20 Қазан, 2010

Азиадаға 102 күн қалды

510 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Азиада жаршысы

“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті

Азиада билеттері 1 қарашадан бастап сатылады

Оның құны отандастарымыздың қалтасы көтерерліктей

Ата-бабаларымыз ерте замандарда ұлттық ойын­дары­мыз – көкпар, күрес, жамбы ату сайыстарын өткізуге бәйге тік­кен болса, қазіргі демеушілердің қызметі – жарысты қол­дау және оны өткізуге қажетті қаржы бөлуге атсалысу. Осы­­ған байланысты қазіргі таңда “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атқарушы дирек­циясы” АҚ-тың Маркетинг және ақпараттық имидждік қол­дау департаменті алдағы қыста өтетін Ойындарды өз дең­гейінде өткізу үшін демеушілермен бірлесе жұмыс істеу­де. Жақында аталмыш департамент директорының орын­басары Әлібек ӘЛДЕНЕЙМЕН кездесіп, әңгімеге тартқан едік. – Сөз басын жаңа департа­мент­тің міндет-мақсатынан бастасақ... – ­Биылғы жылдың 25 маусымы күні құрылған Маркетинг және ақпараттық имиджді қолдау депар­таментінің мақсаты – Азиаданы сауатты жарнамалап, демеушілер­мен тиімді іс-қимыл орнатуды көз­дейді. Қазіргі таңда, департамент негізгі үш бағытты айқындап, қызу жұмыс істеуде. Бірінші бағыт –­ демеушілер мен мүдделі әріптестерді табу, олар­мен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою. Мұның басты мақсаты – қаржылық мүмкіндігі жоғары демеушілермен әріптестік орнату және нақты табыс табу. Әрине, Үкімет тарапынан Азия ойындарын өткізуге қомақты қаржы бөлінді. Әлемдік стандарттағы спорт ғи­ма­рат­тары салынды. Қысқы Азия ойындары өткеннен соң, Алматы, Астана қалалары ірі спорт орталық­тары ретінде әлемге танылары сөзс­із. Алдағы уақытта Олимпиада немесе Универсиада сынды айтулы шара өткізетін мезетте еліміз жинақ­таған тәжірибе өз жемісін беретін болады. Ал біздің қазіргі міндет жоғары­дағы іс-шараны ұйымдастыру және өткізу үшін демеушілер мен серік­тес­терді іздестіру, отандық кәсіп­керлерді жаңа нарықтарға шығуға ынталандыру, оларға мүмкіндік жасау және насихаттау. Мәселен, Ойындардың жарнама бағытын­дағы әсері мен имидждік ықпал ету аясы өте ауқымды, ал аталған мүм­кіндіктер жеке меншік компания­ларға коммерциялық қызмет көр­сету негізінде қомақты табыс әкеледі. Мысалға әлемге танымал VІSA ком­паниясының даму жолын алайық. Өткен ғасырдың аяғында Amerіcan Express компаниясы Азия­­ның төлем карточкалары нары­ғының көшбасшысы болатын. Ал интеллектуалды, ұшқыр ойлы мамандарды өз қатарына қосқан VІSA компаниясы 90-жылдардың басында Олимпиада сынды ірі спорт шараларына тұрақты түрде демеу­шілік жасауға шешім қабыл­даған. Дәл сол кезеңде Amerіcan Express бұл бағытқа салғырт қарап, бас тартқан екен. Нәтижесі барша­ға белгілі. Қазіргі таңда VІSA-Азия нарығындағы өз үлесін 18% ұл­ғайтып, жетекші орынды иеленіп отыр. Сондай-ақ, футболдан әлем чемпионатының тұрақты бас демеушісі Samsung корпорациясы, McDonalds және тағы басқа көп­теген компаниялар табысы сөзіміз­ге дәлел бола алады. Департаменттің қолға алған екін­ші бағыты ­– Ойындарды наси­хаттау, халықты ақпараттық жағы­нан қамтамасыз ету. Азиада сынды ауқымды шара ел азаматтарының рухын дүр сілкіндіріп, бүкіл халық­ты талпынысқа, жаңа биіктерді бағындыруға жетелеуі тиіс. Ал спорт сайысын өз көзімен көрген өскелең жас ұрпақ бойында сер­піліс пайда болып, жүрегінде на­мыс оты маздайтыны анық. Мыса­лы, екінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, еңсесі түскен жапондар өткен ғасырдың 60-жылдары Токио Олимпиадасын өткізу арқылы бой­ларына үлкен сенімділік қалыптас­тырған. Нәтижесінде Күншығыс елі жедел технологиялық даму жолына түсті. Немесе ғасырлар бойы өз­дерін кіші ұлт сезінуден арыла ал­май келген корейлер 80-жылдар­дың соңында өз елінде Олимпия ойындарын өткізу арқылы дүр сілкіне түлеп, ұлт болып ұлы істерді қолға алды. Сон­дықтан, Ойын­дарды кең ауқыммен насихаттау, ел азаматтарына осын­дай ірі шараға өз қатыстылығын се­зін­діру, рухын жану үшін жан-жақ­ты жұмыстар атқарып жатырмыз. Үшінші бағыт ­– Азиада аясын­да жоспарланған ауқымды имидж­дік жобаларды жүзеге асыру болып табылады. Атап айтқанда, ойындар­дың ашылу және жабылу рәсім­дерін биік деңгейде өткізу, “Мәде­ни Азиада” сияқты күрделі жоба­ларды жүзеге асыру және тағы бас­қалар ірілі-ұсақты көптеген шара­лар қолға алынды. Аталған бағыт­тардың тиімділігіне Азия ойындары кезінде өздеріңіз көз жеткізетін боласыздар. –­ Демеушілік бағдарламаға нақтырақ тоқталсаңыз. Оның ауқымы мен ерекшеліктері қандай? ­– Қазір демеушілік ету бағдар­ламасы бойынша 6 санат және 43 позиция айқындалды. Белгілі бір санат бойынша жекелеген ерек­шеліктер мен басымдықтар беріл­ген демеушілер эксклюзивті құқық­қа ие болады. Ойындар отандық және шетелдік ақпарат құралдары арқылы кең насихатталып, ТВ арқы­лы тіке­лей эфирде таратыла­ды. Сон­дай-ақ, тұтынушы азамат­тар мен топтар ауқымды спектор­дан тұратын сапа­лы коммуника­ция­ны пайда­ланып, Ойындардың жарнамалық нау­қа­нына қатыса алады. Іс-шара кезінде демеуші топтар мақсатты аудитория өкіл­деріне тікелей шығып, өз тауарлары мен қызметтері және коммуника­циясын арттырудың бірегей тәсі­ліне ие болады. Ең бас­тысы, ком­пания бренді Ойын­дарға қатысты бейне көріністер арқылы кең насихатталады. – Азиаданың басты демеушісі “Самұрық-Қазына” қоры екендігі белгілі... –­ Иә. Бұл жерде мынадай жазылмаған шартты ескерген жөн. Белгілі бір елде ауқымды спорт сайыс­тарын өткізгенде бас демеуші жарысты ұйымдастырушы елдің ұлттық компаниясы болу керек. Осы кезеңге дейін өткен немесе жа­қын уақытта өтетін ауқымды спорт­тық шараларға назар аударар болсаңыз, басты демеушілікке сол елдің ұлттық компаниялары және сол елде өз бизнесін өркендетіп отыр­ғ­ан халық­аралық компаниялар ие болады. Мы­салы, Бейжіңде өткен соңғы Олим­­пия ойындарына “UPS”, “Yanjіng Beer”, “Bank of Chіna”, “Chіna Network”, “Chіna Mobіle” сияқ­ты жергілікті компа­ниялар демеу­шілік етті. 2014 жылы Сочиде Олимпия ойындарын өткізу құқы­ғын жеңіп алған ресейліктер басты демеушілікті “Ростелеком”, “Рос­нефть”, “Сбер­банк”, “Аэро­флот” сияқ­­­ты ұлттық ком­пания­ларға ұсын­ды. Бұл қалып­тасқан дәстүр, Олим­пиада өтетін елдің ұлт­тық ерекше­лігін айшықтау бел­гі­сі. Демеушілік ету – бұл қоғамға өз философиясы арқылы баға­сын көрсету, әлеуметтік жауап­кер­шілік жүгін арқалау, сон­дай-ақ са­ла­матты өмір сүру салтын өр­кен­­детуге өз үлесін қосудың айқын дәлелі. “Самұрық-Қазына” қоры біздің ел Үкіметінің негізгі қаржы-эконо­микалық қозғаушы күші. Бізге Қытайдың бірнеше компаниясынан Ойындарға демеушілік ету туралы ұсыныстар түскен. Бірақ елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған кешенді спорт шарасының бас демеушісі отандық компания болуы тиіс деген шешімге келдік. Бүгінгі таңда, “Самұрық-Қазына” қоры жарыс жарнасына 3 млрд. теңге (20 млн. АҚШ доллары) бөліп отыр. ­– Басқа қандай демеушілер бар? Біздің елімізде жұмыс істеп жатқан шетелдік компаниялар жеткілікті ғой. Олардан ұсыныс жасалмады ма? – Біз ірі шетелдік компания­ларға ресми шақыру хат жолдаған едік. Бірақ, мүдделі компаниялар туралы ақпараттар түскенімен, нақты ұсыныстар әлі жоқ. Біздің ақпарат бойынша, “Мит­талл Стил” компаниясы Лондон Олимпиадасына 16 млн. фунт-стер­линг бөлді. Соған қарағанда, атал­ған корпорацияның спортқа көз­қара­сы дұрыс сияқты. Бізді маза­лай­тын мәселе – ел аумағында жұ­мыс істеуге мүмкіндік алып, өз әлеуе­тін арттырып отырған шетел­дік компаниялардың Қазақстанда өтетін спорт ойындарынан қалыс қалуы. “Қазақмыс”, “Бритиш Пет­ро­­­леум”, ENRC сынды әлемдік деңгейдегі алпауыт компаниялар да үнсіз. Сондықтан, әлеуметтік жауап­­кершілігі мен патриоттық сезімі же­тік отандық компания­лар­ға демеу­шілік етуге ынта білдіргені үшін алғысымыз шексіз. Қазір кез-келген отандық шағын және орта бизнес өкілінің жарысты қолдауға дайын­дығы көңілге қуаныш ұялатады. – Келесі сұрақ, Ойындардың ақ­­параттық қолдау мәселесіне келсек, аталған бағыттағы жұмыс қалай іске асып жатыр? Өткен айда Азиа­даға қатысты ақпараттың өзегі ретін­де елімізде кең талқыланған “Eurosport” телеарнасымен мәселе шешілді ме? ­– “Eurosport” келісімін беріп, мүдделілік танытты. Телеарна биат­лон, мәнерлеп сырғанау, хок­кей сияқты жарыстарды көрсетуі тиіс. Сонымен бірге Кореяның КТБ, Қы­тайдың CCTV, Катардың “Әл-Жазира” телеарналары Ойын­дарды өз елінде таратуға қызығу­шы­лық білдіріп отыр. Осы ретте елімізде өте­тін Ойындарға телевизиялық құ­қық­тарды шетелдік ақпарат құрал­­дарының сатып алуға толық дайын­дығы бізді қуантады. Азия­ның олим­­пиялық кеңесінің мәліметі бойын­ша осы кезеңге дейін қысқы ойындардың телевизиялық құқық­тарына сұраныс болмаған. Чань­чун­де өткен соңғы қысқы ойындар­да телевизиялық құқық тегін беріл­ген. Ал жоғарыдағы шетелдік теле­арна­лардың қадамын ескеретін бол­сақ, бұл әлемдік қауымдастық та­рапы­нан бедел-абыройы жыл са­йын ар­тып келе жатқан Қазақстан­ға деген қызығушылықтың айқын көрінісі. –­ Жақында “Эйр Астана” мен “Әдемі-Ай Plus” компаниясы Азия ойындарының бірі әріптесі, екіншісі демеушісі болғаны ақпарат құрал­дары арқылы хабарланды. Дирек­ция­ның баспасөз қызметінің: “Де­пар­таментте күн сайын жаңа­лықтар болып тұрады, солардан осы компа­ниялар туралы кеңірек мәлімет алса­ңыздар болады”, деген сөзіне орай әріптестеріңіз бен демеушілеріңіз туралы мәліметтер бере кетсеңіз? ­– “Эйр Астана” АҚ туралы айт­сақ, бұл өзі Ойындардың имидж­дік жобасы деп сеніммен айта аламыз. Алдын ала жасалған жоспарға сәй­кес, Қысқы Азиадаға құрлықта ор­на­­ласқан 32 елден 2 500-ден ас­там спорт­­шы мен 10 000-нан астам ше­тел туристері келеді деген дерек бар. Осыған орай, “Эйр Астана” Азиада­ның рес­ми тасымалдаушысы қыз­метін атқарып отыр. Біріншіден, атал­ған компания шет мемлекет­тер­ден елі­мізге ат басын бұратын ресми деле­гацияларды, Ұйымдас­тыру коми­теті­нің мүшелері мен жедел пош­таны тасымалдауды іске асыр­са, екіншіден, жарысты ақпарат­тық түсіндіру саясатымен шұғылданады. Азиада логотипімен боялған “Эйр Астана” ұшақтары әлемнің түкпір-түкпіріне жолау­шыларды тасымал­дау арқылы елімізде өтетін Қысқы ойындарды насихаттайды. Ал, “Әдемі-Ай Plus” компаниясы кәде­сый­лар топтамасын жасауға демеу­шілік етеді. Бұл компания Азиада­ны өткізу кезінде көрсеткіш тақта­сын­дағы кері есептеу бейнесі, спорт­тық нысандар макеті, Ойын­дарға арналған медальдар, мөлдір таза шыныдан жасалған заттарды кәдесый ретінде әзірлейді. ­– Билеттердің бағасы жөнінде мәліметтер бар ма? Олар қашан сатылымға шығарылады, бағасы қандай болады, арнайы жеңілдіктер қарастырылған ба? ­– Билеттерді 1 қарашадан бас­тап сатуға шығару жоспар­лануда. Оның құны ел тұрғын­дарының қал­­­­тасы көтерерліктей етіп айқын­дал­­ды. Орташа алғанда 5-10 АҚШ дол­лары аралығында болады. Ал жар­тылай финал мен финалдық жа­рыс­тарға арналған билеттер құны 15-30 долларға бағаланып отыр. Азиа­даның ашылу және жабылу сал­тана­тына қатысу билетінің құны орта есеппен 75 доллар тұрады. Ес­кер­е кететін бір мәселе, жарысқа 3 жасқа дейінгі балалар тегін кіргі­зіледі. Сондай-ақ, балалар үйінің тәрбие­ленушілері мен мүгедектерге арнайы тегін билет қарастырылған. Оларға бұл жеңілдік сыйлық ретін­де үлестіріледі. Сонымен бірге ар­на­йы мультбилеттер әзірленді. Оны сатып алатын болсаңыз, спорттың бір түрінен өтетін жарыстың бәріне сол билетпен кіруге мүмкіндік ала­сыз. Оның бағасы 10-15 пайызға төмен. –­ Азиаданың әнұранына байқау жарияланды ғой. Өтініштер көп түсіп жатыр ма? – Осы күнге дейін 80-нен астам өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда олардың арасынан 40 өтініш іріктелді. Келесі кезеңге 10 өтініш қалдырылады. Аталған 10 ән халық талқысына ұсынылады. Олардың ішіндегі ең үздігі Азиада әнұраны ретінде жарияланады. ­– Өзіңіз соларды тыңдап көрдіңіз бе? Байқауға қатысып жатқандардың ең жасы нешеде? – Байқауға жолданған әннің басым бөлігімен таныстым деп айта аламын. Эстетикалық талғаммен жа­сал­ған, мазмұнды әндер жетер­лік. Конкурсқа ұсынылған музыка­лар арасында елімізге танымал ән­шілер мен композиторлармен қа­тар, жас жеткіншектердің де шы­ғар­малары жолданған. Ең жас қа­тысушы – 15 жасқа биыл толыпты. ­– Азиададан кейін жобалар бола ма? ­– Әлбетте, Қысқы Азия ойын­дары Қазақстанның әлемдік дең­гей­де өткізген спорттық шаралар бағытындағы алғашқы қадам. Алда әлі талай дүбірлі іс-шаралар болады деп сенеміз. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ. Жарыс жаттығудан басталады Жақында Астанадағы шаңғы-роллер трассасында бірінші Вице-премьер, Шаңғы жарысы федерациясының прези­денті Өмірзақ Шөкеев спорттың осы түрінен ұлттық құрама команданың жаттықтырушылар және спортшылар құрамы­мен кездесу өткізді. Кездесуде спортшылардың Азия ойындарына дайындық барысы туралы әңгіме қозғалды. Онда ұлт­тық құраманың бас бапкері Вла­ди­мир Филимонов команданың Ван­куверде өткен Олимпия ойын­дары­нан кейін осы кезге дейін жалғасып келе жатқан дайындықтары жөнін­де мәлімет берді. “Қазір біздің құра­мада сегіз шаңғышы Азия ойын­дарына дайындалып жатыр, – деді ол. – Олардың арасында елі­мізге еңбек сіңірген спорт шебері Свет­лана Малахова, Оксана Яцкая, Елена Коломина, жас спортшылар – Татьяна Рощина мен Елена Са­хиева, Марина Матросова, Анас­тасия Слонова мен Екатерина Се­ме­новых бар. Соның ішінде Ма­лахова, Яцкая мен Коломина ересе­ктер ара­сындағы сынға түседі. Біздің құрама маусым аяқталы­сымен Ме­ди­цина­лық және оңалту орта­лы­ғында те­рең­детілген тек­серуден, Спорт ғы­лы­ми-зерттеу инс­титу­тын­да тесті­леу­ден өтті. Қыз-жігіттердің денсау­лығында ауытқушылық байқалған жоқ. Бәрінің денсаулығы жақсы”. Сонымен бірге кездесуде В.Фи­лимонов алдағы Азиадада ерлер командасынан да көп үміт күтуге болатынын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазір командада атақты Владимир Смирновтың өкшесін басып келе жатқан биылғы жылы жас­тар арасында өткен әлем чем­пио­натында қола жүлдегер атанған Ген­надий Матвиенко, Ванкувер Олим­пиадасында бесінші және алтыншы орын алған Николай Чебатько мен Алексей Полторанин сияқты тәжіри­белі және жас шаңғышылар бар. Кездесуде Ө.Шөкеев ұлттық құра­­ма­ның дайындықтарына көңілі толатынын, алдағы Азия ойындары еліміз үшін жауапты жарыс болған­дықтан, осы сында Қазақстан ко­мандасына 10 алтын медальды жеңіп алу міндетін қойды. Оның айтуын­ша, еліміздің осыншама алтын жүл­дені жеңіп алуға барлық мүм­кін­діктері бар. Ол үшін федерация тара­пынан барлық жағдайлар жасалып жатыр. Қазір Шаңғы фе­де­рациясын қолдау үшін “ҚазАгро” ұлттық холдингі”, “Иволга хол­динг” ЖШС, Қа­зақ­стан Астық ода­ғы мен “Bі Group” ЖШС де­меу­ші ретінде тар­ты­лып отыр. Ал­дағы кезде Шаңғы федерациясы демеу­шілердің көмегі­мен спорттық киім­дер мен құрал-жабдықтар алу, Шучье қала­сындағы шаңғы-рол­лер трасса­сын қайта жөндеп, Рид­дер қа­ла­сын­дағы спорт мек­тептері жанынан шаңғы-роллер трасса­сының құры­лысын жүргізу жоспарлануда. Алғашқы медальдар дайын Кеше Туризм және спорт ми­нистрлігінде Спорт істері жөніндегі комитетінің төрағасы Елсияр Қа­нағатов, “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйым­дас­тыру жөнін­дегі ко­ми­тетінің атқарушы ди­рекциясы” АҚ прези­денті Ана­төлі Құлна­заров, оның вице-пре­зи­денті Евгений Ники­тинский мен Азиа­даның Астана қалалық дирек­циясы бастығының орынбасары Қуандық Сәрсен БАҚ өкілдерімен кездесті. Кездесуде 22 қазан күні Азиа­даның басталуына 100 күн қалуына байланысты Ойындарға дайындық барысы, ұйымдастыру жұмыстары мен алдағы жоспарлар туралы әңгіме қозғалды. Қысқы Азия ойындары еліміз­дегі ауқымды құрылыс шара­лары­мен ұласқан алғашқы кешенді ха­лық­аралық спорттық жарыс екені бел­гілі. Осыған байланысты елі­мізде жарысқа дайындық күн өткен сайын қыза түсуде. Кеше Азиа­даның бас­талуына 103 күн қалса, 22 қазанда уақытты кері санаудың барлық таблосында Ойындардың ашылуы­ның салта­натына дейін 100 күн қалғандығын көрсететін болады. Жиында Азиаданы өткізуге жауап­ты мамандар спорт нысан­дарының құрылысы, ұлттық құра­маның дайындығы, “Мәдени Азиа­да” жобасын іске асыру мен басқа да шаралар жөнінде мәлімет берді. Министрліктің Спорт істері жөнін­дегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, қазір Азиадаға дайындық жақсы жүріп жатыр. Осы байрақты бәсекеде еліміз жоғары нәтиже көрсетуі үшін барын салады. Кездесуде Азиаданың Астана қа­ла­лық дирекциясы дирек­торы­ның орынбасары Қуандық Сәрсен “Мәдени Азиада” жобасы 25 қара­шадан басталып, Ойындардың соңына дейін жалғасатынын жет­кіз­ді. Ал “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жө­нін­дегі комитетінің атқарушы ди­рек­циясы” АҚ президенті Ана­төлі Құлназаров құрылыс нысандары туралы сөз етіп, олардың бәрі жыл соңына де­йін тапсырылатынын айтты. Соны­мен бірге ол қазір Азиа­да медаль­дары­ның алғашқы партиясы дайын бол­ғанын мәлім етті. Оның айтуын­ша, медаль­дардың бірінші партиясы 500 млн. теңгеге жасалды. Мұнда ал­тын жүлде 340 гр. күміспен қосы­лып, 0,4 пайыз алтынмен жалаты­лып жасал­са, күміс медаль 340 гр. таза күміс­пен, ал қола жүлде 524 гр. таза қола­мен құйылып отыр. Азиада айшықтары Кеше Алматыда Азиада алауының сақшыларын іріктеп алу жөніндегі байқаудың соңғы кезеңінің қорытындысы шығарылды. Осы мәселеге байланысты өткен жиында Азия ойындарының шырағданы дирекциясының жетекшісі Наиль Нуров алау сақшыларының міндеттері туралы айта келіп, 30-дан астам үміткердің ішінде алау сақшылары болып 12 адамның таңдалып алынғанын жария етті. Енді алау сақшылары алдағы жылдың 11 қаңтары күні Эль-Кувейт қаласында Азия олимпиялық кеңесінің штаб-пә­терінде өтетін салтанатты шарада Азия алауын ұстап жүретіндердің жанында болып, келесі күні Алматыға келіп, 20 күн бойы еліміздің облыс орталықтарын аралап, 30 қаңтар күні алауды Астанаға жеткізбекші. Жұма күні Алматыда Азия ойындарының басталуына 100 күн қалуына байланысты “2011 жылғы VІІ Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ пен Туризм және спорт министрлігінің Спорт істері жөніндегі комитеті бірігіп, “Қазақстан спортының тарихы” атты көрме өткізеді. Көрмеге келушілер ұлттық спорт түр­лерімен, спортшылардың Кеңес одағы мен еліміз тәуелсіздік алған кезден бері қол жеткізген жетістіктерінен сыр шертетін оқи­ғалармен таныса алады. Сонымен бірге онда ұлы ақын Абай Құнанбаевтың тоғызқұмалағы, атақты балуан Дәулет Тұрлыхановтың Сеул Олимпиадасындағы медальдар жиынтығы, әйгілі боксшы Серік Қонақбаевтың Мәскеу Олимпиадасындағы былғары қолғабы мен басқа спорт­шылардың заттары, “ZІBRO” (Fashіon) – “ҚазСПО-N” компаниясының Азия ойын­дарына арнап спортшылар мен қо­нақ­тарға тіккен киім түрлері қойылады. Көр­ме Орталық мемлекеттік мұражайда өтеді. Деректер не дейді? Фристайл елімізде әлі дұрыс дами қоймаған спорт түрі болса да Қысқы Азия ойындарының бағдарламасына кіріп отыр. Спорттың бұл түрінен алғашқы жарыс 1971 жылы АҚШ-тың Нью-Хемпшир қаласында өтті. Ал 1984 жылы ол Халықаралық олимпиялық комитетінің шешімімен қысқы ойындар қатарына енді. 1988 жылы ХОК фристайлды 1992 жылы Альбервиле қаласында өткен Олимпиялық ойындардың бағдарламасына енгізу туралы шешім қабылдады. Қазіргі кезде еліміздің атынан фристайл­дан Дмитрий Рейхард, Дмитрий Бармашов, Дарья Рыбалова, Юлия Родионова мен Элия Галышева сияқты қыз-жігіттер жарысқа қатысып жүр. Өткен маусымда олар Еуропа кубогінің бес кезеңін жеңіп алды. Алдағы Азия ойындарында олардың үздік үштіктің қатарына енуге мүмкіндіктері бар делінуде. Археологиялық қазба жұмыстарына қарасақ, қазақ халқы шаңғы тебумен ықылым заманнан бері айналысып келеді. Қытай зерттеушілері сол кездің өзінде шаңғы тепкен қазақ халқына “ағаш тепкен халық” деген теңеу  берген көрінеді. Ал Қазақстанда шаңғы жарысының шын мәнінде дамыған кезі 1921 жылдан бастау алды десе болады. Сол кезде елімізде алғаш рет шаңғыдан жалпыхалықтық әскерилердің оқу-жаттығулары өтіп, мектептерде дене тәр­биесінен нұсқаушылар жұмыс істей бастады. 1927 жылы шаңғыдан алғашқы жарыстар өткізілді. 1934 – 1935 жылдары балалар және жасөспірімдердің спорт мектептері мен Қазақстанның ауыл спортшылары арасында тұңғыш біріншілігі жалауын көтерді. 1967 жылы Қазақстан құрамасы халық­аралық жарыста Румыния командасымен бақ сынасты. 1968 жылы 18 жасар В.Суслов КСРО біріншілігінде жеңімпаз атанса, одан кейін әр жылдары И.Гаранин, В.Сахиев, А.Сус­лов, В.Смирнов, К.Ноғамбаев, Л.Тур­чин Одақтың және тәуелсіз Қазақ­станның құра­масында өнер көрсетті. Қазір еліміз құра­масын 35 жылдан бері бапкерлік қызметті атқарып келе жатқан Владимир Филимонов жаттықтырады.
Соңғы жаңалықтар