Ақтөбе қаласының әкімі Архимед Мұхамбетов оңтүстік кореялық POSСO корпорациясының өкілдерін қабылдады.
POSСO компаниясы болат өндіру жөніндегі әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірі болып есептеледі, сонымен қатар рулондар, қалың және жұқа табақша түрінде көміртекті, тоттанбайтын және электротехникалық маркалардың бірнеше түрін шығарады. Бүгінде POSСO корпорациясының Кореяда және әлемнің басқа елдерінде барлығы 14 өндірістік активі бар. Архимед Мұхамбетов компания өкілдерін қала экономикасының даму қарқынымен таныстырды. Сонымен қатар ел Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Ақтөбе облысына жасаған ресми сапары кезінде қаланың қол жеткен нәтижелерін жоғары бағалап, алға миллиондық қала мәртебесіне жету мақсатын қойғанын атап өтті. POSСO корпорациясы энергетикалық департаментінің өкілдері, менеджерлер Донг Ман Со және Джин Синг Юктің айтуы бойынша, корпорацияны болашағы зор инвестициялық жобалар қызықтырады. Кореялық қонақтар қаладағы жаңа жылу-электр орталығы және “ТрейдИнтерком” ЖШС трансформаторлар шығаратын зауытының құрылыстары туралы жобаларға үлкен маңыз беріп отыр. Кездесу барысында оларға өз капиталын салу үшін осы жобалар ұсынылды.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.