Бағдарлама балғындардың бағын ашуда
Елбасының биылғы Жолдауында алдағы кезде ауылдық жерлердегі мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді тәрбие мен оқыту мәселесі толық шешілетіні атап көрсетілген. Өңірде осы орайда “Балапан” аймақтық бағдарламасы әзірленіп, 2014 жылға дейін 189 балабақша, 174 шағын орталық ашу көзделсе, ол үшін барлық мүмкіндік жұмылдырылуда.
Қолға алынған жүйелі жұмыс нәтижесінде өңірде биыл жаңадан 8 мектеп пайдалануға берілді. Олардың қатарында Кербұлақ ауданындағы Ақтөбе, Аралтөбе, Еңбекшіқазақтағы Рахат, Қарасайдағы Көлащы орта мектептері және Көксу ауданындағы Еңбекшіқазақ, Жамбыл ауданындағы Қарғалы мектеп-гимназиясы, Талдықорған қаласында Президенттің “Зияткерлік мектебі” бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге кірісіп, ұстаздар ұжымы кең, әрі жан-жақты жабдықталған оқу кабинеттеріндегі білім сапасына көңіл бөлуде. Сонымен қатар, мектеп жанындағы шағын орталықтарда мыңдаған бүлдіршін тәрбиеленіп, олардың ата-аналары алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік туды. Бір сөзбен айтқанда, “Балапан” бағдарламасы балғындардың бағын ашты деуге болады.
Күмісжан Байжан, ьАлматы облысы.
Кадрлар біліктілігі – басты назарда
Қай-қай саладағы істің табыстылығы кадрлардың біліктілігіне тәуелді. Бұл жайында облыстық әкімдікте өткен “Қызметкерлерді басқарудың осы заманғы әдістері мен халықаралық тәжірибелері” атты семинарда жан-жақты әңгіме болды. Екі күнге созылған семинарда ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы Маржан Жүгіралина дәріс оқыды. Семинардың басты мақсаты – мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Ақтөбе облысы бойынша басқармасының бастығы Нұрлан Сүйінбаев мұндай шараның кадрлар біліктілігін арттыруға көмегі зор екенін, қазіргі заманғы басқару әдістерін игеру кез келген саланы тиімділікке жеткізетінін айтты. М.Жүгіралина нарықтық қатынастарды дамыту және кадрлар біліктілігін арттыру туралы тоқтамды ойларын ортаға салды. Ол үшін адам ресурстарын басқару және жоспарлау әдістерін меңгеру, қызметкерлерді іріктеудің ілкімді әдістерін игеру қажеттігін алға тартты. Семинарда сондай-ақ, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін анықтауға арналған тестердің тиімділігі, қаржылық қиындық кезінде қалай жұмыс істеу керектігі және басқа мәселелер сөз болды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.