Алыстан жеткен ағайын
Ақсу қаласы аумағына қарасты бұл ауылды елге оралған оралмандар ауылы десе де болады Бірақ, бір өкініштісі, өндірісті қаланың іргесінде тұрған ауыл жергілікті әкімдік назарынан тыс қалған секілді...
Моңғолиядан көшіп келген ағайындардың бірін-бірі сағалап, мал-жанға ыңғайлы жер іздейтіндері тағы бар. Таңдаулары осы Үштерекке түсіпті. Әбдікен Құзайыр ақсақалдың айтуынша, бұл жер өндірістері дүрілдеген қалаларға жақын, еңбек етіп, бала-шағамды асыраймын деген адамға екі қолға бір жұмыс табылады, жоғары оқу орнында оқимын деген қыз-жігіттің келіп-кетулеріне жақын, Астанаға баратын жолдың бойы, автобустар жиі жүріп тұрады, іргеде Ертіс өзені ағып жатыр. Жер демекші, жан-жақтан келіп сатып алып жатқандарда есеп жоқ, бара-бара мал жайылымынан да айырылып қаламыз ба, кім білсін, осы жерге, ата қонысқа жеткенімізге ырзамыз, жақсы қарсы алды, жеңілдіктерін берді, бір күнде қалай жетер екенбіз, сол арман орындалар ма екен дегенбіз, ендігі тілек немерелердің осы түп қазықта елім, жерім деп еңбек етулері ғой, дейді ақсақал ойлы жүзбен.
Биыл Заманай, Аманай, Еламан, Аманкерей, Арыстан, Бекзат, Ақберен, Назлы, Айым атты елге оралған ағайындардың 31 баласы бірінші сыныпқа келіпті. Мектеп мұғалімдері де Улан-Батор қаласында оқып-білім алғандар, солардың бірі – Жанат Ерғали, оқушыларының сапалы білім алып, елі үшін қызмет жасауларына күш-жігер жұмсауда. Биыл Үштеректің мектебін бітірген 7 түлек жоғары оқу орындарына түссе, ал, Тілепалды Қайыркелді Санкт-Петербургтегі әскери училищеде оқып жатыр екен. Жалпы, бұл ауылда Улан-Баторда жоғары оқу орындарын бітірген басқа да мамандар бар. Мысалы, Бұлбұл Күмісжан деген сіңліміздің ветеринар мамандығы бар көрінеді, ал ауылға мал дәрігері қазір ауадай қажет, бірақ, кейбір орындар Бұлбұлдың біздің мемлекеттік қызмет тәртібі бойынша берілген тест жүйелерінен өтіп кетуі екіталай дейді. Сонымен, маман мал дәрігері әзірше ауыл малдарының құлақтарына ен тағумен ғана жүр. Биыл “Сібір жарасы” ауруы көрші Жолқұдық ауылынан шыққаны белгілі, ал, облыс бойынша 85-ке жуық мал дәрігерін ауылдар күтіп отыр. Әбдікен атаның айтуынша, Үштеректен күнделікті өріске қой-ешкісі бар, сиыр, жылқысы бар 13 табын мал шығады екен. Құрт, май, сүт-қаймақ, балқаймақ, сары май, ірімшік, айран, қымыз, ет – түгел қорадағы малдың арқасы, өнімдерін қалаға жәрмеңкеге апарып, қайтар жолда қант-кәмпит, шай-пұлдарын айырып қайтады.
–Осы ауылдың аналары түгелімен “Алтын алқа,” “Күміс алқа” иегерлері деуге болады, әр отбасында сегіз-тоғыздан бала бар, Моңғолия жағында тұрған ағайындарымыз баласын байлығы көрген ата салтын жақсы ұстанған, бұл осы жақтың қазағына да үлгі болса игі,–дейді ауыл әкімі Жұмагелді Әлдекенов. Тағы бір атап өтерлігі,Үштеректе ақсақалдар алқасы бар. Ақсақалдар алқасы ауылдың тыныс-тіршілігін бақылап отырады, өздерін тыңдата да, сыйлата да біледі. Кішілер тыңдайды, үлкендері сыйлайды. Алдарынан кесе-көлденең өтпейді. Ауылдың әкімін де жөнге салып алады. Айтпақшы, ақсақалдар айтқан көп өтініштің бірі – электр энергиясын өндіретін алпауыт кәсіпорынның дәл түбінде отырып жарық сөнуі жиілепті, одан кейін оның қайта жарқ етуі тіпті қиын екен, ауылдың әкімі Жұмагелді барып жақпаса, ол мүлде жанбайтын көрінеді.
Бұл қиын түйінді ауылдарына жақында Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко келгенде бәрі жырдай ғып айтып беріпті, енді ауыл үлкен бастықтың өздеріне беріп кеткен уәдесін күтіп жүр.
Екінші мәселе ауыз судың жоқтығы, оның күні кешке дейін шелектеп бала-шағасы бар тасып жүргендері. Бір бидон суыңыз 17 теңге тұрады. Ауылдықтардың көбі Сергей Лукинов басқаратын “Үштерек және К” деген серіктестікте еңбек етеді.Бұл серіктестік картоп, көкөніс өнімдерін егіп, қысы-жазы қызған жұмыстан қолдары тимейді. Біз келгенде картоп, капуста, көкөніс өнімдерін тасыған мәшинелер ауыл ішіндегі қысқы қоймаға қарай ағылып жатқанын көрдік.
Үштеректің еңселі мәдениет үйі жеке меншіктің қолында болса да, талай жылдар бойы Маржан Қалиева оны күтіп-баптап ауыл үшін сақтап, пайдалануға беріп отыр екен. Елге оралған қандастарымыз шеттерінен өнерге, әнге, биге жақын, “Қаражорғасыз” бидің сәні, “Алтайдай жер қайда” деп әндететін Үштеректегі ерлі-зайыпты Бақыт, Күлән Бақдаулеттердің отбасылық ансамблі қазір қалада қандай мереке өтпесін жиын-тойдың сәні мен мәніне айналды. Ою-өрнекке толы ұлттық салт-дәстүрімізге сай сый-жоралғыларды осы ауылдан таба аласыз.
Кеш бата біздер де оралман ағайындар тұратын ауылдан қалаға қарай аттандық. Біз көргенді қала әкімдігі де көріп, іргеде тұрған Үштерек ауылына бас сұғып, олардың жағдайына қыс болмай назар аударып, су мен жарық жағдайын бір ретке келтіріп берер деген ойдамыз.
Фарида БЫҚАЙ,
Павлодар облысы.