым тәсіл­мен егілген мақта мықтағанда 25-30 центнер береді. Салыстыр­малы түрде алсақ, тамшылатып суару қарапайым еккен мақта­лық­тан пайданы 3,5 есе артық береді. Су 2,8 есе үнемделеді. Осындай артықшылықтары бар болса, неге бар мақташылар осы әдіске көшпейді деген заңды сұ­рақтар туары сөзсіз. Там­шы­латып суару – бірімен-бірі қабы­­сып жатқан, бір жерінде кінәрат болса өнімділігі төмендейтін тұ­тас механизм, шетелдік қымбат қон­дырғылар. Судың өзі әлде­не­ше тазаланып, мәрмәр деп ата­латын таза құм арасынан өткі­зі­ліп барып тыңайтқыш қосу ар­қылы шлангаларға жіберіледі. Аппараттар операторлар арқылы басқарылады. Сондықтан, қара­пайым диқанның қолы мұндай қондырғыларға жете бермейді. “Мақта компаниясы” ЖШС белгілі кәсіпкер, Елбасының өзі Оңтүстікке келгенде жақсы баға­сын берген “Хлопкопром­целлю­лоза” кәсіпорнының иесі ағайын­ды Абасовтардың меншігі. Мырзабек Иманов мақта жү­йе­гінің ені 90 см болып, шит бір қатар егілсе, ал, тамшылатып суа­ру әдісімен пленка астында көм­керіліп өсірілген жүйек 66 см әрі екі қатар шит егілетіндігін айта­ды. Пленка – ерте егуге мүмкін­дік береді, дақыл тез піседі. Жау­ын-шашыннан қорықпайды. Ала жаздай күнге пісіп, шабық ша­был­­­­­­­­майды. Су ақабаға, яғни да­ла­ға кетпейді. Қондырғылар – қы­тай өнімі. 2-3 жылда өзін-өзі ақ­тайды деп күтіліп отыр. “Мақта компаниясы” ЖШС-інің тағы бір артықшылығы 9 ком­байны бар. “Джон Дир”. Зәу­заты – американлық. Ресей­ді­кін­дей төгіп шашпайды, қылау қал­дырмайды. “Смарак” деген тір­кеме соқаның функциясы өте үл­кен. Малалайды, кесектерді үгі­те­ді, шит себетін орынды дайын­дай­ды, тыр­малайды, жал қылып үйеді. Арыс ауданы әкімінің орын­ба­сары Батырбек Исламбеков Үкімет тарапынан диқандарға мол қолдау болып жатқанын айтқан. Мәселен, қарапайым тәсілмен егілген мақтаның 1 гектарына 9 мың теңге бөлінсе, тамшылатып суаруға 24 мың теңгеден субсидия беріледі екен. Оның сыртында жанармай, химиялық тыңайт­қыш­­тар үшін төленетін жеңілдік­те­рін қосыңыз. Кәсіпкерлер де қарап қалмай­ды. “Мақта компаниясы” ЖШС бір гектар жерге қызанақ егіп, Арыстағы аз қамтамасыз етілген 300 отбасының тізімін алып, әр­қайсысына 100 келіден тегін тара­тып берген. Осынша отбасы же­генінен бөлегін қысқа дайындық үшін қалбырға жауып алды. “Ел­де болса ерінге тиеді” деген осы. Сонымен, арыстықтар ерледі. Жоспардан бөлек 500 тонна өнім жинамақ. Диқандар “қазан аузы жоғары” деп күлімдеп жүр. Бақтияр ТАЙЖАН, Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс қаласы.