Көбеймесек көсегеміз көгермес
“Демографиялық бум” өздігінен келмейді
Бақбақты үлкен жолдың бойында орналасқан. Тоғыз жүз он отбасы бар. Төрт мың төрт жүз қырық адам тұрады. Аудан орталығы – Бақанастан кейінгі ең үлкен ауыл.
Аталған елді мекенде №1 Жамбыл орта мектебі 1972 жылы 600 оқушыға арнап салынған-ды. Содан бері күрделі жөндеу жұмысы толық бір рет те жүргізілмепті.
Тәуелсіздік алып, еліміз аяғынан жаңадан тұра бастағанда барлық мектептер тәрізді шатыры ауыстырылды. Сонан кейін, жылу жүйесі қайта жасалынды. Есік-терезесі де жаңартылды. Бірақ қабырғаларына, едендеріне әлі адамның қолы тиген емес.
Өткен жылы мектепте 850 бала оқыған. Үш ауысымда оқытса да кей кездері мұғалімдер қосымша сабақ өткізуге бос сынып таппай қиналатын-ды. Биыл мектепте балалар саны 125 оқушыға азайып кетіпті. Бұл шамамен аудандағы Ақжар, Ақкөл ауылдарындағы бір орта мектеп оқушыларының санымен тең. Бір жылда бала санының осыншама азаюы, әрине, еліміздің болашағын ойлайтын әрбір саналы азаматты алаңдатары анық.
Өз шамамызша бала санының осынша азаюына талдау жасап көрдік. Оның бір ұшы тоқырау кезеңімен ұштасып жатыр. Елдің тұрмысы, қазіргі уақытша қиыншылық, болашаққа алаңдау – осының бәрінің де әсері бар. Осындай жағдай басқа елді мекендердегі мектептерде де байқалады.Бұл шынында да ойланарлық жағдай. Ұлт болашағы үшін алаңдауға да боларлық факт. Үкімет басында отырғандар да, біздер де демограф-ғалым М.Тәтімовтың болжамдарына сүйенеміз әрі сенеміз. Бірақ ғалым-демограф айтқан “демографиялық бумды” күтіп, қол қусырып отыра беретін болсақ опық жеп қалмаймыз ба? Осы жағы толғандырады. Одан да халық санының өсуіне де жағдай жасап, ықпал еткеніміз дұрыс тәрізді. Оның жолдары да сан алуан. Тек үкіметіміздің баса назар аударуы ғана керек. Өйткені, біздің халқымыз да мемлекетіміз сияқты жас. Бала тууға қабілетті адамдар халқымыздың алпыс пайызын құрайды...
Әр ауылдың өз “патриоттары” бар
Тәуелсіздік алғалы бері еліміздің еңсесі де көтеріліп қалды. Балқаш ауданындағы елді мекендердің бет бейнесі, сәулеті де әжептеуір жақсарды. Үш орта мектеп жаңадан салынды. Ауылдық ауруханалар толық күрделі жөндеуден өтті. Төрт елді мекенде бұрынғы балабақша үйлері қайтадан жөнделіп, ауылдық клубтарға айналды. Барлық елді мекендерге тұщы су құбырлары тартылып, пайдалануға берілді. Мектептердің де көбісі дерлік күрделі жөндеуден бір-бір рет өткізілді. Тек жоғарыда айтқан ауданның кіре берісіндегі Бақбақты ауылына ғана осындай оң өзгерістер кештеп жетуде. Оның себебін бақбақтықтар жоғары жақта “крышаларының” жоқтығынан деп түсінеді. “Крышалар” деп отырғаны ауылдарынан шыққан биік лауазым иелері жоқ дегендері. Олардың олай ойлауының да жөні бар. Бір жарым, екі мың халқы бар Қарой, Балатопар, Топар ауылдарындағы орта мектептер мен клубтарға, ауруханаларға әлдеқашан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілген. Тіпті, Қарой ауылдық клубына 2007-2008 жылдары аудандық мәдениет үйінде жоқ он бір (ол кезде аудандық Мәдениет үйіне 4,5 штат қана берілген болатын) штат қаралған-ды. Аудандық мәслихаттың депутаттары араласып жатып, біраз штаттарын аудандық мәдениет үйіне және басқа ауылдық клубтарға бөліп берілуіне ықпал етті. Осы фактілерден-ақ шынында да жоғары жақта “қазанның құлағын” ұстап отырған ағаларымыздың “патриоттығы” өз ауылдарынан әрі аспай отырғанын аңғаруыңызға болады.
Шынында осынша ұсақталып кеткеніміз қалай? Ат құлағынан алысты көре алмайтын, намысы ауылынан әрі аспаған азаматтар билік тізгінінде отырғанда елдің көркеюі екіталай-ау.
Ел дегенде емірену жетпей жатыр
Қазіргі қолданыстағы заңдарымыздың қайсысын алып қарасаң да арыз-шағым, өтініштерге сергек қарауға баса мән беріледі. Мән беріліп қана қоймайды, әрбір мемлекеттік қызметкерден талап та етіледі. Кішіпейіл, қарапайым болып, көпшіліктің көңілінен шығатындай қызмет ет дейді. Бұл қағидаларды әрбір мемлекеттік қызметкерлер де біледі. Біле тұра алдына келіп тұрған адамдарды кейбіреулері әлі күнге дейін кішіпейілділікпен қарсы алып, ынтасымен қызмет көрсетуді дағдыға айналдыра алмай жүр. Ал, егер жазбаша өтініш білдіре қалсаңыз, қайтарған жауаптары көбіне шығарып салма болып келеді. Ведомстволық бюрократтық аңқып тұрады. Осы ойымды дәлелдеуге де көптеген мысал келтіруге болады. Бірақ газет мүмкіндігін ескеріп айтылған Бақбақты ауылы туралы ғана бір мысал келтірейін.
Біздер, аудандық мәслихат, Бақбақты ауылының әлеуметтік жағдайына жергілікті атқарушы органдардың көңілін аудару үшін аудандық сессияда бірнеше рет мәселе көтердік. Мәслихат депутаттарын әсіресе, жоғарыда айтылған орта мектептің хал-жайы, ауылдық мәдениет үйінің төбесі опырылып, құлағалы тұрғаны алаңдатқан еді. Аталған нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесін қолға алуды жергілікті атқарушы билікке бірнеше жылдан бері ұсыныс жасаған болатынбыз. Еш нәтиже болмады. Сонан соң амалсыз облыс әкімінің орынбасары А.Баталовқа, облыстық экономика және бюджетті жоспарлау мемлекеттік мекемесінің бастығы Н.Сатыбалдинаға облыстық мәслихат депутаты Ә.Қыстаубаевтың атынан жеке-жеке депутаттық сауал жолдадық. Сауалға жауап беруді облыс әкімінің орынбасары А.Баталов Н.Сатыбалдинаға тапсырған болу керек. Н.Сатыбалдина қайтарған жауаптың артына тіркеліп, А.Баталовқа жазған депутаттық сауал аудандық мәслихатқа бірге келді. Өзінің атына жазылған депутаттық сауалға Нафиса Төлекқызы қайтарған жауапты оқып, ренжімеске шара қалмады. Біз Жамбыл орта мектебіне “Оқушылар сыймай отыр. Қосымша ғимарат салынуына, қаржы жоқ болса келер жылдың “Жол картасы” бағдарламасына енгізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуді” сұраған едік.Ал, жаңадан мәдениет үйін салу жөнінде мүлде сөз жоқ болатын. Нәфиса Төлекқызы: “Жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландыратын 2011-2013 жылдарға арналған басым бюджеттік инвестициялық жобалар тізбесін қалыптастыру жұмыстары аяқталған. Алайда, бюджеттік әкімшілері тарапынан Бақбақты ауылына жаңа мектеп ғимаратын және мәдениет үйін салу туралы өтінімнің түспеуіне байланысты, аталған тізбеге кірген жоқ” деген жауап қайтарды. Бірнеше қайтара оқыдық. Депутаттық сауалда көтерілген мәселені шешуге деген кішкентай да болса ықыласты сезе алмадық. Басқа басқа емес, облыс мәслихатының депутаты сауал жолдағанда ең болмаса оны шешудің жолдарына көңіл аударса, бәлкім, риза болар ма едік. Өйткені, облыстық мәслихаттың депутаты Ә.Қыстаубаев тек өз атынан ғана емес, депутат болып сайланған территориялық бөліністе тұратын бүкіл тұрғындар атынан сауал жолдап отыр.
Қайтарылған осы жауапқа осылайша баса мән беруіміздің себебі, біріншіден, облыстағы жауапты адамдардың назарын және бір аудару болса, екіншіден, аудандық білім бөлімінің бастығы Н.Нұрпейісова: “Бақбақты селосындағы №1 Жамбыл орта мектебі 2011 жылға жол картасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге енгізілген. 44 миллион теңгеге сметалық жоба жасалынып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы мемлекеттік мекемесіне өткізген болатынбыз. Облыс әкімі атына аудан әкімі атынан хат та жазылған. 2011 жылдың қаңтар айында өтетін сессияда бекітілуі тиіс” дейді. Ол рас болса, аудандық мәслихатқа жауап хат дайындаған бас маман оны білмейді. Мекеме бастығы да жете назар аудармаған...
Біз Н.Сатыбалдинаға ешқандай кінә артпаймыз. Өйткені, қайда болса да дәл осындай мағынада жауап қайтару барынша етек алған. Бұл жауап сондай жауаптардың бір мысалы ғана. Мысал болғанда да типтік көрінісі.
Алаштың ардақты ұлдарының бірегейі Бауыржан Момышұлы атамыз өткен ғасырдың ортасында-ақ: “Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып, жұмыс істейік” деп, баршамызға ұран тастаған еді. Қашан осылай жұмыс істер екенбіз? Біздерге не кедергі осы?
Марат ҚАШҚЫНБАЕВ.
Алматы облысы,
Балқаш ауданы,
Бақанас ауылы.