Қостанайда облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен “Біздің күшіміз – бірлікте!” жастар фестивалінің шымылдығы “Қаражорға” биімен ашылды. Халқымыздың жоғалып барып қайта оралған өнер мұрасы хореографтың әрлеуімен одан сайын жандана түсіпті. Қазақы рухты дуылдатып әкететін биді билеген өнерпаз жастардың арасында орысы да, қазағы да, татары да, чешені де жүр. Құдіретті әуен мен көркем қимылдың үйлесімінен құралған би Қостанай педагогика институтының акт залында толып отырған жастардың да делебесін қоздырғандай еді. Бидің де айтары бар. Сағым қуған Сарыарқаның жайлауында қара жорғаны тайпалтып келе жатқан жанның көңілі аспандап кеткендей әсер берді. Көрермен бишілердің қимыл үйлесімінен асқақтықты да, тазалықты да, мейірім, достық сезімді де жанымен ұғатындай. Зал ішін жастардың “Қаражорғаны” қолпаштаған шапалағы көміп кетті.
Мұнан кейін жастар алдында сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы, философия ғылымдарының кандидаты Тамара Жақыпова фестивальдың маңызына тоқталды.
– Біздің еліміз қиындықтардан да бірлік арқылы шығып, жетістіктерге де бірлік арқылы қол жеткізіп отыр. 1992 жылдан бері елімізде Рухани келісім күні бекітілді. Бұл еліміздегі түрлі ұлт өкілдері мен түрлі діни сенімдегі адамдардың бір мақсат жолында жұдырықтай жұмыла түсуіне қызмет етіп келеді. Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық міндетін абыроймен атқаруда. Көптеген жұмыстар жүргізілді, экономикалық-әлеуметтік жобалар жүзеге асты. Уақыт жаңа талаптар да қояды. Бір нәрсе айқын, халық бірлігі идеясын жандандыра береміз. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев енгізген толеранттылықтың қазақстандық үлгісі ғажайып нәтиже береді. Толеранттылыққа көп ұғым сыяды. Бұл – қазақстандықтардың бірін-бірі сыйлауы, бір-бірінің тіліне, дініне құрметпен қарауы, жақсы көруі деген сөз. Өзгеге төзімділікпен, құрметпен қарай білсең, оның міндетті түрде жақсы қайтарымы болады. Отбасы да, адамдармен қарым-қатынас та осы ұғымның негізінде құрылады. Ал үлгілі отбасы мен адамдардың достығы мемлекетіміздің берік қазығы, – деді Тамара Сәлімқызы.
Қостанайлық жастар оқуда да, еңбекте де тамаша өнеге көрсетіп келеді. Облыстағы дарынды және еңбек пен оқуда үлгі көрсеткендердің есімдері жастардың “Алтын кітабына” жазылады. “Алтын кітаптың” бірінші кейіпкері облыстық “Тобыл” футбол командасының капитаны, айтулы аяқдоп шебері Нұрбол Жұмасқалиев екенін облыс жастары мақтан тұтады. Облыста жас ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне арналған көптеген қызықты жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, Үкіметтік емес ұйымдар жұмысының жандануына да жастар белсене қатысады. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Бағытұр Дәндібаев бірлік пен достық қазақ жерін жайлаған ата-бабамыздан жалғасып келе жатқанына жастардың назарын аударды.
– Тарихымыз ортақ. Аталарымыз соғыста жаудан елді бірге қорғады, бірге жеңіске жетті, тыңды бірге көтерді, оның нанын да бірге жеді. Бүгінгі жастар аталар салған жолды жалғастырулары керек. Міне, қазірде Тәуелсіз Қазақстанда инновациялық-индустриялық керемет жобалар жүзеге асуда. Солардың барлығында жастардың да қолтаңбасы бар. Ұлы ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, мен жастарға сенемін! – деп сөзін асқақ рухпен аяқтады Бағытұр Дәндібаев. Ал Қостанай педагогика институтының проректоры, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл 90-шы жылдарғы тұралаудан көтерілген Қазақстанның керемет істердің үлгісін көрсеткенін тілге тиек ете келе, жастарды достық парызға адал болуға үндеді.
Фестивальда жастар қазақ, орыс, тәжік, түркімен, татар, әзірбайжан, украин, чешен, армян және басқа да тілдерде ән айтып, би биледі. Қазақ, чешен, орыс тілдерінде ән шырқаған чешен қызы Малика Қапбарова Қазақстанда туғанына, тұрғанына өзін бақытты санайды.
– Қазақстанның дамуын, гүлденуін тілеп қана қоймаймын, оған өзім де үлес қосамын деп ойлаймын. Осында тудым, осында тұрамын, менің болашағым да Қазақстанмен байланысты болады, – дейді Малика. Фестиваль соңында осы шараны өткізуге атсалысқан белсенді жастар облыстық ішкі саясат басқармасының грамотасымен және сыйлықтарымен марапатталды. Фестиваль соңын этномәдени бірлестіктер атынан келген жастар бірігіп Қазақстан туралы әнмен аяқтады. Бір айта кететін жәйт, фестивальды ашқан “Қаражорға” биі туралы жастарға кеңірек таныстырып айта кеткен де артық болмас еді. Қазақтың рухын көтеретін өнер туындысын қазақстандықтар біле берсе, ол да бір ғанибет емес пе?!
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.