20 Қазан, 2010

Дағдарысқа төтеп берген

412 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан қуатты әрі қабілетті мемлекеттер санатына қосылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның барлық өңірлерінің әкімдерімен жұмыс кеңесін өткізді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Кеңесте биылғы жылдың өткен 9 айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңнің міндеттері анықталды. Президент ел экономикасының жақсы өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. ІЖӨ көлемі 7,5 пайызға артқан. Өнеркәсіп өндірісі 10 пайызға, соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп – 20 пайызға, химия өнеркәсібі – 77 пайызға, мәшине жасау саласы 56 пайызға өскен. Жыл басынан бері 200 мың жаңа жұмыс орны ашылған. Осының бәрі дұрыс таңдалған стратегия­ның, дағдарысқа қарсы жүйелі шаралардың және жинақталған жеке қаражат есебінен экономиканы қуатты қаржылай қолдаудың нәтижесі. Дағдарыс Қазақстанның қуатты әрі қабілетті мемлекет екенін көрсетті. – Барлық өңірлерде де экономиканың жоғары өсу қарқыны байқалады. Барлық өңірлерде тұрғындардың ақшалай табысы 10-нан 30 пайызға дейін өсті. Бөлшек тауар айналымының көлемі ұлғайды. Мұның бәрі жергілікті атқарушы билік жұмысының нәтижесі, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Президент ауыл адамдарына деген жүйелі мемлекеттік қолдау, аграрлық секторға алдыңғы қатарлы технологияларды жеделдетіп енгізудің қайтарым бергенін атап өтті. Соның нәтижесінде, қалыптан тыс тосын қуаңшылыққа қарамастан, 13,7 миллион тонна астық жиналды. Бұл ретте елдің экспорттық әлеуеті 7 миллион тонна­ны құрады. Өткен жылға қарағанда күріш 25 пайызға көп жиналды. Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруашылықтар да қараусыз қалған жоқ. Оларға 1,5 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Несиелер, тұқым үшін алған қарыздар және лизингтік төлемдер бойынша өтеу мерзімі ұзартылуда. Президенттің тапсырмасы бойынша үлес­керлердің проблемасы мен өзге де әлеу­меттік мәселелер шешімін тапты: жыл басы­нан бері зейнетақы, шәкіртақы, бюджеттік сала қызметшілерінің еңбекақылары өсті. Биылғы жылы 37 мектеп салынып, 10 ірі ме­дициналық мекеме ашылды. Жылға жет­пей­тін мерзімде 457 жаңа балабақша мен мек­тепке дейінгі шағын орталықтар ашылды. – Осының бәрі де халық үшін, қарапайым азаматтар үшін жасалып жатыр және бұған бірлік пен тұрақтылықтың арқасында қол жеткізілді, – деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев. Президент, сондай-ақ жақын арада Қа­зақ­станда бірқатар маңызды шаралар бо­ла­ты­нын атап өтті. Соның ішінде, ЕҚЫҰ Сам­миті, VІІ Қысқы Азия ойындары бар. Бұдан басқа, келесі жылы қазақстандықтар Тәуел­сіздіктің 20 жылдығын атап өтетін болады. Президент әкімдерге осы барлық оқиғалардың мән-маңызын кең көлемде насихаттау жөнінде тапсырма берді. – Әрбір қазақстандық еліміздің жетістіктеріне өзінің қатыстылығын сезінуге тиіс. Өңірлерде аталған елеулі шараларды өткізуге тұрғындарды кеңінен тартуды қамтамасыз ету қажет, – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.