22 Қазан, 2010

Халықаралық құжаттар қолдау тапты

478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның кезекті пленарлық отырысында басым бөлігі халықаралық құжаттарды ратификациялауға арналған заң жобаларынан тұратын бес мәселе талқыға салынды. “Ақша белгілерін қолдан жа­сауға қарсы күрес жөніндегі халық­аралық конвенцияны және оған хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобасы бірінші болып қаралды. Халықаралық құжат ақша белгіле­рін қолдан жасаудың алдын алу және жолын кесу саласындағы ын­ты­мақтастыққа құқықтық негіз қалайды. Аталған құжатқа 1929 жылғы 20 сәуірде Женева қала­сында қол қойылған. Конвенцияда шартқа қатысушы мемлекеттердің жасырынып жүрген ақша белгіле­рін қолдан жасаушылар мен өткізу­шілерді іздеу мен ұстап беруге қыл­мыс­тық-құқықтық көмек көз­делген. Қосымша баяндамашы болған сенатор Иран Әміров 1920 жыл­дары Францияда жалған ақша кө­лемі артып кеткендіктен, Ұлттар ли­гасында ақша белгілерін қолдан жасауға қарсы күресу жөніндегі ұсы­ныс тасталғандығына назар аудартты. Қазіргі таңда еліміз Кон­венцияға қосылса, өзара құқықтық көмек пен іс-қимыл әрекеті ҚР Бас прокурорының құзыретімен жүзеге асады екен. Депутаттар заң жоба­сын қабылдады. Сонымен қатар, “1981 жылғы 26 қыркүйекте Найробиде қабыл­дан­ған Олимпиада рәмізін қорғау туралы Найроби шартын ратифи­ка­циялау туралы” заң жобасы да сенаторлар тарапынан қолдау тап­ты. Шартта олимпиада рәмізінен тұратын немесе осы рәмізді қам­ти­тын кез келген белгіні таңба ретін­де тіркеуден бас тартуға, тіркелуін жа­рамсыз деп тануға және ком­мер­циялық мақсатта таңба немесе тиіс­ті шаралар арқылы тыйым салуға міндетті болу қарасты­рылған. Рәміз тек бұқаралық ақпарат құрал­дарында олим­пиядалық қозғалыс немесе қызмет туралы ақпарат беруде ғана рұқсат етілген. Көлік және коммуникация ми­нистрі Әбілғазы Құсайынов таныс­тырған “Қазақстан Республика­сының Үкіметі мен Словения Рес­публикасының Үкіметі арасындағы Жолаушылар мен жүктердің авто­мобиль көлігімен халықаралық та­сымалдары туралы келісімді рати­фи­кациялау туралы” заң жобасы бірауыздан қабылданды. Келісімді заңнамалық бекіту жүк тасымалы­ның артуына, көлік дәлізі болып та­былатын Словения арқылы Ита­лияға жүк тасымалын арттыруға мүм­кіндік береді. Белгілі бол­ғанын­дай, қазір жүк тасымалымен Ук­раи­на, Беларусь және Ресей ком­па­ниялары айналысып жүр. Қоры­тындысында депутаттар “Қазақстан Республикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне норма шығарма­шы­лық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы” заң жобасын да бірінші оқылымда мақұлдап, екінші оқылымға әзірлеу үшін негізгі комитетке жіберді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.