Бүгінде интернет желісінің кең тарауына байланысты көптеген мәселелер туындауда. Ақпарат алмасудың ең жылдам түрі саналғанымен ол да кемшіліксіз емес. Соның бірі – интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтардың қорғалмауы. Кеше Әділет министрлігінде осы тақырыпқа байланысты бірқатар мемлекеттік органдармен бірлесе отырып дөңгелек үстел өткізілді.
Мәселені Әділет, Байланыс және ақпарат министрліктері бірлесіп көтерді. Шындығында да аталмыш мәселенің шешімін табу осы министрліктер құзырына тікелей қатысты. Басқосуға осы іске мүдделі органдар, атап айтқанда, Бас прокуратура, ІІМ, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, Мәдениет министрлігі, Қаржы полициясы, сондай-ақ қазақстандық ІТ-компаниялар ассоциациясының, Қазақстандық авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау ассоциациясының, құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың өкілдері қатысты.
Еліміз 2004 жылдың 16 сәуірінде Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының авторлық құқық жөніндегі және орындаулар мен фонограммалар жөніндегі шарттарына қосылды. Бұл шарттар мемлекетімізді интернет желісінде авторлардың, орындаушылардың және фонограмма шығарушылардың құқықтарын қамтамасыз етуге міндеттейді. Сандық технологияның екпінді дамуы, ғаламтордың тұрақты кеңейтілуі тұтынушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Қазіргі кезде қарақшылық жолмен көбейтілген түрлі фильмдер, ойындар, музыка, компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз ететін, сондай-ақ оларды тұтынушылар арасында өзара алмасуға мүмкіндік және жағдай жасайтын сайттар көбеюде. Оның ішінде ғаламтордан алатын түрлі ақпараттарымызды, музыкалық туындылар, фильмдерді авторлық және сабақтас құқықтарды белінен баса отырып қолданып жүргенімізді өзіміз де біле бермейміз. Өйткені әр туындыны, оны даярлаған, сол үшін еңбек еткен жандардың ақысын төлемей, тіпті кейде келісімінсіз сайтқа орналастырып жатады. ДЗМҰ әзірлеген баяндамаға сәйкес, кино индустриясындағы авторлық құқық иелері, қазіргі уақытта күнделікті 400 мыңнан 600 мыңға дейін фильмдерді заңсыз орналастыра алатын тыйымсыз кеткен қарақшылықтан сақтай алатын тиісті қорғау пайда болмайынша, онлайнға өздерінің дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығаруға күдіктенеді. Өйткені олар одан материалдық зардап шегеді. 2010 жылы батыстық ірі киностудиялар басшылары интернет арқылы фильмдерді тарату жалпы таратудан түсетін жылдық табыстың тек 4 пайызын ғана береді деген болжам айтқан. Дегенмен Қазақстан заңнамасында бұл мәселе соншалықты олқы емес. Атап айтсақ, заңнамада авторлардың құқықтарын бұзғандығы үшін жауапкершілік көзделген, оның ішінде ғаламтор да бар. Тіпті 1996 жылғы 10 маусымдағы заңда авторлық және сабақтас құқықты қорғаудың техникалық құралдарын орнату құқығы да көзделген. Сонымен қатар құқық иеленушінің келісімінсіз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертілген авторлық немесе сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкіндік беретін заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегімен жасалған авторлық құқық және сабақтас құқықтар нысандары контрафактілік болып табылады.
Әңгіме барысында құқық иелері, орындаушылар ғаламтордағы авторлық және сабақтас құқықтар нысандарының заңсыз пайдаланылуына қатысты алаңдаушылығын білдірді. Дөңгелек үстелге қатысушылар зияткерлік меншік құқықтарын сақтауды қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.