21 Қазан, 2010

Абылайды асқақтатқан азамат

684 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Неге екенін қайдам, Жақсыбай аға мені әріптес ретінде бірден іш тартты. Уақыт өткен сайын шығар­машылық қарым-қатынасымыз нығая берді. Ол бір тақырыпты қау­зай бастаса, мені де бірден ха­бар­дар етіп отыратын болды. Екеу­міздің илегеніміз бір терінің пұш­пағы болып, осылайша бірлестік құрмасақ та құрғандай болдық. Сөйтіп, бұл кісі журналистік жо­лым­ды жаңа бастаған менің ең кү­йіп тұрған өткір де көкейкесті мә­се­лелерді көтеруіме септігін тигізді десем, артық айтқан­дық емес. Жә­кең ұсынған тақырып­тардан ұққаным – қоғамдағы әділетсіз­дік­ті суқаны сүймейтін адам екен. Мұн­дай мәселеге келгенде ол тіпті қызу­қанды, жаны шырқырап кете­тін мінезі бар. Ұлттық мәселеде де дәл солай. Қазақтың, Қазақстан­ның мүддесі деген жерде ол еш­теңе­д­ен тартынбайды, мұндай мінез қа­зіргі адамдарда некен-саяқ қой. Сон­дықтан оның патриоттығы, ел­жан­дылығы бірден көзге ұрып тұратын. Өзі туып-өскен Тауағаш ауылы­ның жерін инвестор компания тар­тып алған кезде Жәкең мінезінің сан қырлы қатпарларына әбден қанық­тым. Ауылдағы ағайындары­ның сауатсыздығына ашынғаны-ай сонда. Қолындағы жерін инвес­торға беріп қойып, айдың-күннің ама­нында бар байлығынан айыры­лып қал­ған ауылдастары үшін жан-жүрегі езіліп, іші ашығаны дәл бү­гін­гідей көз алдымда. Мұндайда бә­рін сырттай ғайбаттап, құр сөзін бі­леп отыратын адамың Жақсыбай Самрат емес. Шектен шыққан қор­лық­қа шыда­маған ол бірден білек сыбана іске кірісті. Инвестордың оз­бырлығынан зардап шеккен ауыл­­дастарының арасына барып, мәселенің мән-жайын ұғындырды. Іс насырға шап­қанын айтып, сотқа жүгінді. Соттың басы-қасында әр­дайым өзі жүрді. Арызданушы­лар­дың өкілі де, адвокаты да өзі бол­ды. Күн демей, түн демей ізде­ніп, талай заңды ақтарып шық­қанына куә болдық. Ақыры, Тауағаш елі­нің жерін қайтаруға қол жеткізді. Со­дан соң ғана жайсаң көңілі жайланды. Тағы бірде басшысының тепкі­сіне ұшыраған оралман қызға ара­ша түскені бар. Ресейден көшіп ке­ліп, элеваторға жұмысқа орналас­қан жас қызды бастығы әлімжеттік қылып, айдалаға алып барып зор­ламақ бо­ла­ды. “Арым – жаным­ның садаға­сы” деген бойжеткен сытылып шық­қан қалпы, есі шы­ғып, көрінген адам­ның бәрінен қорқып қаша беріп­ті. Жоғалған қызын тауып алған ата-анасы мән-жайды білген соң, әділдікті жақтау­шы ретінде танымал азамат Жақ­сы­бай Самратқа шағым айта келеді. Жақсыбай ағай әділдікке жеткен­ше, сол қыздың теперішін індете жазуын тоқтатқан жоқ. “Елім деп келгенде еңіреп қалды” деген сол мақала кезінде үлкен қоғамдық резо­нанс тудырып еді. Ақырында элеватор басшысы айыбы ретінде қызға қомақты қаржы ұсынумен тынды. Жантүршігерлік оқиғадан құлағдар болған облыстың сол кездегі әкімі Анатолий Смирнов та жапа шеккен оралман отбасына пәтер алып берді. Осының бәрін жамандыққа жаны қас Жәкең еш­кімге міндетсімей, риясыз жүрегі­нің қалауымен жасайтын. Бастарына іс түскен талай қызыл­жарлық атпал азаматтар да қинал­ғанда Жақсыбай Самратты тауып жүрді. Соның ішінде лауа­зым­ды қызметте болып, жала жабылғандар да Жәкеңнің қолдап жазған өтімді де өткір мақаласынан кейін ғана бастарын биік көтеріп жүруге жарағанын талай көрдік. Жалпы, Жәкең – бастаған ісін орта жолда тастамайтын адам. Қа­дал­ған жерінен қан алып, бір нәти­жеге қол жеткізгенге дейін талмай еңбектенеді. Мұндай құлын Құдай да қолдайтын шығар, әйтеуір қай жұмысты бастаса да, жемісін бер­мегені жоқ. Соның ішіндегі ең елеулісі, әри­­не, Қызылжарда “Абылай хан­ның ақ үйі” болғанын дәлелдеп шық­қаны. Осы шаруаны қолға ал­ған кезде маған да өтініш айта келіп еді. Ол кезде облыстық теле­радио­компания­ның аға редакторы және “Қазақ­стан” ұлттық арнасы­ның мен­шікті тілшісі едім. Әңгіме­сін алыс­тан бас­тап, Қызылжарда Абы­лай ханның ақ үйі болғанын бі­лет­ін Кенжебек Әбішев деген қарт бар екенін, соны­мен жолық­ты­ра­тынын, осы тақы­рып­ты кө­теруі­міз туралы өтініш айта келге­нін жет­кізді. Біз де қуана келіс­тік. Мұны­мызды облыс­тық теле­радио­­компа­ния­ның сол кездегі төр­аға­сы Кәрі­бай Мұсырман да қолда­ды. Сөйтіп, Жәкеңнің бас­тауымен қасиетті орынға аттандық. Бұрын осы үй туралы естігенімізбен, нақты қай тұста екенін білмейтінбіз. Сөйтсек, дәл бүйірімізде тиіп тұр екен. Ізде­німпаз Жақсыбай ағай түсіру ала­ңы­на үлкен дайындықпен келіпті. Тарихи кітаптарды сүзіп шық­­са керек, қолында бір бума қа­ғаз. Көшірмелер, құжаттар... Солар­дан үзінділер келтіре отырып, сұхбат берді. Кенжебек ақсақал бала кезін­де әкесінен естіген әңгі­месін баянда­ды. Сюжетіміз облыс­тық арн­адан да, “Қазақстан” ұлт­тық арна­сынан да көрсетілді. Одан соң бастаған тақы­рып­ты үнемі қадаға­лап отыратын журналистік әдетпен Жәкеңнен мә­се­ленің мән-жайын сұрап отыр­дық. Ағамыздың өзі де жиі-жиі осы ғи­марат туралы мақала жазып, үнемі ха­барласып тұрды. Бір күні сүйінші хабарын жет­к­ізді. Қуанғанда бөркін аспанға атардай мәз болады екен. Қуан­бағанда ше, бұл – оның осы ба­ғыт­тағы алғаш­қы жеңісі еді. Шын мәнісінде Жақ­сы­бай ағайдың мұн­дағы еңбегі өл­шеусіз. Қызылжарда Абылай хан­ның ақ үйінің ашы­луына септігін тигізген бір адам болса, ол – Жақ­сы­бай Самрат. Өкі­нішке қа­рай, 2008 жылдың та­мы­зында өткен атал­мыш ғимарат­тың ашылу сал­танатына әлдебір себептермен Жақ­сыбай аға­ның шақырылмай қалға­нын білгенде, сол кісімен бір­ге мұ­ңай­­дық. Жаса­ған жұмы­сын бұл­дамаса да, ойын­дағы­сын жа­сыр­­май айта­тын, соны­сымен көп­ші­лікке жақпай жүр­ген ту­ра­шыл Жәкең “Абы­лай­дың ақ үйі” кіта­бында бұған қа­тысты ойын тегіс жайып са­лып­ты. Бәз­­біреулер құр күңкіл­деп, ұнат­па­ғанын сырт­­тай ғай­бат­тайтын болса, Жә­кең кіта­бында кей адам­дарға қа­тыс­ты ойының да бір шо­ғырын бүк­песіз жа­зып­ты. Өйтпесе Жәкең бола ма? Шынында да, дәл осы тура­­шыл­дығы салдарынан Жақсыбай Самраттың талай қиындықты бас­тан кешіргені рас. Бірақ “аққа Құдай жақ”, Жақ­сыбай ағай күлден қайта тірілетін фәни құсы сияқ­ты дүр сілкініп қайта тү­леп шығады. Әсіресе, дәл осы Абылай ханның ақ үйі бол­ғанын дәлелдеуге кіріскеннен бас­тап, оның тасы өрге домалай бер­генін байқадым. Оған дәлел – еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстанға” жұ­­мыс­­қа орналасты, Елбасы­ның сапары туралы жазған мақала­лары, саяси, әлеуметтік-публи­цистикалық пайымдары да бұр­қырап шыға бастады. Кітаптары да бірінен соң бірі жарық көрді. “Қазақстан Жур­налистер ода­ғы­ның сыйлығы”, “Мә­дениет қайраткерінің” белгісі сияқты сый-құрметке ие болды. “Егеменнің” бетінде Қызылжар өңірінің ерен істері мен оларды жасаған ерлердің есімдері, ерек оқи­ғалары да жиі шығып, еліміздің бар­лық түкпіріне білінетін болды. Соның негізгі бөлігін жарыққа шы­ғарып жүрген патриот ағамыз Жақ­сыбай Самрат болды. Мәселен, Ке­ңес Ода­ғы кезінде Барлыбаевтар сияқты бір отбасындағы он бала­ның бесеуі кең­шар директоры бол­ған­дығы немесе Айтхожиндер әулетін­дегі алты бала­ның бәрі де ғалым, соның үшеуі ака­демик, екеуі Ғылым академия­сының пре­зи­денті дәреже­сіне жеткендігін көзі қиядағыны шалатын Жәкең ғана жарыққа шы­ғарып еді. Қызылжар­дағы Корей соғы­сына қатысқан қазақты (Кенже­бек Әбі­шев), Гин­нестің рекордтар кітабына есімі енген гидрологты (Қаттай Кеншін­баев), Гитлердің бун­керін күзет­кен майдан­герді (Сұлтан Мұха­мед­жанов) халық­қа танытқан сол бол­ды. Әрине, олар­ды жергілікті жур­налистер де жақсы біледі, бірақ ең­бек­терінің ерендігіне көңіл аудар­мап­ты. Қызылжардың 1925 жылы Каз ЦИК-тің шешімімен “Қызыл­жар” атан­ғаны, оны Мәс­кеудің неге бекіт­пегені қызық та қисынды дүние­лер. Бұл да Жәкең­нің қаламы­нан танылды. Жәкеңнің қаламынан туған “Бі­теу жара” (Желтоқсан-86), “Өз­ге­ленді бұл ғалам” романдары мен “Тауа­ғаш деген ел едік”, “Абылай­дың ақ үйі” публицистикалық кі­тап­тары­ның негізгі сарыны ел­жан­дылық рухты қозғайды. Олар­дың бәрі де жастарды патриотизмге тәрбиелеуде өте өтімді дүниелер екені сөзсіз. Олар туралы мерзімді басылымдарда осы тараптағы жақсы бағалар айтылған. Міне, солай, отызында орда бұзып, қырқында қамал алған, бүгінде ер жасын еңсерген Жәкең әлі де аттан түспек емес. Біздіңше, Жақсыбай Самраттың тындыратын игі істері әлі де алда. Роза ШӘКЕНОВА, журналист. Петропавл қаласы.