Мал шаруашылығында кең ауқымды селекция жұмыстары басталды
Мал шаруашылығы – елімізде ежелден дамып келе жатқан салалардың бірі. Сонау патша өкіметінің тұсында бұл сала халқымыздың негізгі тіршілік көзі болатын. Сол тұстары аты аңызға айналған Қараөткел, Қарқаралы, Қоянды жәрмеңкелері жұмыс істеді. Бізбен көршілес елдерден татар, орыс саудагерлері сол жәрмеңкелерге келіп қатысып, қазақ байларынан топтап мал сатып әкетіп жататын. Осы оқиғадан біздің елімізде мал экспортының ежелден бар екендігін білеміз.
Кеңес өкіметі кезеңінде мал шаруашылығы жаңа жағдайда дамыды. Мал етімен қатар, жүнге, сүтке деген сұраныс ұлғайды. Осыған байланысты мал шаруашылығында селекциялық жұмыстар белең алып, мал тұқымдарын көздеген мақсатқа сәйкес асылдандыру ісі жаппай сипат алды. Көптеген комбинаттар, фабрикалар салынды. Қазақстандағы мал шаруашылығы өнімдері осыларда бастапқы өңдеуден өткізіліп, орталықтан түскен тапсырыс бойынша тұтыну рыноктарына жөнелтіліп отырды. Жылына жүздеген мың тоннадан астам ет өнімдері осылайша өз тұтынушыларын табатын.
Қазіргі жағдай басқаша. Малдың басым бөлігінің жеке меншіктің қолына қарауына байланысты мал тұқымдарын асылдандыру жұмыстары бұрынғыға қарағанда көп әлсіреді. Мал саны да азайды. Мал өнімдері экспортын жолға қою үлкен проблемаға айналды. Мәселен, қазір Қазақстан кейбір дерек көздері бойынша сыртқы рыноктарға жылына екі мың тонна мөлшерінде ғана ет экспорттайды екен. Бұл бұрынғы шамадан бірнеше ондаған есе төмен көрсеткіш.
Ал енді мұндай жағдайдың орнығу себептеріне келетін болсақ, біздегі мал шаруашылығының өндірістік деңгейі мен қуаты бұрынғыға қарағанда көп кемігендігі өз алдына, сонымен қатар сыртқы рыноктардың да ет экспортына қатысты талаптары күшейе түскен. Ресейдегі ет комбинаттары малдың салмағымен қатар сойылу түріне де ерекше мән береді. Комбинаттар сатып алу үшін мал еті кесек күйінде сұрыпталуы тиіс. Қойылатын ветеринарлық талаптар және бар. Осыларға біздің ел жауап бере алмай тұр. Өйткені ірі қара малдың өзі ұсақталып кеткен. Тұқымдық қасиетінің төмен екендігі белгілі болуда.
Осы мәселе Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты түрлі ұйымдар мен ғалымдарды көптен бері ойлантып келеді. Еліміздегі мал тұқымын асылдандыру ісін қалайша жолға қоюға болады, экспортты қайтып жақсарта аламыз деген сауалдар төңірегінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сандаған пікірталастар да ұйымдастырылды. Осының нәтижесінде мәселенің ұшы табылғандай болып отыр.
Мамандардың айтуынша, мал шауашылығына мемлекет тарапынан бөлінетін қаржы көлемі 1999 жылмен салыстырғанда он еседей артқан. Бірақ, өкінішке орай, оның тиімділігі көрінбей отыр. Мәселен, осы уақыт аралығында әр сиырдан сауылатын сүт көлемі 150-200 литр деңгейінде ғана ұлғайған. Ал бұрынғы Германия Демократиялық Республикасы Батыс Германияға қосылған тұста олардағы әрбір сиыр жылына 4 мың литр сүт беретін. Осы көрсеткіш 2002 жылы 7 мың литрге жетсе, қазір 9 мың литрге жуықтады. Неліктен бізде бөлінген қаржы құрдымға кеткен сумен тең? Оның қайтарымы неге жоқ? Мамандар мен ғалымдар осының себебін қуалай келгенде үш себептің басын ашып отыр.
Бірінші себебі, елімізде мал шаруашылығын асылдандырудағы селекциялық жұмыстар мақсатты және жүйелі түрде жүргізілмей келді. Оның ортақ бір жүйесі құрылмады. Мұндай жұмыстар жеке шаруашылықтар аясында ғана шектеліп қалып отырды. Ал оларға бөлінген қаржының тиімділігі тиісті бақылауға алынбады. Бөлінген қаржының сұраушысы болмады.
Екінші себебі, малды өз төлінен өсіру ісінде жүйесіздік орын алды. Қазақстанда асыл тұқымды малдардың қандай түрлерін ұстау қажет деген сұрақтың басы ашылмады. Әркім өз білген жолымен жүрді.
Үшінші мәселе тиісті жем-шөп қорының жетімсіздігіне байланысты болды.
“ҚазАгроИнновация” АҚ-тың “Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми инновациялық орталығы” АҚ бас директоры, “Асыл түлік” АҚ басқармасының төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Айбын Төрехановтың бізге келтірген деректері бойынша қазіргі күні Қазақстандағы әрбір мың адамға есептегенде 200 бас сиырдан айналады екен. Мәселен, АҚШ-та әрбір мың адамға – 40, Англияда – 44, Еуроодақ елдерінде 45-48 сиырдан келеді. Бұл көрсеткіш нені меңзейді. Мәселенің түйіні малдың санында емес, сапасында. Мәселен, біздің елімізде әрбір сауын сиырдың өнімділігі жоғарыда келтірілген елдерден 3,5 есе төмен. Сол секілді біздегі әрбір ірі қара мал тірі салмақпен 280-300 килодан етке тапсырылса, батыс елдерінде бұл көрсеткіш бізден әлдеқайда (1,5 есе) жоғары болып отыр. Қысқасын айтқанда, бізде мал бар, бірақ оның тиімділігі аз. Мал шаруашылығына шығарылған шығын өзін дұрыс өтей алмай келеді.
Осы жағдайды ескере келе мамандар мен ғалымдар жоғарыдағы олқылықтарды жоюдың бірыңғай жүйесін іске асыруға кірісті. Ол – Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция деп аталады. Осыны жүзеге асыру барысында малдың асыл тұқымдылық қасиетімен қатар оны азықтандыру, күтімге алу жағдайы да кешенді түрде қарастырылады.
Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекцияны жүзеге асыру ісі біздің еліміз үшін жаңалық емес. Өткен ғасырдың 80-ші жылдарында осы іс қолға алынған болатын. Бірақ заман өзгерісіне байланысты аяқсыз қалды.
Қазір енді жағдай ептеп оңалып келеді. Ең бастысы, мемлекет мал шаруашылығының дамуына үлкен мән беруде. Осы жағдайды пайдалана отырып Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты қызметкерлері ғалымдардың қолдауы және көмегімен аталған істі қайтадан қолға алды.
Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекцияны жүзеге асыру үшін бірқатар шарттар қатаң түрде сақталуы қажет екен. Оның ең бастысы малды қолдан ұрықтандыру болып табылады. Содан кейін осы іске қосылатын малдың саны мен тұқымдық қасиеті, өнімділік көрсеткіштері анық болуы қажет. Сонда ғана әрбір малға бөлінген қаржы қатаң бақылауға алынып, өз тиімділігін беретін болады.
Міне, осындай жағдайға байланысты мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысы ең алдымен ірі шаруашылықтардағы мал санын қамтиды. Әзірге мұндай малдар саны еліміздегі барлық малдардың 20 пайызы мөлшерінде. Қалған 80 пайызы көбінесе үй шаруашылығы деңгейінде ғана қалыптасып отырған жеке меншіктің қолында. Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысы өзінің белгілі бір даму сатысына шыққанда үй шаруашылықтарын да қамтитын болады. Осыған қол жеткізудің бірқатар тетіктері қазірдің өзінде айқындалу үстінде.
– Сонымен кең ауқымды селекция жұмыстарының бірінші кезегіне еліміздің барлық асыл тұқымды және тауарлы мал шаруашылықтары қатысады. Бұл мемлекет бөлетін субсидияны алу үшін оларға қойылатын негізгі талаптардың бірі болып табылады. Ол үшін аталған шаруашылықтар малды қолдан ұрықтандыру, олардың есебін жүргізумен қатар осы істі жүргізетін ғылыми ұйымдармен селекциялық үдерістерді қамтамасыз ету жөнінде тікелей байланыста болуы, шаруашылықтарда бұқаларды бекіту мен алмастыру тәртібінің сақталуы, автоматтандырылған ақпараттық талдау жүйесінің негізінде малдардың ветеринарлық және зоотехникалық есебін жүргізуі секілді талаптар орындалуы тиіс. Бастапқы кезде осының мәнісін түсінбеген кейбір шаруашылықтар бұған қарсы екендіктерін білдіріп, біздің ғылыми инновациялық орталыққа хат жазған да болатын. Бірақ біздің бұл істі өз бетімізбен ойлап таппағанымызды, оның негіздерін әлемдік тәжірибеден ала отырып, өз жағдайымызға бейімдеп жасағандығымызды, мал шаруашылығымен айналысатын елдердің сексен-тоқсан пайызында осы үрдістің жолға қойылғандығын, демек бұдан басқа жолдың жоқ екендігін түсініп бізбен ортақ келісімге келді. Былай қарағанда, еліміздегі мал тұқымдарын асылдандыру жұмысы әрбір жеке шаруашылықтың деңгейінде дами алмайтындығы, олардың бәріне ортақ бір жүйенің қажеттігі, міне, сондай жағдайда ғана мемлекеттің мал тұқымдарын асылдандыруға байланысты бірыңғай саясатты белгілеп, осы арқылы шаруашылықтарға тиісті көмек жасай алатындығы кез келген көзі ашық адамға белгілі жәйт. Демек, біз ойдан велосипед ойлап таппай-ақ бүкіләлемдік қауымдастықта мойындалған осы шараларды батыл жүзеге асыруға кірістік, – дейді Айбын Әдепханұлы.
Аталған істі жүйелі жолға қою үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің “КазАгроИнновация” АҚ аясында “Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы” ЖШС құрылған болатын. Бұл орталық жүйені жасақтаумен қатар оны ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ететін болады. Орталық құрамына Алматыдағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Солтүстік Қазақстан облысындағы мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, Алматыдағы малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институты, Астана қаласының іргесіндегі Қосшы ауылында орналасқан “Асыл түлік” республикалық мал асылдандыру орталығы бекітіліп берілді. Сонымен мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмысын ілгері жылжытудың негізгі материалдық-техникалық және ғылыми базасының негізі қалыптастырылып, осы жұмыс елімізде биылдан бастап қолға алынды.
“Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновациялық орталығы” ЖШС-іне қарайтын “Асыл түлік” республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы” АҚ-ты осы құрылым ішіндегі басты буын деп атауға болады. Себебі еліміздің ірі қара бойынша асыл тұқымды малдарының негізгі қоры мен тектік әлеуеті “Асыл түлік” АҚ-та шоғырландырылып отыр. Орталық елімізде мал шаруашылығы құлдырап, тұқым асылдандыру жұмыстары мүлдем тұйыққа тіреліп, ел ішінде қолтума малдар көбейген кезде, анығырақ айтқанда, 2001 жылы республикамызда Кеңес өкіметі тұсындағы ұзақ жылдарғы тынымсыз жұмыстар нәтижесінде қалыптасқан асыл тұқымды малдардың ең жоғары тектік әлеуетін сақтап қалу үшін Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылған болатын. Мұнда асыл тұқымды бұқалар және олардың ұрықтарымен қатар шетелдерден сатып әкелінген эмбрион ұрықтар да сақталынып, асыл тұқымды мал шаруашылықтарына таратылады. Енді осында жинақталған және байытылу үстіндегі тектік әлеуетке сүйене отырып, мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмыстары еліміз бойынша өріс алмақ.
“Малдардың, соның ішінде, әсіресе, ірі қараның асыл тұқымды тектік ірі қорын жинақтап жұмыс істейтін дәл біздегідей маманданған әлеуетті ұйым бүкіл ТМД кеңістігінде, тіпті көптеген дамыған елдердің өзінде жоқ. Бар болғанымен мүмкіндіктері біздікіндей емес. Өйткені көптеген шетелдерде мал тұқымдарын асылдандыру ісімен жеке меншік ұйымдар шұғылданады да, олар өздерінің айналасындағы фермерлерге ғана қызмет көрсетеді. Ал біз болсақ, 4-5 облыс деңгейінде жұмыс істеп келеміз, енді қызмет аямызды одан да кеңіте түспекпіз” дейді бізбен әңгімесінде “Асыл түлік” АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жора Алмантай.
Орталық соңғы жылдары өте жақсы нәтижеге қол жеткізген. Мәселен, биылғы жылға дейін орталықта 100 бұқадан жылына орта есеппен 700-800 мың доза ұрық алынып келсе, үстіміздегі жылы 40 бұқаның өзінен жыл соңына дейін 1 миллион 200 мың доза ұрық алынатындығы белгілі болып отыр. Өйткені орталықта гидропондық цех орнату арқылы бұқаларды азықтандырудың жаңа технологиясы еңгізілген. Бұрынғы технология бойынша малдың азықтық бірлігіне мән берілсе, енді азықтың энергетикалық қуаттылығы есепке алынады. Оның үстіне мұндағы бұқалардың күтімі жас баланың күтімінен де қиын екен. Ерекше азықтандырылуы өз алдына, күн сайын таңертең сабындап, сусабындап жуылады. Денелері желдеткішпен құрғатылады. Күніне бірнеше сағат серуендетіледі. Өйткені сапалы ұрық алу үшін жүйелі түрдегі қозғалыс басты талаптардың бірі болып табылады. Әр тоқсан сайын денсаулық күйлері толық тексеріледі.
“Осы күтімге кеткен шығынды бұқалар ақтайды. Мәселен, әр бұқадан жылына осындай күтім нәтижесінде орта есеппен 25 мың доза ұрық алынады. Ол қолдан ұрықтандырған жағдайда 10 мың сиырды ұрықтандыруға жетеді. Бұл 10 мың бұзау алынады деген сөз. Ал асыл тұқымды бұзау сатқан жағдайда өте қымбат тұрады. Өйткені ет бағытында болса, күтімі мен азықтандырылуы келіскен жағдайда 6-7 айдың өзінде 350-400 кило салмаққа жетеді. Сонда әрбір бұқаның бір жылдық экономикалық беретін пайдасы ең төменгі бағамен алғанның өзінде 50 миллион теңге шамасында болады екен. Демек асыл тұқымды мал күте білсеңіз үлкен ырыс көзі”, дейді Жора Тойлыбайұлы.
Қазір асыл тұқымды мал өсіріп тарату ісімен шұғыланатын шаруашылықтар осы жағдайды ұғып, кең ауқымды селекциялық жүйеге бірікті. Шаруашылықтағы істі ғылыми жолға қоюдың қажеттігін, мұнсыз алға баса алмайтындықтарын түсініп, осы үшін “Мал шауашылығы мен ветеринария ғылыми инновациялық орталық” ЖШС басшылығымен “Асыл түлік” АҚ базасында кең ауқымды селекцияны жүргізу жөнінде арнайы дайындықтан өткен 77 ғалыммен келісім-шартқа отырып, өз істерін бастап кетті.
Қазір аталған ғалымдардың алдынан жалпыға ортақ талаптарды сақтай отырып, өздерінің ғылыми ізденістерін жүзеге асырудың нақты мүмкіндігі ашылып отыр. Олар елімізде бірінші рет шынайы түрде өндіріспен біте қайнасып жұмыс істеуге кірісті және өз еңбектерінің, ғылыми ізденістері мен тәжірибелерінің нәтижесін де көре бастады. Мәселен кең ауқымды селекцияны жүзеге асыру бағдарламасына қосылған ғалымдардың алды айына 1,5 миллион теңге табыс қаратуда.
Кең ауқымды селекцияға қосылған әрбір асыл тұқымды мал шаруашылығы, әрбір тауарлы өнім шығаратын ферма еліміз бойынша ұйымдастырылып отырған біртұтас электронды ақпарттық жүйеге қосылуы тиіс. Одан осы шаруашылықтардағы жаңа туған бұзауға дейін бірде-бір бас мал тыс қалмауы көзделеді. Өйткені біріншіден, қатаң есеп керек. Екіншіден, әрбір малдың идентификациялық нөмірі, тұқымдық тегінен бастап, барлық мәліметтері анық болуы керек.
“Осы біртұтас ақпараттық жүйені құру үшін үлкен жұмыстар жүргіздік. Алдымен электронды бағдарламаны, яғни елімізге ортақ сайтты құрып алу қажет болды. Оған Ресейдің ақпараттық компаниялары әзірлеген бұрынғы бағдарлама жарамады. Себебі олар жеке-жеке шаруашылықтарға ғана арналған еді. Ал бізге барлық шаруашылықтарды біртұтас электронды сайтқа жинай отырып, әрбір шаруашылықтың мәліметтер базасындағы өздеріне тән құпияларын қорғауына кепілдік беру қажет болды. Өйткені олар бір жағынан әріптес болғанымен, екінші жағынан алғанда бәсекелес болып та табылады ғой. Сөйтіп, бұл сайт пирамида түрінде әзірленді. Яғни, төменде тұрған бір шаруашылық, екінші бір шаруашылықтың мәліметтер базасына кіре алмайды. Сол үшін олардың әрқайсысына электронды кілт беріледі. Оны тек аудандағы тиісті ұйым ғана аша алады. Сол секілді бір аудан екінші бір ауданның мәліметтер базасын аша алмайды. Оны тек облыста осы істі ұйымдастырушы ұйым ғана ашады. Бір облыс екінші бір облыстың мәліметтер базасына кіре алмайды. Оған тек республика деңгейінде ғана кіруге болады. Осы үшін құпиясын сақтауға кепілдік беріледі. Бұл электронды біртұтас жүйенің идеологиясын өзіміз әзірледік. Сайтты техникалық тұрғыдан әзірлеуде Байланыс және ақпарат министрлігіне қарайтын “Ұлттық ақпараттық орталық” АҚ мамандарының көмегіне сүйендік. Мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция бойынша құрылып отырған бұл біртұтас электронды ақпарат жүйесі әзірге ТМД көлемінде баламасыз болып табылады”, дейді бізбен әңгімесінде Мал шаруашылығы және ветеринария ғылыми-инновация орталығы бас директорының орынбасары Анас Баққожаев.
Осы электронды жүйеге бірінші кезекте еліміздің мал маруашылығында асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданатын, тауарлы өнім шығаратын 827 шаруашылық қосылуы тиіс екен. Оның 427-сінен арнайы адамдар шақыртылып, жүйе бойынша жұмыс істеудің қыр-сыры оқытылып, дайындықтан өткізілген. 19 шаруашылық электронды кілт алған. Жыл соңына дейін барлық шаруашылықты электронды жүйеге қосу көзделініп отыр.
Сонымен еліміздің мал шаруашылығындағы кең ауқымды селекция жұмыстары биылғы жылдан бастап өзінің барлық талаптарын сақтай отырып, алға қарай алғашқы қадамдарын жасады. Жүйе Елбасының қолдауына ие болды. Еліміздің Үкіметі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, ғылыми қауымдастық осы істен үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, мал шаруашылығын дамытудың басты маңызды шарты болып табылатын мал тұқымын асылдандыру ісінде осыдан басқа сенімді жол да жоқ.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.