22 Қазан, 2010

“Береке” жәрмеңкесі өндірісті өңір тұрғындарына жыл сайын құт

757 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Күзгі дастарқан молшылығы Осымен 12-ші өткізіліп отырған бұл жәрмеңке пайдасы ауыл мен қалаға бірдей тиіп жатыр. Ауыл­да­ғылар өндірген өнімдерін қолма-қол өткізіп жүрсе, қаладағылар қысқы қамданыстан қапы қал­­мау­да. Әр сенбі Қарағанды мен Те­мір­тау, Балқаш пен Жезқазған ба­зар­лары азық-түлікке лық толатын күн­дер. Аймақтағы 9 ауданнан ар­ты­нып-тар­­тынып келушілерге ор­ын боса­тылып, сатушыға да, сатып алушыға да қолайлы сауда қызады. Қазанның екінші аптасында бас­­талған жәрмеңке қарашаның ор­тасында аяқталады. Оған бө­лін­ген бір ай қалалықтарды дастарқан толықтыруға, ауылдықтарды ар­тыл­­ған өнімдерді пайдаға жаратуға жетерлік мүмкіндік. Былтыр осы уақытта 300 миллион теңгеге сауда жасалса, биыл одан асып түспектігі жобалануда. Бағасы төмен әрі сапасы жағы­нан жоғары тағам түрлері әдетте­гідей өте өтімді. Килоға шаққанда сиыр еті – 650, картоп – 45, сәбіз – 55, ұн – 75, сары май 850 теңге болуы қолда тұрғызбайды. Сандай-сан­дайы­мен, қап-қабымен, қарын-қа­рынымен бірер сағатта өтіп кетеді. –             Мұның алдындағы жәрмең­кеде сойылған 30 қой әкеліп едік. Ашылған бетте сатып алынды. Енді соны ескеріп екі еселеп жеткізсек те сұранысты толық қанағаттандыра ал­май қалдық. Келесі жо­лы бұдан да асыруға тура келіп тұр, – деп Нұра ау­да­нын­дағы “Отқанжар” ЖШС жетекшісі Қанат Отар­баев айтқандай те­мір­ді қызған кезінде со­ғуға қамшы басушылар көп, дейді саудалау­шы­лар. Ешқандай делдал­дар­сыз, базардан орын іздеп әуреге түспей, қо­сар­лан­ған әлдекімдердің көме­гіне артық ақы жұм­­салмай өнімдерді тікелей өздері өт­кізе алу мүм­кіндігіне Қарқаралы ау­данындағы Абай ауыл­дық окру­гі­нің фермері Ба­­қыт Ма­қан секілді бі­рінші рет көз жеткізгендер бұдан бы­лай жәр­меңкенің тұрақты қатысушылары болуға бекінген. Аймақтар арасынан оны азық-түлікпен аса молынан толтырушы қашанғыдай Жаңаарқа ауданы саналады. Бұл жақтан апта сайын 4 миллион теңгенің өнімдері әке­лінеді. Шөбі шүйгін өңір малының еті дәмді болатындығын білетін жұрт алдымен соған ұм­тылады. Жаңаар­қа­лық­тар­дың қаладағы жалғызілікті зейнеткер­лер, көп балалы отбасы­лар үшін тағам­дарды жоғарыда аталған бағадан да едәуір арзанға сату үрдісін нұ­ралықтар, қарқаралылықтар қос­тап, ол игі шараға айналып отыр. Жыл сайын жәрмеңке сөресін­дегі азық-түлік түрлері сан-алу­андана түсуде. Енді тұздалған, кеп­тірілген балықтарды, саңырау­құ­лақтарды, арнаулы ыдыстарда иісі бұрқыраған қарақат-бүлдіргендерді көптеп кездестіру таңсық емес. Мұның біразы Қарқаралы, Ақ­­то­ғай аудандары дайындаған өн­ім­дер. Жергілікті жұрттың бұрын-соң­ды пайдаланбай келген табиғат сыйын кәдеге жарата бастауының белгісі бұл. Аймақ қалаларындағы осы жәрмеңкелер көршілес облыс тұрғындарына да танымал болуда. Астанадан, Павлодардан қараған­дылықтардың азық-түлігін сатып алуға келушілер жиі ұшырасады. Иә, бұл күнде өңірдің қай қа­ласына да ауылдықтардың жайған күзгі дастарқаны бай. Ортақ ырыс барша жұрт игілігіне айналуда. Ау­ылдың өркендеуі өзін ғана емес, өз­гені де асырауға жетіп жатыр. Со­ның айқын мысалы осынау жәр­меңкелер. Айқын НЕСІПБАЙ, Қарағанды.