21 Қазан, 2010

Бірліктің, достық пен татулықтың алтын арқауы

738 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының XVІ сессиясы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен “Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік” атты қасиетті ұғымдарды қастерлей отырып өткізілді. Ассамблея биыл 15-ке келді. Алғашында елімізді өздерінің Ота­ны санайтын сан түрлі этнос өкіл­дерінің бір жерге жиналып ақыл­дасар, ой түйер қоғамдық мін­бері­нің осы жылдар ішінде өз дамуы­ның жаңа биігіне, жаңа сатысына көтерілгені анық. Заңдық негізде орны белгіленген Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің жоғары өкі­летті органы – Парламентке депу­тат сайлайтын құқықты иеленді. Бұл күнде Қазақстанның осы ұста­нымына қызыға қарап, бізге сіз­дер­ден үлгі алу керек деп айтатындар көптеп табылады. Бұл жолғы Ас­самблея отырысы Астанада соңғы күндері әлемдік ауқымда өткен Бүкіләлемдік рухани мәдениет фо­румымен үндесіп, жалғасып кет­кендей әсер қалдырды. Ассамблея сессиясының жұмы­сына республикалық және өңірлік этномәдени бірлестік басшылары, Парламент депутаттары, орталық атқарушы органдар, саяси пар­тия­лар, діни конфессиялар мен үкімет­тік емес ұйымдар, дипломатиялық миссиялар басшыларымен қатар, осы Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысушылардың үлкен бір тобы да қатынасты. Сессияға жиналған Ассамблея мүшелері зал­дан көпке танымал Иосиф Кобзон, Полад Бюль-Бюль оғлы сынды тұл­ғаларды танып жатты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев залға енгенде дүркіретіп қол соққан халық қошеметі басылған соң, сес­сия жұмысы бірден басталып кетті. ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов алғашқы сөзді ҚХА Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баевқа берді. (Президенттің сөзі жеке жарияланып отыр). Елбасынан кейін Қазақстан немістері ассоциациясы қоғамдық бірлестігі “Қайта өрлеу” ЗТБ төр­аға­сы Александр Дедерер сөз алды. Шешен еліміздегі ҚХА атқарып отырған әлемдік қоғамдастыққа үлгі боларлықтай істер жайын әң­гімелей келіп, шынымен де қазіргі кезде Қазақстан тәжірибесіне шет­елдік ғалымдар тарапынан қызығу­шы­лық туып отырғанын және жүйе­лі түрде зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын, ҚХА құры­лымдарымен танысып, оны өз ел­дерінде енгізу жолдары да қарас­тырылу үстінде екенін атап көр­сетті. Сонымен бірге, барша қазақ­стандықтардың мемлекеттік тілді үйренуінің маңызы туралы айтқан Александр Дедерер алдағы мерейлі мереке – Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығын тойлаудың арнайы іс-жоспар шараларын әзірлеу қажет деген ойын да жеткізді. Төзімділік біздің қатарымыздағы адамдардың сүйегіне сіңген қасиет, ал ендігі мақсат – осы жақсылықты алдағы күнге еш кемітпей, қайта кемеріне жетіп толған күйінде апару. Сон­дықтан да төзімділікке тәрбиелеуді білім берудің барлық басқыш­та­рында үздіксіз жүргізуді қам­тамасыз етуіміз керек. Бұл ретте Ассамблея атқаратын жұмыстар да жеткілікті, бұдан мемлекеттік органдар да еш қалыс қалмайды деп ойлаймын, деді Александр Дедерер. Парламент Сенатының депу­таты Анатолий Башмаков әдеттегі өзіне тән көңіл-күй ауаны қалы­бынан танбай сөйледі. Қазақтарда кіндік қаны тамған жердің қасиеті бар, адам сол жерге кіндігінен бай­ланады деген тамаша ұғым бар. Мен оған толық қосыламын. Менің кіндік қаным осы жерде тамды. Әке-шешем мен үлкен ағам осы жерде мәңгілік тыныстап жатыр. Мен тәрізді адамдар көп. Олардың барлығы өзін осы елдің ұл-қызы деп таниды. Олар – қазақ­стан­дықтар. Біздегі түрлі ұлт өзінің ерекшелігімен, мәдениетімен, тілімен қымбат. Олар бір оркестрді құрайтын аспаптар тәрізді. Ал Елбасы Ассамблеяны құруды ойластырғанда осы ұстанымды алға тартты. Бұл қағидат біздің Ата Заңымызда да өз орнын тапты. Конституцияның 98 бабының 11-і этностар арасындағы қатынас­тарды реттеуге бағытталған. Оны Қа­зақстан бірлігінің Конститу­циясы деп атауға толық құқымыз бар, деп білемін деген депутат сыртта жүр­ген қазақтар жайына тоқталды. Өзі туған Солтүстік Қазақстан облы­сымен шектесетін Омбыға барған­дағы көргендерімен бөлісіп, Ас­самблеяның шетел­дердегі қазақтар үшін әдістемелік көмек көрсетуі қажеттігін алға тартты. Қырғыз бауыр Шавкат Исмаи­лов мен құрылысшымын деп бас­тады сөзін. Менің қолтаңбам Аста­надағы көптеген құрылыстарда бар. Бүгін мен Ассамблеяның жоғары мінберінен сөйлеп тұрып, өзімнің тарихи отанымдағы жағдайға алаң­даймын. Өмірден бір адамның өтуі де қайғы, ал жүздеген адамның ұлт ерекшелігіне байланысты көз жұмуы – мемлекеттік ауқымдағы үл­кен қасірет. Қазір Қырғыз­стан­дағы жағдай тынышталған тәрізді. Сайлау өтті, бірақ оның қоры­тын­дысымен келіспейміз деген дауыс­тар да естіліп қалып жатыр. Біз осы­ған алаңдаймыз. Ал менің ҚХА-ға қатыстылығым біраз жайға көзімді ашты. Мен мәселені қай жағынан, қалай қарастыру қажет­ті­гін ұқтым. Ассамблея өте керек орган, ол өз жұмысын тамаша атқаруда, деді. ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы Орталығының басшысы Александр Кельчевски  ЕҚЫҰ-ның аз ұлттар мәселелері бойынша Жоғарғы ко­миссарының құттықтауы мен алғы­сын жеткізді. Біздің еліміздегі ұлт­аралық қатынастардың Қазақстан қоғамының алдағы дамуындағы рөліне тоқталған шешен Ассам­блея­ның шын мәнінде халықтық орган болып отырғанын атап көр­сетті. Сонымен бірге, Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйы­мына төраға болып отырған біз­дің еліміздің көптеген жақсы істерге мұрындық болғанын, бірқа­тар маңызды шаралар өткізгенін жіпке тізгендей етіп айтып берді. Ал Қазақстанның волейболдан құрама командасының экс-ка­питаны Елена Павлова қазақтың келіні екен. Мен командада бір нәтижеге жету үшін бірлесе қи­мыл­даудың не екенін жақсы ұғамын. Біздің командада түрлі ұлт өкілдері болғанымен біз ойын алаңына шыққанда оны ұмытамыз. Ал жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің көк байрағы желбірегенде қуаныш жа­сын жасыра алмаймыз. Ортақ мақ­сат деген осы. “Біз Сіз сияқты спорт­шы Президентіміз болғанын мақтан тұтамыз”, деп Елбасына қараған Елена Ассамблеялықтар ара­сында спорттық олимпиада өт­кізейік деген ұсынысын да айтып қалды. Қазақстан корейлері ассоциа­циясының президенті Роман Ким мемлекеттік тілді үйрету мен үйре­ну жайына баса мән берді. Қазақ тілін үйренуге тіпті сонау Корея елінде де ықылас бар көрінеді. Осыны айтқан шешен өткен ғасырдың 30-шы жылдары күштеп көшіріліп, осында қоныстанған корейлерге қазақтардың қалай пана болғанын айта келе, тілді үйрену барша қазақстандықтардың парызы деген. Тілді үйрену бұл біздің міндетіміз ғана емес, моральдық және адамгершілік қасиетіміз бо­луы тиіс. Сөзін аяқтай келе Роман Ким Елбасының өкілеттілігін ұзарту мәселесін алға қойды. Елбасы ой білдірушіге мемле­кет­тік тілге қатысты айтқан пікір­ле­ріңізге көп рахмет, біз кей елдердегідей тілімізді білмегендерге елден кетіңіздер, деген талап қойған жоқпыз. Алайда, қазақтар өз тілінің болашағына алаңдаса, оны басқаша түсінетіндердің табы­ла­тыны бар. Егер Ассамблея мүше­лері мемлекеттік тіл мәселесіне көбірек түсіне қараса, біз нағыз біртұтас елге айналамыз. Шынында көп тіл білген адам – нағыз бай адам. Қазақ тілі–мемлекеттік тіл, орыс тілі ұлттар арасындағы қа­рым-қатынас тілі, ал ағылшын тілі ақпараттық технологиялар тілі. Әлем­де бірнеше тілде қатар сөй­лей­тін мемлекеттер бар. Жалпы, сессиядағы жарыссөз кезінде Елбасымыз туған тіліміздің тағды­рына қатысты ойларын бірнеше тұста ортаға салып отырды. Тәуел­сіздіктің жиырма жылына жуық уақыттың ішінде Қазақстан барлық азаматтарға мемлекеттік тілді меңгеруге байланысты бірдей мүм­кіндік берді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бұл орайда Президент тілге байланысты өз азаматтарына алалап қараған кейбір елдердің теріс тәжірибесін мысалға келтіріп, “Біз олай етпейміз. Біз басқаша бітімдегі халықпыз. Біз жұрттың бәрін түсінуге тырысатын, жұрттың бәрін құшағымызға алуға дайын тұра­тын халықпыз. Ешкім де қазақ­тарды өзгелерді тілді білмегені үшін кемсітті деп кінәлай алмайды. Ортақ тілді білу қай-қайсымызға да қажет. Осылай ету арқылы біз бір халыққа – Қазақстан халқына бірі­геміз, бір-бірімізге жақынырақ бола түсеміз”, деді Елбасы. Бұл үшін тиісті жағдай жасау, қажетті орта қалыптастыру, тілді түсінікті, оңайлатылған тәсілдермен үйрету керек. “Ұлтаралық қарым-қатынас­тарда, тіл саясатында қазір бізді өзгелерге үлгі етеді. Өйткені, біз бұл мәселелерге өте сергек қарап келе­міз. Тіл мәселесімен күнбе-күн ай­на­лысу керек. Бұл өте нәзік мате­рия”, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бел­гілі журналист, “Айқын” газеті­нің бас редакторы Нұртөре Жүсіп­тің: “Кешегідей кер кезеңде жойы­лып кетпеген қазақ тілінің ұлт мем­лекет құрған мынандай заманда жой­ылуы мүмкін емес” деген орын­ды ойына қолдау білдіре ке­ліп, “Осыны замандастарыңа айт­саң­даршы...” деу арқылы Прези­дент қаламгерлер қауымына да сал­мақ сала сөйледі. Рас, көптеген құн­ды пікірлерін ортаға салған жур­налистің ұялы телефон жүйе­сін­де sмs хабарлары қазақ қаріп­терімен жазылмайды дегені онша дәл айтылған мәлімет болып шық­па­ды. Тегі, әріптесіміз қазақша қаріп­термен жазылған sмs хабар­лары Қазақстаннан тыс жерлерге өтпейді дегенді айтқысы келсе керек. Қазақстан Республикасындағы тілдің үштұғырлылық тұжырым­дамасына байланысты мемлекеттік тілді барша жұрттың меңгеруге мін­деттілігін, сонымен бірге ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі орыс тілінің, әлемдік ақпараттың, жаңа технологиялардың тілі ретіндегі ағыл­шын тілінің маңызын әңгіме­леп өткен Нұрсұлтан Әбішұлы ана тіліміз туралы баршамыздың кө­кейіміздегі сөзді айтты. “Мен мем­лекеттік тілде сөйлеп, сол айтқа­ным­ды барша жұрт түсінетіндей күнге жетуді арман етемін”, деді Президент. Кеше Президенттің ана тіліміз­дің қазіргі шешілмеген мәселе­лері­нің бірқатары, оның беделі, қолда­нылу аясы көбіне-көп мемлекетке де, үкіметке де, министрлікке де емес, қандастарымыздың өзіне, қазақтардың ұлтжандылығына, намысшылдығына қатысты екен­дігін ашына айтқанын да оқырман қауымға жеткізгіміз келеді. “Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деп мен қашанғы айтамын? Арамызда өзге ұлттың бір адамы отырса сол тілге көшуге мәжбүр болатын ке­шегі күніміз өтті ғой. Талайлар жұ­мыста да, үйде де, көшеде де өз тілін­де сөйлемей, сорлы күйде жүр­геніне қалайша қаның қайнамай­ды?! Мынандай уақытта да әлі күнге талай қазақтың баласы, неме­ресі қазақ мектебіне, қазақ бала­бақ­шасына бармайды. Басқа ұлт­тың балалары қазақ мектебіне ба­рып жатқанда да бұрынғы қалпы­нан қайтпайды. Сонда біз өз тілі­міз­ді кімге міндет қыламыз?”, деді Елбасымыз. Бұдан артық қандай сөз керек бізге? Әзірбайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі Полад Бюль-Бюль оғлы Қазақстандағы бүгінгі тірлікке қызыға қарайтынын жасырмады. Мен Астананы сонау Целиноград кезінен білемін. Және Астанаға жиі жолым түседі. Қала көз алдымда өсіп келеді десем болады. Мен сұлу Астанаға таңдана қараймын. Біздер көптеген елдер­дің мәдениет, әдебиет, ғылым, өнер қайраткерлері екі күн бойына Аста­нада рухани мәселелерді сөз еттік. Бүгін, міне, Ассамблеяның сессия­сына қатысып отырмыз. Солтүстік Кавказдағы, Таулы Қара­бақ­тағы оқиғалар адамды қалай ойлан­дырмайды. Ал Ассамблеяның ісі шын мәнінде көпке үлгі. Сондай-ақ ол бүгін осы мінберден Елба­сына әлденеше рет ерекше мәртебе беру туралы, оны Конституцияда бекіту туралы әңгіме қозғалды. Сіздер қалай ойласаңыздар да әлем Назарбаевты біледі. Қазақстанды –Назарбаевсыз, Назарбаевты –Қазақстансыз елестете алмайды, ол өз еңбегімен, ісімен қазақ халқы­ның нағыз лидері екенін дәлел­деген жан, деді. “Ахыска түрік орталығы” ҚБ төрағасы Зиятдин Касанов қазақ халқының бауырмалдығына, қиын жағдайға ұшыраған жұртқа қол­ұшын берер қасиетіне бас иетінін айтты. Мәселен, Қызылағаштағы оқиғада бүкіл елдің жұмыла кө­мектескенін көлденең тартып, қазақта бір жақсы сөз бар “Білекке – білек, тілекке – тілек, жүрекке – жүрек” деген деді. Осы қиын кездерде біздің этно­мәдени орталықтарымыз да қалыс қалған жоқ. Моральдық және материалдық көмек жаса­ды. Бір күндік жалақыларын ауда­рып, орталықтар күшімен бала­лардың спорт алаңы салынып, 15 млн. теңгенің көмегі көрсетілді. Біздер, қазақстандықтар, осындай ісімізбен мақтана аламыз. Ал абазин қызы Аза Косова Мәскеу Мемлекеттік универси­теті­нің Қазақстандағы филиалының студенті екен. Біз – өте аз ұлтпыз. Қазақ жеріндегі санымыз 64 адам. Біздің еліміздегі сындарлы саясат арқасында біздер жастар өз салт-дәстүрлерімізді сақтай аламыз, тілімізді үйренеміз, ұлттық асы­мызды ішеміз. Мен – атақты жоо студентімін. Осындай елдің азама­ты болуым мен үшін мақтаныш, деді қуанышты үнмен. Ассамблея жұмысын аяқтай келе республика азаматтарына бірлікті нығайту, Президент ұстан­ған саясат аясына ұйысу туралы үндеу қабылдады. Елбасы Н.Назар­баев Төрағаның орынбасарлығына Юрий Тимощенко мен Ахметжан Шардинов кандидатураларын ұсын­ды. Ол бірауыздан қарсы­лықсыз қабылданған соң, Мем­лекет басшысы алда тұрған бірқа­тар міндеттер туралы айтып өтті. Соңынан Президент ел бірлігін нығайту, мәдениетаралық үнқаты­суды және қазақстандық патрио­тизмді дамытуға қосқан үлестері үшін бірқатар Ассамблея мүше­лерін Қазақстан халқы Ассамблея­сының “Бірлік” алтын медалімен марапаттады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.