21 Қазан, 2010

Жастар фестивалі “Қаражорға” биімен басталды

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қостанайда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйым­дасты­руымен өткен “Біздің күші­міз – бірлікте!” жастар фести­валінің шымылдығы “Қаражорға” биімен ашылды. Халқымыздың жоғалып барып қайта оралған өнер мұрасы хореографтың әр­леуімен одан сайын жандана түсіпті. Қазақы рухты дуылдатып әкететін биді билеген өнерпаз жастардың арасында орысы да, қазағы да, татары да, чешені де жүр. Құдіретті әуен мен көркем қимылдың үйлесімінен құралған би Қостанай педагогика инсти­тутының акт залында толып отыр­ған жастардың да делебесін қоздырғандай еді. Бидің де айта­ры бар. Сағым қуған Сарыар­қа­ның жайлауында қара жорғаны тайпалтып келе жатқан жанның көңілі аспандап кеткендей әсер берді. Көрермен бишілердің қимыл үйлесімінен асқақтықты да, тазалықты да, мейірім, достық сезімді де жанымен ұғатындай. Зал ішін жастардың “Қара­жор­ғаны” қолпаштаған шапалағы көміп кетті. Мұнан кейін жастар алдында сөз алған облыстық ішкі саясат бас­қармасының бастығы, фило­софия ғылымдарының кандидаты Тамара Жақыпова фестивальдың маңызына тоқталды. – Біздің еліміз қиындық­тардан да бірлік арқылы шығып, жетістіктерге де бірлік арқылы қол жеткізіп отыр. 1992 жылдан бері елімізде Рухани келісім күні бекітілді. Бұл еліміздегі түрлі ұлт өкілдері мен түрлі діни сенімдегі адамдардың бір мақсат жолында жұдырықтай жұмыла түсуіне қыз­мет етіп келеді. Қазақстан Еуро­падағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына төрағалық міндетін абыроймен атқаруда. Көптеген жұмыстар жүргізілді, экономикалық-әлеуметтік жоба­лар жүзеге асты. Уақыт жаңа та­лаптар да қояды. Бір нәрсе ай­қын, халық бірлігі идеясын жан­дандыра береміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев енгізген толеранттылықтың қазақстандық үлгісі ғажайып нәтиже береді. Толеранттылыққа көп ұғым сыя­ды. Бұл – қазақстандықтардың бірін-бірі сыйлауы, бір-бірінің тіліне, дініне құрметпен қарауы, жақсы көруі деген сөз. Өзгеге төзімділікпен, құрметпен қарай білсең, оның міндетті түрде жақ­сы қайтарымы болады. Отбасы да, адамдармен қарым-қатынас та осы ұғымның негізінде құрылады. Ал үлгілі отбасы мен адамдардың достығы мемлекетіміздің берік қазығы, – деді Тамара Сәлім­қызы. Қостанайлық жастар оқуда да, еңбекте де тамаша өнеге көрсетіп келеді. Облыстағы дарынды және еңбек пен оқуда үлгі көрсет­кен­дердің есімдері жастардың “Ал­тын кітабына” жазылады. “Алтын кітаптың” бірінші кейіпкері об­лыстық “Тобыл” футбол команда­сының капитаны, айтулы аяқдоп шебері Нұрбол Жұмасқалиев екенін облыс жастары мақтан тұ­тады. Облыста жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне арналған көптеген қызықты жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Үкі­меттік емес ұйымдар жұмысының жандануына да жастар белсене қатысады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы­ның меңгерушісі Бағытұр Дән­дібаев бірлік пен достық қазақ жерін жайлаған ата-бабамыздан жалғасып келе жатқанына жас­тардың назарын аударды. – Тарихымыз ортақ. Аталары­мыз соғыста жаудан елді бірге қорғады, бірге жеңіске жетті, тың­ды бірге көтерді, оның нанын да бірге жеді. Бүгінгі жастар аталар салған жолды жалғастырулары керек. Міне, қазірде Тәуелсіз Қа­зақ­станда инновациялық-индус­триялық керемет жобалар жүзеге асуда. Солардың барлығында жастардың да қолтаңбасы бар. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, мен жастарға сенемін! – деп сөзін асқақ рухпен аяқтады Бағытұр Дәндібаев. Ал Қостанай педагогика институтының про­рек­торы, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл 90-шы жылдарғы тұралаудан көтерілген Қазақстанның керемет істердің үлгісін көрсеткенін тілге тиек ете келе, жастарды достық парызға адал болуға үндеді. Фестивальда жастар қазақ, орыс, тәжік, түркімен, татар, әзір­байжан, украин, чешен, армян және басқа да тілдерде ән айтып, би биледі. Қазақ, чешен, орыс тілдерінде ән шырқаған чешен қызы Малика Қапбарова Қазақстанда туғанына, тұрғанына өзін бақытты санайды. – Қазақстанның дамуын, гүлденуін тілеп қана қоймаймын, оған өзім де үлес қосамын деп ой­лаймын. Осында тудым, осын­да тұрамын, менің болашағым да Қазақстанмен байланысты бо­лады, – дейді Малика. Фестиваль соңында осы шараны өткізуге атсалысқан белсенді жастар об­лыстық ішкі саясат басқарма­сының грамотасымен және сыйлықтарымен марапатталды. Фестиваль соңын этномәдени бірлестіктер атынан келген жастар бірігіп Қазақстан туралы әнмен аяқтады. Бір айта кететін жәйт, фестивальды ашқан “Қаражорға” биі туралы жастарға кеңірек таныстырып айта кеткен де артық болмас еді. Қазақтың рухын көтеретін өнер туындысын қазақстандықтар біле берсе, ол да бір ғанибет емес пе?! Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.