22 Қазан, 2010

Қызылша құрғақ мәліметпен өспейді

691 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қант тапшылығы ел рыногында, әлбетте, анау айтқандай байқалмайды. Бірақ қант бағасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Сол қымбатшылықтың тасасынан қант тапшылығының да салқыны сезілетін сияқты. Сондықтан ауа райы мен жер-суы ыңғайлы өңірлерде қант қызылшасын өсіріп, одан отандық қант өнімдерін өндіру деген тақырыпта толғанып көрудің де кезегі жеткен сияқты. Қант қызылшасын өсіру қа­зақ шаруасына, ал қант өнім­де­рін өндіру қазақ жұмысшы­лары­на жаңалық емес. Осыдан жиыр­ма жылдай уақыт бұрын қазақ жерінде қызылша алқаптары да, одан шақпақ қант жасайтын қант зауыттары да жеткілікті болатын. Мысалы, бір ғана облыста Жам­был, Меркі және Шу қант зауыт­тары жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істеп тұрды. Ал оны шикізатпен қамтамасыз ете­тін қызылша алқаптары мың­да­ған гектарларды алып жататын. Бірақ кеңестік жүйе қалып­тас­тыр­ған, бір-бірімен “сиам егіз­деріндей” жабысып қалған жос­парлы экономиканың күлі көкке ұшқан соңғы жиырма жылдың кө­лемінде жапырақтары жайқал­ған бұрынғы қызылша алқаптары да, булары будақтаған қант зауыттары да қаңырап қалды. “Бірдің кесірі мыңға тиеді”. Тоқсаныншы жылдардағы қар­жы-экономикалық түрлі қиын­дықтар қант қызылшасы ша­руашылығын қайта дамыту, отандық қант өнімдерін көптеп өндіру дегенді естен шығарды.   Қызылша өсіру саласында ұзақ жылдар бойы жинақталған өн­ді­рістік бай тәжірибе керексіз жағ­дайға жетті. Байырғы қызылша өсірушілер қалыптастырған ерен еңбектің үлгісіне кейінгі ұрпақ, тіпті, күле қарайтын дәрежеге жетті. Оның себебі де жоқ емес. Бұл аралықта байырғы қызыл­ша­шы­лардың жасамыстары зейнет­ке шығып, ал жастары жаңа өмір­ге, жаңа кәсіпке бейімделіп, ақ таңнан қара кешке дейін бел жазбайтын жұмысы ауыр қы­зыл­ша өсірмей-ақ күн көруге бола­тынына көздері жетті. Қазір олар­ды қанша үгіттесең де ал­қапқа қарай аяқ баспайды. Экономикалық сарапшы­лар­дың деректері мен дәйектеріне жү­гінсек, бүгінде елімізде қант­тың 95 пайызы импорттық шикі­заттан, ал қалған 5,0 пайызы отандық қант қызылшасынан өндіріледі екен. Сондықтан қант өнімінің әлемдік рынок пен ел­дегі бағасы қант құрағына тәуелді болып отыр. Мәселен, қазіргі кезде  әлемдік рынокта қант құ­ра­ғының 1 килосының бағасы қазақ валютасымен есептегенде орта есеппен 65 теңгені құрайды. Ал біздің отандық қант қызыл­шасының зауыттардағы қабылдау бағасы қант құрағына қарағанда 3-4 есеге арзан. Демек, қазақ еліндегі қант зауыттары отандық са­палы қант қызылшасы шикі­за­ты­мен жеткілікті қамтамасыз етілмегендіктен импорттық қым­бат шикізатпен жұмыс істеуге мәж­бүр болып отыр деп қоры­тынды жасауға толық негіз бар. Бұл мәжбүрлік  сөз басында ай­тылған қант қымбатшылығына әке­ліп соқтыруда. Неге? Әлемдік рынокта қант құра­ғының бағасы жоғары бол­ғандықтан одан өндірілетін қант­тың бағасы да жылдан-жылға өсу үстінде. Қазір елдің кейбір об­лыс­тарында 1 кило қанттың ең жо­ғары құны 188 теңгеге жетсе, Жам­был облы­сын­дағы баға 175 тең­­гені құрап отыр. Жамбыл облысында қант қызылшасы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының ая­ғында 42 мың гектар алқапқа отырғы­зылып, тәтті түбірдің түсімділігі әр гек­тардан орта есеппен 297 цент­нерді құрап келген болса, ал 1992-2001 жылдары елі­міздегі экономикалық қатынастарды на­рыққа бейімдеп, қайта құруға және бұ­рын­ғы ірі шаруашылықтардың жекеше­леніп кетуіне байланысты қант қызыл­шасы алқаптарының көлемі 5 есеге қыс­қарып кетіпті. Мысалы, 2003 жылы – 5, 2004 жылы – 4,3, 2005 жылы – 1,4 мың, 2006 жылы 209 гектарға ғана қант қызыл­шасы егілген. Ал 2007 жылы қант қызыл­шасы мүлде өсірілмепті. Қант қызылшасы шаруашылы­ғын осындай тұйықтан алып шы­ғу­ға ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және оны әртараптандыруға бағыт­талған “Қазақстанның 30 корпора­тивтік көшбасшысы” бағдарламасының іске асырыла бастауы түрткі болды десек қателеспейміз. Өйткені тура осы бағдар­ламаның аясында елде қант қызылшасы мен қант өн­дірісін дамыту мәселесі де қарал­ған болатын. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында Ауыл шаруа­шылығы министрлігі дайындаған “2008-2010 жыл­дары қант қызыл­шасын өсіру және қант өндіру” жөніндегі салалық бағдар­ламаның жобасына сәйкес “Жамбыл облы­сында қант қызылшасы шаруашы­лығы мен қант өндіруді дамыту­дың 2008-2012 жылдарға арналған бағдарламасы” бекітіліпті. Ол бағдарлама бойынша облыста фаб­ри­калық қант қызылшасын өсіру көлемін 2008 жылы – 6 мың, 2012 жылы 12 мың және одан да көп гектарға арттыру арқылы об­лыс­тағы екі қант зауыты – “Қант” АҚ пен “Меркі қант зауыты” ЖШС өндірісін қант қызыл­шасы шикізатымен қажетті жүктемеде, толық қамтамасыз ету белгі­ленген. Бұл бағдарлама жүзе­ге асырылса, облыс тұрғын­дары кепілді жұмыс орны­мен және өз қант өнімдерімен қамта­масыз етілетіні белгілі. Бірақ 2008 жылы облыста 6 мыңның орнына бар болғаны 4,7 мың гектарға жуық қант қызыл­шасы егілді. Табиғат қуаңшылы­ғына байланысты оның 1,1 мың гектарынан ғана қант қызылшасы жиналды. Ал 2009 жылы облыста 1,6 мың гектар қант қызылшасы егіліп, оның өнім бергені небары 930 гектарды ғана құрады. Ал биыл ше? Қант қызылша­сын егіп және оны күтіп, баптап өсіруде өткен жылдармен салыс­тырғанда биыл біраз ілгерілеу бар деуге болады. Биыл облыс бо­йынша 3,8 мың гектар алқаптан қант қызылшасын жинау жұмыс­тары басталып кетті. Атап айтсақ, облыс бойынша Меркі ауданы – 1379 га, Байзақ ауданы – 800 га, Жамбыл ауданы – 600 га, Шу ауданы – 559 га қант қызылша­сын жинамақшы. Сондай-ақ, Қордай, Жуалы және Т. Рысқұлов атындағы аудандарда 100-185 гек­тар көлемдегі алқаптан қант қы­зыл­шасы жиналады деп күтілуде. Аталған алқаптардағы тәтті түбірлерді жинау үшін негізінен бұрыннан қолданы­лып жүрген техникалар жұмылдырылып отыр. Кейбір аудандарға мамандан­ды­рыл­ған арнайы техникалар да алын­ды. Мәсе­лен, қыркүйек айын­­да Байзақ, Жамбыл аудан­дарына “Оңтүстік” әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорациясы арқылы қызыл­ша жинайтын 4 комбайн және пәлек жи­на­ғыш 3 мәшине сатып алын­ды. Ал жуыр­да Байзақ және Т.Рыс­құлов атындағы аудан шаруа­лары “Ақ жол-Агро-Бизнес” ЖШС арқылы Украинада шыға­рылған 2 дана кешенді қызылша жинау техника­ларына қол жеткізді. Бір шаруашылық судың тапшылығын айтса, енді бір шаруашылық қант қызыл­шасын себетін, күтіп-баптайтын, қазып, жинай­тын техникаларға зәрулігін жет­кізеді. Мысалы, “Сарыбұлақ” ЖШС тех­ни­ка тап­шылығынан қызылша жинауға ауыл болып жұмылып жатыр. Неге? Өйт­кені, түрік елінің 2,5 миллион теңге тұра­тын қызылша қазатын мәши­несі күніне 1 гектар алақапты ғана игере алады екен. Бұл өнімсіз тірлікпен 70 гектар алқаптағы қызылшаны 70 күн жинау керек емес пе? Ал ауданда егіншілік мәде­ниетін көтеру­дің жаңаша жүйесін қалыптастырады, оның ішінде тәтті түбірді жартылай кластерлік жүйемен өсіруге сеп болады деген мақсатта құрылған “Қордай” сер­вис­тік дайындау ор­та­лығы қызылшашы­ларға ла­йық­ты көмек көрсете алмай отырғанға ұқсайды. Өйткені, олардың ұсын­ған қызмет бағасы қымбат, одан кейін олардың бүкіл жарам­ды техника­лары Оңтүстік Қазақстан облысындағы жұмыстарға жегіліп жүрген көрінеді. Биыл облыста қант қызыл­шасы алқап­тарының әр гектары­нан орта есеп­пен 216 центнерден өнім алынып, жалпы түсім 81,8 мың тоннадан асады деп күті­луде. Деген­мен, өнімнің одан да көп болуы ықтимал. Өйткені бүгінгі күні, со­нау 1960-1970 жылдар­дың ре­кордтарын қай­талап, қант қы­зыл­шасы алқаптарының әр гек­тарынан ә дегеннен-ақ 350-450 цент­­­­нерден өнім алып жат­қан шаруашы­лық­тар шыға бастады. Мәселен, Байзақ ауда­нының “Дос­тық-99” шаруа қожалығы әр гектар қызыл­ша алқап­тарынын – 400-450 цент­нерден, “Талап” шаруа қожалығы – 300-350 цент­нерден, ал Меркі ау­данын­дағы “Сыпа­тай батыр” ЖШС әр гек­тар­дан 250 центнерден өнім жинау­да. Осы аталған шаруашы­лықтардың су басына өте жақын орналасқан алқап­тары­ның гектар­лық қайтарымдары тіптен 500-600 центнерден айналып отыр. Алдағы жылы қант қызыл­шасын стратегиялық маңызы бар дақыл ретінде және облыстағы қант зауыттарын өз шикізатымен қамтамасыз ету мақсатында қант қызылшасы көлемін 7 мың гектарға жеткізуге талап жасалып отыр. Демек, аудан басшылары ендігі жерде “бәлен гек­тарға қызылша егілді” деген құрғақ мәлі­метті медет тұт­пай, егілген қант қызыл­­шасы алқаптарын су көздеріне мей­лінше жақын орналас­тыруға, алқаптарға тамшы­латып суару технологиясын көптеп енгізу­ге, жетіспей­тін қажетті техникаларды дер кезінде жа­сақтауға, тұқым мен минералды тыңайт­қыштарды уақтылы дайындауға қазірден бастап кірісулері қажет сияқты. Үкімет те қызылша өсірумен ай­на­лысуға тілек білдірген шаруа­ларды қолдау шараларын қарас­тырып жатыр. Мәселен, үстіміз­дегі жылы Үкіметтің тиісті қаулы­сымен бекітілген ережеге сәйкес, қант қызылшасын өсірушілерге қант қызылша­сының әрбір гектары үшін – 24500 теңгеден, ал қант зауытына өткізілген қант қызылшасы шикізатының әрбір тоннасына – 400 теңгеден, өнер­кәсіптік үлгідегі там­шы­латып суару жүйесін қолданып өсірілген қант қызылшасының әрбір гек­тарына 50 мың теңгеден суб­сидия төлеу белгіленіпті. Әрине, бұл аздау. Сон­дық­тан шаруалар субсидия мөлшерлерінің Үкімет тарапынан әлі де болса көбейтіле түскенін қалап отыр. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.